Кенішке иелік ететін компанияның мәліметінше, 19 наурызда таңертең Орлов шахтасының диспетчеріне ақпарат түсті.
Газдан улану белгілері бар екі жұмысшы анықталған. Зардап шеккендердің бірі ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды. Екінші жұмысшыға медициналық көмек көрсетілді, жағдайы тұрақты.
«KAZ Minerals тобы Абай облысындағы Орлов шахтасында жазатайым оқиға болғанын терең өкінішпен хабарлайды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. KAZ Minerals тобының басқарма төрағасы Андрей Третьяков жазатайым оқиғаны тергеуге жеке қатысу үшін Орлов шахтасына барды», деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Компания қаза тапқан жұмысшының отбасына жан-жақты көмек көрсететінін хабарлады.