Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, шілдеге қарағанда тамызда финдіктер арасында ауру көрсеткіші ұлғайған. Пандемия жария етілгелі бұл елде 7752 адам ауырып, 334 жан көз жұмыпты.
* * *
Кәрі құрлықтағы Германия мен Франция Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын қаржыландыруды жарна есебінен ұлғайтуды жөн көреді.
Екі елдің билігі бұл ойды ДДҰ-ны реформалау турасында дипломаттар арасында таратқан құжатта көрсеткен. Жеті беттен тұратын құжатта ұйымның өкілеттілігін кеңейтумен қатар қаржылық қолдау қажет екені баса айтылған.
Бүгінде ДДҰ-ның екі жылдық жалпы бюджеті 5 млрд долларды құрайды. Оның бесінші бөлігін мүше елдер ешқандай шартсыз түрде жарна есебінде аударып келеді. Ал қалған бөлігі тұрақты емес, негізінен мақсатты түрде бір реттік немесе мемлекеттер ерікті жағдайда төлеп тұратын қаражаттан құралады. Мұның ДДҰ жұмысын өркендетуге қолбайлау екені, сондықтан тұрақты жарна енгізу туралы пікір айтылған.
* * *
Жарты миллион колумбиялық індет құрсауында. Бұл туралы елдің денсаулық және әлеуметтік қорғау министрлігінің Twitter-дегі парақшасында жазылды.
Бір тәулікте Колумбияда вирус жұқтырған 13 056 адам тіркеліпті. Осылайша Колумбия жұртында COVID-19 тырнағына іліккендер саны 502 178 адамды құраған. 20 тамыздағы мәліметке қарағанда 360 пациенттің дәм-тұзы таусылып, ел көлемінде жалпы 15 979 адам дүние салыпты. Ал 326 298 адам ауруды жеңіп шыққан.
* * *
Аргентинаның денсаулық сақтау министрлігі 24 сағат ішінде 6693 адамнан COVID-19 диагнозы анықталғанын мәлімдеді.
Пандемия алқымынан алған Аргентина аурумен күресіп-ақ жатыр. Алайда індет күшіне мініп, біраз жұрттың өмірін жалмаған. Бір тәулікте 282 адам қайтыс болса, жалпы КВИ кесірінен 6330 аргентиналық ажал құшқан.
COVID-19 індеті 3 120 659 ел азаматына жұғып, мемлекетке зор зардабын тигізіп жатыр.
* * *
Мексикада коронавирус инфекциясы қарқын алып, жарты миллионнан аса халқы дертті болды.
Мексиканың денсаулық сақтау министрінің орынбасары Уго Лопес-Гатель Рамирес Twitter-де бір күнде 5792 адамнан вирус табылғанын жазып, алаңдаушылық танытты. Осылайша бұл елде де індетті жұқтырғандар жарты миллионнан асып, 537 031 адамды құрап отыр. Ал індет тырнағынан құтыла алмай, көз жұмғандардың жалпы саны 58 481 адам екен.
* * *
Германияның Роберт Кох атындағы институтының 20 тамыздағы дерегі бойынша тәулік ішінде 1707 адамнан COVID-19 табылған.
Италия, Испания елдері тәрізді Германия да вирустан аз зардап шегіп отырған жоқ. 228,6 мың адам індет жұқтырып, 9253 пациенттің өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Елдің қайткенде әлеуетін әлсіретпейміз деген билік түрлі қадамдар жасауда. Соның бірі – төрт күндік жұмыс кестесіне көшу. Елдің еңбек министрі Хубертус Хайль «жұмысшыларға ішінара уақыт қысқаруына байланысты өтемақы төлеумен пандемияның экономикаға кері әсерін азайтуға болады» деген. Негізінде бұл ойды билік назарына IG Metall өндіріс кәсіподақтары көшбасшысы Йорг Хофман ұсынғанын айта кеткен жөн.
* * *
Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының басшысы Дэвид Бисли COVID-19 кесірінен Інжілде жазылғандай алапат аштық қаупі бар екенін айтты.
Пандемиядан бұрын азық-түлік тапшылығын 140 млн адам сезінсе, жыл соңында бұл көрсеткіш 80 пайызға өсіп, 270 млн адам аштыққа ұшырауы мүмкін. Дэвид Бисли бұл адамзат баласы үшін нағыз апат екенін атап өтті.
«Жұт жеті ағайынды» дегендей, Оңтүстік Африкадағы 45 млн адам індетке қоса құрғақшылықтан, су тасқындарынан аштыққа ұшырауы әбден мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, сәт сайын жұмыс орындарының жабылуы, адамдардың босып, табыссыз қалуы қауіпті одан бетер күшейте түседі.
* * *
Еуроодақ Венесуэлаға індетпен күреске медициналық көмек жіберді. Бұл туралы Венесуэланың сыртқы істер министрі Хорхе Арреаса Twitter-де жариялады.
Хорхе Арреаса ЕО елдеріне, соның ішінде жанашырлық танытқан Испания мен Португалияға алғысын айтып, пандемия басталғалы достық көңілден жәрдем ұсынған елдер мен халықаралық ұйымдар арқылы 1,5 мың тонна гуманитарлық көмек жеткізілгенін мәлімдеді.
Қазір мұхиттың арғы бетінде індет өршіп тұр. Әсіресе АҚШ пен Бразилия – әлем бойынша коронавирустың көршеңгелінен көп зардап шеккен елдердің қатарында.
* * *
Неміс ғалымдары COVID-19-дың таралу табиғатын тануды зерттеу үшін қызықты тәжірибе жасапты.
Лейпциг қаласында 22 тамызда танымал әнші Тим Бенджконың бір күнде қатарынан үш концерті ұйымдастырылған. Тәжірибенің мәні сол, үш концертте тыңдаушылар түрлі қалыпты ұстанған. Бірінде белгілі арақашықтық қатаң сақталса, енді бірінде, тіпті ескерілмейді.
Галле-Виттенберг университетінің ғалымдары тәжірибеге қатысқан 1400 адамнан алдын ала вирусқа тест алып, барлығына беттерін тұмшалауды тапсырған. Әр көрерменге арнайы жүріс-тұрысын бақылап отыратын шағын құрылғы берумен қатар олардың қолдарын флуоресцентті дезинфекциялық ерітінділермен зарарсыздандыған. Осылайша 1400 адамның қолдары тиген жерлерді де анықтап отыруға мүмкіндік алған. Сонымен бірге ауада вирусты алып ұшатын ағындарды да зерттеп, нәтижесінде КВИ-дің таралу жолының математикалық моделін жасамақ. Жоба жетекшісі Стефан Моринц бұл тәжірибенің қорытындысы осы күзде айқын болатынын айтады.
* * *
ДДҰ мен БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) 12 жасқа толған балалардың маска тағып жүруі керек екенін ескертті.
ДДҰ таратқан ақпараттық бюллетеньде жарияланған ұсынымда 12 жасқа жеткен және одан үлкен жеткіншектер ересектермен қатар сақтық шараларын ұстанып, маска тағуы қажет екені көрсетілген. Әсіресе арақашықтық сақталмайтын кезде қауіпсіздік үшін маска тағу қатаң ескертілген.
Сонымен қатар 6 жастан 11 жасқа дейінгі балаларға да маска тағудың зияны жоқ. Ал 6 жасқа дейінгілер үшін маска тағу міндеттелмейді. Аталған ұсынымда спорттық ойындар мен дене қимылы кезінде маска тағу тәртібін сақтамауға болатыны айтылған.
Дайындаған
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»