Спорт • 24 Тамыз, 2020

«Достық-84» додасы

161 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан дәл 36 жыл бұрын, яғни 1984 жылдың 18 тамызында Мәскеуде «Достық-84» деген атауға ие болған кешенді спорттық жарыстардың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған 50 елдің өкілдері қатысты. Солардың қатарында Лос-Анджелес Олимпиадасына қатысудан бас тартқан КСРО, Мажарстан, Солтүстік Корея, Моңғолия, Болгария, Куба, ГДР, Эфиопия, Польша, Чехословакия және тағы басқа социалистік бағыттағы мемлекеттердің өрендері болды. Жаз айларының басында басталып, қоңыр күзге дейін созылған бәсекелер аса жоғары деңгейде өтті.

«Достық-84» додасы

1980 жылы АҚШ бастаған капиталистік бағыттағы бір­қа­тар мемлекет Мәскеу Олим­пиа­дасына қатысудан бас тартқа­ны белгілі. Соған жауап ретінде со­циалистік елдердің біразы Лос-Анд­желестегі ойындарға бойкот жариялады. Содан Олимпия додасы қызып жатқан тұста КСРО-ның билік басындағы азаматтары аса ірі кешенді спорттық са­йыстарды ұйымдастыруды құп көр­ді. Арнайы қаулы қабылданып, осы бағытта жұмыстар жүргізіле бас­тағанда оған «Достық-84» деген атау берілді. Жарыстың ашы­лу салтанаты В.И.Ленин атын­да­ғы Орталық стадионда (қазіргі «Луж­ники») дүркіреп тұрып өтті.

Бәсекелер Олимпиада бағ­дар­­ламасына енген 30-ға жуық спорт түрі бойынша өтті. Со­­ны­мен қатар самбо, теннис және үстел теннисінен сайыс­тар ұйым­дас­тырылды. Айтулы жа­рыс­тың дең­гейі жоғары болғаны сон­шалық, тек ауыр атлетиканың өзінде ғана әлемдік рекорд 28 мәрте жаңарды. Бұрын-соңды болмаған нәтижелер велоспорт (7), жүзу (5), нысана көздеу (4) және жеңіл атлетика (3) сайыстарында да тіркелді. Тағы бірнеше мәрте рекордтық көрсеткіштер қайталанды.

1

Жалпы, «Достық-84» дода­сы­ның алауы Мәскеуде тұтан­ға­нымен, жарыстар КСРО-дан бөлек, тағы бірнеше мемлекетте өтті. Мәселен, су добы, волей­бол және боксшылардың бәсе­кесін Куба қабылдаса, үстел тен­нисшілері Солтүстік Кореяда са­йысқа түсті. Самбо күресінің ше­берлері Моңғолияда белдесті. Ал қалған жарыстар қарт құрлықта ұйымдастырылды.

Жалпы командалық есепте КСРО құрамасы жеке-дара көш бастады. Олар 282 (126 алтын+87 күміс+69 қола) жүлдеге иелік етті. Екінші және үшінші орындарды ГДР (50+45+43), Болгария (21+25+29) иеленді. Сондай-ақ Куба (15+11+12), Мажарстан (10+17+24), Польша (7+17+34), Солтүстік Корея (5+5+10), Чехословакия (2+18+28), Қытай (2+1+4) және Эфиопия (1+2+2) үздік ондықтың қатарына енді. Байрақты бәсекелер барысында барлығы 13 мемлекеттің әнұраны шырқалса, 19 елдің туы биікте желбіреді.

«Достық-84» додасына Қазақ­станның да көптеген спортшысы қатысты. Олардың дені жеңіс тұғырына көтерілді. Егер сол жер­лестеріміз Лос-Анджелеске ат­танғанда, Олимпия ойында­ры тарихында жеңіп алған жүл­де­леріміздің саны қазіргіден әлдеқайда көп болар еді. Мәселен, 1984 жылы Ташкентте өткен КСРО чемпионатында қазақтың төрт бірдей боксшысы жеңімпаз атанды. Олардың барлығы да «Достық-84» жарысында өнер көрсетті. Кәрімжан Әбдірахманов пен Серік Нұрқазов күміс алса, Серік Қонақбаев қола медальды қанағат тұтты. Асылбек Қилымов ширек финалда ұтылды. Бір айта кетерлігі, бұл жігіттердің бәрінің де жолын Кубаның қабыландары бөгеді. Бірақ қандастарымыздың барлығы бірдей ұтылды деп айтуға ауыз бармайды. Біздің жі­гіт­тер жаман жұдырықтасқан жоқ. Бірақ кейде саясаттың да спортқа салқыны тиеді емес пе. Бұл жолы дәл солай болды. Жарыс Гаванада өткен­діктен төрешілер жергілікті бокс­шылардың ығына жығылды. Оның үстіне бұл бәсекелерді Бос­тандық аралының басшысы Фи­дель Кастроның өзі тапжылмай тамашалады. Трибунада осындай мәртебелі мырза отырғанда, біріншіден – кубалықтар шаршы алаңға қанаттанып шықты, екіншіден – қазылар да оларға қатты көмектесті. Осы сөзіміз дәлелді болу үшін мына бір де­ректі алға тартайық: Гаванада 12 салмақ дәрежесі бойынша өт­кен боксшылар бәсекесінде жа­рыс қожайындары 11 мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Тек бір ғана бас жүлде өзге елдің өреніне бұйырды. Бұл ретте 67 кило салмақта өнер көрсеткен ГДР-дың өкілі Тростен Шмитцтің бағы жанғанын айта кетейік. Финалда ол кубалық Хосе Эрнандестен айласын асырды.

Қазақстандық спортшылар ара­­­сында жеңіл атлет Владимир Му­равьев пен Зоя Иванова, бас­кет­болшы Надежда Ольхова мен Ва­лерий Тихоненко, волейболшы Елена Чебукина мен Ольга Кри­вошеева, ватерполшы Сергей Ко­тенко, көгалдағы хоккейшілер Сос Айрепетян, Миннеула Әзи­зов, Александр Гончаров, Се­рік Қа­лым­баев, Александр Мяс­ни­ков, Михаил Ничепуренко жә­не Фарит Зигангиров алтын тұ­ғыр­ға көрсетілсе, тағы көптеген жер­­лес­іміз жүлделі орындарды иеленді. Міне, «Достық-84» ойын­дары осын­дай оқиғаларымен есте қалды.