Тамыздан тамызға дейін
Тамыздан тамызға дейінгі жұмысты қорытындылаған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алдымен бір жыл ішінде ең маңызды екі құжат – «Педагог мәртебесі туралы» заң және Білім беру мен ғылымды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданғанын атап өтті.
– Мұғалімдерден аз айлық алатын мектеп директорлары мен орынбасарларының жалақысын көтеру мақсатында арнайы жүйе әзірледік. Енді олар біліктілік тестілеуден өтіп, жалақысына 30-50 пайызға дейін қосымша үстемеақы ала алады. Бұл жүйе балабақша мен колледж басшылығындағы әріптестерімізге де қатысты.
Былтыр педагогикалық мамандықтарға ең үздік түлектерді тартуға уәде еткенбіз. Биыл басқасын былай қойғанда педагогикалық мамандықтарға тапсырған алтын белгі иегерлерінің саны екі есеге артты. Бұл – «Педагог мәртебесі туралы» заңның күші және мұғалім болуға ынталандыру мақсатында педагогикалық мамандықта оқитын студенттердің шәкіртақысын көтергеніміздің нәтижесі. Болашақ педагогтерге де тиісінше талап күшейді, яғни мұғалімдік мамандықты таңдаған талапкер оқуға түсу үшін кемінде 70 балл жинауы тиіс, – деді А.Аймағамбетов.
Министрдің мәлімдеуінше, мұғалімдерді басы артық құжат толтырудан босататын бұйрық та биыл бекітілген. Осыған байланысты педагог күніне тек екі құжатты ғана – сынып журналы мен оқу жоспарын толтырады. Мұғалімнің міндетіне жатпайтын жұмыстарды істеуге мәжбүрлеген басшылар немесе басқа да лауазымды тұлғалар жауапқа тартылады, тіпті қызметінен босатылуы да мүмкін. Елордада қанатқақты жоба ретінде мұғалімдердің құқығын қорғайтын Педагогикалық кеңес құрылды. Академиялық еркіндік бұрынғыдай тек жоғары оқу орындары ғана емес, колледждер мен мектептерге де беріле бастады.
– Отандық ғылым – қазір мемлекеттің тікелей назарында. Пандемия ғылым мен ғалымдарымыздың жетістігі мемлекеттің дамуына ғана емес, азаматтарымыздың амандығына, ұлттың қауіпсіздігіне кепілдік болатынына көзімізді жеткізді. Ғалымдарымыз өте қысқа мерзімнің ішінде коронавирусқа қарсы екі вакцина ойлап тапты. Аталған екі екпені (қосалқы және белсенді емес) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы клиникалық сынаққа дейінгі жұмыстардың қатарына қосты. Белсенді емес вакцина бойынша біз клиникаға дейінгі сынақтарды аяқтадық. Шамамен 25 күн бұрын осы вакцинаны әзірлеушілердің өз еркімен вакциналанғанын білесіздер. Енді иммуноглобулин «М» және иммуноглобулин «G» антиденелерінің белсенділігін тексереміз. Негізі ғылымның дамуы – оны қаржыландыруға тікелей тәуелді. Біз биыл ғылыми жобаларды қаржыландыру механизміне өзгерістер енгіздік. Бұған дейін жобасын қаржыландыра алмаған ғалым ендігі 3 жылға дейін күтпей, жай ғана ғылым саласынан кетіп қалатын еді. Енді ғалымдардың жобаларына 3 жылда бір емес, жыл сайын грант беріледі. Биылдың өзінде біз ғылыми жобаларға арналған 5 гранттық байқау жарияладық. Елбасының бастамасымен Жастар жылында алғаш рет жас ғалымдардың жобаларын қаржыландыру үшін жарияланған байқаудың екінші кезеңін бастап кеттік. Қаржыландыру көлемі 9 млрд теңге болатын жоба 2020-2022 жылдарға арналған. Сонымен қатар ғылыми мекемелер мен зерттеу орталықтарының материалдық-техникалық базасын жетілдіруге алғаш рет Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен қаржы қарастырылды, – деді А.Аймағамбетов.
Жаңа оқу жылындағы жаңалықтар
Ендігі кезекте Тамыз кеңесінде айтылған жаңа оқу жылындағы жаңалықтарға тоқталайық.
Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру. Мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі енгізіледі. Балаларды мектепке даярлаудың мазмұны толығымен қайта қарастырылады. Тәрбиеленушілердің психологиялық және жас ерекшеліктері ескеріліп, мектепке дейінгі білім берудің мазмұны өзгереді. Бұған дейін білім бөлімдері мен басқармалары балабақшаға мемлекеттік тапсырысты бөлетін. Енді бұлай болмайды. Кезегі келген ата-ана баласының орнын қай балабақшадан таңдайтынын өзі шешеді. Ата-ана таңдаған балабақшаға мемлекеттік тапсырыс беріледі. Бұл мектепке дейінгі ұйымдар арасындағы бәсекелестікті арттырады. Бұл жүйе биыл немесе осы оқу жылында іске қосылады.
Орта білім. Биыл жаңартылған білім мазмұнына көшу аяқталады. Оқулықтарды әзірлеудің жаңа жүйесі енгізіледі. Мұнда ең алдымен оқулықтарды сараптамадан өткізетін сарапшылар мен авторлар оқытылады. Ауыл мектептерінде жұмыс істейтін ұстаздарға жалақы төлеу жүйесі жаңартылады. Бұл шағын жинақталған мектептердегі оқу сапасының төмендігіне себеп болып отырған кадр тапшылығын шешуге септеседі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алдағы қыркүйектен бастап еліміздегі мектептерде экология сағаты өтеді және мектеп бағдарламасына экологиялық тақырыптар кіріктіріледі. Қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелейтін сынып сағаттары балабақшаларда да, қосымша білім беру ұйымдарында да өткізіледі. Мектептердегі кітапханалар қажетті көркем әдебиеттермен, қазақ тіліне аударылған шетелдік еңбектермен толығады. Мұғалімдер жұмысқа бұдан былай байқау негізінде қабылданады. Осы бағыттағы жоба бірқатар өңірде басталып кетті.
Кәсіптік-техникалық білім. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі берген Президент тапсырмасына орай колледждерге академиялық еркіндік беру қолға алынады. «Worldskills» бағдарламасы бойынша жұмыстар жеделдетіледі. «Жас маман» жобасымен 180 кәсіптік-техникалық білім беру ұйымы жаңа жабдықтармен және заманауи білім бағдарламаларымен қамтамасыз етіледі. Аттестаттаудан өтіп, өзінің біліктілігін дәлелдеген колледж оқытушылары да енді мектеп мұғалімдерімен теңдей жалақысына қосымша үстемеақы алады.
Жоғары білім. 2011 жылдан бері биыл бірінші рет білім беру грантының құны екі есе өсті. Бұл жоғары оқу орындарындағы оқытушылардың жалақысын өсіруге көмектеседі. Тиімді және нәтижелі жұмыс істемейтін университеттер санын қысқарту биыл да жалғасады. ЖОО 4 лигаға бөлінеді. Халықаралық стандарттарға толығымен сай жұмыс істейтін университеттер 1-лигаға жатқызылып, толыққанды академиялық еркіндікке ие болады. 2-лигаға жататын ұлттық деңгейдегі университеттер де түрлі тексерістерден босатылады. Ал 3-сатыдағы өңірлік ЖОО төмен бағалауға ұшырағанда бақылауға алынады. Соңғы сатыдағы университеттерге қатаң талаптар қойылып, әрдайым мемлекеттің бақылауында болады.
Ғылым. «Ғылым туралы» заң қазір өзгерістер мен толықтырулар енгізілу үшін Парламенттің қарауында жатыр. Шетелдерде іргелі зерттеулерді де мемлекет қаржыландырады. Алдағы жылда осы жүйе бізде де енгізілмек. Министрлік жанынан құрылған Жас ғалымдар кеңесінің жұмысы әрі қарай жалғасады. Докторантураға бөлінетін грант саны өседі. Биылдан бастап докторанттар бұрынғыдай 7 ғылыми мақала емес, импакт факторы жоғары халықаралық журналға сапалы 1 мақала жарияласа жеткілікті.
Конференция аясында білім мен ғылым саласының әр бағыты бойынша баяндама жасаған спикерлердің ұсыныстары жан-жақты қарастырылатынын айтқан Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов министрлік пен әкімдіктерге нақты тапсырмалар берді. Атап айтсақ, балабақшалардың тәрбие мен білім сапасы сын көтермейді, оған тәрбиешілердің 25 пайыздан көбінде кәсіби білімнің жоғы себеп. Әлемдік рейтингтердің мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бала тәрбиесі бойынша соңғы 73-орынға тұрақтады. Жаңа оқу жылына әлі де толық дайындалмаған өңірлер бар, санаулы күнде сабақ басталады, бірақ компьютерге қолы жетпегендер жетерлік. Кезекші сыныптардағы балалардың қауіпсіздігіне кепілдік әзірге жоқ. Жастардың техникалық және кәсіптік білім берумен қамтылуы небәрі 17 пайызды ғана құрайды. Елбасының тегін техникалық және кәсіптік білім беруді енгізу туралы өте маңызды тапсырмасы тиімді іске асырылмай отыр. Жоғары оқу орындары басшыларының тиімсіз менеджменті салдарынан жоғары білім сапасы төмендеп барады, отандық университеттер зерттеу бағытында оқытпайды. Міне, Үкімет басшысының орынбасары тілге тиек еткен осы түйткілдердің түйіні тарқатылуы тиіс.
Сондай-ақ Е.Тоғжанов мектептер ашылған кезде балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз етуге ерекше назар аударды. «Біз оқушылардың мектепке кіруінен бастап үйлеріне тасымалдауға дейінгі барлық мәселелерді мұқият ойластыруымыз керек. Балаларды қарсы алып, бірге алып жүру үшін нақты кезекші адамдар белгіленуі тиіс. Ғимаратқа кіре берісте «фильтрлер» ұйымдастырып, тепловизорлар, дезинфекциялық өткелдер мен аяқ киімге арналған кілемшелер, ауа рециркуляторлары, санитайзерлер және т. б. орнату қажет», деп атап өтті Е.Тоғжанов.
Вице-премьер мектепке дейінгі білім беруде балабақшалардың жұмыс сапасының әлемдік тәжірибеде қабылданған ата-аналардың қанағаттану деңгейі, қоғамның бағасы, балалардың даму деңгейі, тамақтану сапасы және т.б. тәрізді сапа индикаторларын енгізуді тапсырды. Премьер-Министрдің орынбасары балалардың тәрбие жұмысына ерекше назар аударды: «оқыту процесі ата-аналарды белсене тарту арқылы тәлім-тәрбие берумен қатар жүргізілуі тиіс». Ол қосымша білім беруді қаржыландыруды заңнамалық тұрғыдан бекітуді тапсырды. Сондай-ақ Е.Тоғжанов республикалық педагогтер кеңесін құруды тапсырды, бұл кеңес бүкіл педагогикалық қоғамдастықтың үніне айналуы тиіс. Вице-премьер жастарды жұмыспен қамту және экономиканы әртараптандыру үшін кәсіптік және техникалық білім беруді дамыту бойынша түбегейлі шешімдер қабылдау қажеттігін айтты. Е.Тоғжанов университеттердің жұмысының басты ұстанымы зерттеу арқылы оқыту болуы тиіс екенін атап өтіп, отандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттігін дамыту бағдарламасын қабылдауды тапсырды.