Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь астанасында ұйымдастырылған Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске қатысты. Ал бүгін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекет басшылары кеңесіне қатысатын болады.

Беларусь астанасы халықаралық деңгейдегі екі бірдей ауқымды шараны өткізуге жан-жақты әрі тыңғылықты дайындалыпты. Минскінің көшелеріне жоғары деңгейдегі жиындардың өтетінін айғақтайтын билбордтардың ілінуінен де мұны анық аңғаруға болады. Ал Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске және ТМД-ға мүше мемлекет басшыларының кеңесіне келер болсақ, саяси маңызы зор оқиғаларды насихаттау үшін 200-ге тарта БАҚ өкілі арнайы тіркеуден өткен екен.
Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь астанасында ұйымдастырылған Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске қатысты. Ал бүгін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекет басшылары кеңесіне қатысатын болады.

Беларусь астанасы халықаралық деңгейдегі екі бірдей ауқымды шараны өткізуге жан-жақты әрі тыңғылықты дайындалыпты. Минскінің көшелеріне жоғары деңгейдегі жиындардың өтетінін айғақтайтын билбордтардың ілінуінен де мұны анық аңғаруға болады. Ал Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске және ТМД-ға мүше мемлекет басшыларының кеңесіне келер болсақ, саяси маңызы зор оқиғаларды насихаттау үшін 200-ге тарта БАҚ өкілі арнайы тіркеуден өткен екен.

Кеше екі ауқымды шараның алғашқысы, яғни Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы Минскіде жаңадан бой көтерген Тәуелсіздік сарайында өтті. Еуразиялық интеграцияны дамыту және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің көкжиегін кеңейтуді мақсат тұтқан отырыс аясында күн тәртібіне бірнеше мәселе қойылды. Олардың біріншісі – интеграцияны дамытудың негізгі бағыттары және Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім жобасын әзірлеу барысы туралы болса, екіншісі – Еркін сауда аймағын құру туралы келісім төңірегінде өрбіді. Бұған қоса, кеңес шеңберінде Арменияның Кеден одағына кіру туралы өтініші, «Бәсекелестік туралы» модельді заң, Кеден одағы аумағындағы есірткі мәселесін жүйелеу, Еуразиялық экономикалық комиссияның 2012 жылғы бюджетінің орындалуы турасындағы жылдық есебі, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық кеңес пен Еуразиялық экономикалық комиссия мүшелерінің, олардың отбасыларының өздері жария еткен кірістері, материалдық игіліктері туралы берген ақпараттарының растығын тексеру жөніндегі ережені бекіту секілді мәселелер қаралды.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес – Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің ең жоғары үйлестіруші органы. Бұл кеңеске осы ұйымға қатысатын мемлекет және үкімет басшылары толықтай мүше. Кеңестің бірден-бір міндеті ұйымның атқарушы органы саналатын комиссия ұсынған құжаттарды бекіту болса, мемлекет немесе үкімет басшылары деңгейінде бекітілетін бұл құжаттар арасында халықаралық келісімдердің жобалары және басқа да интеграциялық үдерісті тереңдетуге бағытталған құжаттар түгелдей дерлік қамтылады. Кеңестің шарты бойынша құжаттардың жобаларын әзірлейтін комиссия құрамына мүше мемлекеттерден бір-бір өкілден енген. Оларға қойылар талап та ерекше. Себебі, комиссия құрамына кірген азаматтардың өкілеттігі премьер-министрдің орынбасары деңгейінде болуы тиіс.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің соңғы отырысы былтырғы жылдың желтоқсанында мемлекет басшыларының деңгейінде жүзеге асқан болатын. Сол отырыста президенттер 2013 жылы үш мәрте кездесуге уағдаласқан еді. Сондықтан да, биылғы жылдың алғашқы отырысы 29 мамыр күні Астанада өтті. Сол кездегі басқосуды ашқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еуразиялық кеңістіктегі интеграцияның перспективасы әр мемлекет үшін маңызды екендігін, ендеше, интеграция үдерістері барлық тарапқа бірдей тиімділікпен тереңдей түсуі қажеттігін мәлімдеген болатын. Мұндағы айтар ой, көздеген мақсат біреу – ол дербес мемлекеттер өзара ықпалдастыққа ұмтылатын болса, бұл құрылымның тиімділігі мен мүмкіндіктерін бір мемлекет қана емес, баршасы бірдей сезінуі керек.
Сол жиын барысында Қазақстан Президенті: «Мемлекеттер интеграцияға жеке-дара, оқшауланып қол жеткізе алмайтын дүниені иелену үшін барады, ал мұндай жағдайда ықпалдасу үдерісі эволюциялық жолмен, сатылап жүзеге асқаны абзал. Біз өз күштерімізді біріктіргенде ортақ мүддеге қол жеткізуді көздеп, бұл істі кезең-кезеңмен атқаруға тиіспіз. Бүгінге дейін біз осы жолмен жүріп, алдымен Кеден одағын құрдық, одан Біртұтас экономикалық кеңістікті құруды аяқтауға жақындадық. Алдымызда Еуразиялық экономикалық одақ құру кезеңі тұр», деген еді.
Демек, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бүгінгі міндеті Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікті одан әрі дамыту перспективасы болса, болашақтағы міндеті – Еуразиялық экономикалық одақ құру. Сол себепті де, мемлекет басшылары бұған дейін тұспалданып келген Еуразиялық экономикалық одақ құрудың мерзіміне қатысты түпкілікті шешімдерін жария еткен-тін. Мемлекет басшылары белгілеген межеге сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақ 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылуы тиіс. Ол үшін 2014 жылдың 1 мамырында мемлекет басшыларының қарауына Одақтың құрылуы жөніндегі құжаттардың соңғы нұсқасы ұсынылуы қажет. Бұл арқылы интеграцияның келесі сатысын құрудың негіздері қаланып, Кеден одағына мүше мемлекеттер 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа еркін қадам баса алады.
Минск төрінде ұйымдастырылған Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы аясында, міне, осы мәселелерді, оның ішінде аймақтық интеграцияны дамытудың негізгі бағыттары сынды жәйттер жан-жақты сүзгіден өткізілді. Осы себепті, күн тәртібінде, ең алдымен, Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім жобасын әзірлеу барысы талқы таразысына салынды.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің жиыны Қазақстан, Беларусь және Ресей мемлекеттері басшылары деңгейіндегі шағын құрамдағы отырыспен басталды. Отырыста алғашқы сөзді төр иесі – Беларусь Президенті Александр Лукашенко алды. Ол өз сөзінде күн тәртібінде еуразиялық интеграцияны дамыту бағыттары бойынша маңызды мәселелер тұрғанын жеткізді. Бүгінгі отырыстың негізгі мәселесі – Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі келісімді дайындау. Бұл үдеріс біздің мемлекеттеріміздің интеграциялық бағытта дамуын жеделдету үшін айрықша маңызды. Ал Еуразиялық экономикалық кеңістік біздің мемлекеттеріміздің дамуына айтарлықтай дәрежеде ықпал етуі үшін оның архитектурасын да мықтап қолға алуымыз керек. Демек, біз бұған ықпал ететін жұмыс тетіктерін ретке келтіріп, жандандырғанымыз жөн. Біз өз мемлекеттеріміздің тәжірибесімен бөлісіп жатырмыз.

Ал біздің қабылдаған шешімдеріміз Еуразиялық экономикалық кеңістіктің барлық аумағында бірдей орындалуы тиіс. Беларусь Кеден одағына жаңа мемлекеттердің мүше болғанын құптайды. Себебі, мұндай үдеріс Кеден одағының іргесін нығайта түседі. Сол себепті, біздің ұйымның есігі басқа елдерге әрдайым ашық. Ал бұл ұйымға мүше болуға ниет танытып отырған Армения секілді елдерге Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері жүріп өткен жолмен жүруі қажет деп ойлаймын. Ал Украинаға келер болсақ, бұл мемлекет Кеден одағынан да, болашақта Еуразиялық экономикалық одақтан да іргесін ажыратпағаны дұрыс. Әрине, бұлардың барлығы күрмеулі мәселелер. Демек, біз болашақта да өзіміздің қандай бағытта дамуымызды айқындап отыруымыз керек, деді А. Лукашенко.
Келесі кезекте сөз алған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеңес отырысына қатысушыларға көрсеткен қонақжайлығы үшін Беларусь мемлекетіне, Президентіне алғысын білдірді. Біздің бүгінгі басқосуымыз әрқайсымыз үшін өте маңызды. Бүгінде интеграциясыз алға қадам басу мүмкін емес. Себебі, қандай да бір мемлекет болсын өзара ықпалдастық орнатпайынша, бірлесе іс-қимыл жасамайынша, өз мемлекетін алға жылжыта алмайды. Біз мемлекеттеріміздің ортақ бірлестігінің маңызды тұстары жөнінде көп рет айттық. Біздің елдеріміздің арасындағы тауар айналымы соңғы уақытта азайды. Мұны экспорттың әлемдік деңгейдегі негізгі тауарлар бағасының төмендеуімен байланыстыруға болады. Бірақ, бұдан ешқандай қиындықты көруге болмайды деп ойлаймын, деді Қазақстан басшысы.
Сондай-ақ, Н.Назарбаев бүгінгі таңда мемлекеттер алдында тұрған өзекті мәселелерді аттап кетпей, оларды біртіндеп шешудің жолдарын қарастыру қажеттігін атап өтті. Біз үшін шешілуі тиіс маңызды мәселе – кедендік процедураларды мейлінше жеңілдету. Біз құрған Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысы өзара тауар айналымын жандандыру, кез келген кедергілерді жою бағыттарында жұмыс істеуі тиіс. Әрине, қандай да бір проблема туындамай қоймасы анық. Бірақ, оны шешу үшін Еуразиялық экономикалық комиссия, оның мүшелері бар. Сондықтан, олар бір үстел басына отырып, кез келген күрмеулі мәселелерді бірлесе шешуі тиіс. Еуразиялық экономикалық комиссия – Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік аясындағы жұмыстарды үйлестіру мақсатында құрылған маңызды орган. Оның тағы бір міндеті – мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытудың жаңа жолдарын қалыптастыру, деді Н. Назарбаев.
Осылай дей келе, Қазақстан Президенті бұл бағыттарда жаңа ұсыныстар келіп жатқанын, алайда, Кеден одағына, еуразиялық интеграцияға қатысты күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді шешпей тұрып, басқа мәселелерді қолға алу қисынға келмейтінін жеткізді. Комиссия бұл мәселелердің барлығын, олардың жүзеге асырылу уақытын ретке келтіріп отыруы тиіс, деді Қазақстан басшысы бұл орайда.
Өзінің сөзінде Қазақстан Президенті, сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақ құру мәселесі басты назарда тұрғанын атап өтті. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ құрылатын болады. Келер жылдың мамыр айында біз Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты барлық мәселелерді бірлесе отырып қарастырып, бір шешімге, тоқтамға келуіміз керек. Біздің алдымызда тұрған шешімдер екі түрлі бөліктен тұрады. Біз Астанада өткен жиын кезінде бұл туралы келіскен болатынбыз. Олар – институттық және экономикалық. Біз кез келген мәселені шешуге кезең-кезеңмен келуіміз керек. Егер мемлекет басшылары бір мәселені шешетін болса, комиссия сол мәселелерді орындауды қадағалауы қажет. Яғни, мемлекет басшылары қол қойған келісімдердің барлығы орындалуы керек. Егер, қандай да бір мәселе туралы қиындықтар туындап жатса, комиссия олар туралы бізді хабардар етіп отыруы тиіс. Негізгі талап – кездескен түйткілді мәселені шешіп алып барып алға жылжып отыру. Мәселен, біз мұнайды және газды тасымалдау жөнінде келіскен едік, бірақ ол әлі де орындалмай отыр. Темір жол тарифтері, электр энергиясы мәселелері де шешілмей келеді. Сондықтан, ақыры бұл мәселелер туралы келісімге келген екенбіз, енді соларды орындайық. Басқа мәселені күн тәртібіне шығармас бұрын осыларды орындайық. Бізді кім асықтырып отыр? Уақыт бар. Біз мемлекеттеріміз арасындағы капитал, жұмыс күші туралы мәселелерді бір жүйеге келтірдік. Енді тауар айналымына қатысты кедергілерді шешу бағытында жұмыс жасауымыз керек, деді Н.Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті қазіргі таңда еркін тауар айналымы бәсекелестіктің жағдайы мен тетіктерін қиындатып жібергенін, бұл мәселені ірі инвестициялық жобаларды қолға алу арқылы шешуге болатынын жеткізді. Н.Назарбаев, сонымен қатар, мемлекеттер алдында тұрған Кеден одағы мәселесін, интеграцияға қатысты кез келген кедергілерді ортақ ұстанымға келу негізінде шешу қажеттігін, Арменияның Кеден одағына қосылу жөніндегі өтінішіне қатысты Қазақстан өз ұсынысын енгізгенін де айтып өтті.
Отырыс аясында сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру мәселесіне де тоқталды. Ол үшін Қазақстан мен Ресейдің Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше мемлекеттер алдындағы міндеттері үйлесім табуы қажет. Қазақстан БСҰ-ға Еуразиялық экономикалық одақ құрылмай тұрып кіруге ниеттеніп отыр. Себебі, Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше мемлекеттер бұған дейінгі қол жеткізілген келісімдерді қайта қарастырып, нәтижесінде біздің елдеріміздің БСҰ-ға кіруіміз кешеуілдеп кетуі мүмкін. Сол себепті бұл мәселедегі конструктивті ұстаным Қазақстанның БСҰ-ға өтуін тездетіп, Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық кеңістік жұмысының үзілмеуіне ықпал етер еді, деді Н.Назарбаев.
Ресей Президенті Владимир Путин бүгінде Еуразиялық экономикалық кеңістіктің құқықтық-нормативтік базасы мықтап қалыптасқанын, болашақта бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізу қажеттігін атап өтті. Бүгінгі келіссөзіміз біз бұдан кейін қалай алға қарай жылжуымыз қажеттігін тағы бір айқындап берді деп ойлаймын. Бүгінде Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық кеңістік форматына сәйкес келетін интеграция сапасының артқанын атап өтуге болады. Еуразиялық экономикалық кеңес еркін тауар айналымын, еркін қызмет түрлерін, еркін капитал мен жұмыс күшін қамтамасыз етуге жұмыс істеуі қажет. Біз энергетика, көлік, телекоммуникация салалары бойынша еуразиялық жүйені құруды қолға алуымыз керек. Бұл біздің елдеріміз экономикаларының дамуына ықпал етеді. Жалпы алғанда, бүгінде барлық елдер интеграция жолымен жүріп келеді. Себебі, интеграция ішкі ресурстарды пайдалануды және олардың өсімін қамтамасыз етеді. Біз өз мемлекеттеріміздің әлемдік нарықтағы бәсекелестігін арттыруды ойлауымыз керек. Себебі, біз бірге күш біріктіргенде мықты боламыз және кездескен ғаламдық қиындықтарға қарсы тұра аламыз. Соңғы 3 жыл ішінде Кеден одағы өзінің тиімділігін көрсетіп берді. Біздің кәсіпорындарымыздың арасындағы байланыстарымыз нығаюда. Экспортымыздың көлемі де ұлғайып келеді. Мәселен, Кеден одағының сыртқы нарықтағы тауар айналымы күн санап қарқын алуда. Соңғы 8 ай ішінде бұл көрсеткіш 604 млрд. долларды құрады. Бүгінде Кеден одағына әлемдегі экономикасы мықты елдердің бірі Үндістан да қызығушылық танытып отыр. Жақында Үндістанның премьері менің бүгінгі өтіп жатқан жиында Кеден одағымен еркін тауар айналымын жүргізу жөніндегі келісімге олардың қатысу мүмкіндігін күн тәртібіне қоюымды сұрады. Мен Үндістан нарығының әлемдік экономикадағы орнын ескере отырып, бұл мәселені назарда ұстау қажет деп есептеймін. Ал қазіргі таңдағы әлемдік экономиканың жалпы қарқынының бәсеңдеуін ескере отырып, біздің «үштігіміздің» көрсеткіші қанағаттанарлық, көңіл қуантарлық деңгейде деп ойлаймын. Мәселен, Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық кеңістік аясындағы тауар айналымы қаңтар-тамыз айларында 2 пайызға көтерілді. Әрине, әлемдік экономиканың дағдарысы біздің елдерімізді де айналып өткен жоқ. Бұл қиындықтардан шығу үшін біз интеграцияны одан әрі тереңдете түсуіміз керек. Тауар мен қызметтердің ортақ нарығын, бизнестің тетіктерін жандандырып отыруымыз қажет. Ресей осындай бағыт ұстанғанды қалайды, деді В. Путин.
Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері басшыларының 2 сағатқа созылған шағын құрамдағы отырысына бұдан кейін Қырғызстан, Украина, Армения және Тәжікстан мемлекеттері басшылары келіп қосылды. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бұл отырысына Кеден одағына мүше мемлекеттер басшыларының еуразиялық интеграцияға, оны дамыту жолдарына қатысты айтқан пікірлері мен ұсыныстары қайта қаралып, талқыдан өтті.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындысында Қазақстан, Беларусь, Ресей басшыларының қатысуымен журналистерге арналған баспасөз мәслихаты өтті. Онда сөз алған Беларусь Президенті А.Лукашенко жиын барысында Еуразиялық экономикалық одақ құруға байланысты нақты ұсыныстар айтылып, шешімін таппай жүрген мәселелерді қайта қарастыруға айрықша назар аударылғанын атап өтті. Жиын барысында қызу пікірталас жүрді. Бұл пікірталастардың барлығы еуразиялық интеграцияны дамытуға, Біртұтас экономикалық кеңістік аясын кеңейтуге ықпал етеді деп ойлаймыз. Біз Арменияның Кеден одағына қосылу туралы ұстанымдары мен өтініштерін қуаттаймыз. Яғни, біз кез келген мемлекеттің Кеден одағына кіру ниетін қолдаймыз. Себебі, бұлардың барлығы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес жұмысына жаңаша серпін береді. Біз ешкімге есігімізді жауып отырған жоқпыз. Еуразиялық экономикалық кеңістік – үлкен ауқымдағы нарық. Ол елдердің экономикасын жандандыруға мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, біз интеграцияны тереңдетуді одан әрі де басшылыққа алатын боламыз, деді өз сөзінде Беларусь Президенті.
Ресей Президенті В.Путин өз кезегінде Жоғары Экономикалық кеңес отырысында интеграцияны дамыту, Еуразиялық экономикалық кеңістік көкжиегін кеңейту үшін жаңа бағыт-бағдарлар белгіленгенін, бұлардың барлығы тауар, капитал, жұмыс күшінің еркін айналымын жақсартуға, мемлекеттер алдындағы кез келген кедергілердің түйінін тарқатуға ықпал ететінін атап өтті. Біз Еуразиялық экономикалық одақ құрудың жолдарын жан-жақты қарастырдық. Бұған қоса, энергетикалық, көлік жүйелерін құру, ұлттық, экономикалық, құқықтық базалар тетігін жақсарту мәселелерін де күн тәртібіне қойдық, деді В.Путин.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісім жобасы жан-жақты талқыдан өтіп, бұл жобаны келер жылдың мамыр айында мақұлдау қажеттігін атап өтті. Біз Кеден одағына мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымын арттыруымыз керек. Бұл орайдағы кедергілер түгелдей жойылуы тиіс. Кейде біз қабылдаған шешімдер толықтай орындалмай жатады. Сондықтан, бұл бағыттардағы жұмыстарды жүйелендіру қажет. Яғни, белгілі бір деңгейде тепе-теңдік сақталуы шарт. Біздің қаржылық жүйеміз, сақтандыру жүйеміз әртүрлі. Осы себепті, біз осылардың ішінен өзімізге ең тиімдісін таңдап, бекітуіміз керек. Арнайы жұмыс тобын құрып, өз жұмыстарымызды одан әрі жалғастыратын боламыз, деді Н.Назарбаев.
Әрине, Қазақстан Президенті атап айтқандай, интеграциялық жол – күрмеуі сан салалы, ұңғыл-шұңғылы көп жол. Бұл жол түрлі бөгеттерден «ақыл» тетігін іске қосып өтуді талап етеді. Сол себепті де, мемлекет басшылары еуразиялық интеграцияның дамуын Еуразиялық одақ құру негізінде жүйелі етуді күн тәртібіне шығарып отыр. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев өзінің 2012 жылғы Жолдауында да XXI ғасырдың жаһандық қауіп-қатерлеріне еуразиялық интеграцияны тереңдетумен қарсы тұруға болатынын айтқан еді. Яғни, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы жалпыаймақтық тұрақтылықтың, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторы болмақ.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі келесі отырысы биылғы жылдың желтоқсан айында Ресей астанасы – Мәскеуде өтеді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан» –
Минскіден.