Көрші жатқан Ху халқы ең алдымен Тәңірқұттың жақсы көретін тұлпарын сұрайды. Береді. Одан соң сүйікті әйелін сұрайды. Береді. Бір күні шекарада жатқан жерін сұрайды, сонда Тәңірқұт ашуланып атқа қонады. Қосын бастап барып хулардың шаңырағын ортасына түсіріп, жерлерін тартып алады. Қытай дерегі олардың әдет заңында ұрлық қылғандардың бала-шағасы мен мал-мүлкі тәркіленеді, жеңіл қылмыс жасағандардың толарсағы шағылады, ауыр қылмыс жасағандар өлім жазасына кесіледі дей келіп, бұл елде абақтыға түсетіндер санаулы ғана дейді. Ғұн, түркі заманында мемлекет және жекенің мүлкіне қол салғандардың бетін тілетін болған. Қазақта «бетің тілінгір» деген содан қалған.
Түркі заманында ата-бабаларымыз өздерінің елдік мұраттары туралы толғайды. Олардан қалған Күлтегін ескерткішінде негізгі конституциялық құндылықтар тасқа қашап жазылған. Ондағы ең негізгі ұғым «Ел» (мемлекет) және бұдұн (халық) екені бірден көзге түседі. «Аз елді көп қылу, кедей елді бай қылу», «түркі халқы үшін ісін, күшін беру», мемлекеттің қауіпсіздігі үшін «күндіз отырмау, түнде ұйықтамау» олардың басты ұстанымы болған. «Заманына қарай заңы, тоғайына қарай аңы» демекші, бұл сол кездің деңгейінде жазылған құндылықтар десек те, ол бүгінгі таңда да өз маңызын жойған жоқ. Демек қазақ – өз дәстүрінде заңнамалық тарихы болған халық.
Енді міне, жаңа, заманауи Қазақстанның жалпы халық болып қабылдаған Ата Заңына да 25 жыл толып отыр. 1991 жылы қабылдаған «Мемлекеттік тəуелсіздік туралы» Конституциялық заңда еліміздің толық тәуелсіздігі жарияланды. Ақ түйенің қарны жарылды. Конституция берген құқықтар негізінде тəуелсіз мемлекетке тəн элементтер: біртұтас, азаматтық, аумақтық дербестік, мемлекет органдарының дербес жүйесі, тəуелсіз мемлекет мəртебесіне сəйкес дербес экономикалық жүйе, жеке қарулы күштер пайда болды. Осы күннен бастап Елбасы Қазақстанды демократиялы, нарықтық ел ретінде құруға бел шеше кірісті. Әлемдік тәжірибелерді жинақтай отырып, Конституцияға негізделген көптеген заң қабылданды. Шекарамызды шегендеп, астананы Арқа төсіне – еліміздің орталық аймағына көшірді. «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім», деп Махамбет ақын толғағандай, бір қарағанда бұл ата-бабаларымыздың мың жылдық аңсаған арманы еді. Астананың Арқа төсіне ауысуы арқылы ел өмірінде үш үлкен өзгеріс орын алды: бірінші, мемлекет құрушы ұлт ‒ қазақ халқының және бүкіл қазақстандықтардың бірлігі нығайды; екінші, мемлекет шекарасының бүкіл периметрі бойынша центрге тартқыш күші пайда болды; үшінші, елдің орталық және оған көрші аймақтарының тез дамуына серпін берілді. Бұл үдерістер Елбасын дүние жүзіне батыл әрі жасампаз шешім қабылдай алатын көшбасшы ретінде танытты. Мұндай шешім бізге Ата Заң берген ең негізгі құқықтардан туындайды. Осылайша, ұзақ уақытқа созылған отарлық бұғаудан соң Қазақ елі өз еркімен астанасын орнықтырды. Күлтегін ескерткішінде жазылғандай, Тәңір қаласа, бұл қазақтың «Мәңгілік Ел тұтып отыратын жеріне» айналды.
Жиырма жылдан аса уақыт бедерінде еліміздің астанасы бұрынғы жай ғана облыс орталығынан миллионнан көп тұрғыны бар сәулетті қалаға өзгерді. Дегенмен оны одан әрі гүлдендіру, әлемге әйгілі абат-байтаққа айналдыру бүгінгі және болашақ ұрпақтың қажыр-қайратына байланысты. Қазірдің өзінде ол өзінің жағрапиялық жайғасымы арқылы еуразиялық кеңістіктегі транзиттік әуе дәлізіне айналып келеді. Бұл – қуанарлық жағдай. Келешекте оның Дешті қыпшақтың нағыз жұлдызды, қаласы болуына барлық алғышарттар бар.
Дешті Қыпшақ даласы – шығыстағы Моңғол даласымен қоса байырғы көшпенділер өркениетінің бесігі. Ол туралы ерте, ортағасырлық және жаңа заманғы саяхатшылар тамсана жазған. Даланың кеңдігі, табиғи ерекшелігі, онда болып өткен түрлі тарихи оқиғалар танымдық туризмді дамытуға сұранып тұр. Өкінішке қарай, біз астанамыз жайғасқан осынау әлемге әйгілі қонысты кеңінен насихаттай алмай отырмыз. Сөз реті келгенде айта кетейік. Насихаттау – ол шетелдік әйгілі әншілерді, әртістерді шақырып шоу жасау емес, терең танымдық тұрғыдан, елдің экономикасына септігі тиетіндей, табыс табатындай жобаларды ойластыру. Келешекте қала Қарағанды-Көкшетау, Ерейментау-Атбасар және Қорғалжын бағытына қарай қанатын кеңге жаяды. Сол кезде Бурабай, Ұлытау, Қарқаралы, Баянауыл ‒ осы төрт тауды жоғары сапалы жолдар арқылы Нұр-Сұлтанмен байланыстырып, қазақтың дәстүрлі мәдениет кешенін қалыптастырсақ, бұл Қазақстанды және оның астанасын әлемге паш ететін ғажайып жоба болар еді.
Ата Заңда еліміздің басты байлығы оның халқы делінген. Ендеше, даму тұрғысынан ірі қалалармен ғана тоқтап қалмай, алыста, сусыз иенде, шекаралық шет аймақтарда жатқан ауылдарды да естен шығармаған жөн. БҰҰ-ның есебі бойынша 2050 жылы Қазақстан халқының саны 24 миллионнан асады деп күтілуде. Бұл, әрине көңіл көншітетін сан емес. Біздің еліміздің жиынтық қуатына әсер ететін басты фактор – халық санының аздығы мен жер аумағының кеңдігі арасындағы кері байланыс. Бұл кері байланысты болдырмау үшін халық санын еселеп арттырмай болмайды. Тәуелсіздік ала сала, ел Үкіметі халық санының ішкі өсіміне маңыз берумен бірге, сырттағы ағайындарды да елге шақырды. Бұл Елбасының тікелей бастамасымен жүзеге асты. Ең әуелі «Көші-қон туралы» Заң қабылданды. Нәтижесінде, тәуелсіздік алған 30 жылға таяу уақыт бедерінде елімізге миллионнан аса қандасымыз көшіп келді. Бұл ағайындар еліміздегі ішкі өсіммен қоса демографиялық жағдайдың жақсаруына игі ықпал етті. Алдағы уақытта сырттағы ағайындардың елге оралуына жағдай жасау еліміздің басты стратегиялық саясаты болып қала бермек. Ендеше, сырттағы ағайындар да сергек болып, ұрпағының тағдырын ерте бастан ойлайтын уақыт жетті. Күлтегін бітік тасында айтылғандай, қазақ халқы: «Аштықта тоқтықты түсінбедің, бір тойсаң ашықпайтындай болдың... жер-жерге бардың, содан әбден шаршадың. Жер-жерде қаңғып өлімші болдың», жер жүзіне тарыдай шашылдың. «Тәңірінің жарылқағаны үшін», «өзіміздің құтымыз, бағымыз болғандығы» үшін қайтадан Ел болып, еңсе көтердік. Енді ту түбінде тұратын уақыт келді. Жеріміз кең, халқымыз аз болғандықтан, бізге көз сұғын қадайтындар көп, әрине. Сол түркі заманындағы геосаяси жағдай қандай болса, әлі де сондай. Осындай ұлан-ғайыр жерге ие болып отыру үшін лықсыған халық керек. Атам қазақ «көп қорқытады, терең батырады», дейді. Тарихи тәжірибелерден алынған толғауы тоқсан терең сөз. Мұны әр қазақ жадында ұстап, басы өсіп, барқадар тапқан іргелі Ел болу үшін атсалысуы керек. Ендеше, әр отбасында бесік тербеткен жас келіндер көбеймей, елдің көсегесі көгермейді. Тәрбие тал бесіктен дегендей, білім саласында жас ұрпақты келешекке дайындаудың толық механизмі болса дейміз. Біздің ұрпақ әуелі қазақы тәрбие алуы тиіс. Ұлтты ұлт ететін үлкен ұлағат – дәстүрлі тәрбие. Ата-бабадан сіңген тәлім-тәрбиені өзек еткен, ұлттық болмысы қалыпқа құйғандай, заманауи, дамыған Қазақстан болсақ мұртымызды балта шаппайды. Сол кезде еткен еңбегіміздің, төккен теріміздің қайырымы болады.
Рас, Тәуелсіздік ұлтымызды жаңа сапалық деңгейге көтерді. Соның арқасында біз қазіргі таңда бұрынғы кеңестік кезеңдегі ұлттық болмысымыздан мүлде өзгердік. Бүгіннің талабы бізді тәуелсіздікке лайық заманауи ұлт болуға міндеттейді. Біздің ұғымымыздағы заманауи ұлт ‒ дені сау, рухани бай, иманды, кәсіби білікті, дәстүрге берік ұлт. Сонда ғана біз әлемдегі озық елдердің қатарынан орын ала аламыз. Дегенмен біздің бойымызда заманауи ұлт болуға кері әсерін тигізетін жағымсыз жайттар да жоқ емес. Қазақ халқы бұрыннан келе жатқан сол кереғар әдеттерінен арылмай, еңсесін тік ұстамай, бір-біріне жанашыр болмай өзгелерге үлгі бола алмайды. Жер өзіміздікі, ел өзіміздікі десек те, ұмтылмай, сана сергек болмай мемлекетімізді нығайта алмаймыз. Уақыт бізге тәуелсіздікке жету қандай қиын болса, оны ұстап тұрудың одан да қиын екенін көрсетті. «Аянбаған жауды алар, абайлаған дауды алар», дегендей, Елбасының ұлтаралық саясаты, халықаралық қатынастағы шеберлігі елімізді күрделі кезеңдерден аман-есен алып шықты. Оның сарабдал саясатының арқасында еліміздегі билік транзиті еш тербеліссіз жүзеге асты. Сол арқылы елімізде билік сабақтастығы пайда болып, бұдан бұрын қабылданған шешімдер мен іргелі бағдарламалар өз жалғасын тапты. Үкімет қызметінде ешқандай тосын қиындықтар туындамады. Президент Қ.Тоқаев қызметіне кірісерде оң қолын Конституцияға қойып тұрып, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Конституциямызды және еліміздің заңдарын қатаң сақтауға ант берді. Бұл бір көңіл толқытар сәт еді. Өйткені бәріміз де сол Конституцияның саясында өмір сүріп келеміз. Толқысақ, жалпы халық болып қабылдаған сол Конституция үшін, оның абырой-беделі үшін толқыдық. Келешекте де оның осылай құрметтелуін, ешкімнің де одан биік болмауын тіледік.
Президенттік қызметіне кіріскеннен кейін Қ.Тоқаев бірден жаңа бастамаларымен көзге түсті. Бұл – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру, жаңа экономикалық және саяси реформалар, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы. Президент өзінің алғашқы Жолдауында заманауи тиімді мемлекет құру, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі, сондай-ақ аймақтар мәселесі жайлы айтты. Өзінің сайлауалды бағдарламасының негізі болған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтай отырып, жүйелі реформалар жүргізетініне сенім білдіріп, еліміздің дамуының жаңа сапалы кезеңіне шығу мүмкіндігі туралы сөз қозғады. Президент көп жағдайда азаматтарымыз орталық және жергілікті органдар басшыларының құлықсыздығы мен бейқамдығына байланысты Президентке жүгінуге мәжбүр болады, сол себепті Президент Әкімшілігінде азаматтардан келіп түскен өтініштерді мемлекеттік органдардың сапалы қарауын қадағалап, жедел шаралар қабылдайтын бөлім құрылғанын атап өтті. Бұл ретте Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы заңы мен Ар-намыс кодексінің талаптарын күшейту, мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру бәрінен маңызды. Мұнда басты талап, Президент атап көрсеткендей, халықпен кері байланыс болуы тиіс. Мемлекеттік жергілікті аппараттардың қызмет тәсілін өзгертіп, оларға «мемлекет қызметкері» деген сөз «халықтың қызметкері» деген сөз екенін ұғындыру керек. Далиған, бірін-бірі қайталайтын мемлекеттік органдарды және ондағы қызметшілердің санын ықшамдап, есесіне жаңа, білікті, мемлекет пен халыққа адал қызмет ететін ұтқыр қосынды дайындаған тиімді.
Сонымен бірге жоғарыдан төменге дейін жайылған, барлық саланы қамтыған сыбайлас жемқорлықпен тегеуірінді күрес жүргізбей халықтың сеніміне кіру қиын. Сол үшін нақты қадам ретінде экономикалық салада мемлекет қаражатын беталды талан-таражыға салуға жол бермейтін ақылды технологияларды да іске қосқан жөн. Дегенмен қандай технология болса да, ол имани тәлім-тәрбиенің орнын баса алмайды. Әрбір мемлекеттік қызметкер мемлекет пен халық алдында ғана емес, Алланың және ардың алдында да ант беруі тиіс. Халыққа шекеден қарап, қарапайым адамдарды менсінбейтіндерді, құлқынның, нәпсінің құлдарын билікке жолатуға болмайды. Сол себепті, мемлекет қызметкерлерін моралдық-этикалық, имани тұрғыдан бағалайтын тетіктер керек-ақ.
«Халық айтса, қалт айтпайды» дегендей, әркез халықтың пікірімен санасу, халық үніне де құлақ түру керек. Президент бұған айырықша басымдық беруде. Біздің ұғымымыздағы халық ‒ елдегі зиялы қауым өкілдерінен бастап, түрлі кәсіп иелері, мамандар, шаруалар, жастар. Олар шетінен жасампаз, іскер және жаңашыл. Тек қана оларға назар аудару, қолдау жетіспейді. Конфуцзы халық мемлекетке, патшаға бағынса, патша да халқына қайырымды болуы керек, сонда ғана елде «Ұлы бірлік» орнайды деген. Мұндай тағылым біздің ата-бабаларымыздың тарихында да кездеседі. Ерте заманда қағандар, күнбилер соғыстан, саяттан түскен олжаны жауынгерлеріне тең бөліп беріп отырған немесе олардың өз тапқандарын өзіне қалдырып отырған. Сондай жағдайда ғана олардың белсенділігі пайда болып, мемлекеттің қуаты, бірлігі артып отырған. Егер бұлай етпегенде, даланы мекендеген халықтар қара көңіл болып, жай-жайына бытырап кетер еді. Ондай елді басқалар оңай жаулап алатын немесе халқы басқаларға құл болатын. Белгілі мағынадан алғанда бүгін де билік – қоғамдық тәртіпті, байлықты ұйымдастырушы, мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуының кепілі. Сондықтан мемлекет халықтың еңбек етуіне шарт-жағдай жаратуы, шаруаларға жеңілдікпен қолдау жасауы тиіс. Ешкімнің мемлекет есебінен ұрттап ішіп, шайқап төгуіне, ерекшеленуіне жол беруге болмайды. Мемлекеттің және Конституцияның беделін қорғайтын басты тетік – сот әділдігі. Халқымызда «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген мақал бар. Бұл жердегі «Тура би» бүгінгі сот жүйесі. Ендеше, қандай сот болса да егер ол әділдік жағында тұрса Конституция мен мемлекеттің, Президенттің беделін қорғаған болады. Сондықтан халқымыз «әділет қылышы кескен қол ауырмас», «әділ істің арты игі», дейді.
Бүгінгі таңда мемлекеттердің әлемдік рейтингінде қоғамның ашықтығы, сөз және баспасөз еркіндігі басты критерий ретінде қаралады. Әрине, абсолютті еркіндік ешбір елде жоқ. Солай десек те, «пікірталас – шындықтың анасы», түрлі ұсыныс-пікірлердің ашық айтылуы қоғамды дұрыс жолмен дамытудың және қателіктерден сақтанудың бірден-бір кепілі. Бүгінгі азаматтық қоғамды былай қойғанда, ертедегі күнбилер мен қағандар, хандар да солай істеген. Бұрындары хан алдында қасқайып сөйлейтіндер, ақырып теңдік сұрайтындар болған. Қазақ мұндайда «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деген. Бұл дәстүрлі қазақ қоғамында демократиялық құндылықтардың әлдеқашан орын тепкенін көрсетеді. Қазақ халқы – ертеден өзінің дала демократиясының арқасында сайын сахарада емін-еркін, бұла өскен халық. Сол дәстүрлі мемлекеттік басқару жүйесінің арқасында атамыз қазақ осы күнге тұтас ұлт ретінде жетті. Сөйтіп, ұлт өзінің артықшылықтарын сәулелендіре алды. Біз айтқан сол дала заңының мазмұнында осы күнгі Конституциямыздың түпкі қағидаттары орын тепкен. Ендеше, біз келешекте де бүгінгі Ата Заңымыздың күш-қуатымен заманауи әрі дәстүрге берік ұлт ретінде өзіміздің жаңа мемлекетімізді әлемге паш етеміз.
Тұрсынхан ЗӘКЕН,
тарих ғылымдарының докторы,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры