Облыс әкімі үшжақты меморандумның инвестиция тарту және жұмыс орындарын құрудағы маңызын атап өтті.
– Қазіргідей мұнай өндірісі төмендеген уақытта өңір экономикасын әртараптандырып, өңдеу саласы мен металлургияны қолға алу, аймақты дамытудың басты жолы болып табылады. Осы меморандумға сәйкес "Тау-Кен Самұрық" акционерлік қоғамы Шалкия кенішінде бірнеше әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізуді жоспарлап отырғанын ерекше атап өткім келеді. Мәселен, Шалқия кентіне дейін ұзындығы 6 шақырым жол, Кеншілер саябағы мен аллея және контейнерлік қонақ үй салу арқылы Құттықожа бұлағының аумағын абаттандыру ойластырылып отыр, деді облыс әкімі.
Айта кету керек, "Шалқия" кенішінде тау-кен байыту фабрикасын салу арқылы металлургия саласын бітірген жас мамандарды жұмысқа тарту көзделуде. Биыл көрші мемлекеттің жетекші университеттерін бітірген 111 түлектің 23-і металлург, ал 21-і машинист. Мұнан бөлек, биылғы жылы тау-кен ісі және металлургия саласында техникалық және кәсіптік білім ошақтарын бітірген 144 түлек бар.
– Осы уақытқа дейін озық технологиялық білімді игеріп келген біздің түлектеріміз өңіріміздегі – цемент, күкірт қышқылы зауыттары мен "Фирма Балауса", "РУ-6" және "Энергосервис" секілді ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналасты. Тәжірибемізді әрі қарай жалғастыру мақсатында сіздерге 46 түлектің тізімі жолданды. Меморандумға сәйкес облыстағы кәсіби білікті металлургтердің алғашқы толқынын тәрбиелеп, қалыптастырамыз деп сенім білдіремін,–деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Меморандум аясында "Тау-Кен Самұрық" акционерлік қоғамы Шалқия кенішінде бірнеше әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізу жоспарлануда.