25 Қазан, 2013

Адасу

486 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

01-Джихад-3Адам аяғын шалыс басайын десе қиын емес-ау. Ондайда ол мейлі мұғалім, құрылысшы, әкім, бақташы, депутат, тіпті, сізді заңсыздықтан қорғайтын құқық қорғаушы болсын, бәрібір екен. Бір ғажабы не істесем де өзім ғана білемін, өзім ғана аман болсам, қалғандары өлсе өмірем қапсын дейтін олар ешуақытта адаспаймын деп те ойлайды. Сол ойымен өзінің теріс әрекетке барғанын да білмей қалады. Мұндай адамдар өмірдің барлық саласында да қызмет етеді. Арасында үлкені де, кішісі де бар.

 

Адам аяғын шалыс басайын десе қиын емес-ау. Ондайда ол мейлі мұғалім, құрылысшы, әкім, бақташы, депутат, тіпті, сізді заңсыздықтан қорғайтын құқық қорғаушы болсын, бәрібір екен. Бір ғажабы не істесем де өзім ғана білемін, өзім ғана аман болсам, қалғандары өлсе өмірем қапсын дейтін олар ешуақытта адаспаймын деп те ойлайды. Сол ойымен өзінің теріс әрекетке барғанын да білмей қалады. Мұндай адамдар өмірдің барлық саласында да қызмет етеді. Арасында үлкені де, кішісі де бар.

01-Джихад-3Соның бірі – еліміздің құзырлы, яғни заңдылықты сақтау саласында қызмет атқарған Сәдуақас. Ол құқық қорғау органында қызмет істеп жүріп, бір күндері теріс жолға түсермін деп о баста ойламаған да шығар. Мүмкін ол мұнысын тіпті, теріс жол деп санамаған да шығар. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қолымызға табыстаған құжаттарға көз сала отырып, бір топ жастың саналы түрде теріс жолға түскенін аңғарамыз.

Сәдуақас Ақмола облысындағы бір ауданның лауазымды бас­шысының көмекшісі болып қыз­мет істейтін. Әрине, ол өзге де жамағаттар секілді мешітке уақы­тылы барып тұрды. Оның мешітке барып, Жаратқанға құлшылық етуіне ешкім де қарсылық біл­дірмегені анық. Бірақ ол, неге екені белгісіз бірнеше жылдан кейін құзырлы орган қызметінен өз еркімен бас тартып, жұмыстан босап Астанаға бет бұрды.

Елордаға келісімен Сәдуақас үлкен бір министрліктің діни оқу орындары мен медреселерге жетекшілік ететін бөліміне басшы болып қызметке орналасты. Бәрі жақсы еді. Жақсы жұмыс істеуге үй де, күй де болды. Алайда, «Семіздікті қой ғана көтереді» дегендей, амал нешік, осы кезде оның басқа арнаға бет бұрғаны да байқалған көрінеді. Өйткені, ол елордадағы бір мешітке жиі барғыштай берген. Ал ол мешітте, кейін құқық қорғау органдары тексеріп куә болғандай, келушілерге экстремистік бағыттағы әдебиеттерді ұсынады екен. Осындай әдебиеттердің салдары ма, көп ұзамай Сәдуақастың ой-ниеті мүлде басқа арнаға ауысты. Енді ол өзі де түпкілікті түсіне алмаған белгісіз бір шым-шытырық қарама-қайшы нанымдарды дұрыстыққа балап, теріс жолды тура жол деп көріп, арандатушылыққа ерді. Сөйтіп, өзінің қасындағы таныс­тарын, барша тума-туысқандарын «жиhадқа» шығуға шақырды. Ал оның түсінігінше «жиhад» дегеніміз, мүлде басқаша екен.

Арада біраз уақыт өтеді. Сәдуақас жоғарыда ойлағаны оңайлықпен жүзеге асатын шаруа емес екенін білген соң, оған дайындық жұмыстарына кірісті. Күреске шығу үшін қарулы күш керек, оны қайдан алмақ? Сөйтсе, оның ең оңай жолы күзет фирмасын ашып қою екен. Ол фирмаға радикалды бағыттағы бар мұсылманды жинауды көздейді. Сосын ол қызметкерлерді камуфляж формасына киіндіріп, қолдарына қару ұстатқысы келді. Мұны біртіндеп жүзеге асырған соң Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақорда» резиденциясының алдына шығып, наразылық шарасын ұйымдастыруды және Қазақстанда «шариат» заңдарын орнатуды талап етпекші екен.

Сонымен, Сәдуақас Ақмола облысындағы өзінің достары – Мақсат, Темір, Жомарт және Қа­нат­тарды Қазақстан аймағында жүргізілетін «жиһадқа» қатысу қа­жеттігін айтып үгіттейді. Олар­ға Шымкент қаласындағы өзі­нің ағасы Қияс пен күйеу баласы Таңаттан алып ноутбугіне тү­сір­ген экстремистік мазмұндағы бей­нероликтерді көрсетеді. Бұл кез сонау 2008 жылдардың басы болатын. Бірақ бұл бастамаларынан ойлағандай нәтиже шыға қоймаған соң, осы жылдың ортасына таман Оңтүстік Қазақстан облысына отбасымен көшті. Шымкент қаласына келісімен ол тіптен радикалды көзқарасты күшейте түсті. Енді ол өзінің барлық тума-туысқандарына осы бағытты ұстау жөнінде қатаң ескертеді. Ислам қағидаларын сақтауды талап етті.

Бірақ оның әкесі баласының мұндай теріс жолды ұстанғанына келіспесе керек, Сәдуақас оны жек көріп, тіпті, «кәпір» ретінде өлтіріп тастайтынын бірнеше мәрте біл­діреді. Сәдуақастың жұбайы ері­нің бағытын қолдап, қарулы «жиһадқа» шығуға әрқашан әзір екенін жеткізді. Міне, осыдан кейін Сәдуақас атыс қаруларын алу­дың жолын іздеп, Шымкент қала­сындағы Н. әскери бөлімінің әскери қызметшісі Берікке жо­лықты. Оның астыртын теріс жол­ға түскелі бергі ірі бір қателік жаса­ған тұсы осы болатын.

Әрине, бұлай деп айтатынымыз, Сәдуақас және ол секілді қо­ғамға жат пиғылды адамдардың теріс іс-әрекеті, жүріс-тұрысы, мі­нез-құлқы, ұстанған бағыты әу бастан-ақ жасырын қалмаған еді. Сондықтан оның елде бүлік шығару үшін қаруға қол сала бастағанын байқаған тиісті орган өкілдері қауіптің алдын алуды көздейді. Бұл кезде Сәдуақас тапсырыс берген лейтенант Берік 70 000 теңгеге екі «ПМ» тапаншасын сатып алып жатқан болатын. Әскери тергеушілермен бірге ҰҚК қызметкерлері оның үс­тінен түседі. Мұндайды күт­пе­ген жас лейтенанттың зәре-құты қашып, бас сауғалауға тырысты. Алдандым, адастым деп зар еңіреген ол тапаншаларды Сә­дуақастың қысымымен алып едім деп, бар шындықты жасырмай жайып салды. Оған қоса, тағы бір маңызды мәліметтерді де қоса айтады. Соның бірі, Сәдуақас бұл қаруларды таяуда Алматы қаласында орын алғалы жатқан қылмыстық істе қолданбақшы екендігі анықталады. Сонымен қатар, лейтенант Берік Сәдуақастың және оның ағасы Қиястың шариат ережелерін бірбеткей ұстанғанын жеткізді.

Сонан Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД мәліметтерін саралай қарағанда, Сәдуақастың азамат П.-ға діни араздық негізінде атыс қаруын қолданып, оны өлтіруді мақсат тұтқаны белгілі болады. Сонымен қатар, дәл сол кезде тиісті орган қызметкерлері Қазақстанның бірқатар аймағындағы лаңкестік бағыттағы топ құрамында Сә­дуа­қастың әрекет еткені туралы мә­ліметтерді табады. Алайда, лейтенат Берікті қолға түсіру кезінде, мұны біліп қойған Сәдуақас пен оның ағасы Қияс жасырынып үл­герді. Олар енді сол жасырын күйінде жүріп те, радикалды жа­ма­ғат­тарды жоюды жалғастыра берді. Ағайындылар туған қарын­дас­тарының бос тұрған пәтеріне қо­ныстанып, алыстан туысатын Жан­бөбек, Таңат секілді жандарды қатарларына үгіттеп, тарта бас­тайды.

Бұл кезде Сәдуақастың әке­сі туған інісінің радикалды бағыт­тағы істеріне қарсылық танытып, қатты қайғырды. Өзінің кіші інісі Қиясты да ұлының азғырып жүріп, қатарына қосып алғанына тіптен ыза болды. Сондықтан інісін үйіне қайтарып алмақшы болып, қасына П. деген азаматты ертіп, өзінің ұлдары және Жанбөбек жатқан пәтерге барады. Бірақ П.-ны көргенде қаны басына шапшыған Сәдуақас ұрыс кезінде оны оқ қаруымен атып, жаралады. Ал негізінде, кейін белгілі болғанындай, дінге байланысты өзара келіспеушіліктен туындаған араздықтан әкесін атарға оғы болмай жүрген Сәдуақас, сол сәтті пайдаланып туған әкесін көздеген екен. Әкесіне тигізе алмағанымен, бір қарсыластарын, яғни П.-ны өлтірдік деп ойлаған олар, бұл оқиғадан соң да лезде қараларын батырды. Өйткені, болары болып, бояуы сіңген соң Шымкенттің полициясы келіп, қылмыстық іс қозғады. Бірақ қағаз жүзінде қылмыстық іс қозғағанмен не пайда бар, әлгі полицейлер қылмыскерлерді ұстайын десе, олар жоқ. Содан қылмыстық іс жабылады. Ал бұл заң бойынша үлкен қателік болған көрінеді.

Содан о баста не үшін, кім үшін, қандай мақсатпен белгісіз жолға түскеніне әлі де дұрыс есеп бере алмаған Сәдуақас өзінің ет жақындарын қолайлы сәт туса ең бірінші болып өлтірмекке кектеніп, Алматыға кетеді. Онда барған соң құқық қорғау органдарынан тағы да жасырынып, тіпті қастарына Жомарт пен Қанатты қайта шақырады. Олар келген соң Сәдуақас Қанатпен бірге «жиһадқа» шыққанда алып жүретін ту дайындайды. Ту түсі қара екен, соған айшықтап ақ бояумен жазу жазып қойды. Осы тудың аясында қарулы «жиһадқа» шақыратын бірнеше бейнероликтер де түсіреді. Сөйтіп, осы Алматы қаласының жайлы жағдайының арқасында нақты лаңкестік топ құрылды. Оның құрамына Қияс, Жанбөбек, Мақсат, Қанат, Темір және Жомарт енді. Олардың мақсаты елде қарулы күрес жүргізіп, кейін Ауғанстанға «жиһад» жасауға бармақшы болып бекінеді. Ол үшін әлгілердің әмірі болып тағайындалған Сәдуақас дайындық жұмыстарын ұйымдастыруға белсене кіріседі.

Ал дайындық жұмысы қара­жат жинаудан басталды. Ол үшін барлық оңтүстік аймаққа тұрмыстық химия заттарын тарататын кәсіпкерді, яғни Шымкент қаласының тұрғынын тонауды жөн деп табады. Олар өздерінің бұл ісін әлгі кәсіпкер – «кәпір», бірақ оның дүниесі – «халал», демек қарақшылық салдарынан алынған ол дүниелер «таза» болады деп дәлелдейді. Ал қару-жараққа молынан ие болу үшін олар ОҚО Сарыағаш ауданында орналасқан шекара бекетіне шабуылдауды жөн көрді. Өйткені, Сәдуақастың бұрын шекара бекетін бақылағаны бар еді, сонда байқағаны мұнда бар болғаны екі-ақ әскери күзетші тұрады екен. Бұдан басқа олар, яғни Сәдуақас, Қияс және Қанат үшеуі басқа да адамдарды қатарларына тарту үшін үгіттеуден тұратын бейнероликтерді сайттарға да орналастыруды көздейді.

Бұдан әрі олар алға қойған мақсаттарына жету үшін тіптен тереңдей түсті. Енді олар өздері­нің мүдделеріне тікелей қарсы адамдарды жоюға бекінді. Сол мақсатта Сәдуақас еліміздің Қазақ­стан мұсылмандары діни бас­қармасының кейбір дін қай­раткерлерін өлтіруге тапсырма береді. Сөйтіп, бейбіт адамдардың көзін жоюды аңсаған Сәдуақас Астана қаласына Мақсат пен Қанатты, ал Алматыда белгілі бір адамдарды іздеп тауып, басқан ізін аңдып жүріп өлтіру үшін Темірге тапсырма берді. Дегенмен, іштей іріткі салу мақсатымен ұйымдасқан топтың басын біріктіріп ұстап тұру үшін қаражат шіркін де керек қой. Ол үшін көп ақша керек. Сондықтан Сәдуақас Ақмола облысына Темірді ақша жинап келуге жұмсайды. Темір кезінде сол жақта мешітте имам болып, насихат жүргізген. Ауылдың адамдарына келген Темір оңтүстікте бір әмір жиhадқа шығу үшін Алматы қаласында «моджахедтерді» жинап жатыр деп соғады. Мұның сөзі кімдерге қалай әсер еткені белгісіз, әлгі ауданнан «әмірге» деп арналып, 3,5 миллион теңге жиналады. Оны Мақсат пен Қанат қалтаға басып, Алматыға құстай ұшты.

Олар жеткен бойда әлгі ақшаны тағы бір санап жіберіп альпинистік құралдарды, яғни оның ішінде палатка, қол шамдар, жылы киімдер, термос, сіріңкелер және сол сияқты т.б. дүниелер сатып алды. Мұның бәрі «жиhад» үшін тауға шыққанда қажет болады деп түсіндіріледі. Сәдуақас бұл заттардың бәрі «жамағаттар» дүниесі екенін, егер кім де кім топ құрамынан кететін болса, заттарды қайтаратынын қатаң ескертеді. Сөйтіп, олар тау-тастағы дайындық үшін бірнеше қайтара тау арасында тү­неуге көтерілді. Алматыда жүргенде олар, әрине, жасырын тірлік етті. Сондықтан ешқандай бөгде адам көзіне түсе қоймады. Үнемі түнер орындарын ауыстырумен болды. Үгіт-насихат, арбау секілді жұмыстармен де айналысқан жоқ. Тіпті, сақал, мұрттарын қырып тастап, зиялылар тұрмысына көшті. Соның ішінде Сәдуақастың еркінсінгені сонша, ол полиция капитанының формасын киіп жүруді шығарды. Бірақ ол форманы қанша киіп ойқастаса да, бір қызығы ешбір құқық қорғау органдарының көзіне шалынбапты. Алайда, олардың бұл жайбарақаттық тірлігі ұзаққа бармады. Көп ұзамай топ арасына жік түсіп, Мақсат пен Қанат Астанаға, ал Сәдуақас Шымкентке оралды.

Қаражаттың аздығынан араларына жік түсті ме, кім білсін, әйтеуір Сәдуақас қайтадан тездетіп Темірді Ақмола облысына аттандырды. Ондағы мақсат, тағы да ақша жинау мен топқа жаңа мүшелерді тарту болатын. Сәдуақас сәләфилік бағытындағы адамдар, егер бұлардың талабын орындамайтын болса, онда олардың отбасы мүшелері террористік қысымға ұшырайтынын ерекше ескертеді. Бұл бейбіт жандарды тағы да тығырыққа тіреді. «Былай тартса өгіз өледі, олай тартса арба сынады» дегендей, бірқатар жандар не істерін білмеді. Өздеріне де қаржы керек, бала-шағаларының аузынан қалай жырып бермек?

Сәдуақас пен Қияс Шымкент қаласына келген соң да соңдарынан із кесушілер болатынын біліп, жасырын тірлікке қайта көшеді. Сәдуақас туысқандарының жайлы да жылы, әрі сәнді коттедждері болғанына қарамастан, әйелі және баласымен қарапайым бір бөлмелік пәтерге орналасты. Одан кейін, тұрмыстық тірліктен сән кете бастаған соң Таңатқа тиесілі, бірақ әлі аяқталмаған кеңдеу үйге ауысты. Алайда, Сәдуақас өзінің бұл тірлігі тиянақсыз мәні де, болашағы да жоқ қу тіршілік екенін ұқпады ма, әйтеуір алған бетінен қайтпай, өзінің ойындағысын қалайда жүзеге асыруды аңсады. Ол Қияс пен Таңатқа жеке тапсырма жүктеп, Отырар ауданы мен Түркістанға жіберді. Олар аталған аудандарға барып, ондағы халық көп жиналатын қасиетті Арыстан Баб және Қожа Ахмет Ясауи кесенелерінде болды. Сөйтіп қайткенде, қалай және қай уақытта террорлық акт, яғни қолдан жарылыстарды жасау мүмкіндіктерін зерделеді.

Әрине, тықыр таяп келе жат­қанын Сәдуақас сезбей қал­мады. Ол өзінің бұрынғы жасаған қылмыстарына сай құқық қорғау органдарының іздеуінде жүргенін де жақсы білді. Сондықтан барынша жасырынып және әрдайым қолтығына қару қысып әзір жүрді. Ұйымдасқан топтың арасынан тек Қияс және Таңатпен ғана байланыс жасап отырды. Топ мүшелерінің қалғандары құпиялық шараларын сақтау мен қаржы жинау мақсатында тұрғылықты жерлеріне кетіп, жетекшілерінен дабыл күтті. Құқық қорғау органдары да қолдарына бұлтартпас айғақтарды толық түсіргендерін біліп, теріс ағымдағы қауіпті топты құрықтау керек деп шешті. Сөйтіп аталған топтың аса қа­уіп­тілігіне және Сәдуақастың шектен шыға бастауына байланысты Оңтүстік Қазақстан облыстық прокурорының санкциясымен ҰҚК Сәдуақасты, Жанбөбекті және Таңатты тұрғылықты жерінде тап басып, ұстады.

Сөйтіп, Сәдуақастың тер­ро­ристік топты ұйымдастыруға тікелей қатысы барлығы анық­та­лып, табылған атыс қарулар мен полиция капитанының фор­масы, полициялық белгі, аң­шылық жарақтар және т.б. заттар бұған нақты айғақ болды. Ақыры Шымкент қаласының соты Сәдуақасты, Қиясты, Жанбөбекті, Қанатты, Мақсатты, Жомартты және Темірді оларға тағылған айып бойынша кінәлі деп тауып (6 жылдан 15 жылға дейін), түрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырып, соттады. Өкінішті. Әрине, өкініштісі сол, тепсе темір үзетін жігіттердің қасақана теріс жолға түсуі, Құран мен Исламды бейбіт жолмен үгіттеу, насихаттау арқы­лы адамзатқа жеткізу екенін түсін­бегендері өкінішті-ақ.

Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер қалашығында 500 түп ағаш егілді

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 16:19