Кеше Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішевтің республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихаты болып өтті. Әдеттегідей оны ашып, жүргізген Орталық коммуникациялар қызметінің өкілі Алтай Әбибуллаев ең алдымен журналистерді бұл облыстың ерекшеліктерімен таныстырып өтті.
Кеше Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішевтің республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихаты болып өтті. Әдеттегідей оны ашып, жүргізген Орталық коммуникациялар қызметінің өкілі Алтай Әбибуллаев ең алдымен журналистерді бұл облыстың ерекшеліктерімен таныстырып өтті.
Қарағанды облысы – Қазақстандағы алдыңғы қатарлы ірі индустриялық орталық. Өнеркәсіптік өндіріс тау-кен-металлургиялық кешеннің басым дамуымен ерекшеленеді. Тамақ, фармацевтикалық және химиялық өнеркәсіп, жеңіл өнеркәсіп және құрылыс материалдарының индустриясы дамыған. Облыстың жер қойнауы сирек кездесетін металдарға бай: висмут, күміс, сүрме, титан, никель, кобальт, корунд, күшәла, олунит және басқалары. Облыс аумағында республикадағы марганецтің 100 пайызы, мыстың – 36, вольфрамның – 80, молибденнің – 64, қорғасынның – 54, көмірдің 40-тан астам пайызы (оның ішінде кокстелген көмірдің 100 пайыз қоры) шоғырланған.
Облыс өнеркәсіп өнімінің 50 пайыздан астамы «Қазақмыс» корпорациясы және «АрселорМиттал Теміртау» компаниялары сияқты ірі жүйе құраушы кәсіпорындардың үлесіне тиесілі.
Мұнан кейін сөз кезегін алған облыс әкімі Бауыржан Әбдішев облыстағы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштеріне, индустриялық-инновациялық бағдарламаның жүзеге асу жайына және Елбасы тапсырмаларының орындалуына кеңінен тоқталды.
Соңғы үш жыл ішінде облыс экономикасына 787,9 млрд. теңгенің инвестициясы салынған, оның ішінде шетелдік инвестициялар ағымы 2010 жылдан бері 3 есе артқан.
– 46 инвестициялық жоба іске асырылды (76 млрд. 065,7 млн. теңге), 3,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 4 838 млн. теңге жұмсалды. Жобаны жүзеге асыру кезінде жалпы құны 63 млрд. теңгені құрайтын 292 жобаға қолдау көрсетілді, – деді әкім.
Қарағанды облысы бойынша Тұрғын үй құрылысын дамытудың аймақтық бағдарламаларын іске асыру шеңберінде кейінгі 4 жыл ішінде (2010-2013 ж.ж.) 976,3 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 8 311 пәтер салынып, пайдалануға берілген. Оның ішінде мемлекеттік қаражат есебінен 247,7 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 4 006 пәтер салынған.
Баспасөз мәслихаты кезінде облыс әкіміне журналистер тарапынан көптеген өткір сұрақтар қойылды. Солардың бірқатары жолдардың жағдайына, ауыл халқының тұрмыс-тіршілігіне қатысты болды. Мәселен, журналистердің бірі жыл басында облыс әкімінің өзі басқарып отырған өңірдің барлық ауылдарын аралап, олардың жағдайымен толық танысамын деп уәде бергендігін еске сала келе, «Сол уәдеңізден шықтыңыз ба, осы уақытқа дейін қанша ауылда болдыңыз?», – деп сұрады. Бұл сұраққа облыс әкімі байыппен жауап берді. Облыстың көліктік инфрақұрылымы теміржол, автокөлік, әуе көлігі, сондай-ақ автожол саласын қамтитындығын, кейінгі үш жылда облыстың жүк айналымының көрсеткіштері 1,5 есе, жолаушылар тасымалының айналымы екі есе артқандығын, бұл көрсеткіштер бойынша облыстың республикадағы алдыңғы қатарда екендігін айтты. Сонымен қатар, облыстағы автокөлік жолдарының жағдайы мәз емес екендігін, осыған орай жол жөндеу жұмыстарының қарқын алғандығын, бірақ облыстағы жол сапасының жақсаруына әлі де біраз уақыт қажет екендігін жеткізді. Өзінің облыстың барлық ауылдарын аралап шығамын деген уәдесін есте ұстап келе жатқандығын, облыста 400-ден астам ауыл бар екендігін, бір жылға таяу уақыттың ішінде соның 100-ден астамында болғандығын жеткізді.
Қарағанды облысында бұқаралық спорттың дамуы жақсы жолға қойылған деуге болады. Соның нәтижесінде бұл облыстан әлемдік жетістіктерге жеткен елге танымал спорт жұлдыздары көптеп шығуда. Мәселен, Серік Сәпиев бокстан Олимпиада чемпионы атанса, Геннадий Головкин кәсіпқой бокстан халықаралық қауымдастықтардың екі нұсқамасы бойынша әлем чемпионы атанып, осы атақты лайықты қорғап келеді. Міне, осындай жұлдызды жігіттердің спорт саласында жеткен жетістіктерін облыстағы жастарға патриоттық тәрбие беру ісіне пайдалану жағдайы қалай?
Бұл сұраққа да облыс әкімі лайықты жауап беріп, облыста спорт саласында жоғары нәтиже көрсеткен жастарға қамқорлықтың бар екенін айтып өтті.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
