Таным • 27 Тамыз, 2020

Абай мен Алаштың ізі қалған көне ғимараттар қаңырап тұр

1176 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Алаштың астанасы болған Семей шаһарының көне көшелерімен күні кеше ұлы Абай жүрген, Алаштың ардақтылары Әлихан, Ахмет, Міржақыптар жүрген. Бүгінде тау тұлғалардың табаны тиген тарихи қаланың тар көшелерінде тар заманның бір ғимараты сақталса, бірі жойылып кеткен. Енді бірі қаланың қақ ортасында қаңырап бос тұр. Көненің көзіндей болып, мұражай қызметін атқарып тұрғандары да жоқ емес.

Абай мен Алаштың ізі қалған көне ғимараттар қаңырап тұр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында жариялаған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» ат­ты мақаласында «Семей өңірі – қа­зақ та­рихындағы киелі өлкенің бірі. Сон­дық­тан елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық. Осыған орай, ша­һарды әлеуметтік-экономикалық тұр­ғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени нысандарды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз. Үкіметке бұл мәселеге байланысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын», деген еді. Содан бері қан­дай жұмыстар атқарылды? Семейді тарихи орталыққа айналдыру бағытында не істелді? Жуықта тарихи шаһарға арнайы барып, зиялылардың ізі қалған көне нысандардың жағдайымен танысқан едік.

 

Семей және Смағұл Сәдуақасов

Рас, Семейге келген жұрт Абай зама­нының, Алаш кезеңінің рухын сезінгісі келеді. Сол дәуірден қалған, ішіне сыр бүк­кен ғимараттарды көргісі келеді. Мұн­дай ғимараттар Семейде баршылық. Бұл ретте Абай қорық-музейі мен «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музей-үйін ерекше атап өтуге болады. Бұдан басқа Абай заманын, Алаш қайраткерлері билік құрған уақыттың тынысын сездіретін ғимараттар да бар екен. Мұны жұрттың бірі білсе, бірі біле бермейді.

Әуелі биыл 175 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан ұлы Абай заманынан, алашордашылардан қалған тарихи орындарға аз-кем тоқталсақ.

Абай көшесінің бір тұсы «Таткрай» деп аталады. Бұл жердегі ескі үйлерді ертеде татар көпестері салған. Көпестердің қолдарында қаржы бар. Қаржы болған соң билік те болды. Ал қазақтың өмір-тіршілігі жаңа Семейде өтіп жатты. Бі­рен-сараны ғана жел қайыққа мі­ніп оң жағалауға өте-тұғын. Әлихан Бө­кей­ханның өзі Омбыдан келе сала орталықтағы шаруаларын бітіріп, арғы бетке Алаш қаласына асығатын. Қала­ның сол жағалауы ресми түрде Алаш қаласы атанғанымен, белгі болатындай ғимараттар сақталмаған екен.

Тарихи деректерге үңілсек, қазақтар сол жағалауда тұрғандықтан, Семей қа­ласы сол жылдарда Алтай аумағына өтіп кете жаздаған. 1919 жылдары ағайынды Барановтар қол жинап, көпшілік қолдап, «Семей Алтай аумағына қарайды» деген шешімді шығартып алған екен. Содан Смағұл Сәдуақасов Семейдің Ресейге кетуіне жол бермеу үшін Мәскеуге ат­танған көрінеді. Жалынды жігіт қазақ жері үшін Ленинге дейін жетіп, шешімді бұзғызған. Қабылданып кеткен шешімді бұзу оңай шаруа емес еді. Ол «Сібірде бәленбай өзен бар, бәрі орыстікі, қырғыз ағайынға бір өзенді қимайсыздар ма?» деген мағынада хат жазған көрінеді. Сөйтіп Семей қазақ елінде қалды. Өкі­нішке қарай, қалада Семейге араша түс­кен алашордашының атымен аталатын көше жоқ. Ерте ме, кеш пе, Смағұл Сәдуақасовтың атына қаладан көше беріп, қасқайтып мүсінін қою да бүгінгі қала тұрғындарының парызы болса керек.

Ал қала тарихында ерекше орын алатын көне нысандар жайында алаштанушы Мұрат Кенемолдин әңгімелеп берді.

– Қазақтар Семейдің сол жағалауында тұрғанын білесіздер. 70-80-жылдары көп қабатты панелді үйлер салына бастағанда ескі нысандар сүріліп кетті. Жалпы, бұл Заречная Слободка елді мекені 1917 жыл­ғы ақпан төңкерісіне дейін-ақ ел аузында Алаш қаласы болып аталып келген. Оған Семей қаласындағы «Қазіргі заман тарихының құжаттама орталығында» сақталған «План города Алаш утвержденный 28-ноября 1916 г.» деп аталатын ресми құжат дәлел болады. Өкінішке қарай, Алаш қаласының атауы 1927 жылдың 15 қыркүйегінде өткен Семей облыстық атқару комитеті жиынының қаулысымен Жаңасемей қаласы болып өзгертілді, – дейді М. Кенемолдин.

Алаштанушы Мұрат Кенемолдиннің айтуынша, сол кездегі Алашорда үкіметі мен облыстық қазақ комитеті, Земство басқармалары кеңселері, «Сарыарқа» газеті және «Абай» журналы редакция­лары Семейдің сол жағалауында, яғни Алаш қаласындағы Әбдірахман Жүсі­пов, Қаражан Үкібаев, Александр Еры­калов сынды дәулетті, зиялы аза­мат­­­тардың үйлерінде орналасыпты. Соны­мен қатар осы «Океан» және «Ново­стройка» базарлары аумағында бірнеше мұ­сылман бейіттері орналасқан. Тіпті бұл аумақтарда «Могильная» деген көше атауы да болған екен. Бұл көне зираттарда 1830 жылдары Алаш қаласының алғашқы іргетасын қалаушылар Тінібай Кәукенов пен Жола­ман Жандарбеков тәрізді қазақ­тың игі жақсылары жерленген.

1

 

Көненің көзі – оң жағалауда

Оң жағалаудағы ең ескі көше – қа­зіргі Абай көшесі. Мұндағы ескі ғима­раттардың көбі көненің көзіндей болып, бүгінге жеткен. Оң жағалау XIX ға­сырдың ортасында татарлар көшіп кел­ген соң ғана жаңара бастаған. Байқап қарасақ, олар салған үйлердің әлі сан ғасыр тұрары анық. Астыңғы қабаты кірпішпен жиналып, үсті бөренемен көтеріліпті. Тарихшылардың айтуынша, астыңғы қабатында жалшылары тұрса, екінші қабатында өздері тұрған. Ал балқарағайдан қиып салған бірден-бір себебі – мұндай үйде тұрып, қарағайдың ауасымен тыныстаған адам ешқашан құрт ауруымен (туберкулезбен) ауырмайды екен. Қақпалары да сол заманғы дизайнға сай қызыл кірпішпен өріліпті.

Көне көше бойында күмбезі көк ті­реп тұрған – ағайынды Мусиндердің деме­уімен көтерілген татар мешіті мен­мұндалайды. Сәл қиыстау 1850 жылдары салынған бу диірмені тұр. Тұрғындар бидайларын осында арқалап келіп, пұл төлеп, ұн тартқызыпты. Диірмен өнімді жұмыс істеп, ауқаттары артқан соң ғана мешіт салғызған.

Ескі диірменнің ғимаратын жа­қын­нан көрмек ниетте есігін бетке алып едік, қызметкері болса керек, алдымыздан ке­­се-көлденең шығып рұқсат бермеді. Қысқасы – жеке территория. Алыстан қызықтап, сыртынан таңданып қайт­тық. Кірпіштері бәз-баяғы қалпында.

Семейдің негізі, жүрегі – Ертістің бойымен созылған Абай көшесі. Көше бойындағы көне ғимараттардың көбі сақталған. Бірі дүкен, енді бірі қарапайым отбасының тұрғын үйі. Мамандардың айтуынша, қала ішіне «Абайдың жүрген жолы» деп туристік маршрут жасап, сол заманның элементтерін пайдаланып, безендіріп қойса Абай заманындағы рух сезіліп тұрар еді. Бағытты Түйемойнаққа бұрып, одан әрі Әниярдың үйі, Абайдың барған кітапханасы деп жалғастыра беруге болар еді. Әниярдың үйі бүгінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориал­дық қорық-мұражайына қарасты «Алаш
арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражай-үйі болып тұр. Ұлы ақын тоқтап жүрген екі қабатты үйде кейіннен Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатов отбасыларымен тұрғаны белгілі.

Түйемойнақ дейміз, үстінен қарағанда түйе тәріздес арал Абай заманынан бертінге дейін «Полковничий остров» аталып келген. Татарлардың сабантойы жылда осында өтіп, губернатор да осы арал­да демалған. Губернатор осында бол­­ған соң телеграф, пошта, бәрі орта­лықта еді.

 

Телеграф ғимараты тозып кеткен

Телеграф демекші, Қазақстандағы тұңғыш телеграф Семейде болғанын жұрт­тың бірі білсе, бірі білмес. 1915 жылдары бой көтерген телеграф ғимараты бү­гінде бүлінудің аз-ақ алдында тұр. Қа­­бырғасындағы мәрмәр тақтасына қа­ра­сақ, 1989 жылдан бері мемлекет қа­ра­уында көрінеді. Мемлекеттің қол қу­­сыра қарап қана отырғанынан не қа­йыр?! Жөнделмесе, қайта қалпына кел­тіріл­месе...

Бізді Найманбаев көшесіндегі тарихи телеграф ғимаратына отставкадағы полковник Әлихан Омарбеков алып барды. Қаланың ортасындағы ғимаратты қаулап өскен тал жасырып тұрғандықтан көзге көп түсе бермейді. Есігінің алдында қоқыстың қос жәшігі тұр. Жақындап суретке түсіре бергеніміз сол еді, алдынан өтіп бара жатқан қыз «неужели восстановить?» деді. Не дерімізді білмей тосылдық. Өзін Ольга деп таныстырған қала тұрғыны телеграф тарихын өлке­танушы Павел Николаевич Жуков жақсы біледі деп жөн сілтеді, телефон нөмірін берді. Хабарластық.

– 1915 жылы бой көтерген Қазақстан­дағы тұңғыш ар­найы телеграф – осы. Ғимараты өте әде­мі, үлкен еді. Кейін Лушиников есімді аза­мат құнды жәді­герлермен толтырып, мұражай етті. Өкі­нішке қарай, ол өмірден өткен соң түк қалмады. Қазіргі қалған бөлігі осы ғана. Қайта қалпына келтіру керек. Қолда бар құнды ғимараттардың бірі, – дейді жанашырлық танытқан П.Н.Жуков.

1918 жылы 20 наурызда «Алашорда» төрағасы Әлихан Бөкейханның тапсы­руымен Халел Ғаббасов автономия құ­ру жөнінде Семейден телеграф ар­қыл­ы Сталинмен келіссөз жүргізген. Сол жыл­­дың сәуірінде Ә.Бөкейхан, Ә.Ер­ме­ковтермен бірге Алаш автономиясын алу жөнінде телеграф арқылы Сталинмен тағы да сөйлескен. 1918 жыл­ғы 21 сәуір­де Халық комиссарлары кеңесі мен Ұлт істері жөніндегі комиссариатына жол­даған жеделхатында Алашорда автономиясын дереу мойындау туралы талап қояды. Бірақ жауап болмаған. Демек, алашордашылар осы телеграф арқылы байланысулары әбден мүмкін.

 

Түрмені де туристік орынға айналдыруға болады

Қолда бар дүниенің қадірін кеш бі­ліп жататынымыз шындық. Оны айтып отырғанымыз, 1870 жылдары шойын жолдың бойына салынған тарихи түр­мені де жермен-жексен етіпті. Кір­пі­шін көлікке тиеп жатқанын көзіміз көр­ді. Біле-білсек мұнда Абайдың ұлы Тұрағұл, Әлихан, Ахметтер отырған. Ке­йін тәуелсіздік жолында құрбан болған Қай­рат Рысқұлбековті де осында қама­ған.

Изоляторда он бес жыл басшы болған Әлихан Омарбеков «түрме де туристік орынға айналар еді ғой» деп өкінеді.

– Қазақстанда жүз ескі ғимарат болса, бірі осы тергеу изоляторы еді. Әрине адам жанын түрме түршіктіреді. Бірақ бұл – тарих. Мұнда талай адамның тағ­дыры қиылды. Мәди әнші: «Абақты қа­тар-қатар болады екен, Ішіне жақсы жаман толады екен» деген. Көрдіңіз бе, нақақтан нақақ қамалған жақсылар да болған. Ғимаратты сақтап қалудың жолы бар еді. Бұзылар алдында шырылдап, жазбаған жеріміз қалмады. Ақшаның дүрілдеп тұрған кезінде адам пікірін тыңдай ма?! Қала ортасы. Үй салуға, бизнеске ыңғайлы жер. Сатылды да кетті, – деп күрсінді Ә.Омарбеков сүріліп кеткен түрменің орнына қарап.

Қаншама қан төгілген, жан қиылған жерге үй соқсын, бизнес нысанын кө­тер­сін, тылсым күштің әсері болмас па екен деген үрейлі ой келетіні рас. Берлинде «Гестапо» деген болған. Ол коммунистерді ғана қинаған жоқ, не­містерді де аямады. Германия неге «Гес­тапоны» тарихтан жоқ қылып жібермеді? Өйткені ақылды халық. Ертең халықтың мәдениетке деген көзқарасы өзгереді, әл-ауқаты артады, Семейге Абай, Әлихан, Мұхтарлардың жүрген жерін көреміз деп туристер ағы­лады. Сонда «бұл жерде түрме болған» дегеннен гөрі, «бұл – түрме» десе, әлде­қайда артық еді ғой.

Аралдағы әйгілі Алькатрас түрмесіне де туристер толассыз қатынайды. Керек десеңіз, Германиядағы мыңдаған адам­ның қаны төгілген концлагерьлер де та­рихи нысанға айналған. Ал біздікі – бүл­діру, жою. Жау кеткен соң қылышты тасқа шапқандай болып аттандаймыз. Халық үніне құлақ асатын басшы болса, бүйтпес пе едік. Міне, семейлік зиялы­ларды осы мәселелер толғандырады.

Жергілікті билік Президент мақала­сындағы тапсырмаларды бұлжытпай орындайтын болса, қаңырап тұрған телеграф ғимараты да, 1875 жылы салынып, екі рет өртке оранған зооветинституттың алып ғимараты да жөнге келтірілер еді. Жаңартылмаса да сырттан келген ел санасына сіңіретін рухани сабақтастықтың орнына айналдыруға әбден болады.

 

Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,

журналист

 

СЕМЕЙ