Президент • 20 Тамыз, 2020

Президент Арыс қаласындағы әскери полигонға барды

192 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр жарылыс болған Арыс қаласындағы №44859 әскери бөліміне барып, оның бүгінгі жағдайымен танысты. Бұл туралы Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Президент Арыс қаласындағы әскери полигонға барды

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев өткен жылғы жарылыстан кейін қоймадағы оқ-дәрілерді кәдеге жарату және оларды тасымалдау жұмыстары жайында баяндады. Сонымен қатар әскери бөлімнің техникалық аймағындағы оқ-дәрілердің қалдығын тазалау, жарылғыш заттарды залалсыздандыру, бұзылған ғимараттарды қайта қалпына келтіру туралы айтты. Бұдан бөлек Қазақстан Президентіне әскери құрал-жабдықтар мен арнайы техникалар таныстырылды.

Мемлекет басшысы бұл полигонның, аталған әскери бөлімнің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

"Қорғаныс министрі жаңа маған оқ-дәрілердің қауіпсіз қоймаларда сақталып жатқанын және адамдарға қауіп тудырмайтынын баяндады. Дегенмен біз ендігі жерде мұндай жарылыстың болуына ешқашан жол бермеуіміз керек. Бұл мәселе өте маңызды және менің тікелей бақылауымда болады", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Үкіметке қазіргі заманға сай қоймалар салу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Олардың елді мекендерден алыс жерлерде салынуын, жарамсыз оқ-дәрілерді уақтылы жою қажеттігін де ескертті.

"Әскери-көлік авиациясын, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс күштері мен құралдарын, инженерлік әскерлерді, әскери медицинаны дамыту Қорғаныс министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі болуға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Былтырғы жарылыстан кейін Арыс қаласы толықтай қайта жаңарды. Әскери қызметшілер 450 мыңнан астам оқ-дәрі мен жарылғыш зат залалсыздандырды. Қоймадағы оқ-дәрілерді көшіруге дайындықтың негізгі жұмыстары аяқталды.

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.