Таным • 26 Тамыз, 2020

Елдік пен ерлік жыршысы

1024 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қазақ поэзиясының ежелгі бастау арналары ел мен жердің, мемлекет пен Отанның тамырлы тарихынан шежіре шертетін сымбат-бітімі ерекше бекзат жыраулық өнер болып қалыптасты. Тоныкөк, Йолығтегіндер тасқа бәдіздеген тарлан жырлар – соның жарқын айғағы. Бұл ұлы сарын Кетбұқа, Сыпыра жырау дәуірімен сабақтаса ұласып, Бұқар жырау, Ақтанбердіге дейін жалғасып, Абай арқылы даналық парасатпен суарылған алтын түйінге айналып, лиризмге қадам басты.

Елдік пен ерлік жыршысы

Алаштық, кеңестік кезеңнің өліара түйілісінде ұлы дәстүрдің туын Мағ­жан, Ілияс секілді жампоздар аспанға кө­тергенімен, олардың үнін бодандықтың қара құйыны тұншықтырды. Әрине ке­ңестік кезеңде ауызға қақпақ, басқа тоқ­пақ салынғанымен қазақ поэзиясы зау биік­терді бағындырды, халықтың арман-мұ­ратының жоқшысы болды. «Өткізу үшін шындықты, өтірік қостым ішіне» деп Қадыр ақын айтқандай бодандықтың тақсіретін тартқан тұлпар – жыр тұғырдың кейпіне түсіп, тұрасы тозып тасырқаған, сұңқар өлең жапалақтай жалбақтаған тұстар да болды. Қазақтың Ебінің желіндей ескен есіл жыры әсіресе тарихи тақырыптарға келгенде текіректеп, тобанаяқ күй кеше­тін. Бұл салада, шындығын айтқанда, ақ мыл­тық ұшқыр поэзия емес, керісінше сабырлы проза жанры атойлап алға шығып, тарихи тақырыптарды игеруде классик жазушы Ілияс Есенберлин көшбасшы болып, мұзжарғыш кемедей алға ұмтылып, әдебиет әлемінде ірі бетбұрыс жасағаны айқын. Қазақ поэзиясындағы орны үңіре­йіп тұрған осы бір кетік еліміз тәуелсіз­дік алғаннан кейін енді ғана бү­тінде­ліп, есеміз түгенделіп, еншіміз де еселене бастағандай. Әлбетте, бұл күр­меуі қиын, күрделі тақырыпқа қалам қуа­тын арнаған майталман шайырлар бар болғанымен, солардың ішінен шашасына шаң жұқпай суырылып алға шыққан марқасқа, осы қазыналы салада олжа салып, топжарған кең құлашты эпик ақын ортамызда бар. Ол – тәуелсіздік пен елдік мұратты тамылжытып саңқылдап жырлаған, әдебиетсүйер қауым бүгіндері «Бостандық жырының бозжорғасы», «Ілиястың ізбасары» атап кеткен, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері, көрнекті ақын Несіпбек Айтұлы.

Ол шын мәнісінде азаттықтың бозала таңы атысымен тұсауы шешілген тұлпардай кең көсіліп жүйткіген, өтпелі кезең өткелегінде тосырқап қалмай толассыз жыр нөсерін селдеткен қазыналы қалам иесі. Төкпе ақын кең тынысты эпикалық поэмалар шоғыры, шымыр толғаулары мен нәзік лирикалық өлеңдері арқылы Қазақстан тәуелсіздігінің күміскөмей жыршысына, жампоз жаршысына айналды. Оның тәуелсіз еліміздің көк аспанында желбіреген көк байрақтың киесінен шабыт алып жазған поэмалары халқымыздың басынан кешкен қаһармандық тарихы мен бүгінгі өмір-тіршілігімізді жымдас­тыра жырлауымен айрықша маңызға ие. Мазмұндық тұрғыдан бір-бірімен тығыз сабақтасқан салалас поэмалар циклы дәуір мен уақыт жөнінен де ішкі бірлік үйлесімін сақтап, жалпы тұтастықта қарағанда эпопея секілді әсер қалдырады. Бұл байтақ дастандарда алаш жұртының қаһармандық тарихы мен азаттық рухының қадау-қадау кезеңдері, халқымыздың басынан кеш­кен түрлі нәубат, қилы зобалаңдардың тұтас панорамасы шеберлікпен сомдалған. Ақынның «Жалаңтөс», «Төлегетай», «Сар­дар», «Ту», «Наурызбай», «Бердіқожа», «Ша­қантай», «Баймұрат батыр» «Мұ­қа­ғали-Желтоқсан» секілді поэмаларында арғы-бергі тарихымыздағы халқымыздың азаттығы үшін жанын пида еткен хандарымыз бен билеріміздің, жаужүрек батырларымыз бен абыз ақындарымыздың жауһар галереясы жасалған. Ұлы даланың қасиетті топырағы үшін азулы империя­мен айқасқан хан Кене бастаған, Тай­жан, Сейтендер қостаған ерлер туралы «Ақмола шайқасы» поэмасында су­реттелсе, осы тақырыпқа үндес ту­ған ке­ңестік отаршыл өктем жүйеге арыс­­тандай арпалысқан мемлекет және қо­ғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің та­бан­ды күресі «Жер – жаннан қымбат» дастанына арқау болады. Халқымыздың басынан кешкен нақақ қуғын-сүргін, аштық нәубат «Көкала үйрек», «Танабай», «Кәмей ұшқан», «Сары қыз» секілді поэ­маларында көрініс тапқан. Ақынның поэ­малар шоғыры – өткен тарихтың жалаң оқиғаларының тізбегі емес, отанымыздың азаттығы жолында жанталасқан бұрынғы бабалар басынан кешкен қым-қуыт өмір-тіршіліктің жанды суреті, ғибратты дәрісі, көркем шежіресі. Ақын бүгінгі ұрпақ­тың тарихи жадын жаңғыртумен бірге ке­йіпкерлердің шиеленіскен драмалық тартысы арқылы оқырманның ар-намысын қамшылап, ыстық сезімнің шарпысына бөлеп, өткеннен ащы сабақ алып, бүгінгі күні қапы қалып өкінбеуге, болашаққа адаспай айқын қарауға үйретеді. Ұлы даланы уысында ұстаған қаһарман дана бабаларымыздың ерлігі мен осал тұстарын ақындық аңқылдаған пәк жүрекпен бүкпесіз ашық жырлап, өтірікті бетің-жүзің демей әшкере етіп, тәуелсіз елімізге көлеңкесін түсіріп отырған келеңсіз құбылыстардың себеп-салдарына сын жебесін аяусыз қадайды. Осылайша сұлу поэзия арқылы өткен тарихты мақтан тұтатын даңғаза мен дақпырттың қоймасы емес, бүгінгі күнімізге сәуле түсіріп, бо­лашақ мұратымызды шыңдайтын, ұлттық бет-бейнемізді жаңғыртып түлететін құнды құрал ете білуі – ақынның өнернамалық темірқазығы.

Ақын қазақ мемлекетінің дәстүрлі бас рәмізінің бірі байраққа арнап «Ту» атты поэ­ма жазды. Бұл қазақ әдебиеті тарихында болмаған тың құбылыс, азаттық кезеңінде қол жеткізген поэзиядағы сүбелі табыс деу­ге болады. Бұрынғы қазақ ақындарында туға, байраққа, жалауға арнаған жекелеген өлеңдер, жыр шумақтары болғанымен бұл тақырыпта тұтас поэма әлі туған жоқ еді. Ақын Н.Айтұлының көлемді «Ту» поэмасы қазақ хандығының хан Абылай, қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбайлар көтерген қасиетті байрағын бүгінгі азат отанымыздың аспан түстес көк туымен сабақтастықта екенін жырмен кестелеп, майдан даласында өзі шәйіт болғанымен қолындағы туды жықпаған сарбаздың ерлік образын негіз етіп, айшықты сомдауымен патриоттық тағылымы зор болған. Қазақ елінің қасиетті байрағын қанды шайқаста қас қақпай күзетіп, өзі құрбан болғанымен төмен түсіріп құлатпай, үзеңгілес нөкерлеріне табыстай алған Қазымбеттің қайсарлығы – адамзат тарихында да кездесе бермейтін сирек ерліктің үлгісі. Әлбетте, осыған ұқсас оқиғаны арқау еткен поэма да, жыр еткен ақын да, меніңше, әлем әдебиетінде жоқ секілді. Поэма желісі өмірде болған оқиға мен халық аңызының асыл арқауына сүйенген.

Жырда хан Абылай, Бұқар жырау, қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, көкжал Барақ секілді Абылай заманының бас батырларының тұлғасы эпизод-штрихтармен сомдалғанымен поэманың бас кейіпкері – Қазақ ордасының туы, оны көтерген тубегі сарбаз Қазымбет, сол қасиетті байрақтың қайта жаңғырған бүгінгі жалғасы – Көк байрақ. Ақын өткен тарихпен бүгінгі күнгі құбылысты сабақтастыра жырлап, намысты найзамен қорғаған бабалар ерлігін қазіргі ұрпаққа аманаттап, азаттықтың көк байрағын қастерлеуді, қадірлеуді, биікке көтеріп, алтын тұғырын бекітіп, айбарын асқақтатуды жас буынға өнеге етеді. Бұл поэманың ерекшелігі сол, мұнда оқиғаның шарықтау шегінде бас кейіпкер – Ту мен ту ұстаушы Қазымбеттің күрделі тағдыры бетпе-бет түйіліседі, тартыс ұлғайтылып, кәнігі эпик ақынның машықты шеберлігі оқырманды тағы да тәнті етеді. Жыр арқауына бас нысан болған – Ту жығылмаған, ал бас кейіпкер – ту ұстаушы Қазымбеттің шәйіт болуы көрініс тауып, жеңістің шаттық қуанышы мен трагедиялық хал қатар өрі­ліп, бір арнаға тоғыстырылады:

 Жалғыз тұр ту ұстаушы

дөң басында,

 Көргендер аң-таң қалды алғашында.

 Байрағы қолындағы желбірейді,

 Өзінің көрінбейді жан қасында.

 Болмастан ойларында ешбір қауіп,

 Батырлар сатырлатып

келді шауып.

 Күйінде ту ұстаған қатып қапты,

 Өлсе де құламаған аттан ауып.

Жыр трагедиямен аяқталғанымен қасиетті шәйіт арқылы жеңістің рухын асқақтатып, бүгінгі бейбіт өмірдің, қасиетті көк байрақтың құнын бағалауға ұр­паққа ұлағатты үндеу тасталады. Жыр соңында ту ұстап қатып қалған Қазымбет пен қасиетті Ту тұтас тұлғаға, ерлік үшін тұрғызылған алып монумент – мүсінге айналғандай әсер етеді.

Ақынның лирикалық өлеңдері мен толғаулары шынайылығымен, ыстық сезіммен суарылған ой семсері секілді лыпылдаған өткірлігімен оқырманын таңдандырып келеді. Оның өлеңдерінде бүгінгі өмір-тіршілігіміздің бүлкілдеген қан тамыры, замандастарымыздың кескін-келбеті, мінез-құлықтардың алуан түрлі пішіні сомдалады. Қазіргі тәуелсіз елімізге, ұлтымыздың мүддесіне кесірін тигізетін тоғышарлық пен тоңмойындық, мәңгүрттік пен самарқаулықты қатаң айыптаған ақынның шерлі өлеңдері зарлы толғауларға ұласады.

Өмір өтті арпалыспен, тартыспен,

Кездерім көп артық кеткен,

кем түскен.

Бабалардан маған дейін ұласқан,

Қайғым ұзақ ұзын аққан Ертістен.

Қасіреттен қаны қайнап қарайған,

Күн астында күңіренген талай жан.

Бізден асып болашаққа жалғасар,

Қалған қайғы Әлішерден, Абайдан.

Ақын жырының соңында «Ұлы қай­ғы жанымды жеп жегідей, жеті түнде ұлиды кеп бөрідей» дегеніне шүбәсіз сенесің. Өйткені бүгіндері аймаңдай ақын – өлең-өмірі арқылы бүкіл болмысымен әз халқымен тұтасып, қабысып, оның сыңарына, баламасына айналған лирикалық тұлға. Сондықтан да ол «Бірдің мұңы ұласар мыңға барып, өзімді айтып, халқымды бейнеледім» дейді нық сеніммен. «Несібеме бұйырған соң, қайғы – менің қазынам» дейтіні де содан. Бозбала кезінде албырттықпен «Ей, өлең барасың сен, қай жаққа алып? Сескенем, түбі терең иірімбісің, бет жағы жататұғын қаймақтанып» деп қаймығып бастаған ақынның қазір алаштың сөзін сөйлейтін абыз ақынға айналған шағында:

 Жырым менің – мұңдасым,

сырласым да,

 Көз жасым бар мөп-мөлдір

тұнбасында.

 Бір басында ол тұрса таразының,

 Ал, тағдырым тұрады бір басында!

деп жырлауға толық хақысы бар екеніне иланасың.

Ақын табиғаттың тылсым сырын түй­­сігімен барлап, байқап жырлай­тын таң­ғажайып сезімталдыққа ие. Жараты­лыс­тың құпия құбылыстарын, жыл мезгіл­де­рінің өзгерістерін адамның көңіл күйі­мен, ішкі әлемімен астастыра жырлау – оның шығармашылық машығына тән бедер.

Мына күннің алды – жаңбыр,

арты – қар,

Тоңған жаным торғайдайын

қалтырар.

Ғұмыр, сірә, қызылшақа құралай,

 Туа сала сан жығылып, сан тұрар...

 Қорғансызға жер бетінде жоқ пана,

 Жемтік болар жыртқышқа да,

оққа да.

 Құлдыраған сәби жүрек тобықтай,

 Құстай ұшып жанын сақтар

тек қана...

Ақын «Құралай-ғұмыр» атты осы өлеңінде құралайдың салқынында төл­деген киіктің лағын ұшы-қиыры жоқ шетсіз, далада шексіз қауіп-қатер күтіп тұрғанын, оның сәби жүрегіне әлдекімдер сұғын қадап үлгергенін айтып, дабыл қағады. Құралайдың салқыны да өліара құбылыс, киіктің лағының аяқтануы да өткелек мезет, сол секілді адам баласының ғұмыры да келте, өткінші екенін ақын ұшқыр түйсігімен аңғарымпаздықпен жырға қосып, сезіміңді селт еткізеді. «Ғұ­мыр – бейне жезкиіктің лағы... Ор­та­сында өмір менен өлімнің, Күндіз-түні елеңдейді құлағы» деп тосын түйін жа­сайды. Осылайша қу медиен дала тө­­сіндегі құралайға оқ жұмсап, сәби жү­­регіне пышақ шаншығалы тұр­ған қара пиғыл қатыгез адамның өзінің де шын мәнісінде өмірі шолақ екенін ұғынбай, мейірбандықтан жұрдай болып өте­ті­ніне бұл өлеңді оқыған жан көз жет­кі­зеді. Бетпақдаладағы құлдыраңдаған құралайға, желдей ескен жезкиікке оқ жұмсайтын пенденің өзіне де қадалатын ажалдың жүйрік оғы дайын екенін бір мезет пенденің түсінбейтініне қайран қаласың. Ақын бұл жырында табиғатты қорғау туралы құрғақ уағыз айтпай-ақ қалт-құлт етіп өмірге қадам басқан иен даладағы құралайдың мамыражай өмі­рін ойрандайтын «құдіреттің көк иті» жауыздың қарау ниетін бейнелеу арқылы оқырманның жанашырлық сезімін оятып, ізгіліктің дәнін себеді. Бәлкім соңғы жылдарда қарақшылықпен киік аулауға шығып, тападай талтүсте аң орнына адам атып, қорықшыларды қорғасын оққа байлай салатын қанышерлік қоғам алдында әдебиетіміздің абыройы әлсіреуден, поэ­зияны бағалап оқымаудан туған сырқат сананың жемісі шығар?!

Ақын Н.Айтұлының поэзиясының алтын арқауы, бас тақырыбы – тәуелсіздік, бостандық, теңдік. Тәуелсіздік жолында қаншама сұрапыл шайқастар болғанын, ата-бабаларымыз елі мен жерінің тұтастығын қасық қаны қалғанша қаһармандықпен қорғап, бізге аманат еткенін ақынның эпопеялық өріске көтерілген поэмалар шоғырына өзек болған тарихи оқиғалар шеруі растайды.

Басынан көне тарих төмен құлдап,

 Тағдырын туған елдің келем жырлап.

Өзегім талып жеткен, Тәуелсіздік,

 Өмірде не бар екен сенен қымбат!?

 Құбылып соққан желдей заман неше,

 Қан кешті толарсақтан бабам кеше.

 Күн емес бодандықта көрген күнім,

Төбемнен алтын құйсын маған десе.

Жоңғар мен құба қалмақ, отаршыл Ресей, кешегі кеңестік империя, кейбір көршілес халықтар қазақ халқының байтақ атажұртына сұғанақтық жасап, елдің мамыражай тыныштығын бұзып, ашкөздікпен шабуыл жасағанымен, ойсырай жеңілгені ақынның жыр-дастанына тамызық болған. Ол қазіргі қазақ поэзиясын тәуелсіздік үшін күресте шаһид болған батырлардың айбынды бейнесімен толықтырды. Түптеп келгенде, басқыншы империялардың отарлау саясатына түбегейлі қарсы шығып, елім деп еңіреген ерлердің азаттық жолында құрбан болғанын, бүгінгі қол жеткізген тәуелсіздік пен бостандық ата-бабаның қызыл қаны, ақ жаулықты аналардың адал терінің өтеуіне келгенін аса көрнекті сөз зергері Н.Айтұлының бүкіл шығармашылық болмысы мен ақындық келбеті қалың оқырманға түйсіндіріп, түсіндіріп тұр деуге толық негіз бар.

Ақын – аударма өнері саласында өнімді еңбек еткен тәржіма тарланы. Ол аударған әйгілі Әлішер Науаидың «Ескендір қор­ғаны», «Ләйлі-Мәжнүн» дастандары мен «Ғазалдары», орыс халқының ежелгі қып­шақтармен арақатынасынан тамыр тартқан көне эпосы «Игорь жорығы туралы жыр» ежелгі әдебиеттің күмбірі мен дүбірін бүгінге жалғастырған алтын көпірге айналды.

Ақын Н.Айтұлының аударған шы­ғыстың жеті жұлдызының бірі – Әлішер Науаидың «Ескендір қорғаны» мен «Ләй­лі-Мәжнүн» дастаны «Хамса» (2019) де­ген атпен Халықаралық Түркі академиясы тарапынан жарық көріп, әдеби мұрамызды ежелгі түркі поэзиясының нәзік нақысымен байыта түсті.

Бұл кітапқа алғы сөз жазған  Президент Қ.Тоқаев: «Әлішер Науаидың «Хамса» шы­ғармасының қазақ тіліндегі көрнекті ақын Несіпбек Айтұлы аударған қос дастаны руханиятқа қосылған бағалы олжа болары анық. Лайым, ұлы шайырдың жауһар жырлары жас ұрпақты отансүйгіштік пен достыққа, адалдық пен парасатқа баули берсін!», деп жоғары баға берді.

Бүгіндері ақындық лапылдаған отты сезімі парасаттың тұңғиық иірімімен ұш­тасып, лирикалық тұлғасы ұлтының болмыс-бітімі, арда қадір-қасиетімен етене қабысып кеткен ол алдыңғы абыз ағаларының ізін басып, отаны мен мем­лекетінің мүддесін қорғап ой толғайтын қайраткерлік белеске көтерілді. Н.Айтұлы – қазіргі қазақ қоғамында қалыптасқан өзекті мәселелер, ұлтымыздың болашағы мен бүгінгі күніне әсер ететін көкейкесті оқиғалар туралы сергек пікір білдіріп, шұғыл ойларын жариялап, халқының ар-намысын жоқтайтын еркін ойлы санаткер. Ана тілі, ата ділі, ұлттық құндылықтар, әсіресе рухани өмірімізде толғағы жеткен түйткілді дүниелер ақынның назарынан ешқашан тыс қалған емес. Оның осы бағыттағы мақалалары мен сұхбаттары «Сарайымнан шыққан сөз» (2014) деген атпен көлемді жеке том болып жарыққа шығып, оқырманның құмартып оқитын кітабына айналуы – соның бір дәлелі. Тұлпар – қалам иесінің қатарластары мен әріптестері, әдебиеттанушы ғалымдар мен қоғам қайраткерлері оны «Бостандық жырының боз жорғасы» (2017) деп атауы, ақын туралы зерттеулердің осы аттас кітапта топтастырылып оқырманға жетуі азаттықтың елең-алаңынан бері Алаш жұртының терең тарихын толқыта толғап, тәуелсіз еліміздің бүгінгі тыныс-тіршілігін шабыттанып жырлаған жемісті туынды иесі болуына берілген шынайы баға деуге әбден болады.

 

Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ,

ақын, фольклортанушы ғалым