Экономика • 26 Тамыз, 2020

Қытай нарығына шығу мүмкіндіктері қарастырылуда

303 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2020 жылға арналған «Экспорттық акселератор» бағдар­ламасына қатысушы қазақстандық компаниялардың іріктеу қоры­тындылары шығарылды. Бағдарламаға қатысуға 97 ком­пания өтінім берді (олардың 74-і экспорттық тәжірибесі бар кәсіп­орындар). Халықаралық сарапшылардың бағалауы нәтижесінде бағдарламаның келесі кезеңдеріне қатысуға 35 компания іріктелді.

Қытай нарығына шығу мүмкіндіктері қарастырылуда

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов экс­порт­тық акселерация бағдарла­масының алғашқы оқыту веби­нарында аталған компания­лардың арасында экспорт саласына жаңадан келгендер де барлығын (2 компания өз өнім­дерін бұрын шетелге сатпаған), сондай-ақ бұрын бірреттік (санаулы) жеткізуді жүзеге асырған компаниялар да бар екенін, олар шетелдік нарықтарда ұзақ мерзімге орналасуды көздейтінін жеткізді.

Биыл акселерация бағдар­ламасының аясында қытайлық сатып алушылармен экспорттық келісімшарттар жасау үшін басты назарды тамақ өнеркәсібіне аудару туралы шешім қабылданды.

«Қытай сияқты ірі нарықты игеру – біздің басты мақ­сат­тарымыздың бірі. Қытай нары­ғының ауқымына қарамастан, оған қолжетімділік деңгейі шек­теу­лі. Бұған себеп – экспорт­тық процедураның ұзақтығы (шамамен 90 күн) және нарықтың ерекшелігі. Шығарылған өнім қандай керемет және пайдалы болса да, тиісті жарнамасыз және орамасыз сату қиынға түседі. Акселератордың міндеті – кәсіпорындарды бастапқы кезеңдерден бастап өз өндірісін сыртқы нарықтарға бағыттауға үйрету. Мысалы, Қытайға экс­порт­тауға ниеттенсеңіз, алдымен Қытай техникалық регла­мент­терінің барлық талаптары мен маркетингтік ерекшелік­тері­не сәйкес келетін өнімді өнді­руі­ңіз керек. Аталған және басқа да мәселелерді біз бағдар­ламаны жүзеге асыру аясында қарас­тыратын боламыз», деді Б.Сұлтанов.

«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры Арман Абеновтің айтуынша, отандық өнімдер жоғары сапалы болғандықтан сұранысқа ие. Дегенмен бірқатар себептерге байланысты қазақстандық тауарлар Қытай дүкендерінің сөре­леріне жеткілікті түрде ұсы­нылмаған. Акселератордың мін­деті – отандық өнімдердің Қытай нарығында ұзақ мерзімді болуын қамтамасыз ету.

Бағдарламаның екінші кезе­ңі аясында (қыркүйек-қа­раша) QazTradе сарапшылары Pricewaterhouse Coopers ком­­пания­сының халықаралық сарап­шы­ларымен бірлесіп әрбір қатысушы үшін егжей-тегжей­лі профиль жасайды. Онда экс­порт­таушы компанияның күшті және әлсіз жақтарына тал­дау жүргізіледі, әлеует дең­гейі (экспорттық нарық үшін бәсекелестік ерекшеліктері, өнім сипаттамасы, Қытайға экспорт­тың дайындық дәрежесі және т.б.) айқындалады. Сондай-ақ қатысушы компанияның профилі шет ел нарығында қазақстандық өнім үшін техникалық регламент талаптары сияқты ақпаратты да қамтитын болады. Мақсатты нарыққа шығудың одан әрі қадамдары бойынша ұсыныстар да қатысушы компаниялардың профилінде көрсетілетін болады.

Бағдарламаның соңғы кезең­­дерінің бірі – іріктелген 35 ком­­панияның Шанхайдағы 3-ші Дүниежүзілік CIIE-2020 импорт­тық көрмесіне қаты­суы. Көрме соңғы жылдары кәсіп­орындар арасында мәмілелер жасаудың негізгі әлемдік ала­ңына айналды.

«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры Арман Абеновтің айтуынша, бағдарламаға қатысуға өтінім берген, бірақ іріктеуден өте алмаған компаниялар келе­сі жылдары бағдарламаға қатысу­шылардың резервін толықты­рады. Яғни бірде-бір кәсіпорын көмексіз қалмайды – ағым­дағы жұмыс шеңберінде барлық компа­ниялардың экспорттық мүмкіндіктерін бағалау және олардың өнімдерін шетел­дік нарықтарға жеткізуге арналған келісімшарттарды ұйымдастыру бойын­ша жұмыс жүргізіледі.