28 Тамыз, 2020

Қазақстандықтар шағын және орта бизнеске инвестиция сала алады

392 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

АХҚО қатысушысы «iKapitalist» ШОБ үшін 12 айға 150 млн теңге көлеміндегі облигацияның алғашқы орналастырылуын хабарлайды.

Қазақстандықтар шағын және орта бизнеске инвестиция сала алады

«Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушысы – iKapitalist инвестициялық және заемдық краудфандингтік платформасы. Аталған платформа шағын және орта бизнеске жеке және заңды тұлғалардан инвестиция тартуға және қарыз алуға көмектеседі, яғни шағын және орта бизнестің биржасы деуге болады.  2019 жылы АХҚО посткеңестік елдерде алғаш болып краудфандинг үшін реттеу ережелерін қабылдады. Аталған ережелер елде осындай краудфандингтік компанияның құрылуына түрткі болды. Бұл осы саладағы Қазақстандағы алғашқы компания.

«Қазақстандық кәсіпкерлер үшін жеке инвесторлардан тікелей қаржы тарту мүмкіндіктерін ұсынамыз. Сонымен қатар кез келген қазақстандық енді жоғары пайыздық табыспен инвестиция құя алады. Платформамызда сіздерді күтеміз!», - дейді iKapitalist платформасының Бас атқарушы директоры Нұрбек Раев. 

iKapitalist платформасы арқылы қаражат тарту үшін бизнес мына талаптарға сай болуы керек: компания кемі 12 айдан бері жұмыс істеп жатқан болуы; табысы жылына 60 млн теңгеден кем болмауы керек. Платформаның Бас атқарушы директоры Нұрбек Раевтың айтуынша, шағын және орта бизнес осы платформа арқылы негізінен мына үш мақсатқа қаражат тарта алады: бизнесті дамыту; айналым капиталын толтыру және келісімшартты орындау.

Жалпы, шағын және орта бизнес үшін қаражат тапшылығы үлкен мәселелердің бірі. Банктер қарыз беру үшін кепілзат сұрайды. Ал iKapitalist платформасына шығу үшін кепілзат қою керек емес. Талаптары да жеңіл. Ірі биржаларда аудиторлық есепті қатаң бақылайтыны да анық. Көбіне отбасылық бизнес саналатын шағын және орта бизнес субъектілері үшін аталған алаң үлкен мүмкіндік.

Инвесторларға келер болсақ, кез келген қазақстандық азамат немесе компания платформадағы шағын және орта бизнеске қаражат құя алады. Жеке тұлғалар үшін минималды көлем 300 мың теңге. Егер банктерге салынған депозит айына теңгемен 12-14 пайыз өсетін болса, аталған платформа арқылы салынған инвестиция кемі 20 пайыздан өседі.

Платформаға шығып отырған кезекті компаниялардың бірі – Art Price компаниясы. Аталған компания 2020 жылдың мамыр айында iKapitalist платформасы арқылы 62,3 млн теңге қарыз алып, оны өтеп тастаған еді. Осы жолғы орналастыру «КЕГОК» АҚ-мен 965 млн теңге көлеміндегі ірі келісімшартты орындау үшін айналым капиталын қамтамасыз етіп, компанияны өсіру мүмкіндіктерін кеңейтеді және қаржыландыру шығындарын азайтады. Art Price компаниясы қарқынды дамып келеді. Компания табысы 2018 жылы 163 млн теңге, 2019 жылы 850 млн теңге болды. Ал 2020 жылы 1,7 млрд теңгенің келісімшартына қол қойылды.

Айта кетерлігі, ашылғаннан бергі бір жылдай уақыт ішінде платформа арқылы Geek Market дүкендер желісі, Barlau Qazaqstan, КазПромТранс-Сервис секілді компаниялар 20-30 млн теңге көлемінде қаражат тарта алды. Инвестицияның жылдық табыстылығы барлығында кемінде 24-26 пайыз аралығында болды.

«Қазақстан мен жалпы өңірде ШОБ-ты қаржыландырудың банктік емес баламалы көздерін дамыту қажеттілігін ескере отырып, АХҚО посткеңестік елдерде алғаш болып FinTech Lab реттеу алаңын іске қосып, заемдық және инвестициялық краудфандингті реттеу ережелерін қабылдады. Осылардың аясында iKapitalist краудфандинг платформасында облигациялар орналастырылып отыр. Краудфандинг платформасында облигациялардың орналастырылуы АХҚО-ның қаржылық технологиялар қызметі мен инвестиция тартуды дамыту бойынша өңірлік алаң ретінде рөлін бекіте түспек», - дейді АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің Қаржылық технологиялар бойынша Басқарушы директоры Асылбек Давлетов.

«Art Price компаниясы 2011 жылдан бастап тұрақты дамып келе жатыр. iKapitalist платформасы арқылы қазақстандық инвесторлардан қаражат тартқаннан кейін қазіргіден де ірі жобаларды қолға аламыз», - дейді «Art Price» директоры Медер Сатыбек.