Шикізат нарығына тәуелді
Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов онлайн жиындарда ұлттық валюта бағамына ішкі факторлар ғана емес, сыртқы факторлар да әсер етіп отырғанын айтқан-ды. Осы жылдың бірінші жартысында экспортқа шығарылған тауарлардың басым бөлігі минералды шикізат. Ал халықаралық нарықта негізгі шикізаттың біразының бағасы күрт төмендеді. Содан ішкі нарықта валюта көлемі азайып, АҚШ доллары қымбаттап шыға келген. Мұның барлығы, жиналып келгенде теңге бағамына кері әсерін тигізді. Ұлттық банк өкілінің хабарлауынша, бұл құбылыс бізде ғана емес, дамушы елдердің валюталарының бәрінде байқалды.
– Инфляция Түркияда – 1,8%, Оңтүстік Африкада – 2,5%, ал Ресейде – 3,4% болды. Яғни олардың валюталары бізден де қатты әлсіреді, – деді Н.Тұрсынханов.
Теңге бағамы долларға, экспортқа, рубльге тәуелді екенін Ұлттық банк талай рет айтқан болатын. Бұл факторлар бәрі қосылып та, жеке-жеке де теңгеге әсер ететінін түсіну қиын емес. Дегенмен, 2017 жылдың жазынан 2018 жылдың күзіне дейін мұнай бағасының баррелі 47 доллардан 82 долларға дейін өсті. Бірақ аз ғана уақыт ішінде еселеп қымбаттаған мұнай бағасының теңгеге әсері аз болғаны сол кезде байқалып қалған. Сарапшылар мұнай табиғаты жағынан экспорттық тауар екенін, доллар құнындағы экспорттың жалпы көлемінің 58,1%-ын мұнай және газ конденсаты құрайтынын түсіндіріп берген болатын.
Рубльдің жанама әсері бар
«Қара алтын» құнынан бөлек, теңге бағамына рубльдің динамикасы да жанама түрде әсер ететіні сарапшылар қауымы үшін жаңалық емес. Ортақ экономикалық кеңістік, экономикадағы Ресей үлесінің және әріптес елдер экономикасындағы біздің үлесіміздің де теңге бағасына жанама ықпалы бар.
– Ресей – негізгі сауда әріптестеріміздің бірі. Қазақстанға импорттық өнімнің үштен бір бөлігі осы елден келеді. Қазір рубль бағамына сан алуан факторлар әсер етіп отыр. Соның ішінде батыс елдерінің санкциялық риторикасы, дивидендтердің конвертациясы, орталық банктің монетарлық саясаты, сондай-ақ федералды қарыз облигацияларынан резидент емес азаматтардың шығуы сияқты мәселелер бар. Бұның барлығы теңгеге тікелей әсер етпейді, – деп түсіндірді Н.Тұрсынханов.
Маманның айтуынша, қазіргі кезде теңгеге көбінесе ішкі және сыртқы факторлар әсер етуде. Сыртқы факторлардың ішінде мұнай бағасы мен жаһандық инвесторлар болса, ішкі факторларға дивидендтер мен салық төлеу мерзімі жатады. Сондай-ақ инвестициялық импорттың әсері бар.
Себебі наурыз айынан бастап сыр бермей келе жатқан Ресей валютасы қалжырап қалғанын тамыз айында да байқап қалдық.
Қаржыгер Ерлан Ибрагим тамыз айының алғашқы онкүндігінде Ресейде салық аптасы және шетелдік инвесторлардың ірі ресейлік компаниялардың дивидендтердің төлемдерін рубльге айырбастауы аяқталғанын еске салды. Оның айтуынша, бұл фактор рубльдің әлсіреуіне ықпал еткен. Бірақ каржыгер рубльге әсер ететін факторлардың барлығы теңгеге тікелей әсер етпейтінін, тек рубль бағамы арқылы жанама түрде ғана әсері болатынын тайтты. Біздің валюта бағамымыз ішкі және сыртқы факторлардың, соның ішінде мұнай бағасының өзгеруі мен жаһандық инвесторлардың тәуекелге тәуелділігінің негізінде қалыптасады.
– Теңге мен рубльдің қаржы құралдары арасындағы кеңейтілген бағамдық айырмашылық та тұрақтылыққа әсер етеді. Қазақстан Ұлттық банкі мен Ресейдің Орталық банкінің бағамы арасындағы айырмашылық қазірдің өзінде 5-6 пайыздың арасында. Рубль біздің валютамызға әсер ете алмайды, өйткені ол қызметтер мен тауарлар саудасында жоғары үлеске ие. Біздегі бағам ішкі және сыртқы факторларға, соның ішінде мұнай бағасының өзгеруіне және әлемдік инвесторлардың тәуекелге тәуелділігіне негізделген. Валютамыздың рубльге тәуелділігі абсолютті емес. Теңге өте еркін валюта болып табылады, әсіресе соңғы алты айда ол өзін-өзі қорғауға қабілетті екенін көрсетті. Теңгенің аздап болса да есін жия бастауына экономиканы әртараптандыру бойынша мемлекеттік бағдарламалар мен бизнеске арзан несие беруі көмектесті, – дейді Е.Ибрагим.
Сарапшылар макроэкономикалық көрсеткіштерді республикамыздың банк жүйесінен бөліп қарау мүмкін емес екенін талайдан бері айтып келеді. Бірақ соған қарамастан мұнай бағасы салыстырмалы түрде жоғары деңгейде сақталған кезде Ұлттық банктің жағдайды бақылауға мүмкіндігі бар деген пікірді де жақтайтындар баршылық.
Қаржыгер Бейсенбек Зиябеков бұл фактор басынан бастап ұлттық валюта эмиссиясына бақылау жасаумен ғана емес, биржада валютаны сату-сатып алу процесін басқару мүмкіндіктерімен де байланыстырылып келгенін, қателіктің де сол кезден басталғанын айтады. Қазақстанның Өзбекстан мен Қырғызстанға қарағанда әлемдік экономикамен ықпалдастығы тереңдеп кеткен. Ресейдегі санкция, АҚШ пен Қытай арасындағы текетірестің әсері бізге бірден білінеді.
2013-2019 жылдар арасында Ресей рублі мен теңге арасындағы өзара байланысты талдасақ, рубль бағамы 103%-ға арзандағанын, теңге 136,3%-ға құнсызданғанын байқауға болады. Бұл фактор біздің елдің қаржы саясатының пайыздық мөлшерлеменің динамикасына тәуелді екенін көрсетіп тұр. Сарапшының түсіндіруінше, қолданыстағы валюталық саясаттың мұндай түрін несие үшін пайыздық ставкалардың айырмашылығын, алып-сатарлық валюталық операциялардың, қазақ теңгесінің валюта нарығына ықпал ететін факторларды ескерген кезде ғана қабылдау керектігін айтады. Бірақ бізде бәрі керісінше болыпты.
– Валюталық саясатты жасаушылар теңгенің валюталық бағамын тұрақтандыруға өте жоғары талап қойып, нарықтық бағам динамикасына ықпал ету мүмкіндігін шамадан тыс жоғары бағалаған. Демек, біздің қаржылық әлеуетіміз өзге елдердің қаржы саясатына ықпал етеді деген әдемі қиялға сеніп қалған. Бұл жағдай басынан бастап-ақ тек ұлттық валюта эмиссиясына бақылау жасаумен ғана емес, биржада валютаны сату-сатып алу процесін басқару мүмкіндіктерімен де байланыстырылды. Мұнай бағасын бізге тиімді бағада ұстап тұруға Үкіметтің де, Ұлттық банктің де құзіреті жоқ. Жағдай бұлай жалғаса берсе, бізді инфляциядан қымбат мұнай да құтқара алмайды. Қазір қымбат мұнай бағасы девальвация емес, ревальвация қаупін жақындатады, – дейді Б.Зиябеков.
Қаржылық капиталға да қатысты
Сарапшылар банк несиесінің пайыздық ставкасына тікелей ықпал ететін тағы бір маңызды фактор оның қаржылық капиталы екенін айтады. Бұл жеке капиталы жеткілікті көлемде қалыптаспаған және несиелік портфелінің нашарлауы нәтижесінде табыс деңгейі төмендеген банктердің агрессивті пайыздық саясатты қолдануына жол ашады.
– Банк пайызының деңгейіне инфляция да әсер етеді, яғни инфляциямен бірге пайыздық ставка да өсіп отырады. Бұдан шығатын қорытынды – банк несиесі үшін пайыздың жоғары шегі рыноктық талаптарға қарай айқындалатын болса, төменгі шек банктің қызмет көрсету ахуалына қарай болады, – дейді Б.Зиябеков.
Қазақстанда ақша массасының көптігіне қарамастан, несие үшін берілетін пайыздық ставка өзге елдермен салыстырғанда жоғары. Сарапшылар бұл сауалға жауап беру үшін жоғарыда айтылған екі бағытты терең зерттеу керектігін айтады. Бұл ретте төменгі шекке, яғни банк қызметінің өзіндік құнына ерекше назар аудару керек деген пікірге Үкіметтің де, Ұлттық банктың да көзқарасы оң. ДСҰ жағдайында қазақстандық банктер шетелдік банктерге басымдық беріп, соларға қарай ауып кетуі әбден мүмкін.
– Банк жүйесі нарықтық экономикасы дамыған елдердің банк жүйесімен бәсекеге түсуге қабілетті болу керек. Сонымен бірге ел ішінде де олар бір-бірімен бәсекелес болғаны дұрыс. Бәсекені 2 кезеңге бөліп қарауға болады. Бірінші кезеңде «жүйені жасаушы» банктер арасындағы бәсеке, ал екінші кезеңде басқа банктер арасындағы белгілі бір бәсекені айтуға болады, – дейді Б.Зиябеков.
Сондай-ақ елімізде банктерге, оның қаржылық капиталына деген талап өте жоғары. Мұндай талаппен ішкі нарықта жаңа ойыншылар – жаңа банктердің пайда болуы мүмкін емес. Оның есесіне мемлекет құрып жатқан қаржы институттары жеткілікті. Нарықтық экономикада монополия немесе олигополия бәсеке негізінде, оған қажетті жағдайлар жасалған жерде пайда болады. Сондықтан сарапшылардың «мемлекет капиталды күшпен бір жерге шоғырландырудан, банктердің жалпы көлемін жасанды қысқартудан аулақ болғаны дұрыс» деген пікірін қаперге алатын кез келді.
Мәселе, банктердің көлемінде емес, олардың төлем қабілеті мен өтімділігінде. Демек, алдағы уақытта біз басымдық беретін экономикалық аса маңызды мәселе – барлық банктерге тең ойын ережесімен қамтамасыз ету. ДСҰ талабы Қазақстанды халықаралық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуге міндеттейді. Біз бірінші кезекте қаржы саласындағы ұлттық мүддені қорғау жөніндегі шараларды қабылдауды талап етуіміз керек. Ол бірінші кезекте банк жүйесінде жасалуы тиіс. Сонымен қатар қазақстандық банктердің шетел капиталына тәуелділігі өсіп жатыр. Бұл олардың инвестициялық шешімдер қабылдаудағы дербестігін шектейді.
– Жүйелі маңызы жоқ және негізгі активтері мемлекеттік бағалы қағаздардағы бес-алты қаржы институтын қысқарту керек деген ұсынысты қолдаймын. Қазір бірқатар ішкі және сыртқы факторлар теңгеге қысым жасап жатыр. Сондықтан қазақстандық валюта кез келген жағдайда мемлекеттің қолдауы болмаса әлсіреп қалады. Мемлекет теңгеге интервенция ғана емес, қаржылық-экономикалық саясатына өзгерістер енгізу арқылы ғана қолдау көрсете алады. Бұл өзгерістерде теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ете алатын мүмкіндіктер саралануы керек, – дейді сарапшы.
Ұлттық банк өзінің саясатын қазіргі жағдайға, пандемия жағдайына бейімдеуі керектігін сарапшылар жыл басынан бастап айта бастады. Бұдан басқа жол жоқ.
– Ресейге бағытталып отырған санкция белгілі бір деңгейде ықпал ететіні де мемлекеттік деңгейде мойындалуы тиіс. Ұлттық банктің қазіргі жүргізіп отырған саясаты бас реттеушінің емес, жағдайды сырттан бақылап отырған бейтарап ұйымның көзқарасына көбірек ұқсап барады, – дейді Б.Зиябеков.
Ұлттық банк әлсіреп бара жатқан банктерді жанталасып қорғамағанда, біз пайыздық мөлшерлеменің қозғалысына тәуелді болып қалмас едік. Өзгеретін, жаңа қауіп-қатерлерге бейімделетін кез келді.
АЛМАТЫ