Білім • 25 Тамыз, 2020

Әлемдегі ең танымал комикс-романдардың бірі қазақ тіліне аударылды

1035 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетпіске жуық тілге аударылған, балаларға арналған ең атақты комикс-романдардың бірі "Тентек балақайдың күнделігі" ("Wimpy Kid") қазақ тілінде жарық көрді. АҚШ жазушысы, суретші Жефф Кинни жазған бұл кітапты қазақстандық "Steppe & WORLD Publishing" баспасы шығарды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлемдегі ең танымал комикс-романдардың бірі қазақ тіліне аударылды

Баспа өкілдерінің айтуынша, кітапты қазақ және ағылшын тілдерінде оқуға болады, яғни бір басылымда екі тілдегі нұсқа қатар беріліп отыр.

"Балалар планшет пен телефоннан айрылмайды, кітаптан қашады. Соның кесірінен бойында психологиялық теріс өзгерістер болып жатады. Мұны құмарлыққа теңер едім. Көп ата-ана ұл-қызына кітап оқудың пайдасын түсіндіре алмай қиналады. "Тентек балақайдың күнделігі" комикс-романы осындайда жақсы көмекші болмақ. Бұл еңбекті балалар сүйсініп оқиды және басқа кітапты оқуға деген құлшыныс пайда болады. Ал түпнұсқа мәтіннің қатар берілуі ағылшын тілін жақсартады", - дейді баспа басшысы Райса Сайранқызы Қадір.

Райса Қадір 2019 жылы Жефф Киннимен кездескенін және автордың Қазақстанға келуге ниетті екенін айтты.

"Кітаптың бұдан бөлек тағы бірнеше бөлімін шығарған соң авторды арнайы шақырып, оқырмандарға ерекше кеш сыйлаймыз деп үміттенемін", - дейді баспа басшысы.

"Тентек балақайдың күнделігін" қазақ тіліне аударған – Нәркез Берікқазы. Редакторы – Назгүл Қожабек.

Кітаптың бас кейіпкері – қарапайым оқушы Грег Хеффли. Ол басынан өткен алуан түрлі қызық оқиғаны күнделік ретінде жазып жүреді. Грегтің суреттегенін оқыған әр бала өзін таниды, сабақ алады.

"Мәтіні жеңіл, суреттері тартымды, кейіпкерлерінен балалық аңғалдық пен тазалық лебі есіп тұрған кітапта әр оқушының басынан өтетін, ата-анамен, мұғалімдермен, сыныптастармен арадағы қатынас, жақсы мен жаманның байыбына бару, барды бар, жоқты жоқ деп түсіну эволюциясы сипатталған", - дейді Райса.

 

Еске сала кетейік, "Steppe & WORLD Publishing" баспасы балаларға арналған Жулия Дональдсонның "Ақын Қоян" және "Груффало", Эрик Карлдың "Қомағай Жұлдызқұрт", Элен Дельфорждың "Мама", сондай-ақ "Анна Франктің күнделігі" секілді кітаптарды қазақ тіліне аударып, шығарған. 2020 жылы баспа Жоан Роулиңтің "Хәрри Поттер мен пәлсапа тас", "Хәрри Поттер мен жасырын бөлме" кітаптарын ұсынды. Қазір "Хәрри Поттер" сериясына кіретін қалған бес кітап аударылып жатыр.

 

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.