Өнер • 24 Тамыз, 2020

«TURAN» ансамблінің тартуы

593 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен сенбіде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырмасымен Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы, «Отандастар қоры» КеАҚ және «Қазақконцерт» ұйымы бірлесіп, «TURAN» этно-фольклорлық ансамблінің қатысуымен шеттегі қазақтарға арнап «Ұлы дала елінен» атты онлайн концерт өткізді.

«TURAN» ансамблінің тартуы

Шараны ұйымдастырушы­лар­дың пікірінше, аталмыш кон­церттің мақсаты – музыкалық өнер арқылы ұлттық бірегейлікті сақтап, сыртта жүрген қазақ диаспорасына рухани қолдау көрсету және шет елдегі қандастармен байланысты нығайту екен.

«TURAN» этно-фольклорлық ан­самблі – еліміздің ұлттық музы­калық мұрасын жаңғыртып, ұмыт бо­ла бастаған төл аспаптар сүйе­мелдеуімен көне күй-жырларды насихаттап жүрген бірегей топ. Өнер ұжымы бұған дейін қазақ музыкасын әлемге әйгілеп, 70-тен астам шет мемлекетте 600-ден астам жеке концерт берген екен.

Соның ішінде әлем әйгілі «Кар­неги холл», «Кеннеди орта­лы­ғы», «Концерт хаус», «Кремль сарайы», «Салле Корто» залдарында өнер көрсеткенін айтуымыз керек. Сондай-ақ өнерпаздардың қолында халқымыздың 30-дан астам ұлттық музыкалық аспабы бар. Музыканттардың әрқайсысы солардың бірнешеуінде ойнауды меңгерген.

Онлайн концерт барысында ансамбль мүшелері талантты музыканттар: Серік Нұрмолдаев, Мақ­сат Медеубек, Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев, Жан­ту Дадабаевтар ұлттық аспап­тардың дыбысын қазіргі заманға сай лайықтап, жаңа форматта ұсынумен бірге, қазақ халқының ұлттық музыкалық мұрасын жаң­ғыр­тып, ұмыт бола бастаған төл ас­паптардың сүйемелдеуімен өз­де­рінің үздік туындыларын орындады.

Олар орындаған «Ортеке», «Ақ­сақ құлан», «Керуен», «Көроғлы», «Аққу», «Бүркіт» күйлері сахна төрінде тұрған үлкен экран арқылы тамаша көріністермен әдіптеліп, әрленіп, жаңа пішінмен түрленіп көрсетілді.

Сонымен бірге, ұжым төл туын­дылары «Қыран далам – Тұ­ран далам», «Қилы заман» шы­ғармаларын орындады. Бұл дүниелерге эпос, жыр, монолог, күй, би қатарлы фольклорлық мұ­ралар сіңіріліп, халқымыздың ежелгі этносалты аңшылық, саят­шылық көрініс тапса, сазгер Ақтоты Райымқұлованың «Ша­быт» және «Абай толғауы» атты шығармалары көрерменнің көңіл пернесін дөп басқандай әсер қалдырды. Концертте бұлардан бөлек Нұр-Сұлтан қаласы Astana Ballet театры және Қазақ ұлттық хореография академиясының әртістері де өнер көрсетті.

Бұл реткі онлайн концертті шет мемлекеттерде жүрген қан­дас­тарымыз жоғары көңіл күймен тамашалап, өнерпаздарға көкейдегі сұрақтарын қойды. Қысқасы, аталмыш концерт сұрақ-жауап форматында өтті.