Елімізде ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық жұмыстары қызу басталып кетті. 2017 жылға белгіленген халықаралық көрмені ұйымдастыру үшін арнайы ұлттық компания құрылып, оның басшылығына Талғат Ермегияев тағайындалды. Бұл туралы TengriNews.kz хабарлады.
ЭКСПО көрмесін өткізетін орын ретінде Астананың таңдалуы тектен-тек емес. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Біріншіден, әлемнің осыншама елінің Қазақстанды «ең лайықты» деп тануының өзі өте маңызды. Екіншіден, 100-ден астам ел Астанада өз павильондарын салу үшін келеді. Үшіншіден, «ЭКСПО – 2017» көрмесіне біз ұсынған «Болашақтың энергиясы» ұраны негізінде елордамызға жаһандағы мемлекеттер өздерінің жаңа технологияларын жеткізеді. Іс жүзінде ІІІ индустриялық революция «жасыл экономикадан» басталмақ. Бұл ретте қай елде «жасыл экономика» болса, соның қолында жаңа технологиялар бар. Ал жаңа технологияларсыз енді даму жоқ. Яғни «ЭКСПО – 2017» Қазақстан үшін экономикалық дамудың түбегейлі жаңа бетін ашудағы бетбұрыс бекетіне айналмақ»,-деген еді.
Біздің ел 2017 жылы өтетін көрменің тақырыбын энергияның баламалы көздері мен «жасыл» экономика мәселелеріне арнап отыр. Осы жоба таза экологиялық технология мен жаңғыртылған энергетикаға арналған. Индустриялық-инновациялық дамуды жеделдету жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде еліміз 2015-2020 жылдар аралығында ЖІӨ энергия шығынын тиісінше 25 пайыздан 10 пайызға кемітуді жоспарлады. Оның алғы шарты ретінде күн батареяларын өндіретін зауыт ашылды.
Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде әлем елдерінде энергия көзінің тапшылығы байқалуда. Сол себепті дүниежүзі энергияны күн, жел сияқты табиғи көздерден алуға көше бастады. Ал болашақта бүкіл әлем «жасыл» технологиямен алға жылжып, энергия көзін үнемдеуге негіз қалайтыны даусыз. Осы тұрғыдан алғанда, біздің ел таңдаған «Болашақтың энергиясы» әлемдік экономикалық дамудың басты кілтіне айналмақ. Дегенмен, Халықаралық көрмелер бюросының талаптары да жоғары. Мәселен, көрме өткізуге белгіленген 3ай ішінде Астана қаласы әлемнің 100 мемлекетінен 5 миллионға жуық адамды қабылдауға мүмкіндігі болуы тиіс. Бұл жұмыстардың алдын алу үшін бізге нақты жоспарлы іс қажет...
Бүгінде көпшілікті көрмеден кейін ЭКСПО-2017 алаңы қалай пайдаланылады деген сұрақ та мазалап жүр. Осыған Парижде өткен Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясы 153-ші сессиясы кезінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев қысқаша түсініктеме берді. Оның айтуынша, аталмыш аумақ өмір сүрудің жаңа таза экологиялық үлгісіне, тәулік бойы қарбалас болатын «ешқашан қалғымайтын» ауданға айналады. Дамудың мұндай үлгісі жастарға, студенттерге, жас ғалымдарға, кәсіпкерлер мен жас отбасыларға бағдарланады. Ол еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі - Назарбаев Университетінің жанында орналасуымен ерекшеленеді.
ЭКСПО көрме кешенінің сырт жағынан ғылыми-технологиялық парк орын алса, Университет кешені мен ғылыми-технологиялық парктің арасында жасыл желекпен көмкерілген кең аллея ашылады. Оның жан-жағына сауда орталығы, спорт пен ойын-сауық саябағы орналасады. Ал Орынбор көшесінде құрылысы қолға алынатын тұрғын аудандар аймағы ЭКСПО көрме кешенінен шығысқа қарай кеңейтіледі.
Данияр Түймебай.