29 Қазан, 2013

Абыз аға, аңыз аға, Мұзаға

740 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

(Ұстаз туралы эссе)

...Сұрапыл соғыс аяқталысымен жер-жер­ден білім аңсап ақбас Алатау аясына орна­лас­қан әсем қала Алматыға ентелеп келген едік. Елуінші жылдардың бас жағы. Қазақ жоға­ры оқу орнының қара шаңырағы санала­тын ҚазПИ-­дің тіл-әдебиет бөлімін ойдағы­дай тәмам­­дағандар тобында Серік Қирабаев, Ғафу Қай­ыр­­беков, Шәмшиябану Сәтбаева, Айқын Нұр­қа­тов, Баламер Сахариев, тағы басқалар бол­­ды. Бұл аты аталғандар менің курстас доста­рым еді.

Жоғары білім ордасының дипломын алы­­сымен-ақ: «Ендігі тағдырымыз қалай болар екен? Қайда бармақпыз? Қандай қарекетпен айналыспақпыз?», – деген сауал көкейлерімізде сайрап тұрған-ды. Көптеген түлектер республиканың түк­пір-түкпіріне жол тартып, ұстаздық маман­дығымен айналыса бастады. Әлгі аты аталғандар ғылыми жұмыстарын жалғастырса, кейбіріміз журналистика саласына жұмылдық.

– Әй, Мыңбай, сен ертең біздің редакцияға кел! – деді бір күні Жұбан Молдағалиев.

(Ұстаз туралы эссе)

...Сұрапыл соғыс аяқталысымен жер-жер­ден білім аңсап ақбас Алатау аясына орна­лас­қан әсем қала Алматыға ентелеп келген едік. Елуінші жылдардың бас жағы. Қазақ жоға­ры оқу орнының қара шаңырағы санала­тын ҚазПИ-­дің тіл-әдебиет бөлімін ойдағы­дай тәмам­­дағандар тобында Серік Қирабаев, Ғафу Қай­ыр­­беков, Шәмшиябану Сәтбаева, Айқын Нұр­қа­тов, Баламер Сахариев, тағы басқалар бол­­ды. Бұл аты аталғандар менің курстас доста­рым еді.

Жоғары білім ордасының дипломын алы­­сымен-ақ: «Ендігі тағдырымыз қалай болар екен? Қайда бармақпыз? Қандай қарекетпен айналыспақпыз?», – деген сауал көкейлерімізде сайрап тұрған-ды. Көптеген түлектер республиканың түк­пір-түкпіріне жол тартып, ұстаздық маман­дығымен айналыса бастады. Әлгі аты аталғандар ғылыми жұмыстарын жалғастырса, кейбіріміз журналистика саласына жұмылдық.

– Әй, Мыңбай, сен ертең біздің редакцияға кел! – деді бір күні Жұбан Молдағалиев.

Жерден жеті қоян тапқандай қуанып кеттім. Жұбекең көзілдірікті, сырттай қарағанда түсі суықтау болатын. Мені өзімен бірге ертіп «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы Абай Бейсенбаевтың кабинетіне алып келді.

– Әбеке, әнеукүнгі айтқан жігітіміз. Аты – Мыңбай, әкесі – Рәш, – деді.

Сұңғақ бойлы, келбеті келіскен Әбекең маған тікелей қарады:

– Әдеби қызметкер боласың, келісесің бе?

– Келісемін!

– Ендеше, ертең таңертеңнен бастап келетін бол, – деді бас редактор сөзін қысқа қайырып. Мен Кәкімжан Қазыбаев, Сапар Байжановтармен бірге қызмет істей бастадым. Екеуі де бөлім меңгерушілері екен. Өлеңдері басылымдарда жиі жарияланып жүрген Жұбан ағамыз бас редактордың орынбасары көрінеді.

Кешікпей Жұбекең жаңадан шыққан «Қазақ әдебиетіне» қызметке ауысқанда мен әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалдым. Редакциямыз – қазіргі Абылай хан даңғылының бойындағы ғимараттың үшінші қабатында-тұғын. «Социалистік Қазақстан» газеті мен ҚазТАГ бізбен көршілес ғимаратта.

Біздің редакциямен қатарлас бөлмелерде «Қазақстан пионері» газеті мен «Пионер» журналы болатын. Танымал ақын Мұзафар Әлімбаев «Пионер» журналының поэзия бөліміне, жазушы Мұқан Иманжанов проза бөліміне жетекшілік етеді екен. Серік Қирабаев – редактор.

Соғыстан аман-есен оралған ақындар: Қалижан Бекхожин, Ха­мит Ерғалиев, Жұмағали Саин, Жұбан Мол­да­ғалиевтар легінде Мұзафар Әлімбаев есі­мін де жиі естіп, жазғандарына көз суарып жүргенбіз.

– Ассалаумағалейкүм! – деп сәлем бердім.

– Уағалейкүмассалам, сен кім боласың? – деп Мұзағаң таңырқай қарады.

– Мен Мыңбай Рәшевпін. «Лениншіл жас­тың» әдебиет бөліміне қызметке алындым...

– Бәрекелді, дұрыс болған екен, – деп күлімсірей қарап қойды ол.

...Иә, қайран мезгіл шапшаңдығы-ай десейші, Мұзағаңмен тұңғыш жолығып, танысқаныма содан бері тұп-тура 60 жылдың жүзі болыпты-ау. Оның тура ордабұзар оты­зындағы кезі екен. Шот маңдайлы, қаршы­ға қанатындай түксиген қою қара қасты, тома­ғасын суырғаннан-ақ төңірегін тінткілей, қырқа қарайтын қыран жанарындай қырағы көздерінен қайраты ұшқындаған ағамыз майдангер ақын Мұзафар Әлімбаевтың қарсы алдында қаздиып тұрған едім.

– Отыр! – деп орындықты нұсқады.

Мен өз қолтаңбасы, ерекшелігі бар қысқа қайырымды ойлы-күйлі өлеңдері газет-жур­нал­дарда жиі басылып жүрген ақынмен сұх­бат­тасқаныма айрықша қуаныш сезіміне бөленген едім.

– Қасым Аманжоловтың құрастыруымен таяуда жарыққа шыққан «Жастық жыры» кітабындағы өлеңдеріңді оқыдым. Аяқ алысың жаман емес, кәні, қандай бұйымтайың бар, ұялмай айта бер! – деді Мұзағаң.

Мен газетпен шиыршықтаулы үш өлеңімді ұсындым.

– Бірер аптадан соң жолығарсың, – деді ол әлгі өлеңдерімді үстелінің оң жақ шетіндегі жуан папкаға тоғытып жатып.

Мұзағаң өлең жазумен ғана шектелмей, әдебиеттің барлық жанрларын қамтитын: жаңылтпаш, жұмбақ, ертегі, тақпақтар, мысал дейсіз бе... Жазбайтыны жоқ. Оның қолынан туған ән мәтіндерінің өзі жүзден астам. Оны айтасыз-ау, «Өрнекті сөз – ортақ қазына» деген көлемді монографиялық кітабын, «Мар­жан сөз» аталатын мақал-мәтелдерді қамти­тын бір томдығы шыққанын білеміз. Ол – өзі де көптеген мақал-мәтелдердің авторы. Қып-қысқа, бас-аяғы екі жолдан тұратын, жеткін­шектерге арнай айтылған: «Басталған істі тастасаң, Алмайсың жеміс ешқашан», деген нақыл өлеңінің өзінде қанша тәрбиелік мән жатыр! Ынжық, еріншек болма, ерінбей еңбек ет деп тұр емес пе.

Мұзафар Әлімбаев хақында «Қазақ көркем­­сөзінің шеберлері» деген кітапта (2010 ж.) әдебиет зерттеушісі Нұрдәулет Ақыш ақын­ның, әсіресе, балдырғандарды ойландырып, тәрбиелеуге арналған туындыларынан дәлел­дер келтіре пікір өрбіткен. Солардың біразын тілге тиек етелік енді:

«Көбелек бір – гүл де бір,

Қызыл-жасыл күллі өңір.

Аспан төрі ақша бұлт

Бау-бақшада барша жұрт

...Бұл қай кезде болады?

*   *   *

Бір дегенім – бір таяқ,

Екі дегенім – екі аяқ.

Үш дегенім – үшкір тіс,

Төрт дегенім – төрт бұрыш.

...Сан білмеген айта ма?

Санамақты қайтала!

*   *   *

Жаңылтпаш

Жаңылтпас.

Жаңылар аңғырт жас.

Сөзіне салғырт бас.

Балдай саналатын бала тіліне орай, тап басып айта білген, ойландырар, толғандырар өнегесі мол өлең жолдары осылай өрілсе керек. Асылы, ақиық ақынымыз Мұзафар Әлімбаев шығармашылығына арнап көлемді моногра­фиялық еңбек жазылса құба-құп болар еді.

Әдетте, айтылып жүрген «бесаспап» тір­кесінен де бір аспабы асып түскен Мұз­ағаң­ның өзге де қырлары көп. Әзіл-оспақтың да майталманы, сықақшы-сатирик десе де болады. Қадыр Мырзалиев, Әнуарбек Дүйсенбиев, Қабдікәрім Ыдырысов, Тұманбай Молдағалиев, Сұлтан Қалиев, олардың қатарында өзім де бармын, тағы да есімдері аталмаған біраз адам... Бәріміз Мұзафар ақынның шәкірттері саналамыз.

Менен жеті жас үлкендігіне қарамастан, Мұзағаң екеуміз оңашада орайы келгенде қалжыңмен қағыса, әзілдесіп те қоятын едік. Ертеректе «Социалистік Қазақстан» газетінде менің «Алысқа – Марсқа» деген фантастикалық поэмамнан үзінді жарық көрді. Сол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактордың орынбасары болып істейтін ақын ағамыз маған қарап күліп жіберді.

– Неге күлесіз, Мұзаға? – дедім.

– Саған арнап екі жол ода жаздым!..

– Кәні, оқыңызшы.

Жердің үстін тауысқан

Марс жаққа ауысқан! Ха-ха! – деді ол.

Екі ғана жолда езу тартқызар сатира оты лапылдап тұр ғой.

– Мен де жаздым сізге, Мұзаға! – дедім.

– Кәні, сен де сілте.

Мен арнайы әні бар, мәтіні жұртқа тарап кеткен Мұзағаңның өз бидайын өзіне қуырып:

«Өзің де жігіт қызықсың»

Тәртіпті тағы бұзыпсың.

«Сүйемін» деген бір сөзді

Санаңнан мүлде сызыпсың.

Батылдау егер болмасаң

Сырыңды қайдан қыз ұқсын!» – дедім.

– Әу, мынауың пародия болып шығыпты ғой, сықақтарыңды суыртпақтай бер, бірақ мазмұнға бай, ойнақы, күлкілі болу жағын ұмытпа!– деп кеңес берді.

– Құп болады, «Мәлім» аға! – деп генерал алдында тұрған солдаттай сіресе қалдым.

«Мәлім» дейтінім, кейбір кездерде Мұзағаң өз аты мен әкесінің атын қысқарта қосақтап қол қоя салатын. Бүркеншік аты десе де болады.

– Сізге арнап және бір әзіл жаздым, – деп ем.

– Кәні, оқышы, – деді тағы да Мұзағаң.

Көздің майын ағызған

Айнымайды – абыздан.

Тұла бойы жаралған

Жыр-дастан мен аңыздан.

Мақалдары – мың отар,

Мәтіндері – жүз отар.

Қалжыңдары – құз, қатпар,

Өзіміздің Мұзафар

Төпей берсе осылай

Жасын жүзге ұзартар!

«Социалистік Қазақстан» газетінің 1974 жылдың 4 сәуіріндегі санында басылып шығып, «Кең өріс» айдарымен берілген байқаудың бас жүлдесіне ие болған менің жас шопандар жайлы жазылған «Бастау» аталатын дастаныма алғашқылардың бірі болып пікір білдірген де Мұзағам екенін ешқашан естен шығармақ емеспін.

Мұзафар Әлімбаев өлеңдері төрт аяғы тең түскен тұрпаты басқа, бояуы қанық, айтары анық, сезіміңді селт еткізер, көзіңді мөлт еткізер, жүректі тебірентер, тұла бойыңды емірентер өз алдына бөлек бір ақындық арқа­уы, шалқыған шабыт-шалқары бар екені күмәнсіз. Оған мана тілімізге оралған отыз­дағы ордабұзар шағында жазған ондаған туындыларының өзі-ақ дәлел:

Тумайды жұртын ақын жылатуға,

Туады жүректерді нұрлантуға.

Өлеңін орамал ғып өтеді олар

Көз жасын адамзаттың құрғатуға.

Айнымас ол – әділдік баласы да,

Қыңбайды күншілдердің таласына.

Жүрегін көпір етіп төсейді ақын:

«Жетсін, – деп жұртым бақыт жағасына!»

Шығандай шың басына шығады өнер,

Шын ақын екі туып, бір-ақ өлер.

Алдында әр заманның, әр ұрпақтың

Құламай тіккен туы тұра берер.

Ақиық қаламгер «Ақын» деген өлеңінде ақынның қоғамда қандай орын алатынын, оның елі үшін еңіреп, жанын пида етуге де әзір екенін поэзия тілімен жеткізе білген. Ал, енді туған анасы Зейнепке арнаған өлеңін оқып көрейік.

Жеңбейді сенен өзге ұйқы кімді,

Түн бақтың күзетші етіп кірпігіңді.

Балбырап бесігімде уілдесем,

Күлімдеп, қабағыңа күлкі кірді.

Ойға алсам өкінемін дүркін-дүркін.

...Көрмедің, көрмедің-ау, әттең шіркін...

Иыққа іліп оттан жамылғыны,

Жүгірдім оқ ішінде дауыл күні.

Елімді өртке бермей, өжеттендім,

Сондағы көрмедің-ау сары ұлыңды.

...Қимадым анам, сені қара жерге,

Қоятын орын таппай бар әлемде –

Өзіңе жүрегімді зират еттім,

Ескірмес ескерткішің қалды өлеңде.

Міне, анаға деген баласының кіршіксіз махаббаты. Тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп дүниеге әкеліп, ақ сүтін емізіп, аялап өсірген, түн ұйқысын төрт бөлген анасы бақилық болғанда көз жасын көлдете төккен ақынның ағынан жарыла айтқан сыры.

Табиғат тақырыбын туындатқан ақын тебіренісі нәзік лирикалық жыр жолдарымен жүрек қылын шертеді. Сұлулық, ғажайып тіршілік атаулының сиқырлы суреттерін көр­кемсөзбен кестелейді. Өлең жолдарын оқи бастағаннан-ақ бозторғай үнін тыңдап құмарт­қан оқырман құмарынан бір шыққандай көңіл күйін кешеді. Нағыз ақын бейнелі сөзімен тіршілік тамашасын көз алдыңа қыл қаламнан туған суреттей айнытпай алып келеді.

Таң ата алакеуімде

Бозторғай – дала бұлбұлы,

Ләззатын сыйлап көңілге

Тынбайды нәзік шырылы.

Басындай ғана бармақтың

Әуеге өзін ілуі-ай!

Ұшында екі қанаттың

Балапан толқын дірілі-ай!

Өңештің кеңі не керек

Өкірген сайын кеңейген?!

Сыбызғы күй де керемет

Төгілген қылдай көмейден.

«Сыбаға-сыйың алда көп,

Самалын есіп, таң атты.

Ерте оян, қапы қалма!» деп

Шырылдап тұрған сияқты.

Мұзағаң ертеректе жазған әнге арналған мәтіндер ойлы, мазмұндылығымен, ойнақылығымен, сұлулығымен, көркемдік кестесімен ерекшеленеді. Мұндай мәтіндер әйгілі әншілер мен талантты сазгерлердің қолына түскендіктен де шығар, әуе толқыны мен сахналардың мәні мен сәніне айналып кететінін құлақпен естіп, көзбен көріп жүрміз.

Жасырып-жабары жоқ, кейінгі кездері әрі сөзін, әрі әнін шығарғыш «бесаспаптар» бейберекет көбейіп кетті, жүрек қылын қозғамайтын даурықпа әнсымақтар мен мәтінсымақтар жауын құртындай жыбырлап жөнелгеннен-ақ зықың қашады.

Ертеректегі әндердің ерекшелігі неде? Осы сауалға айтар жауап – талғам биік дәрежеде болатын. Мәтін – Жазушылар одағында немесе арнайы көркемдік кеңестерде, сазы Композиторлар одағында сүзгіден өткеннен соң ғана орындау құқығына ие болатын. Мәтіндерді нағыз ақындар, әнді нағыз кәсіби композиторлар жазатын. Бүгінгідей көзсіз еркіндікті сөзсіз ерепейсіздікпен әсте ұштас­тырмайтын. Біз сөз етіп отырған Мұзағаңның мәтіндері Еспаев, Қалдаяқов, Мұхамеджанов, Бейсеуов іспетті танымал сазгерлердің қолдарына тиісімен-ақ тыңдарман көкейіне жол тартып жататын.

Мысалға Мұзағаң жазған екі ән хақында сөз етелік. Біріншісі, әнін Шәмші Қалдаяқов жазған «Ақмаңдайлым». Бұл әннің шығу тарихы туралы кезінде өзі де сазгер, жазушы Ілия Жақанов әуе толқынынан әлденеше рет музыкалы хабар жүргізгенін білеміз.

Мұзағаң ән мәтінін әуелі Қалдаяқовқа береді. Ол көп ұзамай-ақ жаңа ән әуенін нотаға түсіреді.

– Кім орындар екен? – деген сауал мазалайды енді.

– Жығылсақ нардан жығылайық, Мұзаға, әнді Роза Бағланованың дауысына лайықтап жаздым, – дейді Шәмші.

Екеуі әйгілі әншімен телефон арқылы хабарласады.

– Әу, мен мұндай сазгерді білмеуші ем, – деп күмілжігендей болады басында Роза.

– Тыңдап көріңіз, ән сізге ұнауы сөзсіз, – дейді Мұзағаң.

– Онда келе беріңіздер, көрелік...

Роза Бағланова пианинода Шәмші орын­даған алғашқы сәттен-ақ жаңа әнді қатты ұнатып:

– Қайта орындашы! – деп өтінеді.

Мұзағаңның мәтінін қолына алып ыңылдап көрісімен-ақ, әуендете жөнеледі.

– Мынау ғажап ән екен, сөзі де келісті, кешікпей айтатын боламын! – деп, Роза Бағланованың көзі бал-бұл жайнап кетеді.

Көк майса Алатаудың бөктерінде

Гүл тердік жастық шақтың көктемінде.

Алдымнан арманымдай жарқ етіп ең

Қолымды жеткізгендей көкте күнге.

Айналдым, ақмаңдайлым,

Ақылдым, бал таңдайлым.

Жалында жас дәуренде,

Ұялма: «Жан сәулем!» де –

Жақсылықтың жоқ сәулем, ерте-кеші,

Жадырашы, назданшы, еркелеші.

Дүниеге ғажап ән келді. Орындаушысы – Роза Бағланова.

Сазгер – Шәмші Қалдаяқов. Бұл ән тек Қазақ­стан ғана емес, жер жаһанның жиын жай­лары сахнасында саңқылдап, сансыз көр­ер­мендердің махаббаттарын маздатты, сүйге­ні­не деген сиқырлы сезім сәулелеріне шомылдырды.

Мұзағаң жазған мәтіндер мәнді де сәнді, сәулелі де сиқырлы суретімен баурап алады. Сондықтан да болар, бұл іспеттес өлеңдер қолдарына түсісімен-ақ сазгерлер әндерін қолма-қол қиналмай шығарады.

Өзінің кір жуып, кіндік кескен жерін жырына қоспаған ақын кемде-кем шығар. Соның бірі ғана емес, бірегейі де Мұзағаң. Кереку өңіріндегі Шарбақты ауданына қарасты Маралды ауылында осыдан 90 жыл бұрын дүние есігін «іңгәлап» ашқан Мұзафар есімді сәби бүгінде жасы 90-ға жетіп, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанып, тәуелсіз елінің тарланына айналып отыр. Том-том кітаптары жарыққа шыққан Әлімбаев шығармаларын тамсана оқып, тәнті болмаған оқырман кемде-кем. Оның мәтініне жазылған әндерін әуендете шырқап, мақалдары мен мәтелдерін ауыздарынан тастамай айтумен жүрген пенделер қаншама десеңізші. Ақынның әнін аққу сазгер Әсет Бейсеуов жазған «Маралдым» әні де алтын қорға кіргелі қашан.

Мұзағаңның Қадыр бастаған шәкірттерін жоғарыда сөз еттік қой. Ол үнемі шалғай шеттегі ауыл-аймақтардан да шәкірт іздеп отыруды әдетіне айналдырған еді. Адырбек Сопыбеков, Әли Ысқабаев, марқұм болған: Мүбәрәк Жаманбалинов, Есентай Ерботин, Асқаржан Сәрсеков және басқалар балалар әдебиетін өркендетуге өз үлестерін қосқан қаламгерлер-тұғын. Белгілі балалар жазушысы Сұлтан Қалиев ертеректе Мәскеуде білім жетілдірген бас редакторлар сапында болғанда: «Мұзафар ағамызға бізден сәлем айта барыңыз!» – деп әзербайжан жазушылары Гусеин Габбасзаде, Тофих Махмудов, грузин жазушысы Леш Кашели, өзге де Өзбекстан, Қырғызстаннан, көптеген елдерден келген балалар жазушыларының өтініш білдіргенін есіне алады. Яғни, Мұзағаң – әу бастан-ақ өз шығармаларымен төңіректің төрт бұрышына танылған қаламгер.

Мұзағаң әлем классиктері мен көршілес елдер шайырларының шығармаларын қазақшаға тәржімалауда да талмай еңбектенді. Әлем елдерінің мақал-мәтелдерін жеке том етіп тәржімалап бастырды.

Мен бұл мақаламда Мұзағаңның сан салалы шығармашылығына толық тоқталуды мақсат еткем жоқ. Кейбіреулері жайлы ғана айттым. Таяу арада ғана Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасына қарасты орталық аурухананың 2-терапия бөлімшесінің 18-палатасында емделіп жатқан ақиық ақынымыздың денсаулығын сұрай барып сәлемдескен едім. Жеке палатада, жеңгей қасында екен. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпес», дегендей, жеңешеміз сол жайдары қалпында. Мұзағаңның «оққағары» секілді қарсы кереу­етте жылыұшырай қабылдап:

– Қайным, сені де көретін күн болады екен! – деп күлімсірей қарады.

Ал Мұзағаң болса – өңі сұлық. Қанша жылдардан бері үйінен қадам аттап шықпай, сырқыраған тізенің тақсыретін тартқандығы байқалып-ақ тұр. Жас кезіндегі жайнап тұра­тын бет әлпеті көмескі тартқан. Қаршыға қана­тындай қара қасын ақ қырау шалып, маңдай әжімдері тереңдеген. Көңіл күйі де түсіңкілеу көрінді. Біраз сұхбаттастық. Кетерде:

– Мұзаға, бүгінгі қаламгер жеткіншектерге айтар тілегіңіз бар ма? – деп сауал қойдым.

Ол оқыс қойылған сауалға сәл ойланып, маған бажырая қарады. Сөйтті де, қар­сы алдындағы шағын да аласа журнал үстелінің үстіндегі қаламын алып, мына сөздер­ді маржандай етіп тізді: «Жас ақындар ізденім­паздыққа құштар болсын. Іздену жолы – қиын жол. Шығармашылықта, ізденісте ешқа­шан шалдығуды білмесін... Қазанның 5-жұл­дызы. Мұзафар Әлімбаев, халық жазушысы».

Мен аяулы ұстазым Мұзағаңа арнап бір шумақ өлең жазып қалдырып кеттім:

Абыз аға, аңыз аға, Мұзаға,

Тоқсаныңды тойламақпыз біз, аға.

Сағымданар жүз жылдықтың төбесі,

Соған дейін шалғайларға ұзама!

Осы тілегім тілек!

Мыңбай РӘШ.

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар

Қала көркіне айналмақ эко-парк

Экология • Бүгін, 13:23