Оңтүстік Қазақстан • 27 Тамыз, 2020

Жаңа оқу жылының жаңалығы жақсылыққа бастайды

2683 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Білім мен біліктілік саудаланбауы керек

Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде алдымен Шымкент қаласында мектеп директорларын ашық конкурс арқылы тағайындау жобасы қолға алынған. Білім саласындағы осы игі бастама жалғасын тауып, енді үшінші мегаполисте педагог мамандарды жұмысқа қабылдау заманауи цифрлы жүйе арқылы жүзеге асуда. Осылайша республикада алғаш рет Шымкентте педагогтер мен білім бе­ру ұйымдарының қызметкерлерін жұмыс­қа қабылдау бойынша «HR-Process» цифр­лы жүйесі іске қосылды.

Жаңа оқу жылының жаңалығы жақсылыққа бастайды

 

Бүгінде білім беру мен денсаулық сақтау саласын жемқорлық жайламаған мемлекеттердің дамуы қарқынды екенін көз көріп, құлақ естіп жүр. Ендігіде әлемнің озық елдерінің жақсы үрдістерін жанымызға жақын тұтсақ, Орталық Азияда ғылым мен ілім жарыстырған нағыз көшбасшы елге айналарымыз сөзсіз. Бұл үшін кез келген салада шын мәніндегі тазалық керек. Біз сөз еткелі отырған білім беру саласынағы цифрлы жүйе – сол жарқын болашаққа бастайтын даңғыл жолдың бір тармағы ғана.

«HR-Process» – педагогикалық меке­мелердегі бос жұмыс орнына орналасуға өтініш беру және оны өңдеу барысын автоматтандыруға, үміткерлер мен бос орындардың деректер қорын құруға, сонымен қатар заманауи ақпараттық тех­нологияларды қолдану негізінде пе­да­гогикалық құрамды іріктеудің тиім­ділігін арттыруға арналған цифрлы жүйе.

Оқушылар сарайында өткен іс-ша­рада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жаңа жүйені таныстырды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Шым­кентте барлық саланы автоматтандыру және цифрландыру бойынша бір­қатар жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы сайт арқылы оқытушы лауазымына үміткерлер онлайн режімде жұмыс таба алады. Педагогикалық құрамды ірік­теуді автоматтандырудың мақсаты мен артықшылығы – үміткерді таңдауда меритократия, жариялылық және айқындық қағидаларын сақтау. Жүйе конкурстық әдіске негізделеді, педагогикалық қыз­метке үздік кадрларды іріктеп алуға мүм­­кіндік береді, жемқорлықтың алдын алады. Мұғалім болып жұмысқа ор­­на­­ласқысы келетін маман порталға өті­ніш қалдырады. Ол адамның талапқа сәй­кестігі балдық шкала бойынша анық­та­лады. Цифрлы жүйе мұғалімнің білік­ті­лігі қандай екенін 75 пайызға анық­тап бе­реді. Ал мектепте құрылатын мем­лекеттік комиссия түпкілікті шешімге 25 пайыздай ғана әсер етеді», дейді қала әкімі.

Арнайы комиссия құрамына білім беру ұйымының директоры, тәжірибелі пән мұғалімдері, психологтар кіреді. Әлеуметтік желілерде конкурстық комиссия отырысының онлайн трансляциясы жүргізіледі. Конкурстың барлық нәтижелері сайтта ашық жарияланады.

1

Қазір www.hr-process.kz сайтында педагогтер мен қызметкерлерді жұмыс­қа қабылдау бойынша 137 білім беру ұйы­мы тіркелген. Онда 78 бос жұмыс орны бар екені көрсетілген.

Аталған жобадан тыс білім саласын­дағы жемқорлық іс-әрекеттерін жою үшін қала әкімдігі білек сыбана кірісіп отыр. Өзі шетелдің іргелі жоғары оқу орнын тәмамдаған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қала мектептеріндегі жемқорлықты бір­жола болдырмауды көздейтінін жет­кізді. Қала әкімінің бірінші орынбасары Шымкент­те мектепке жұмысқа кіру үшін ақша сұ­ра­ғандарды әшкерелеу керек деп са­най­ды. Осы мақсатта өз телефонын қалдырып, келеңсіз жайтты хабарлаған тұрғындардың талабына құлақ аспақ.

«Бір өзгеріс болуы керек. Мектепке ақша бермесең, жұмысқа тұра алмайсың. Мұғалім болып па, жоқ тазалық сақтаушы болып па? Маңызды емес. Осылай болып келді, осылай кете береді деп ойлайтындарымыз да бар. Өміріңізде тым болмаса бір рет белсенді болыңызшы. Шымкент қаласында мектепке жұмысқа кіру үшін ақша сұраса, төмендегі телефонға хабарласыңыз. Телефон: 8(700)7007091. Қысылмай көргеніңізді баяндай беріңіз. Сіз «сатқын» емессіз, заңды сыйлап тұрсыз! Мың асқанға бір тосқан мін­детті түрде болады. Айналаңыздың өзгер­генін күтпеңіз. Бұл бекершілік. Өзіңіз өзгеріңіз», деді әлеуметтік желідегі тікелей эфирде Шыңғыс Мұқан.

1

 

Мектептер оқу жылына дайын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Шым­кентте білім ұйымдарында жаңа оқу жы­­­лына дайындық жұмыстары қар­қын­­­­ды жүргізіліп жатыр. Осы ретте Шым­­­кент қаласының әкімі Мұрат Әй­те­­нов С.Ерубаев атындағы №24 мектеп-
ли­­­­це­­йіне барып, 2020-2021 оқу жылына да­­­йындық жұмыстарының барысын пы­сық­тады.

Қалада жаңа оқу жылы 742 білім бе­ру мекемесі және 320 мыңға жуық бі­лім алушымен басталғалы отыр. Қала әкі­­мінің айтуынша, биыл 13 мектеп (6 жаңа, 7 қосымша) және 2 өнер мектебінің құры­лысы жүруде. Жыл соңына дейін 5 100 орындық 8 мектептің (4 жаңа, 4 қосымша) және 300 орындық 2 өнер мектебінің құрылысы аяқталады. Ал 5 мектептің құ­рылысы (2 жаңа, 3 қосымша) 2021 жылы аяқталады. Нәтижесінде апат­­­ты мектептер саны 2-ден 1-ге, үш ауы­­­­сымды мектептер саны 19-дан 14-ке азаяды.

«Биыл 1-сыныпқа 24 мыңнан аса бала келеді деп жоспарлануда. Білім меке­мелерінің жылыту жүйелерін жөндеу жұ­мыстары толық аяқталды. Жеке қазан­дықпен жылытылатын 25 мекемеге 4 793 тонна қатты және 190 тонна сұйық отын жеткізіліп жатыр. Қазір ағым­дағы жөндеу жұмыстары аяқталып, 15 ме­кемеге күрделі жөндеу жүргізілуде. 17 мектепке спорт алаңдары, 36 мектепке ішкі әжетханалар орнатылуда. Сондай-ақ соңғы үлгідегі бейнебақылау камералары мен 30 мектепке турникеттер орнату үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді Мұ­рат Дүйсенбекұлы.

Сонымен қатар жаңа оқу жылында сатып алынатын 11-сынып оқулықтары мен қалған сыныптар үшін қосымша оқулықтардың 60 пайызы тасымалдан­ды. Бұл туралы білім басқар­масының басшысы Жанат Тажиева мә­лімдеді. Бас­қарма басшысының айтуынша, 1-сы­ныпқа 24 мыңнан аса оқушыны қабылдау жоспарланған. Бү­гінге дейін 17 401 өтініш берілген. Құжат­тар электронды үкімет Egov.kz порталы және mektep.shymkent.edu.kz сайты арқылы қабылданып жатыр.

«Шымкент қаласы жаңа оқу жылын 745 білім беру мекемесімен бастағалы отыр. Олардың қатарында мектеп, ба­лабақша, колледж бен қосымша білім беру мекемелері бар. Қаладағы 172 мектепке 18 мың жаңа парта, соңғы үлгідегі бейнебақылау камераларын орнату жос­парлануда. Ал білім мекемелерінің жы­лыту жүйелерін жөндеу жұмыстары то­лық аяқталды», деді басқарма басшысы.

Биыл әлемді жайлаған індет салдарынан қауіпсіздік шараларын ескеріп, білім беру ұйымдары жұмыстарын онлайн оқу форматында жүргізетіні баршаға белгілі. Ендігі басты мәселе – техника тапшылығы мен интернет мұқтаждығын жою. Бұл мақсатта жергілікті әкімдік, қалалық білім басқармасы тарапынан бірқатар нақты жұмыстар қолға алынды.

Басқарма басшысының айтуынша, А.Құнанбаев атындағы дарынды ба­ла­ларға арналған мамандандырылған гим­назия мектебі мен «Цифрлы Қазақ­стан» бағдарламасы аясында дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицей-интернаты және кластер сана­тындағы 5 «IT мектеп-лицейі» қайта құру негізінде ашылмақ. Қалалық бі­лім басқармасына қарасты білім ұйым­дарындағы жалпы компьютер саны 20 405 екені белгілі болды. Өткен шілде айында 10 975 дана компьютер сатып алынса, қосымша қажеттілікке байланысты жергілікті бюджет есебінен қыркүйектің біріне дейін тағы 5 мыңға жуық данасын жеткізу жоспарланған.

 

Білім саласы толық цифрлы жүйеге көшті

Шымкент қаласы білім басқармасы­ның баспасөз қызметінің дерегіне сәй­кес жергілікті әкімдіктің қолдауымен жа­һандық желінің жылдамдығын ұл­ғайту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Қа­шықтан оқыған жағдайда интернет­ке мұқтаж оқушыларға мемлекет бюд­жеті есебінен «Қазақтелеком» ақцио­нерлік қоғамының қалалық филиалы арқылы арнайы тарифтегі әмбебап-нө­мірлерді үлестірудің мүмкіндіктері де қа­растырылды. Сондай-ақ топтық конференция трансляциясын арнайы сервер орнату арқылы ұйымдастыру көзделген.

«Осы оқу жылында балалардың онлайн режімде сабақ алуын қамтамасыз ету үшін қаладағы барлық білім беру ұйымы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылып жатыр. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында қала аумағы бойынша 11 базалық станса орнату орындары айқындалып, қазір тиісті жер телімдерінің координаттары белгіленді және мемлекеттік актілері рәсімделді. Сонымен қатар өзге де құ­жат­тары заңдастырылып, осы аптаның аяғына дейін электр энергиясымен қам­тамасыз ету мәселесі нақтыланады. Ке­лесі аптаның соңына дейін байланыс операторлары тарапынан тиісті база­лық стансаларды орнату жұмыстары жүргізіліп, нысан толық іске қосылады. Қала аумағынан анықталған 11 жер телімі Google maps картасында белгіленген. Олар жоспар бойынша Н.Назарбаев даңғылы, Арғынбеков пен Айша бибі көшесінде, Қайтпас, Шымсити-Асар қиылысы, Қайнарбұлақ шағын ауданы, Асар шағын ауданындағы ішкі айналма жолы, Шымкент – Алматы тас жолы­нан Достық шағын ауданы бағытына қа­рай, Төлеметов – Өтегенов көшелерінің қиы­­лысына қойылады», дейді қалалық цифр­ландыру басқармасы басшысы­ның міндетін атқарушы Досан Әлібеков.

Бүгінде Шымкент қаласына қарасты мектептер «Bilim Iand – Onlinemektep.orq» интернет платформасында қа­шық­тан оқытуға толығымен дайын. Бі­лім мекемелері толығымен интернет же­лісіне қосылған. Қала сыртындағы елді мекендерде және білім ұйымдарында интернет жылдамдығын 8 Мб/с-тан 12 Мб/с-қа дейін ұлғайту жөнінде арнайы тапсырма беріліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар мұғалімдер мен оқу­шыларға заңнамаларда белгіленген тәр­тіптегі ғаламтор қызметіне қаралған қар­­­­­жы есебінен «Қазақтелеком» АҚ ар­қы­­лы интернет желісіне қосылған арнайы «әмбебап-нөмірлер» және қажетті роутерлер беріледі. Қаладағы жалпы 30 колледжде қашықтан оқыту «Smart Nation College» интернет платфор­ма­сын­да басталады. Білім беру про­цесі ке­зінде педагогикалық, ІТ, әлеу­мет­тік-гу­манитарлық бағыттардағы ма­ман­дық­тар қашықтан оқытылады.

Осы орайда салалық басқарма өкілдері жеке секторларға интернет желісін орнатарда ата-аналарға бірқатар байланыс операторының қызметін ұсынып отыр. Шымкент қаласында кабель арқылы ин­тернет орнатумен Қазақтелеком, Транс­телеком және Картел компаниялары айналысады. Үш оператордың да қызмет көрсету сапасы жақсы.

«Шалғай елді мекендерде оқитын оқу­шы­ларға интернет қаншалықты қол­­же­тімді болмақ?» деген сұрақ жаңа оқу жылы қарсаңында баршамызды алаң­датары анық. Түйткілді сауалға аталған басқарманың өкілі жауап берді.

«Бұл мәселе – қала әкімінің қатаң бақылауында. Шаһардағы шалғай тұр­ғын алаптарды қысқа мерзімде сымсыз интер­нетпен қамтамасыз ету шара­ла­ры қабылдануда. Яғни жеке инвес­тор­ларды тарту есебінен антенна-матч­та­лық құрылыстар салынады және ол жерге базалық стансалар орнатылады. Базалық станса орнату мүмкіндігі бол­маған жағдайда қамту аймағын ұл­ғай­ту жұмыстары жүргізіледі. Қала аума­ғын­дағы 105 шағын аудан мен тұрғын алаптар интернет желісімен қамтамасыз етілген. Оның ішінде мобильді интернетке – 74, сымды интернетке – 79, тал­шықты-оптикалық байланыс арнасына 49 шағын аудан қол жеткізген. Бүгінде интернет желісіне қатынау мүмкіндігі бар үй шаруашылықтарының үлесі 90,7 пайызды құрайды. Оның ішінде 98,5 па­йызы мобильді кең жолақты байланыс­қа, ал 21,8 пайызы сымды кең жолақты бай­ланысқа қосылған. Ал интернет желісін пайдаланушылар үлесі 80 пайызды, тір­келген интернет абоненттерінің саны 75,5 пайызды құрайды. Бұған қоса 20 шағын ауданда интернет желісі, ал 16 тұрғын алапта мобильді интернет сапасы нашар екенін де атап өтуге тиіспіз», дейді Досан Әлібеков.

Жуырда шаһар басшылығы карантин­дік шаралардың ұзартылуына байланысты жергілікті бюджетті оңтайландыру нәти­жесінде 11,2 млрд теңге үнемделгенін жариялаған. Осы қазына қаржысының біраз бөлігі, нақтырақ айтқанда 989,8 млн теңгені мектептер мен мектеп-интернаттарды материалдық-техникалық жаңғыртуға жұмсау жөнінде шешім қабылданып, мұны қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан мақұлдаған.

 

Жаңа технология – заман талабы

Жыл сайын күз мезгілінде еліміздегі білім беру мекемелерінде мектеп формасы мен оқулық мәселесі туындайтыны жасырын емес. Биыл ғаламдық індет салдарынан оқушылар жаңа оқу жылында мектепке бара алмайтын болды. Сондықтан қазір мектеп формасына деген қажеттілік жоқ. Ал Шымкент қалалық білім басқармасы оқушылар мектеп оқулықтарынан таршылық көрмейді деп сендіруде. Дегенмен жаңа маусымда онлайн оқудың қажетті құралдарына деген сұраныс арта түспек. Себебі балаларда интернет желісіне қосылатын смартфондар болмаса, онлайн оқуға қосыла алмайды.

Көрші елдермен шекара тарс жабыл­ғасын елдегі техника бағасының құны да аспандап кетті. Оны сатып алуға кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермейтіні тағы бар. Осыны ескерген қалалық білім басқармасы әлеуметтік аз қамтылған от­басылардың балаларына техника жағы­нан бір реттік көмек көрсетуді бастап кетті.

Үшінші мегаполисте әлеуметтік осал топтағы отбасы балаларының саны 35 798-ді құрайды. Оның ішінде аз қам­тылған отбасы балалары – 28 445, жетім балалар – 685, ерекше білім беруді қажет ететін балалар – 6 668. Жанат Арысбекқызы аталған қажеттілікті қамту мақсатында 35 798 компьютерлік техника (оның ішінде, компьютер – 3 470, ноутбук – 31 556, планшет – 772) және 35 798 мобильді байланыс модем алу үшін республикалық бюджетке сұраныс берілгенін мәлімдеді.

Қаланың бас ұстазының айтуынша, қашықтан білім алуға қажетті техникалық құралы жоқ 40 мыңға жуық оқушы анықталған. Олардың басым көпшілігінің ата-аналары жаңа оқу жылы басталғанға дейін планшет немесе интернет желісіне қосылатын қалта телефон алып беруге келіскенін айтады.

«Үкіметтің №64 қаулысына сәйкес, әлеуметтік көмекті қажет ететін 42 368 балаға 1 271 040 теңге қаржы қаралып, жаңа оқу жылында «Мектепке жол» акциясы аясында әр балаға 30 мың теңге көлемінде бір реттік көмек беріледі. Биыл мектеп формасын кимеуге рұқсат етілді. Жаңа оқу жылына дайындықты бастаған ата-аналарға айтатыным, осы қаражатты алған соң, егер балаңыздың қашықтан оқуға смартфон немесе ноутбук сынды техникалық мүмкіндіктері болмаса, алдымен балаңызға қажетті құралдарды алып беруге асықсаңыздар», дейді Жанат Арысбекқызы.

 

 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20