Қазақстан • 28 Тамыз, 2020

Тозақ бұлты торлағанда

979 рет
көрсетілді
43 мин
оқу үшін

Мен 1949 жылы тамызда 5-сыныптың табалдырығын аттауға дайындалып жүрдім. Ол кезде халықтың тұрмысы нашар болатын. Киім-кешек жоқтың қасы. Интернаттың балаларына қызығатынбыз. Олардың жағдайы, киім-кешегі, тамағы біздерден әлдеқайда жақсы болды. Әлі есімде, әжем мен шешем 3-4 күн басын көтере алмай жатты. Ас-ауқат та жоқтың қасы. Шамасы 50-70 грамдай етіп нанды әрқайсымызға бөліп береді. Амал не, көнесің.

Тозақ бұлты торлағанда

1949 жылы 28 тамыз күні кешке әжем маған тапсырма берді. «Балам, шешең екеу­міз қатты ауырып тұрмыз. Таңертең ер­те­рек тұр, бір қайнатым шай тауып кел. Өліп барамыз» деп, шай сұрайтын же­ті үйдің атын атады. Шай болмаса ол кісі­лер қатты қиналатын еді. «Әже, мен ол кісі­лерден осыдан 10-15 күн бұрын сұ­ра­ған­мын. Бірінде бар, екіншісінде жоқ. Бірі ренжіп береді. Екіншісі, «енді кел­ме өзімізде де жоқ» дейді», деп едім, әжем «Онда, бізді өлтір?!» деп зекіп қал­ды. Амалсыз: «Әжетай, жарайды таңер­тең барамын. Әкелемін», дедім. Түні бо­йы ұйықтай алмай шықтым. «Енді не іс­тей­мін?» деп жатырмын. Таң да ат­ты. Ша­ма­сы таңғы сағат 7 болса керек. Үй-үйді аралау басталды. Осы күні ойлап отыр­сам, нағыз қайыршы болған екен­мін. Енді не істейсің? Қалайда шай табуым керек. Сол мақсатпен тізімде жоқ бір апа­­ның үйіне кіре бергенім сол еді, тө­бе­­мізге бомба түскендей «гүрс» еткен қат­ты дауыс шықты. Сасқанымнан аула­­ға қалай жүгіріп шыққанымды да бай­­қа­май қалдым. Есік алдындағы мал қор­а­ның бір қа­бырғасы опырылып құлап түсті. Іле-шала үйден 4-5 адам жүгіріп шығып, «не болды?» деп менен сұрайды. «Біл­мей­мін» деп қысқа қайырдым. Сол сәтте ере­сек бі­реуі «Ананы қара. Тоқа тұм­сығы жа­ғына қа­раң­даршы?» деді. Қара­сақ, жер­ден қара қошқыл бұлт қою­ла­нып, дөң­ге­ле­ніп жоғары көтеріліп бара­ды. «Ол не? Ол не?» деп бір-бірінен сұ­рай­ды. Мен бір рет қарадым да, әрі қа­рай қара­­ған жоқ­пын. «Тағы соғыс бас­тал­ды-ау. Ен­ді не болады?» деп жылап жі­бер­­­дім. Әкем Сахалинде «халық жауы» деп айып­­та­лып, 10 жылға сотталып өл­ді. Ту­­ған інісі Мұсатай Ленинград қала­­сы­ның түбінде соғыста қаза тапты. Неме­ре аға­м жа­зық­сыз істі болып ол жүр. Енді өл­­ге­ні­міз ғой деген ой келді. Ол кездің бала­лары бүгінгі балалардай емес, ерте есейетін.

Есімді жиған соң қайтадан «бір қайнатым шай» сұрауға кірістім. Шамасы 2 сағаттай уақыт өткенде үш үйден аздап-аздап шай алдым. Үйге келсем, әжем «Апырым-ай, келдің бе? Бомба түсті ғой. Бекер жіберген екенмін деп есім шығып отыр едім» деді де, мені құшақтап, сүйіп-сүйіп алды.

Аудан орталығында у-шу. 3-4 сағат­тан кейін сол кездегі АҚШ-тың «Studebaker» деген машиналары қаптап кетті. Әскери адамдар пайда болды. Мен өзімше «соғыс басталған екен ғой, енді не істейміз?» деп ішім ашып, көзімнен жас парлап, кетпей қойды. Біраздан кейін халықты жинап, әскерилер митинг өткізді. Олардың қуаныштарында шек жоқ. Мен ешнәрсе түсінбедім. Біраздан кейін бір аға үйге келіп, әжем мен шешеме «Ол атом деген бомбаның сынағы екен. Қорықпаңыздар. Біз енді Америкадан да күшті болдық. Бізге ешқандай жау қауіпті емес. Шеше, қуана беріңіздер» дегені әлі есімде. Сонда әжем: «екі баламды жалмауыздар жұтты. Тұрмыс – мынау. Қашан нанға, шайға жаримыз? Құрып кетсін бомбаң. Зәремізді ұшырды ғой. Неге ескертпеген?» деп ашуланды. Әлгі ағай «Шеше, айтуға болмады ғой?» деп түсін­дірмек болып еді, әжем «Онда бәрі­мізді сенімсіздер қатарына қосып, атып тастаңдар, құрып қалғырлар», деп қатты ашуланды. Бала болсам да, бо­йымды қорқыныш биледі. Әскерилер қуанып, арақтарын ішіп мәре-сәре. Қайнардың халқында зәре жоқ. Көкейде «Енді не болады?» деген сұрақ қана бар. Осы­лайша, атом бомбасының алғаш­қы сы­нағы астан-кестеңімізді шығарды. Үкімет осы аймақтың тұрғындарын адам­­ға санамағанға ұқсады.

Осыдан бастап аспанда сынақ өте жиі ұйымдастырылып тұрды. Сынақ кезінде далаға шығып, шұңқырға жату, атом бомбасының бұлтына қарамау керек екен. Кезінде оны да ескерткен жоқ. Менің сыныптас достарым бұлт­ты қызық көріп ылғи да көз алмай қа­рап жүріпті. Алланың маған берген бір сыйы, мен сол бұлтқа қарамаушы едім. Ал үнемі қараған достарымның 80 па­йызы көзден ерте айырылды немесе соған тақау жағдайда болды. Бірақ сол 5 жылдың зардабын мен де көрдім.

1953 жылы 2-10 тамыз аралығында Абы­ралы ауданының тұрғындарын әр жерге 3-5 күнге көшірді. Тағы да шы­н­дық­ты айтқан жоқ. Қайнар – ауданның ор­­та­лығы. Әрбір үйге «Studebaker» авто­көлігін берді. Тұрғындар үй ішін мүлкімен, тіпті отындарымен бірге ала ке­темін десе де өз еркі еді. Әр отбасы мү­­шесіне (жаңа туған балаға дейін) 500 руб­ль­­ден берді. Біздің үйде немере ағам­­ның баласы 28 шілдеде туды. Атын Мей­­рам­бек деп мен қойдым. Елдің бәрі ма­ған «Ол қандай мереке?» дейтін еді. Ол бы­­лай болды. Сол жылы мен 9-сыныпты тә­мам­дадым. Радио тыңдаймын. Сонда АҚШ пен Солтүстік Корея соғысып жатыр деген хабар тараған болатын. Біздің мем­лекет Кореяға көмектесуде. «Бұл со­ғыс үлкен соғысқа айналып кете ме?» де­ген қор­қыныш болды. Осы 28 шілдеде соғыс аяқ­талды деген хабарды радиодан ести сала ініме осы атты ұсындым. Көш­­кенде сол ініме де 500 рубль берді. Мұ­­ның барлығы қып-қызыл саясат еді. Ха­­лық­­тың на­ра­зылығын туғызбаудың әдісі. Көн­гіш қа­зекем бәріне оп-оңай көне берді.

Бізді Арқалық тауының бауырына көшірді. Мен екі баламен бірігіп сиыр, қойларымызды айдап кеттік. Баламыз ғой, 15 сағатта 100 шақырымға таяу жер жүріп, түнгі сағат 1-дің кезінде бір тау­дың түбіне келдік. Алдымызда – өзен. Ат өтпей тұрып алды. Күн күркіреп, жаңбыр да құйып тұрды. Біз үйден шыққанда күн жылы болған соң көйлекшең шыққан едік. Тоңып қалдық. Бір уақытта өзеннің арғы жағынан үрген иттің үні естілді. Біз малды тастап, өзіміз аттарымызбен сол ит үрген жаққа жүрдік. Ит үрген соң, адамдардың да дауысы естіле бастады. Түннің қараңғылығы соншалықты, ештеңе көрінбейді. Арамыздағы бір бала бізден 3 жастай үлкен еді. Сол «Қо­рық­паңдар. Адамдар бар екен. Қазір жете­міз» деп айқайлады. Бір уақытта бізге өзеннің арғы жағынан бір адам атпен келіп, «Әй, кімсіңдер?» деді. Біз қуанып, «Аға, біз Қайнардан келдік», дедік. Ол кісі «Еее, балалар екенсіңдер ғой. Сонда тұра  тұрыңдар. Мен қазір келемін. Өзеннен өтетін жерді білмейсіңдер» деді. Сөйтіп ол кісі де жетті. Өзеннен өткізді.

Сөйтсек, киіз үйде, жайлауда жатқан қойшылар болып шықты. «Кімсіңдер?» деп сұрап жатыр. Мен «Нәсеннің баласымын» деп едім, апа да, аға да бір кісідей «Ойбай-ау, Әлемнің немересі екенсің ғой», деп құшақтап, бетімнен сүйді. Сонда білгенімдей, менің әжем бүкіл Абыралы ауданының құрметті анасы бо­лыпты. Біздің тамақ ішуге де шамамыз келмей, жылы төсектің ішіне кіріп қат­ты ұйықтап қалыппыз. Таңертең сағат 9-дар­да үй иелері бізді оятып, ыстық та­мақ беріп, өте жақсы күтті. Малды үй­дің жа­нына иіріп қойыпты. Оянған соң әлгі аға «Балаларым, қайнарлықтарды көрі­ніп тұрған анау таудың бауырына кө­­ші­реді. Кешке келіп қалар. Сен­дер де­ма­лыңдар», деп қонақжайлық көр­сетті. Айт­қа­нындай кешкі сағат 8-9 шама­сында ма­ши­налардың жарығы көрі­ніп, аға нұс­қаған таудың іргесіне тоқ­тай бастады. Біз ер­тесіне сағат күн­дізгі 11-ге таман бар­дық. Барлық ауыл­дасы­мызға шатыр тігіп беріпті. Әр үйге бірнеше әскери аза­мат көмек көрсетіп жүр. Далада қазан ор­натып, тамақ іс­телуде. Енді біреулер ана жерде, мына жерде қой сойып жатыр. Кешкі сағат 4-5-тің шамасында арақ ішіп, у-шу болып жатқан халық. Сөйтсек әскерилер әр ша­тырдың тұсына ке­ліп, шелек-шелек арақ-спирт таратып кете­ді екен. Біз балал­ар күндіз тауға ба­рып, бүлдірген, әр­түрлі жеміс-жидек теріп жеп, отқа жағу­ға үйді-үйімізге ар­ша әкелдік. Мен 10-сы­ныпқа көшкен жыл бо­латын. Не үшін көшіргенін әлі біл­мей­міз. Екі күн­нен кейін бір орыс пол­ков­нигі келіп, маши­наның үстінде тұ­рып «Ура! Ура! Победа. Впервые в мире ус­пеш­но про­веде­но испытание водородной бомбы», деп айғайлап тұр. Біздің қай­нар­­­лықтар да уралап жатыр. Біздер ол бом­ба­ның не екенін түсінбесек те елге қосылып, ураладық.

Қайнарға үй-ішімен бірге қайттым. Ауылға біздің машина бірінші болып кірді. Сондағы байқағанымыз – ұшқан құс жоқ, үрген иттің дауысы естілмейді. Ит-құсы түгел қырылып қалған иесіз ауыл­ға кіргендей болдық. Біздің үй орта­­лықта болатын. Үйге төрт-бес аға келді. Мен «Сіздер қашан келдіңіздер?» деп сұра­дым. Олар үндемеді. Мен түсін­б­едім. Бір жылдан кейін естідік, бом­ба­ның адамға әсерін тексеру үшін Абы­ра­лы ауданы­ның 42 коммунисі мен ком­­со­­мо­лын орталыққа алып қалыпты. Әлгі аға­лар солардың қатарында болса керек-ті.

Тұрғындар «жел Шаған, Курчатов жағына қарай соқты. Қайнарға бомбаның, радиацияның әсері шамалы болды», деп жүрді. Осылай дегендердің көпшілігі 50 жасқа толмай өмірмен қоштасты. Бір-ақ адам тірі. 87-ге келді. Есімі – Елеуғазы. Теміртауда тұрады. Денесін қотыр басып кетті. Ешбір ем қонбады. Кейінгі жылдарға дейін балаларынан бөлек тұрды. Мен ондай азаматтарды нағыз батырлар дер едім. Алайда Үкімет оларды керек те қылған жоқ. Солардың есімдерін тарихта мәңгілік қалдыру үшін суреттерін Қайнардың Тоқа тұм­сы­­ғында атомға арнап тұрғызылған ескерт­­кіштің жанына орнатса, шіркін. Ол үшін Семейден келетін жолдың Атом ес­керт­кіші жағына қақпа орнатып, сол қақпа мен ескерткіштің аралығына жол салып, оның екі жағын (арасын 20-30 метр етіп) бөлсе, бір-біріне қарама қарсы 21-ден (42) бағанға суреттерін орнатса деген ұсыныс бар. Сонымен қатар 1937-1940 жылдары «Халық жауы» деп жа­зық­сыз сотталып, Ресейдің түк­пір-түк­пірінде өмірі үзілген 10 шақты батыр­­ға да ескерткішті қоса орнатса сауап болар еді. Үкімет ол үшін әрі кетсе 50 млн теңгеге шығындалар. Сол есте болса екен.

Мен 1954 жылы 10-сыныпты бітір­геннен кейін Алматыға оқуға кел­дім. Сынақтың әсерінен сол жылы қыр­күйек­тен 1955 жылдың наурызына дейін аяқтан желкеме дейінгі 87 жерім­нен шиқан шықты. Өлім аузынан қалдым. Дәрігерлер емдеді. Одан кейін Таш­кентке оқуға барғанда 95 жерім­нен ши­қан шықты. Бағыма орай, инсти­тут­тың жанында студенттер поликлини­касы бар еді. Сонда мені бір еврей дәрі­гері емдеп, «Сынок, ты родился в ру­баш­ках. Это результат ядерных испыта­ний. Теперь ты будешь жить 100 лет» деді. Мүмкін солай болар. Алғашқыда 5 жыл Қайнарда (1949-1954 жж), кейін 1960-1974 жылдары Семейде тұрдым. Құрдастарымның көп­шілігі дүниемен ерте қоштасты. Біразы көзден айырылды.

Сутегі бомбасының сынағы өткеннен кейін қыркүйек айында Дегелең тауы­ның маңайындағы, Мыржықтың маңын­дағы, Майлықараның басындағы бүгінгі Курчатов аталып жүрген жердегі атақ­ты күйші Тәттімбеттің ауылындағы ша­руашы­лықтардың 10 мыңдай тұрғыны (Шаншар, жалықбас, байбөрі руының кедей тармағы) Абай ауданының Абай, Бірлік, Жарма ауданының Скотовод, Михайловка, Белтерек совхоздарына көшірілді. Тұрғындар кемі төрт ғасыр қоныс еткен жерлерінен айырылғылары келмегенімен, осылай болды. Ата-бабалары мәңгілік тыныстаған мекен қайтсе де ыстық қой. Бірақ Кеңес өкі­меті ондай қасиетті сезімдерді керек те қыл­ған жоқ. Көшірді. Осы кезде Қоныстан, Калинин деген жердегі жалық­бас руы­ның кемпір-шалдары «Studebaker» машиналарының астына «Біздерді Қайнарға апарып ағайын-жұртпен қош­тас­тырыңдар, әйтпесе бармаймыз», деп жатып алыпты. Жарты сөткеден кейін келісім беріп, қыркүйектің соңында (күні есімде жоқ) таңертеңгі сағат 11-де «Тоқа Тұмсығындағы жазыққа алып келіпті. Ол кезде машина, автобус жоқ. Мені әжем таңғы 6-да «Бөкетайым, тұр. Мені Тоқа Тұмсығына апар. Туыс­тарым­мен қоштасып қалайын», деді. Біз ол жерге сағат 9-дан аса келдік. Жи­нал­ған­дардың қарасы өте көп екен. Деге­лең­­нен «Studebaker» машиналары ағылып келіп жа­тыр. Бұл жазық алаң бейбіт заманда қай­ғылы алаңға айналды. Жылау, көрі­су, қоштасу. Ақтабан шұбырындыда ха­­лық­ты қалмақтар қырса, дәл сол күні Де­гелең жалықбастарын Кеңес өкі­меті­нің жендеттері қырып жатқандай көрінді.

9-сыныпты бітірген кезім. Ішім өртеніп, жылағаным әлі көз алдымда. Кеңес өкіметі абыралылықтарға, со­ның ішінде, жалықбастарға соғыс ашқан­дай сезімде болдым. Осы көш Абы­ра­лының тұрғындарына Атом бом­басының қасіретімен қатар, туыстар бір-бірінен айырылған қасіретті де ала келді. Кейін, арада 40-50 жыл өткен­нен кейін Алматыдан Семейге келдім. Таксиге отырдым. Жүргізуші жас бала екен. «Балам, қай жердің баласысың?» деп едім, «Аға, Жарма ауданының «Белтерек» совхозынанмын. Бірақ ата-бабамыз Абыралының Жалықбасы», деп жауап қайырды. «Кімнің баласысың?» деген сауалыма «Үсенбайдың», деді. «Туысқан екенсің. Қайролла деген ағаң­ды білесің бе?» дедім. «Аға, әкем ерте қайтыс болды. Ол заманда көлік қаты­насы нашар еді ғой. Туыстармен қаты­насымыз үзіліп қалды. Сіз айтып отырған ағаны білмеймін» деді. Мен мән-жайды түсіндіріп, басқа ағаларының теле­фон нөмірлерін бердім. Міне, осы­дан кейін олардың туысқандық қаты­настары жалғасыпты.

Бұл бір-ақ мысал. Сол көшкендердің көпшілігі атом, сутегі бомбалардың жарылысы кезінде сынақтың қақ ортасында болды. Тұрғындары көшіп кеткен кейбір мекендердің аттары да жоғалыпты. Жүздеген адамға атом бомбасының зардабын шеккендер ретінде көрсетілетін көмектер де берілмеді. Оған дүниежүзілік саяси картада сол зардап шеккендер тұрған елді мекен атауларының мүлде жоқ болып кетуі себеп болыпты. Зейнеткерлікке шыққандары да сондай азапты бастан өткізді. Жастары 30-40-қа жетпей қыршын кеткендер де аз емес. Олардың ұрпақтары бірін-бірі білмей­ді, танымайды. Сол заманда Мәскеу­дегі генералдардың басым көпшілігі шовинистік сезімде тәрбиеленгендер еді. Олар тарихтың не екенін түсінген жоқ. Қазақты төрт түлікке теңеді. Соның бір мысалы – мынау! Ел көлемінде өткен тоғызқұмалақ ойынының чемпио­ны, бір кездері «Білім және техника» журналының бас редакторы болған, бірнеше фильмдерді қазақшаға аудар­ған, маған орыс тілінен сабақ берген, Ілияс Жансүгіровтің туған жиені Талап­бек Сұлтанбековті институт бітірген соң 1953 жылы Қайнарға мұғалім етіп жіберіпті. Келісімен оны «военкоматқа» шақырып, Курчатовтағы генералдардың уақытша аудармашысы етіп қабылдайды. Сол ұстаз бірде: «Кезекті сынақ өткен соң тікұшақпен 4-5 генерал Дегелең тауының сай-сайын аралады. Мен бірге жүрмін. Әр сайда өртеніп жатқан түйе, жылқы, сиыр, қойлар кездесті. Бір сайдың үстінен өтіп бара жатып, шала-жансар жатқан шал мен баланы көр­дік. Адам шошитын жағдай. Мал іздеп шыққандар болар деп түйдім. Сынақ­тың болатынын оларға ескертпеген ғой. Арамыздағы генералдардың бірі әлгі шал мен баланы көріп, телефонмен штабқа хабарласты. Ондай да байланыстары бар екен. Ана жақтан жауап саңқылдап тұр. Үлкен бастық болар, «Расстрелять» дегенін анық естідім. Көзімнен жас ытқып шықты. Қасымдағы бір генерал пистолетін суырып алып: «Прекрати истерику, скотина», деді. Амалсыз, ішімнен жылап, көз жасымды әрең тыйдым. «Осы оқиға туралы 50 жыл ешкімге айт­пайсың», деп менен ант алды. Міне, елу жыл өтті. Бөке, саған ғана айтып отырмын», деп ағынан жарылды.

Айта берсе, Мәскеудің жасаған қор­лық­тарында шек жоқ. Осы жары­лыста­р­дан кейін қазақ халқы атом бомба­сының сынағын тоқтату жөнінде бас көтере бастады. Абыралының аудан­дық атқару комитеті төрағасының орынба­сары Болат Жүнісұлы Жәкішев (1939-1993 ж.) бастаған делегация 1986 жылы қаңтар-ақпан айларының бірінде бұрынғы Семей облысының атынан сол кездегі КСРО министрлер кеңесінің төрағасы Николай Иванович Рыжковтың қабылдауында болды. Мәселе біреу – атом бомбасының сына­ғын тоқтатып, Абыралыны қайта құру қажет! Мұны айтып отырған себебім, атом бомбасының сынағынан зардап шеккен талай елді мекен бар. Бірақ, соның арасында Абыралыдай зардап шеккені жоқ. Патша және Кеңес өкіметі тұсында осы Абыралы халықтың да, төрт түліктің де саны жағынан күллі қазақ даласындағы алдыңғы қатардағы болыс, кейін аудан болған еді. Оны таратпауға болды. Сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әсенов пен аудандық атқару комитетінің төрағасы Хамза Байболатовтың аузынан былай деп естідім: «Ауданның 30 пайыз жер көлемін әскерилер алғанмен, 70 пайызы ол жерден алыс орналасқан еді. Абыралының өз тіршілігін жалғас­тыруына толық мүмкіндігі бар-тұғын. Алайда оның тарауына қазақтың ру­шыл­дығы себеп болды. Сол кездегі об­лыс­тық атқару комитетінің төрағасы, Баян­ауылдың азаматы Хасенов әсер етіпті. Оның туыстары 1937-1940 жылдары Абыралының бірінші хатшысынан бастап, көпшілік басқарушы орындарда (баянауылдықтар) болыпты. Сол туыстары кейін «халық жауы» ретінде сотталған көрінеді. Соны ұмытпаған Хасенов ауданды тараттырамын», деп ашық айтыпты. Шындығына келгенде, ол ағаларымыздың сотталуына абыралылықтардың еш қатысы болған жоқ. Қарқаралыдан келген Кайгородцев дегеннің ісі бұл. Ол баянауылдықтарды ғана емес, Абыралының 40-тан астам тұрғынының обалына қалған адам болатын. Біразын (арасында баянауылдықтар да бар) сол кездегі облыстық партия ко­ми­­тетінің бөлім бастығы Рахмет Жо­та­баев аға арнаулы комиссияны бас­қар­ған кезінде олардың заңсыз соттал­ғанын дә­лел­деп, ақтап алды. Ал сотталып, қайтып келмеген, Сахалинде өлген­дердің арасында менің әкем Нәсен де болды.

Ақыры, айтқанын істеп, Хасенов об­лыс­тық комитеттің бюросында Абыралы ауданын тараттырды. Оның шаруа­шы­лықтарын басқа жерге көшір­мей, сол ауданның өзге жерлеріне орналас­ты­ру мүмкіндігі де болды. Ендігі күні бұл ауданның бұрынғы жерлерін өзіне қай­тарып беріп, әлі де ауыл шаруашы­лығы шал­қыған үлкен аудан жасау қажет-ақ. Ке­ле­шекте солай болады деген сенім бар.

Атом бомбасының сынағын тоқтату­ды абыралылықтар бастағаннан кейін Олжас Сүлейменов «Невада-Семей» деген қоғам құрды. 1987 жылы бұрынғы Семей облысына бірінші хатшы болып Кешірім Бозтаев келді. Олар жалға­ған күрестер туралы Бозтаевтың кітабын­дағы деректерге де тоқталған жөн болар.

Дегелең тауының астында үлкен лабо­ратория-қала салынған. Сол заман­ның үздік құрал-аспаптарымен, су жаңа жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Осы арқылы жарылыс кезінде секундына 500 мың кадр суретке түсіріліпті. Сол суреттерде жарылыс кезі айқын көрінеді. Мәселен, сутегі бомбасы сыналады деп, біздердің басқа жаққа көшірілген кезімізде Семей аэродромынан ауыр бомба тастайтын ұшақ ұшып шығады. Оның соңынан қорғаушы ұшақтар да ұшады. Жерде бұйрық беретін пультте офицер отыр. Самолеттен белгі келіп, бомбаның жарылуына 3 минут қалған сәт. 16 шақырым биіктіктен бомба жерге қарай құлдилады. Сол кезде экранды аппақ бұлт жауып кетті. Бірер секунд өткеннен кейін диаметрі 16 шақырымға жететін қап-қара саңырауқұлақ сияқты бұлт пайда бола бастады. Жерде оның екпіндете шыққан жойқын толқыны от болып жанып, жолдағыны көзді ашып жұмғанша жоқ қылып барады. Диктор: «Орталықтан 9 шақырым жердегі кірпіш үйлердің талқаны шықты. Жоғарғы қабаттағы қойлар өлді, бірінші қабаттағылары жарақаттанды. Сегіз шақырым жердегі малдар өлді, күйіп қалды. Далада самолеттер жанып жатыр», деп айғайлап тұр.

Жеті шақырым жердегі өндіріс ғи­мараттары да талқандалды. Алты тұр­ғын үй үгітіліп, үйіндіге айналды. Сал­ма­ғы ондаған тоннаны құрайтын 5 танкті сырт жаққа лақтырып жіберді. Тастан қа­­ла­нған 4 үш қабатты үйдің бөл­шек-бөл­шегі бір шақырым жерге жетті. Жа­р­ы­лыс эпицентріне таяу ауда­н­дағы өз­герістер: «Жердің беті қақ айырылып, то­пырақ та орнынан жыл­жы­ған. Маңа­йын­дағы­лардың барлығы жо­йыл­ған. Тоннель­дер қираған. Метро тәріз­ді­лері аман. Бұл жер­дегі төрт түлікке көп зия­ны тимеген. 3 шақырым жердегі темір­­бетонды үйлер бүлінбеген. Эпи­центр­ден 19 ша­қы­рым жердегі макет қала то­лы­ғы­мен тал­қандалған. Баспалдақтары жо­ғ­а­рыға байлап қойғандай, асылып жатыр».

Сынақ жасалған кезде толқынның жолында болған 120-220 шақырым жер­лер­дегі осы көріністер туралы фильм­ді Кешірім Бозтаев үш рет көріпті. Ел қо­ныстанған жерлерде үйлердің терезелері сынып, шатырларын ұшырып әкетіпті. Полигонның зиянды екендігін, оны қалай да жабу қажеттігін тұңғыш көтерген абыралылықтарды ең бірінші болып қолдаған – 1987 жылы бұрынғы Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған Кешірім Бозтаев болатын. Онымен таласушылар да бар. Тіпті, «Ол ешқандай мәселе көтере алған жоқ» деп әр жерде жария­лаушылар да табылды. Бірақ, өмірден осы күрестің кесірінен ерте кеткен К.Боз­таевтың орыс тілінде жазылған «Семи­палатинский полигон» атты кітабында көрсетілген деректерді өтірік деп айта алмаймыз. Енді соған көшейік.

1987 жылы ақпан айында екі рет сынақ жүргізілгеннен кейін К.Боз­таев Семей облыстық партия комитеті­нің бюросында КОКП ОК-не шифрлы телеграмма дайындайды. Сол кезде­гі Қа­зақстан Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­пен келісіп, шифрлы телеграмманы М.Горбачевтің атына жіберіпті. Онда:

«КОКП ОК Семейдің маңайындағы ядролық полигонындағы сынақ туралы.

Семей облыстық партия комитеті мынаны хабарлайды. 1949 жылдан бері 340 мың халқы бар Семей қаласына таяу жерде ядролық сынақ жасалуда. Алғашқыда жер бетінде, ал 1963 жылдан бастап жердің астында сынақ жұмыстары жүргізілуде. Қазір 40 жыл өткеннен кейін жағдай өзгерді. Бұл өңірде халықтың саны 3 есе артты. Малдың саны бірнеше рет көбейді. Осыған қарамай жылына 12-14 рет сынақ жүргізілуде. Оның халық шаруашылығына зияны молынан. Әсіресе, халықты қамтамасыз етіп отырған ішетін су құдықтары жабылып қалуда. Тұрғын үйлер құлап, қауіпті жағдайлар туғызуда. Жердің көпшілігі жарылған. Ол жерлерден сыртқа газ шы­ғуда. 1987 жылы Семей арқылы саға­тына 350-450 микрорентген газ жер астынан шыққан. 12 ақпаннан кейін полигонның сыртындағы елді жерлерде радиацияның мөлшері сағатына 4 000 рентгенге жеткен. Желдің бағыты радиацияны Семей қаласынан басқа да жерлерге, Семей-21 мен Шағанға да жеткізді.

Осындай қауіпті жағдайлардан кейін Семей полигоны маңайындағы халық үлкен наразылық танытуда. Сол себепті Семей облыстық партия комитеті КОКП ОК-нен сынақты уақытша тоқтатуды, болмаса сынақ санын азайтуды сұрайды», деп жазылған.

Міне, бұл көп жылдар азап шегіп келе жатқан дала халқының талабы болатын. Көп кешікпей Олжас Сүлейменов «Не­вада-Семей» қозғалысын басқарды. Бұл қозғалыс Семей полигонындағы сы­нақ­­тарды тоқтату керек деген ұран көтерді. Осы тұста Кешірім Бозтаевтың мы­на жаз­ғанын қаз-қалпында бере кетейін:

«Эта телеграмма прозвучала тугим набатным звоном беды и тревоги, это был голос пострадавщей степи. А вскоре раздался призыв Олжаса Сулей­менова к организованному движению за прекращение ядерных испытаний на Семипалатинском полигоне. Я имею в виду известное выступление поэта 28 февраля (1987 г.) по Казахскому телевидению. Жизнь всегда находит исполнителей своей миротворческой природы. Одним из них посчастливилось стать мне».

К.Бозтаевтың Кремльге Облыстық пар­тия комитетінің бюросы атынан жі­берген тұңғыш ресми құжат еді бұл. Желтоқсан қозғалысының алауы сөн­беген, Мәскеудің жүйкесі жұқарып тұр­ған кезде осындай шешімге тек қана ердің ері ғана бел байлай алды. Сол ер – Кеші­рім болды. Оның еңбегін жоқ­қа шыға­­рып «Ол кезде Обком ондай қадам­ға бара алмайды. Ол өтірік» деген де сөздерді естігенбіз. Ондай кеуде батыр адамдарға жараспайды.

Екі күннен кейін К.Бозтаевқа сол кездегі Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Г.Колбин қоңырау шалып, былай депті: «Ваша телеграмма попала к Михаилу Сергеевичу. У Горбачева состоялся разговор с Министром обороны Д.Т.Язевым, который заявил, что К.Бозтаев нагнетает обстановку, поли­гон чистый – нет оснований для бес­по­койства». Осы күннен бастап К.Боз­таевқа бейресми шабуылдар басталыпты. К.Бозтаевқа сол кездегі Курчатов қала­лық партия комитетінің бірінші хатшысы Сафронов, қалалық атқару комитетінің төрағасы Чайковский былай депті: «Әскери өндіріс кешенінің кабинетінде: «Бозтаев генералдарға шабуыл жасаған тұңғыш адам, ол өте қауіпті адам».

Мәскеуге телеграмма 1987 жылы 20 ақпан­да жіберілген еді. Ол тұста К.Боз­таев облыстағы бірінші хатшылыққа кел­геніне небәрі он шақты күн ғана бол­­ған-тын. 28 ақпанда Мемлекеттік ко­мис­сия келеді. Оның құрамында КСРО Ми­нистрлер кеңесінің жанындағы әскери өндіріс кешені комиссиясы төрағасының орынбасары – комиссияның төрағасы В.Букатов, Атом энергетикасы және өн­дірісі министрінің орынбасары, ядро­лық қаруды жасау мен оны сынайтын істерді басқарушы В.Михайлов, КСРО Қорғаныс министрлігінің 12-ші бас бас­қармасының бастығы, ядро­лық қару­­ды жасау және оны сынау жұмыс­та­­рын басқарушы, генерал-полковник В.Ге­расимов, КСРО Мемлекеттік таби­ғат ко­митеті төрағасының орынбасары А.Дадаян, КОКП ОК-нің Қорғаныс өн­­ді­­рі­сі бөлімінің жауапты қызметкері В.Стре­­х­­­нин, КСРО Денсаулық сақтау ми­нистрі­­­нің 3-ші бас басқармасының бас­ты­ғы, КСРО Денсаулық сақтау министр­лі­гі­­­нің жабық мекемелерін басқарушы Е.Шуль­­женко, КСРО Медицина ғылымы ака­­де­­­мия­сының академигі Л.Булгаков болды.

Бұл – полигон пайда болғаннан бері бі­рін­­ші рет құрылған комиссия еді. Ко­миссия мүшелері полигонда екі күн жұ­мыс істеді. Оларды ұжымдар­ға апарып, ха­лықпен кездесулер ұйымдасты­рылды. Кейін наурыз айында облыстық партия ко­митетінің бюросында комиссия мү­ше­лерінің қатынасуымен Бюро өтеді. Сон­дағы сөйлегендердің сөздерінің стено­грам­мада жазылғанынан үзінді келтірейік:

– К.Бозтаев: «Семей облысы «Б» кате­гориясына кірмеген. Жеңілдік немесе зиянды жағдайларды болдырмауға қатыс­ты жағдайлар жасалған жоқ. 40 жыл бойы болмады. Енді бәле пайда бол­ғаннан кейін естеріңе түсті. Газ Шағанда сыртқа шығып кетті. Оған кім жауап береді?».

– Б.Гусев: «13 ақпанда Семей-Шаған бағытында бір сағаттай суретке түсіру жұмысы жүргізілді. Сол кезде Шағанға дейінгі 40 шақырым жерде сағатына дозаның мөлшері 500-600-ден 2 000-ға дейін жетті».

– В.Бутаков: «Комиссияның шешімі бойынша бұл заңды мөлшердің 3 пайызы ғана болды».

– К.Бозтаев: «Семей облысы сіз айтып отырған зонаға жатпайды».

– В.Михайлов: «Мен Невадада болдым. Сынақты бірге өткіздік. Олар бұл қаруды әрі қарай жетілдіруді қызу жүргізіп жатыр. Ал біз болсақ біресе мораторий жариялап, полигонның үнін өшіруді немесе сынақты тіпті тоқтатуды ұсынамыз. Ал Америка ядролық қаруын әрі қарай сынауда. Полигонды жапсақ – аме­рикалықтар жаппайды», дей келіп, газ­ды сыртқа шығармауға қатысты жаса­лып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бірақ газдың бәрібір бір жерден тесіп шы­ғатынын айтып, оның зияны жоқ деді.

– А.Еременко: «Әңгіме мені қанағат­тан­­дырмады. Комиссия мүшелері өзде­рін қорғауда. Сіз өз адамдарыңыздан сұ­ра­­ңыздар. Неге олар нұсқауларыңызға сіл­­тейді? Жылына12-14 рет сынақ жүр­гізу­дің өзі-ақ айтып тұрған жоқ па? 12 ақ­пан­да 14 апатты жағдай орын алды. Жы­лу орындары істен шықты. Канал құ­быр­лары залалданды. Құдықтар жабыл­ып қалуда. Адамдарға да, жерге де демалыс беру керек. Полигонды жауып, сынақ алаңын басқа жерге ауыстыру қажет».

– К.Бозтаев: «Полигонды жабу тура­лы бағытымыз өзгермейді. Бұл біздің соң­­ғы талабымыз. 40 жыл бойы адам­дар­­­дың денсаулығына тиген зиянды қал­­­пы­на келтіру үшін ешкімге ешқандай кө­мек көр­­сетілген емес. Осы мәселелерді КОКП ОК-нің алдына қойып, шешу керек».

Комиссия ешқандай шешім қабыл­даған жоқ. Тек қана сынақтың санын азайтуды белгіледі. Полигонды жабу үшін күрес әлі де 2,5 жыл жүрді.

1989 жылы 21 сәуірде 50 килотоннадай қуаты бар ядролық сынақ жасалды. Ол біздің халықтың қарсылығына берген жауаптары болатын. Қыркүйек айында КОКП ОК қаулы дайындап, Семей об­комының ұсынысын қабылдамай, жы­лына 14-18 рет сынақ жүргізіп, поли­гонды жабу, сынақты тоқтатуды 1995 жылы 1 қаңтарға белгілепті. Соны есті­ген соң К.Бозтаев тағы да бюро шақырып, М.Горбачевтің атына та­ғы да хат дайындап, полигон туралы толық деректерді келтіреді. Енді бұл жер­ді жабуды Семей облысы ғана емес, ШҚО, Қарағанды, Павлодар облыстары, Алматы қаласы, РСФСР-дың Алтай өлкесінің қалалары талап ететінін жеткізді. Сонымен қатар халықтың 40 жыл бойы көрген зиянының орнын толтыру үшін өтемақыны толығымен төлеуді жаңадан қабылданғалы жатқан КОКП-ның қаулысында нақты көрсетуді талап етті. «28 қыркүйекте М.Горбачев бұл мәселені Зайков, Язов, Баклановқа қайтадан қарап шығуды тапсырды. Зайков полигондағы сынақты 1993 жылы 1 қаңтарда тоқтатуға келісіп, «Одан бері болмайды. Біз Америкадан көп қа­лып қойдық», деді. Мен оған келісім бер­медім. Полигонды тез арада жабу керек дедім», дейді Кешірім Бозтаев.

Полигонның жабылуы Курчатов қаласында қызмет атқарып жүргендерге пай­далы емес еді. Олар қаланың хал­қына, обкомға, әсіресе К.Бозтаевқа, оны қолдаушы О.Сүлейменовке қарсы КОКП ОК-не хат жіберіп, полигонды жабуға қарсылықтарын білдірді. Толып жатқан шабуылдар туралы Бозтаев былай депті:

«Объектом нападения со стороны ВПК, жителей Курчатова стали Олжас Сулей­менов и Я. Но Олжас Омарович твор­ческий работник, личность свободная, к тому же в силу того, что живет в Алма-Ате или в Москве, несколько отстранен от ставших ежедневными стрессовых ситуаций.

Мне же было труднее приходилось принимать на себя бурю нападок, которое надо было выдерживать или отражать...».

Полигонды жабуға үлкен көмек көр­сеткен академик, атом бомбасы сала­сының маманы Мелихов болды. Ол – дүниежүзі мойындаған ғалым. Поли­гонға екі рет келіп, маңайын­дағы халық­пен кездесіп, сынақты тоқтату­дың қа­жет­­т­ілігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, М.Гор­­бачевке хат жазып поли­гонды жабу­дың маңыздылығын мойындаған.

Сонымен 1989 жылға жоспарланған сынақтар саны 18-ден 7-ге дейін азайды. Табанды күрестің жемісі – осы! Мәскеуде комиссия құрылып, әскери қолбасшылар: «Полигонды жабуды шығарып жүрген мынау адам», деп К.Бозтаевты сұқ саусағымен көрсетіп, «Бұл сауатсыздық. Мемлекетке жасалып отырған қастандық», дегенге дейін бар­ған. КОКП-ның қаулысын дайындайтын комиссияға қатысқан В.Малининге (Семей обкомының өкілі) былай депті: «Вы ничего не понимаете, ваши требования не имеют под собой оснований. Они направлены на подрыв оборонной мощи страны. Вам вообще не положено вникать в наши дела. Мы должны золотыми буквами начертать создателей ядерного оружия. И выразительно тыкнул на меня пальцем закончил (генерал-полковник Герасимов) словами... черными имена его похоронников. Признаться я почувствовал себя очень неуютно. Но еще более яростные нападки следовали в адрес К.Бозтаева. Они говорили: «Откуда взялся этот самозванец, забросали нас письмами, протестами».

Осыдан кейін Мәскеудің газет-журналдары, телеарналары К.Бозтаевты жамандаған «Полигонды жабу: «Отанды сатқан», деген сыңайдағы  мақалаларын бүр­ге, қандалалар сияқты құрттай қайнатты.

Ақырында Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев полигонды жабу туралы Жарлыққа қол қойды.

Сынақтың халыққа зиянын зерттеп жүрген жас ғалым Балмаханов бастаған экспедицияның 1958 жылы дайындаған мынадай деректері бар:

«Экспедиция выявила ранее неизвестный своеобразный: комплекс патологических симптомов, который характеризовался астеническим состоянием, анемией, лекопенией, лимфоцитозами и лимфопециями, нарушениями кожи и другими специфическими заболеваниями. Новый сиптомокомплекс был оценон как результат острого и хронического лучевого воздействия в реальных условиях ядерных взрывов. Эти симптомы фиксировались у 50-60 процентов обследованного населения. Новая для региона болезнь была названа «Синдром Кайнара» – по имени села Кайнар, где оказались найбольшее число таких пос­традавших. Это была лучевая болезнь».

Кешірім Бозтаевтың кітабы туралы ел басшылары, атақты партия қыз­мет­ке­рлерінің көпшілігі білмеуі мүмкін. Ол заман­дағы адамдардың 90 пайызы о дү­­ниелік болып кетті. Оның үсті­не, Ке­ңес үкіметі кезінде де, одан кейін­гі 30 жыл­дың мұғдарында да батыр Ке­шірім Боз­таевты ешкімнің еске алғы­лары келмеді. Елге кеңінен танымал кей­бір қай­рат­керлер оның атын шығар­са, өздері­нің есімдері көмескіленіп қала­тындай көреді.

Айналайындар! Бұл тажалға қарсы күресті Кеңес өкіметі заманында қорқып, ешкім бастай алмады. Оны бастаған Кешірім Бозтаев екенін Семейде әркім біледі әрі айтады да. Ол өз қызмет бабы­на зиян келетінін біле тұра, осындай ер­лік­ке барып, (Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып келгеніне 10-12-ақ күн болғанына қара­мастан) жұмысын осы күрестен бастады. «Өзі жоқтың көзі жоқ» демей, оның есі­мін енді ел көлемінде мақтаныш көруіміз керек. Семей қаласында оған арнап ескерткіш орнатылса да дұрыс болар еді.

Мен осы сынақтардың әсерінен сыныптас достардың 95 пайызынан 40-60 жыл бұрын айырылып қалдым. Оларды қол­дан жасалған тажал алып кетті.

Алла соғыстың бетін аулақ қылсын! Бола қалған жағдайда атом бомбасы да көмектеспейді. Полигонның жер астында бірнеше қала, тоннель, метро бар депті К.Бозтаев. Оны біздер толы­­­ғы­мен білуіміз керек. Әскери­лер­дің қарамағындағы жер­лерді халық­­­қа қайтарып, Абыралы ауданын қайта­дан қалпына келтіру қажет. Ол мал шаруашылығы дамитын келе­шегі зор аудан орталығы бола алады. Мемлекеттің есебінен шаруашылықтар ашса, қаладағы жұмыссыздар туған өлкелеріне қайтып оралар еді. Бас-аяғы 4-5 жылдан кейін сол аудан мемлекеттен ештеңе алмай-ақ өзін-өзі асырай алады. Керісінше, көл-көсір пайдасын да береді.

Дүние жүзін жайпап жатқан індетке ие бола ал­май жатқан кезде көтеріп отыр­ған мәсе­ле­лерінің ешбір қисыны жоқ» дер­сіздер. Ал мен коронавирусты Семей полигонынан зардап шеккен аудандардың, соның ішінде абыралылықтардың қасіретінен артық қорқыныш деп санамаймын. Сынақ өткеннен кейін ертеңінен бастап туберкулезбен (ол кезде емі жоқ болатын) екінің бірі ауырды. Ракқа әр 3-4 адамның бірі шалдығып жатты. «Көп иттің» бірі – бронхитпен ауыр­ды тұрғындар. Мен осы «итпен» ауыр­ғаныма 67 жылдың жүзі болды. Балма­х­анов көрсеткен аурулар­дың салдары­нан Семей, Қарағанды, Павлодар, Шы­ғыс Қазақстан және басқа облыстар­да бірнеше мыңдаған адам өмірімен қош­тасты. Ауданда болмаған жағдай тір­келіп, күніне 15-20 адам өліп жатты. Еш­кім оны есептеген жоқ. Әлі де жылы­на мыңдаған адам сол сынақтардың кесірі­нен қырылып жатыр десек, өтірік емес. Бірақ ешқандай есеп жүргізілмейді. Қазір­гі пневмонияңыз да сол кезде пайда бол­ды (бұл жаңа ауру емес).

Сондықтан мен көтеріп отырған мәселе пандемиядан бір мысқал кем емес. 

 

Болатбек НӘСЕНОВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор