Ең қысқа әңгіме • 25 Тамыз, 2020

Жадынан жаңылған жұрт

2305 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан он жыл бұрын сол кездегі Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған қазақстандық делегация құрамында Жапонияда бол­ғанымызда жапондықтардың аузынан естіген мына бір әңгіме есімнен шыққан емес: Аралда тұрып жатқандарына 2-2,5 мың жылдан асқан жапондықтар өздерінің білімі мен ғылымы дамып, қазіргі биігіне көтерілгеннен кейін «біз осы аралға қайдан келдік, біздің туысымыз қай халық» деген сұрақтарға жауап іздейді.

Жадынан жаңылған жұрт

Жапон ғалымдары құрлықта тұратын халықтар арасынан өздеріне гендік ұқсас халықты іздестіреді. Сонда өздеріне неғұрлым таяу орналасқан корей, қытай халықтарының гендерінен ұқсастық таба алмай, ата-бабаларынан жеткен көне аңызды қуалап Алтай тауына келіп, ондағы халықтардың генін зерттейді. Сөйтіп ұқсастықты қазақ халқынан табады. Осы бір фактімен ғана шектеліп қалмай, екі халықтың қолындағы малдың генін де салыстырып көреді. Бұл жөнінде де ұқсастық анықталады.

Міне, осы фактіге арқа тіреген Жапонияның атақты «Тойота Цуше» компаниясының президенті Джунзо Шимизу: «Біздің арамызда ұқсастықтар өте көп. Мәселен, мен осында жиналған адам­дардың түрлеріне қарап, қайсысының қазақ, қайсысының жапон екенін онша айыра алмай тұрмын. Өйткені ДНК-мыз, яғни тектік тарихымыз сәйкес келеді» деген еді сонда бізге.

Бұл әңгіме біздің осы өңірімізде сандаған мың жылдар бойы мекендеп келе жатқан байырғы халық екенімізді білдіретіні анық. Біз «Алтай» сөзінің көне мағынасы «алтын тау» екенін білеміз. Сол сөздің растығын дәлелдеп, қазір Алтайдың баурайынан алтын әшекейлі киімдер мен алтын сауыттар киген адамдар мүрдесі көптеп табылуда. Демек, Ал­тайды мекен еткен бабаларымыздың ал­тын­ға малшынып өмір сүргенін тау аты мен қазіргі археологиялық деректер дәлелдеуде.

Бұл, әрине, ең бері алғанда осыдан 2-3 мың жыл бұрынғы тарих. Өкінішке қарай, ғалымдарымыз әзірге ол тарих пен қазіргі тарихымызды айқын байланыстыра алмай отыр. Бізде әзірге әңгіме әрі кеткенде Алтын Орда тарихынан, тіпті одан әрі барсақ түркі дәуірінен бастау алуда. Бірақ бұл тарихтың өзіне ресми түрде нақты иелік ете алмай келеміз. Мұның өзі біздегі тарих ғылымының тым тереңге кете алмай кенжелеп тұрғанын көрсетсе керек.

Қырға шығып, жан-жағыңа көз салсаңыз, төбесі көкті тіреген алып тауларды, ол шеті мен бұл шетіне көз жетпес сайын даланы, айдын-шалқар көлдерді көресің. Осыларға қарап, бұрын кім болғандығыңды өзің де іштей сезінесің. Топырақты түртіп қалсаң неше түрлі аңыздар андағайлап бас көтереді. Бүкіл тарихын бойына жасырған, бірақ соңғы уақытта археологиялық қазбалар арқылы небір кереметтері үсті-үстіне ашылып жатқан мұндай бай да байтақ өңір қай елде бар?! Кейбір халықтар жерінен бір қанжар табылса, соған мәз болады. Оларға қарағанда біздің археологтарымыздың маңдайының бағы бес елі екен деп ойлайсың кейде.

Бірақ тәубе деуге тура келеді. Осыдан отыз жыл бұрын ғана мектептерде оқыты­латын біздің Қазақстанның тарихы биттің қабындай ғана болатын. Оқушылар оның орнына Ресейдің тарихын, тіпті бізден жырақта жатқан Грекия мен Рим тарихын оқитын. Өзімізден үш жүз жыл бұрын өмір сүрген Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырларды білмейтінбіз. Оның орнына олардан да бұрын өмір сүріп, поляктардан орыс жерін қорғап қалған Минин мен Пожарскийді оқитынбыз. Мұғалімдеріміз ежелгі грек ақыны Гомердің «Илиада» мен «Одиссея» поэмалары туралы тамсана әңгімелеп, оның «Одиссей туралы жыр» атты қазақ тілінде дайын тұрған аудармасын оқып мәз болатынбыз. Онымен де шектелмей Генрих Шилман атты неміс көпесінің Гомер поэмаларының негізінде Троя қаласын қалай тапқанын, сөйтіп қазіргі заманғы археологияның негізін қалаушылардың біріне айналғанын оқып таңғалатынбыз.

Соған қарағанда қазір бізде отандық тарих ғылымы едәуір ілгері кетті. Бірақ әлі де білгенімізден білмейтініміз көп. Біз әлі өзіміздің көне тарихымызды және ол тарихтан қалай ажырап қалғанымызды білмей­міз. Осы байтақ өлкедегі төрт мыңжылдық тарихымыздың бар екені палеоантропология материалдары арқылы енді дәлелдене бастады. Біздегі тарихи дастандардың әрі кеткенде мыңжылдық тарихы бар. Олар ауызша жырланғаннан кейін оның арғы жағындағы дүниелер ұмытылған.  Яғни тарихи жадынан жаңылып қалған халық секілдіміз...