Әдебиет • 21 Тамыз, 2020

Таласбек пен «Талтүс»

1765 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін

Тәкен тұрпаттас бір кейпі, Мағауин мазмұндас бір кейпі, бұл Таласбек Әсемқұлов деген қаламдасымыздың өз кейпі де осал емес-тұғын. Қоңыр да мұңды бір кейпі, діңді де дүмді бір кейпі, бір өзі бірегей тұлға да болып қалған кезі еді.

Таласбек пен «Талтүс»

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, EQ

Ондай адамдар үнсіз кетсе, бір жерден тау болып өніп шығатындай бір хабар күтетінсің. Бірақ ол оның орнына сол шамада бізге бала-шаға болып көрінетін постмодернистердің ортасына барып қосылды. Оған бір таңырқасақ, сол ортаның рухани дем берушісіне айналғанда екі таңырқадық.

Жазуының орнықтылығы кә­дімгі дәстүрлі прозаның үлгісі болатын. Сөйлемнің басын аяғына, аяғын басына келтіріп жазғанын көргеміз жоқ. Соған сай көркем ойдың да тұтастығы бұзылған емес. Ендеше жаңа ортаны қайдан тапты, бағзы ортадан неге безді?

Осы арада қателескен ол емес, біз шығармыз деген де күдік бой көтерді. Оның сыры сол, кешегі кеңестік қоғамда: «Әдебиетте жоқ, музыка мен суретте бар, ол не?» десе, «Ол – постмодернизм!» дейтінбіз. Бәлкім бізге сіңбеген ағым оған өзі бала күнінен серік еткен күй өнерінен дарыған шығар дедік те қойдық.  

Бірақ Таласбектің «Талтүс» романын оқығанда ойымыз өзгеріп, өзіміздің көн қалыбымызға қайта көшкендей күй кештік. Оқиға­ны рет-ретімен баяндайтын, сөз-сөйлемдерінің арасы балталасаң бұзылмайтын, бас-аяғы түсінікті етіп жазылған қалыпты дүние. Иә, ол – бәрібір де байлауы берік дәстүрлі ортаның адамы, дәстүрлі өнердің өрені, дәстүрлі әдебиеттің табанды өкілі!

Бір қызығы, «Талтүс» жарық көргенде постмодернистердің өздері де романның толықтай дәстүрлі бағытта жазылғанын мойындағаны мойындап, мойын­дамағаны үнсіз қалған еді. Талас­бек осы кезде: «Талтүсте» былайғы оқырман байқай бермейтін жүрістер жасадым. Кем дегенде романның бес-алты жерінде менің тығулы идеяларым мен астарлы ойларым бар» деді.

Әл-әзірге «Ол не?» деген еш­кім­нің болмауы романның екі ортада қалған жай-күйінен хабар беретін тәрізді. Дәстүрлі әдебиет те үйіріне қосқысы келмейді, постмодернистік әдебиет те үйі­ріне қосқысы келмейді. Көңілге салсаң, көңіл басқа, әрине!

Алайда бұл елеусіз қала қоятын роман емес. Кеңес өкіметінің кезі болғанда, баспадан не шығар, не шықпас, шықса да жүнін жұлған тауықтай қысқарып шығар ма еді, бәлкім. Таласбек: «Біреулердің романын пәленбай бет қысқартсаң да білінбей кетеді» дейтін. Демек, өзі қысқартуға болмайтындай етіп жазған! 

Жалпы, кеңес заманында мем­лекеттік қауіпсіздік орындарында нағыз қырағы мамандар жұмыс істеген болуы керек. Көркем шы­ғармадан астар іздегенде, автор­дың ойына келмеген идеялар табыла кететініне кейінгі кезде архивтен алынып жатқан дерек-дәйектер куә. «Автор мұнымен не айтқысы келді?» деген сұрақ тота­литарлық қоғамда әдебиет сыншыларына қайдан ауысқанын содан-ақ біле бергейсіз!

Жариялылық басталып, артынан тәуелсіздік алғаннан кейін бұл сұрақ өзінен өзі мәнін жойды. Себебі шығармасында нендей сұмдық астар барын автордың өзі-ақ аттандап айтып қоятын болды. Осы тұрғыдан келгенде Таласбектің «Ішімдегіні өзің тап» деп үнсіз кеткені біздің де романға деген қызығушылығымызды арттыра түсті.

Ең алдымен айтатын басы ашық нәрсе, «Талтүс» жазылған тұста ұлттық код туралы әңгіменің он екі де бір нұсқасы жоқ болатын. Таласбек бұл романында жеке кейіпкер образынан бұрын ұлт образын жасауға күш салған тәрізді. Негізгі кейіпкерлердің бо­йына өткен дәуренмен бірге ба­сы­мыздан көшіп бара жатқан ұлттық мінездерді кесек-кесегімен үстемелете таңуы соның нышаны секілді.

Романдағы үлкендер бірінен бірі іліп алып айтатын кейде аңыз, кейде аңызға бергісіз әңгімелердің басты сипаты да сол. Бұл жағынан «Талтүс» роман дегеннен гөрі, роман-тәмсіл, роман-притча деген шамаға келіңкірейді. Егер бірнәрсеге ұқсату керек болса, сарай қабырғасына ілінген бес ғасырлық хандық дәуірдің баян суретін таңдар едім. Бірақ онда салтанат бар, тағдыр жоқ, ал мұнда тағдыр бар, салтанат жоқ. 

Соған орай көтерген идеясы да шерлі, шеменді. Соның бірі күйдің ұлтқа қызмет ететін құ­ді­ретінен айырылып, көңіл кө­теретін экзотикаға айналып бара жатқаны. Тілдің негізгі мін­­деті жойылып, тұрмыстық дең­­гейде ғана қалып қойғаны сияқ­­ты өкінішті жағдай. Бұрын қан­дай еді дегенге романның өн бо­йында мысал жеткілікті. Бұл әзел­гі барымташының қалмақтың жыл­қысын алған тұсында тіпті айқын көрініс тапқан.

Барымташы жылқы күзеткен баланы жазым қылып қояды да, үйірді алдына салып айдап кетеді. Бірақ дала заңы бойынша ол заманда кімнің де болса істеген ісінен бір белгі қалдырмауы тексіздік саналатын еді. Барымташы басын қатерге тігіп, өлген баланың денесі ит-құсқа жем болмасын деп, қалың қалмақтың ортасына барып күй тартады.

Сонда қалмақтар бала өлген екен деп өкіріп жылайды. Оның соңы немен біткені бізге маңызды емес, маңыздысы күй өнерінің шешуші, кульминациялық дең­гейде тілдің орнын алмастырған құдіретінің мойындалуы болып отыр. Жазушы аталған романын жазып отырғанда соңғы бір жылдары науқанға айналған ұлттық код туралы ойламаған да шығар, бірақ ондай атты күн туса күй өнерінің ұлт өміріндегі алар орнын дәл меңзегенін ішің сезеді.

Романда осыған ұқсас тағы бір оқиға келтіріледі. «Керейдің ішінде Сары Нияз деген бір төре болыпты» дейді. «Өзі асқан домбырашы екен» дейді. Сонымен бірге Шынқожа батырдың Азаматқожа деген інісі болыпты. Ол да әрі батыр, әрі асқан домбырашы екен. Сол жаңағы Сары Нияздың жыл­қысын шауып, дүрілдетіп айдап бара жатып: «Қой, төренің ауылына соғып, айтатынымды айтып кетейін» депті.

Барса төре жоқ, сұлу тоқалы отыр. Содан қымыз құйғызып ішіпті де, керегеде ілулі тұрған домбыраны алып, бір күйді шер­тіп, орнына қайта іліп кетіпті. Ертесіне жол жүріп кеткен Сары Нияз келіп домбырасын ұстаса, әлгі домбыра әлі дүрлігіп сөйлеп тұр дейді. Сонда Сары Нияз «Ә, Азаматқожа келіп, жылқымды шапқан екен ғой» деп бармағын тістепті дейді. Аңыз да болса шындық, шындық та болса аңыз. Асқар таудың шыңындай, шыңы­раудың түбіндей!

Домбыраны ескінің қалдығы деп бір, діни ұстанымдарға қай­шы деп екі, ауылдың алты ауы­зына ғана жарамды деп үш мұқат­қанмен ұлт тұрғанда күй бәрібір жоғалып кетпейді. Өнерін үйретіп кететін шәкірт таппай сарсылған Сабыттың туған жиені Әжігерейді сәби күнінен асырап алатыны, сол үміт еткен балаға өгейлік көрсеткен кейінгі кемпірін ат құй­рығына байлап сүйрететіні, со­дан баланың өлмек  болып жар жағалап қашатыны бәрі-бәрі өмір, тағдыр. Сөйткен Әжігерей атасы Сабыттың айналасына жиналған небір өнерлі адамдардың кереметтей ғып айтқан аңыз әңгімелеріне құлағын түріп өседі.

Соның бірі атасының келген қонақтарды домбырасыз күй ойнап таңқалдырған өнері еді. Ит­­жеккенде айдауда жүрген кезін­де білетін күйлерін ұмытып қал­майын деп, әуенін ыңылдап айта беріпті. Содан келе-келе қасын­дағы тұтқындарға көмейімен күй тартып беретін болыпты. Бұл да қолындағы домбырасын тар­тып алса тілімен, тілін ке­сіп алса көкірегімен күй шерте бе­ретін күйші туралы аңыз іспетті әсерлі-ақ. Оның астарында қандай күрескерлік идея жатқанын іш құрғыр сезеді, бірақ айтуға тіл жетпейді.

Қош делік те, бұдан біз романда жасырылуы мүмкін келесі идеяға көшелік. Романда ол Байжігіттің «Ағаш ат» атты күй-аңызы арқылы беріледі. Жұмағұл деген шебер бір күндері ағаштан ат жасайды. Онысы су ішіп, шөп жейтін болады. Бір жолғы жеген азығы қырық күнге жетеді. Одан да ғажабы бұл ағаш ат кәдімгі құс сияқты ұша алады. Жұмағұл ел жата ағаш атына мініп алып, көкті шарлап қыдырыстап қайтады.

Мұны естіген ақ патша Жұма­ғұлды ағаш атымен бірге ұстап әкелуге арнайы жасақ шығарады. Оны білген Жұмағұл ас-суын ағаш атына артып алып, аспанға ұшып кетеді. Сол кеткеннен қырық күн­ге дейін оралмайды, әлгі келген жасақ та оның жолын тосып жата береді. Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» де­ге­ніндей, ел ішінде бұрыннан бар аңыздың романда жаңаша мағынаға ие болған сыры да осы тұста ашыла түседі.

Ақыры азық-түлігі таусылған Жұмағұл жерге қонады да, амалсыз тұтқын болады. Ақ патша: «Ағаш атыңды бер, өзіңді қызметшілікке алайын» деп көп дүние ұсынады. Жұмағұл көнбеген соң басын шауып, денесін темір сарайға апартып тастайды. Ағаш ат темір сарайға келіп, иесінің кеудесіне басын қойып зарығып, сағынып жүреді. Күзетшілер ұстамақ болып барғанда, темір сарайды талқандап ұшып шығады да, содан біржола көкке сіңіп жоғалады.   

Бір қарағанда бұл хикая ро­манға кіріктірілген күй шежіре­лерінің жалғасы іспетті көрінеді. Ал тұтас контексте алып қара­ғанда, романның түпкі идеясы­на бағындырылып тұрғанын бай­қайсыз. Себебі романдағы негізгі кейіпкер Сабыт – атаман Дутовтың өздерін тонауға келген солдатын сабап өлтірген, жаңа өкіметтің тұсында жазықсыздан-жазықсыз итжеккенге айдалған адам. Роман желісі осы Сабыт ақсақалдың тарт­қан күйі мен айтқан әңгімесі арқылы өрбиді.

Ол білетін өнерлі адамдардың алды ақ патшаның кезінде, қалғаны қызыл өкіметтің тұсында айдалып, атылып кеткен. Міне, ағаш ат хикаясы осы тағдырлардың бәрінің басын жинақтап тұрған эпизод ретінде романға сәтімен сыналап енгізілген. Бодан елді біржола бас көтертпей ұстау үшін, оны өнерсіз халыққа айналдыру мақсатты түрде жүзеге асырылғанын бұдан артық қалай тұспалдарсың?!

Бұл жөнінде романда естен кетпейтіндей, таңданбасыңа қой­майтындай  тағы бір алтын арқау­лы желі бар. Соғыстың алды-артында, тіпті бертінге дейін ел ішінде кереметтей темірші ұсталар болған. Солардың бірі Ахметжан деген ұста шерін тарқату үшін Сабытқа келіп-кетіп жүреді. Енді соның өмір тарихына бір жүгініп көрелік.

Қуғын-сүргін жылдары тұт­қынға түскен біреуден тас шапса да жүзі қайтпайтын қылыш табылып, із осы Ахметжан ұстаға әкеледі. Ол қару жасады деген желеумен ұсталып қамалған кезде әлгілердің ішінде біреуі аяғы сынып, қатты жараланып жатыпты. Сонда командирлері күйген кірпішті жерге бір ұрып уатып, Ахметжан ұстаға қайта жинатқан екен. Кірпіштің бір түйірін қалдырмай орнына қойған ұста сенімге кіріп, жаралы кісісінің аяғының күлпаршасы шыққан сүйектерін орнына жинап салып беріп, қамаудан сөйтіп құтылыпты.

Ол да Сабыт күйші секілді өне­рі ішінде тұншыққан шерменде біреу еді. Заманның беті бері қарағанда Сабытқа домбыра шауып, Ахметжанға қылыш соғып беріңіз деп облыстық музейден адам келеді. Сонда арнайы жинатқан темірлердің бір де бірі ұстаның көңіліндегідей қылыш соғуға жарамайды. Ақыры ұстаның өзі жолға шығады да, қалаған темірін әйтеуір бір жерден тауып әкеледі.

Тапқан темірін Сабытқа әкеліп тұрып, тырнағыңмен сызып көрші дейді. Сабыт тырнағымен сызып көргенде, темірде тырнақтың ізі қалады. Бұл әлгі темірдің әлі құрамы бұзылмаған, тәңір жа­ратқан қалпындағы балауса қалпы екен дейді. Күйшілік өнерге баулу үшін жиені Әжігерейді бесіктен асырап алған Сабыт не, жер-көктен іздеп жүріп балауса қалпы бұзылмаған темір тауып әкелген Ахметжан не?!

Осы жолдарды оқығанда шынында да ұлттық кодты көзбен көргендей, қолмен ұстағандай әсер­де боласың. Автордың шы­ғарма астарына жасырдым деген басты идеясы да осы болуы мүмкін. Бірақ ол көркемдік шын­дық деңгейінде ғана көрініс тапқан идея екенінде дау жоқ. Сондықтан автор ұлт өмірінде сондай үлкен мәселе көтеріледі деп ойламаған да шығар. Алайда  солай болуы тиіс екенін меңзеуі мен болжауының өзі неге тұрады!

Ұлттық код деген сөйтіп әр-әр көңілде пісіп-жетіліп, ақыр бір түбі биік мінбеден айтылар күнін күтіп жатыпты. Бірақ оны бодандық пен отаршылдық әбден иектеген санада қайта жаңғырту оңай болмай тұр. Мәселен, осы жұрт Абайды кедей етіп көрсетейін десе, әкесі бай болып қор қылып жүргені сияқты. «Жігітке жеті өнер де аз» дейтін халыққа, өнерді жоқшылықтың жолы етіп көрсету кімге керек болды  екен деп еріксіз қынжыласың?

Сабыт жастау кезінде НКВД ізіне түсіп қашып, Қарқаралы жақ­қа барады. Талаймен дәмдес болып жүріп, бір күні жасы тоқсанды алқымдаған Тоқтасын деген бай­дың үйіне түседі. Керегенің сәніне айналған домбыраға мойнын бұра берген соң, үй иесі шертетінің бар ма еді деп сұрайды. Сабыт домбыраны алып кеш бойы күй тартады, сонда Тоқтасын бай кеш бойы жылайды. Сөйтсе оның сыры мынада екен.

Ол жас кезінде кедейшіліктің қорлығын әбден көріп, қайтсем бай болам деп әр кәсіптің басын бір ұстапты. Сонда да жолы болмай, ағайын арасында Тоқтасын келе жатса: «Бай келе жатыр, зор келе жатыр» деген келеке, мазаққа ұшырапты. Ақыры шыдамай Тәттімбеттің алдына барған екен, ол Қазанғаптың кіл қара жал жылқысынан таңдап тұрып бір мініскер атты ер-тұрманымен алдына көлденең тартыпты әлгі жерде. Оған қоса алты қанат ақ ордалы құсханасына ертіп апарып, бір жас қаршығаны сыйға беріпті де: «Өзің де болған азаматсың, осы қаршыға сені асырайды» депті.

Шынында да сол қаршыға қолына құт боп қонып, бақалшы татарларға құстың қауырсынын өткізіп, өзі де қонақтарымен қоса құс жастық жастанып берекесі кіріп-ақ қалыпты. Сәті келгенде Тәттімбет бір байды ертіп әке­ліп, мұның қаршығасына қы­зықтырып, бір үйір жылқының ба­сын қайыртып алдына салғызып беріпті. Онымен де қоймай: «Ен­ді осы жылқыны шашау шы­ғар­май өсір, үш жылғы сауын мен соғымың менен болсын» деп­ті. «Берген адамына қарай» де­мекші, биелері жылда қысырсыз құлын­дап, күндердің күнінде Тоқтасынға да мыңғырған мал бітіпті.

Романдағы бұл тараудың да өз қисыны бар. Мысалы, Балуан Шолақты да мал тапқыш адам еді деседі. Алайда кеңес заманында өнерлі адам кедей болу керек деген саясат жүрді. Тіпті кейбірі қазан жағалаған ұры ит сияқты етіп көрсетілді. Соның салдарынан өнер мен кәсіптен жеріген халық қайда айдасаң да жүре беретін қара тобырға айналды. Осы тұрғыда автор ағаштан ұшатын ат жасайтын, бабымен суарылған темірді қамырша илейтін, қу домбыраны адамша сөйлететін кейіпкерлерді романға орнымен кіріктіріп отыр. Олар ұстанған өнердің иесі де бар, киесі де бар. Осы арада кие деген ұғым-түсінікке қатысты өз ойымызды да қоса кеткіміз ке­леді. Біздіңше кие деген шартты ұғым, ал оған құт деген мағына дарыт­саңыз өмірге жақындай түседі.

Мысалы, заманында Жұмағұл кім еді, Ахметжан кім еді, Са­быт кім еді? Олардың бәрі де тек­ті адамдар, өнерлі адамдар, ба­қуатты адамдар болған. Романда Сабыттың әңгіме дүкен құрып отырып: «Өнердің бәрі бай мен төреде еді ғой», деп қалатын жері де бар. Түптеп келгенде біз­­дің ұлттың болмысы да сондай болуға тиіс. Сөз басында Та­­ласбек «Талтүс» романында ұлт образын сомдағысы келді де­геніміз сондықтан еді. Ал тек­сіз­дік, өнерсіздік, кедейшілік – бо­дандықтың кесірінен келген кесапат. Ендеше ұлттық код саясаты түптеп келгенде дәстүрді ғана ті­рілтіп қоймай, қазақты бақуатты ұлт­қа айналдыруға бағытталса тү­сініктірек бола түсер ме еді дей­сің.

Таласбектің «Талтүс» романынан әпербақан бай болыпты, сасық бай болыпты деген әң­гімені кездестірмейсіз. Қайта өрелі бай болыпты, өнерлі бай болыпты деген әңгіме алдыңыздан жиірек шығады. Шынында да осынау ұланғайыр далада өз қолы өз аузына жетпеген халық өмір сүріпті деген ақылға сыя ма? Керісінше біз енді жан дүниесі ғана емес, мал-мүлкі де тоналып, дерті ішіне түскен халықты көріп отырмыз. Бір кезде оның мал-мүлкіне ұлттық деңгейде кәмпеске жасалды, бірақ ұлттық деңгейде компенсация жасалған жоқ. Ұлттың материалдық тұрғыдан да, моралдық тұрғыдан да қайтып көтеріле алмай жатқанының бір себебі содан да болса керек. Таласбектің «Талтүс» романында бізге тәпсірлеп жеткізген тағы бір астарлы ойы сол деп білдік.

Бір сөзбен айтқанда, «Талтүс» әдебиетіміздегі ұлттық код туралы алдын ала жазылған алғашқы да соңғы жалғыз роман еді. Арада он бес жылдай уақыт өткенде биік мінбелерден айтылған ұлттық код жайындағы өрелі сөзге тірек болуға жарамды бірден бір шығарма да осы болатын. Егер «Талтүстің» жазам деген екінші томын жаз­ғанда бәлкім, ұлы дүрмекте есімі де аталып қалуы ғажап емес-тұ­ғын. Алайда роман жарық көрген екі мыңыншы жылдардың басында жеке шығармашылық тұл­ғалар арасында түсініксіз бір текетірестердің басталып кетке­нін біраз жұрт біледі. Ал сол теке­тірестер оған еріксіз тартылған жазушының тағдырында қандай терең із қалдырғанын көп ешкім біле бермейді.

Осындай оқиғалардан соң ол романның екінші томын жазудан әдейі бас тартқан сияқты. Неге олай еткенін бас кейіпкер Әжігерейдің басынан өткен оқи­ғаларды оқығаннан кейін тү­сінгендей боласың. Әжігерей жақ­сы ұстаздан тәлім алған шә­кірт есепті, бірақ атасы болса да сол ұстазға тәуелді болып қал­ғандай бір психологиялық жағ­дайы бар. Ол өзі үшін атасы мен өгей апасының арасында от шыққанда өзен жағалап кетіп өлгісі келеді. Тіпті оның бала да болса өлімнің бетіне тура қараған сәті психоанализдік тұрғыдан шебер суреттелгені сонша, оның иіріміне оқырман қоса тартылып кететіндей әсерде қалдырады. Бұл жерде жазушы мен кейіпкер бір-бірімен мінез алмасқан дегенді айтайық деп отырған жоқпыз, сол кейіпкер жазушының нақ өзі екенін еске салайық деп отырмыз.  

Иә, бірақ, романдағы үлкендер айтатын барлық әңгімені құлағына құйып, көкірегіне түйіп өскен бас кейіпкер Әжігерей автордың өзі екенін айту оңай да, тереңіне бойлау қиын. Себебі кейіпкерлері өмірде болған, кейбірі белгілі тұлғалар, сондықтан роман барынша шынайылыққа құрылған, егер күй болса фальшті нота жоқ. Ал енді осы қалпы кете берсе қалған өмірінде қандай адамдардан қалай алданғаны, қандай сатқындыққа ұшырағаны су бетіне қалқып шыға келмекші. Міне, өмірбаяндық тұрғыда жазылған романның екінші томының жазылмай қалуының бірден-бір себебі сол деген болжам айтқымыз келеді. Алғашқы ұстазы дүниеден озғанда әке-шешесінің басқа адамдар екенін біліп кейіпкерінің жан дүниесі бір төңкерілсе, өмірде өзінің де екінші ұлы ұстазы тірідей жерге қаратқанда жан дүниесі екі төңкерілгенін екі адам, мүмкін үш адам ғана білетін шығар.

Осы мақалаға «мен» деп өзім­ді мүлдем араластырғым келіп отырған жоқ, бірақ оның өмі­рінің соңында шығыс монша­сында кездейсоқ кездесіп қал­ғанымызды айтпасқа болмай да отыр. Ол да жалғыз келіпті, мен де жалғыз барыппын. Оның неден қашқанын білмеймін, өзімнің неден қашқаным өзіме ғана аян. Ұзақ көріспегеннен кейін көбіне мен сұрақ қойып, ол жауап беріп, үш-төрт сағаттай уақытты бірге өткіздік. Буға көп түскені сонша, ұлудай домаланған үлкен ала көздерінің тамырлары білеулене қызарып кеткенін көрдім. Содан тағы біраз уақыт өткенде ол та­ғы да Астанадан келіп, осы Алма­тыдағы шығыс моншасына барыпты. Сол күні моншадан келіп демалып жатқан күйі жүрегі тоқтап қалғанын кейін өмірлік серігінен естідік.

Оның романында Сабыт өзінің ұстазы болған Иләпіні: «Екі ұр­ты қара дорбадай салбыраған, мұрны қолағаштай аса рабайсыз, бірақ жүрегі сәбидің жүрегіндей мейрімді адам еді» деп суреттейді. Таласбекке қараңыз да, сол Иләпінің сүйкімді көшірмесін көз алдыңызға елестетіңіз, түрі-басы енді-енді қалыпқа келген сәби сияқты дөңгеленген жұмсақ жүзді адамды бірден есіңізге түсіресіз. Домбыраның шанағындай жұмыр, баяғының қазақтарындай дембелше, маңдайынан самал жел тайғандай тайқы, басы толған білім, кеудесі толған ілім. Ұлы жа­ратушының алдында «Ту сыр­тыңнан ата дұшпаның келіп қару сілтесе де намазды қаза қылуға болмайтынын түсінбедім» деген сөзді кейіпкерінің аузына салғаннан өңге күнәсі жоқ. Саналы ғұмыр кешкен шағында көңілі қаласа да, қаламаса да барлық тапсырмасын орындап, бір тапсырмасын ғана орындамай жазықты болған ұлы ұстазының алдында да жүзі жарық, беті ашық.

Ұлы ұстаз оның оңайлықпен ашуланбайтынын, не айтса да шұрқ етпей көтеріп алатынын, қан­ша жер-жебіріне жетсе де өзіне деген құрметі бір мысқал да кемімей отыра беретінін білетін еді. Бірақ өзінің көк жыны қозып отырған соң, оның да жынына тигісі келіп құштарланғаны сонша, бұл қара дөңді қайтсем қозғалтам деп қатты ширығыпты. Содан отырып-отырыпты да, әлдене есіне түскендей кілт сергіп: «Осы екеуміз бір топырақтан болғанмен, екі басқа тайпаданбыз. Баяғыда Шыңғысхан менің тайпаммен бірігіп, сенің тайпаңды шапқанда, жер бетінен жоқ қылып жойып жібермегеніне шүкір де!» деп жеті атадан да асырып бір-ақ тартыпты. Өзі әулие санаған адамның мына сөзді айтқанына сене алмай абдырап қалғаны сонша, тұп-тура «Талтүстегі» Әжігерейдің басынан өткен жағдай қайта айналып өз алдына келгендей болыпты сонда:

«Әжігерей өзін-өзі қанша күш­тесе де үйіріліп бара жатқан ұйқының құшағынан шыға алар емес. Дастархан басындағы адам­дардың бір сөзі естіледі, бір сөзі естілмейді. Күмбір-күмбір, күңгір-күңгір. Кенет үй ішіндегі адамдар мысық кейпіне енді. Үп-үлкен мысықтар.

– Бур-бур-бур, – дейді ата­сының орнында отырған үлкен мысық. – Бур-бур-бур».

Сонда кішілеу бір мысық дом­быраны қағып-қағып жіберіп ән айтқанда, Әжігерей шыдай  алмай күліп жіберген екен. Бұл жолы күліп жіберу қайда, қаны ба­сына шапшып бір-ақ шығыпты. Басында қан ойнап, қанында күй ойнап, көшеде сомадай басымен, жалғыздан-жалғыз ебіл-себілі шығып жылап кетіп бара жатыпты...

 

 

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК,

«Egemen Qazaqstan»