Қоғам • 25 Тамыз, 2020

Алик Шпекбаев Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы елшісімен кездесті

130 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет алаңында Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев Нидерланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы елшісі Андрэ Карстенспен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Алик Шпекбаев Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы елшісімен кездесті

Кездесу барысында тараптар Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту және ортақ жобаларды іске асырудағы екіжақты өзара әрекеттесу мәселелерін талқылады.

Агенттік төрағасы «Protecting Business and Investments» жобасы аясында кәсіпкерлер мен инвестицияларды қорғау шараларына ерекше назар аудара отырып, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы бастамалардың нәтижелерімен бөлісті. Ведомство басшысы Агенттік инвесторларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолдау көрсетуді жалғастырады деп сенім білдірді.

Карстенс мырза голландиялық инвесторлардың Қазақстанда жұмыс жасауға деген қызығушылығының жоғары екенін атап өтті. Елші Ақтөбе облысындағы ауыл шаруашылығы саласындағы «Green Capital» ЖШС жобасының іске асырылу барысы туралы хабардар етті.

Тараптар «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» ҚҚ-мен бірлесіп, «Ашық бюджеттердің интерактивті картасын» дамыту туралы да келісті.

Қазіргі таңда нақты уақыт режимінде картада 7,7 трлн теңгеден астам сомаға ел бойынша әлеуметтік нысандарды салуға, жөндеуге және күтіп ұстауға бөлінген бюджет қаражаты туралы жан-жақты мәліметтер көрсетілген.

Кез-келген азамат белгілі бір мемлекеттік мекеменің шығындарын зерттеп, сайтта орналастырылған бюджет пен оның нақты орындалуы арасындағы сәйкессіздік туралы хабарлай алады.

Мемлекеттік аппараттың есептілігін күшейтудің тиімді құралдарының бірі бола отырып, онлайн-карта қоғамдық бақылауды кеңейтуге мүмкіндік береді. Болашақта карта қызметті жеткізушілер мен мердігерлердің барлық тізбегінің мемлекеттік қаражатты игеруін егжей-тегжейлі көрсете отырып, бюджеттік шығыстар мен сатып алулар туралы толық ақпаратты қамтитын толыққанды «ашықтық порталына» айналуы тиіс.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар одан әрі сындарлы ынтымақтасу мен ортақ бастамаларды бірлесіп іске асыруға өзара сенім білдірді.

 

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.