Экономика • 27 Тамыз, 2020

Әлеуметтік-экономика саласының даму барысы қалай?

989 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы өткен жылы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын арнады. Жолдауда айтылған мәселелердің кей тұсын сарапшылар көзімен зерделеп берелік.

Әлеуметтік-экономика саласының даму барысы қалай?

Еліміздің мемлекет қайраткері Жақсыбек Құлекеев: "Соңғы бір жыл ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған мәселелерді жүзеге асыру мақсатында елімізде қоғамдық бақылау мен азаматтық еркіндікті күшейтуге, "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру аясында биліктің есеп­тілігін қамтамасыз етуге, қылмыстық заңнаманы ізгілен­діруге, Парламентте оппозицияның міндетті түрде болуын заң­дастыруға бағытталған көптеген жұмыс атқарылды. Бұл Қазақстан қоғамын одан әрі демократияландыруға бағдар алғанымыздың жарқын көрінісі. Осылайша, былтыр­ғы Жолдауда айтылған қоғамдық жаңғыруға қатысты тармақ­тардың барлығы толық іске асты", дейді ол.

Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық саладағы атқарылған істер аз еместігін де қоса кетті.

"Коронавирус пандемиясы Президент Жолдауында айтылған экономикалық бастамаларды жүзеге асыру барысына біршама түзетулер енгізді. Соның нәтижесінде елдің экономикасы мен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар бұрын-соңды болып көрмеген ауқымды сипатқа ие болды. Айталық, халықты қолдауға және бизнесті қорғауға бағытталған шаралар пакеті биыл 6 трлн теңгеден асып, ІЖӨ-нің 8,7 пайызын құрады. Ол, біріншіден, денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын нығайтуға, пандемияның таралуына қарсы жұмыстарға тікелей араласқан медицина қызметкерлерін материалдық ынталандыруға жұмсалды. Екіншіден, бизнес субъектілерінің, әсіресе шағын және орта бизнес нысандарының экономикалық белсенділігін қалпына келтіруге, жұмыссыздар қатарының көбейіп кетуіне жол бермеуге, сонымен қатар табыс көзінен айрылған азаматтарды әлеуметтік қолдауға бағытталды. 11,5 мың шағын және орта бизнес нысанына және 1,6 млн адамға кредиттік «демалыс» берілді. Бизнестің салық төлемдерін төлеу мерзімі шегерілді, 8 пайыздық жылдық мөлшерлемемен несие алуға жағдай жасалды. 4 жарым млн-ға тарта адамға екі ай көлемінде әлеуметтік төлемақы берілді, 1 млн 600 мыңға жуық адамның коммуналдық шығындары өтелді", дейді Жақсыбек Құлекеев.

Жақсыбек Құлекеевтың пікірінше, шетелдік және отандық жұмыс­шы­лардың әлеуметтік жағдайын теңелту үшін жүйелі жұмыстар қолға алынған. Шетелдік жұмыс күшін тарту процесін бақылау күшейтілді, жергілікті және шетелдік жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік қорғалуына қатысты айырмашылықтарды жоюға көңіл бөлінді. 2020 жылы шетелдік жұмыс күшіне квота 40 пайызға, яғни 49 мың адамнан 29 мыңға азайды. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде әр саладағы отандық еңбеккерлердің табысы көтерілді, еңбекақы төлеу мен әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты дискриминация бар ұжымдардағы шиеленіс деңгейі төмендегенін тілге тиек етті.

"Жалпы алғанда Президенттің экономикалық және әлеуметтік бағыттағы тапсырмалары жүзеге асты деуге негіз бар", дейді мемлекет қайраткері.