Тұңғыш Президенттің бастамасымен қолға алынған ілкімді жобаға содан бері 5 000-нан астам адам қатысыпты. Олар Қазақстан тәуелсіздік алған 30 жылға жуық кезең ішінде еліміздің әр түкпірінде тынымсыз ізденіс пен табанды еңбекке бой ұрып, озық табыс үлгісін көрсеткен әр алуан жастағы түрлі ұлт өкілдері. «100 жаңа есім» жобасына былтыр қатысқан 1673 адамның ішінен 32 отандасымыз озып шықты. Жеңімпаздар қатарында Қостанай құрылыс колледжінің студенті Максим Рюмин де бар.
Ақпараттық технология саласында бірталай биікті бағындырып үлгерген жас бағдарламашының есімі 2018 жылдан бері көпшілікке таныс. Ол 2018 жылы 18 жасында «Қостанай облысының алтын жастары» кітабына енді. Сол жылы Ресейдің Түмен қаласында өткен «IT-планета» атты ірі халықаралық олимпиадаға қатысып, «Робофабрика» аталымында үшінші, «Шексіз мүмкіндіктер» аталымы бойынша екінші орынды жеңіп алды. Бұл олимпиадада негізінен мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдетуге көмектесетін IT жобаларға ерекше көңіл бөлінеді. Жас ғалым байқауға құлағы естімейтін адамдарға айналасымен ым арқылы байланысуға мүмкіндік беретін бірегей жобасын ұсынған.
Ол Қостанай қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өтініші бойынша «Инватакси» қызметін әзірледі. Әлеуметтік жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулілерге қызмет көрсету, өздігінен жүріп, тұра алмайтын жандардың қажеттіліктерін жақсарту болып табылады. Тағдыры арбаға таңылған жандар бүгінде жас өнертапқыш жасап шығарған «Инватакси» қосымшасының игілігін көруде. Мүмкіндігі шектеулі жан бір жаққа баратын болса, қосымшаны бір рет басу арқылы өзі қалаған уақытқа «Инватакси» шақырта алады. Бүгінде жас ғалымның бұл жобасы Қостанай облысы бойынша сәтті іске асырылып, жүздеген мүмкіндігі шектеулі жанның оңтайлы жүріп-тұруына, өмір сапасын жақсартуына мүмкіндік беруде.
– Өз еңбегіңнің шынайы өмірде тәжірибеге енгенін көру ерекше қуаныш. Содан болар, соңғы жылдары жастардың ақпараттық технологияға деген қызығушылығы артып келеді. Кез келген IT-маманның арманы – цифрлы технология мүмкіндіктері арқылы әлемді жақсарту. Қазір экологияға, қоршаған ортаны қорғауға қатысты көптеген жобаны әзірлеп жатырмын. Мәселен, Мәскеуде «Ғаламшар суын зерттеуге арналған автономды зертхана» жобасын ұсындым. Жобаға көптеген сарапшылар қызығушылық танытуда, – деген Максим мұның әлі болашақта ашылатын қырлары көп екенін, сондықтан әзірше құпия ұстай тұруды жөн санайтынын аңғартты.
Жас өнертапқыш елордада өткен ЭКСПО-2017 жаһандық көрмесіне де қатысып, ақылды үйлердегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін робот жобасын жасады. Бұл жоба Сочиде өткен «IT-планета» халықаралық олимпиадасында жеңіске жетті. Максим – республикалық IT-ғаламшар олимпиадасының абсолютті жеңімпазы.
Максим Рюмин 2018 жылы «Даму Банкі» мен Білім және ғылым министрлігінің «Zhas Project» атты бірлескен жобасына қатысып, бұл жолы да топ жарып, озып шықты. Талантты жас өзіне берілген 1 млн теңге грант қаржысына «Unitorzero» ғылыми орталығын ашып, 7-15 жас аралығындағы дарынды балаларды іріктеп алып, оқыта бастады. Бүгінде Максимнің сыныбында жиырма шақты бала роботтехника негіздеріне, мехатроника мен бағдарлама жасауға машықтануда.
– Бұл саланың бір ерекшелігі, өз ісіңе деген сүйіспеншілік болмаса, онда ешқандай табысқа жете алмайсың. Теория керек, бірақ тәжірибе мен дағды одан да маңыздырақ. Сондықтан адам өз-өзін үздіксіз дамытып отыруы қажет. Егер интернетте отырсаң, бағдарлама жасау бойынша қандай да бір кітапты тауып алып, соны меңгер. Кез келген бағдарламаның қалай жұмыс істейтініне үңіліп, оны түсінуге ұмтыл. Егер инженер болғың келсе, көбіне радиобөлшектер мен микропроцессорларды зертте. Бастысы – табандылық керек. Сонда ғана нәтиже болады. Табыс ешқашан өзі келмейді. Мен шәкірттеріме үнемі осыны қайталап айтып отырамын, – дейді IT-маманы.
Максим биыл «Есептегіш техника және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша Қостанай құрылыс колледжін тәмамдайын деп отыр. Қазір өзі төрт жылдан бері айналысып келе жатқан әлеуметтік жобаларының бірі – «Динамикалық ым-ишарат түрлерін автоматты зерттеу» тақырыбында дипломдық жұмысын қорғауға әзірлік үстінде. Жиырмаға енді ғана толған талантты жастың ғылыми-әлеуметтік маңызы зор бұл зерттеу жұмысында ым мен ишара ұғымдарының қазақ және орыс тіліндегі ерекшеліктері, ұқсастықтары мен айырмашылықтары сияқты мәселелер қарастырылған. Мұның сыртында, Максим Қазақстандағы ең ірі автоөнеркәсіп орындарының бірі – «СарыарқаАвтопром» серіктестігінде инженер-бағдарламашы болып жұмыс істейді. Жергілікті машина құрастыру зауыты өндірістегі цифрлы технология үлесін арттырып, отандық автокөліктер мен трактор, комбайн сынды ауылшаруашылық техникаларының сатылымын көбейту үшін дарынды маман жасап шығарған бағдарламаларға арқа сүйеп отыр.
– Осыдан он шақты жыл бұрын жұмыс іздеп алдына келген үміткерден жұмыс беруші: «Ағылшын тілін білесің бе?» деп сұрайтын. Қазір меніңше, мұндай сұрақ қою артық сияқты. Өйткені жастар ағылшын тілін білмесе, дұрыс жұмыс таба алмайтынын әлдеқашан түсінген. Сондықтан қазір озық технологияның тілі – ағылшынша білмейтін жастар басқа жұмыс іздейді. Енді бір 5-6 жыл өткен соң, IT технологияны меңгермеген жастар да жұмыс таба алмай қалуы мүмкін. Өйткені ол кезде цифрлы жүйе, бағдарлама жасау, жалпы IT технология барлық салада 100 пайыз сұранысқа ие болады. Қазір «Бағдарлама жасай білесің бе? Білмесең, арнайы курсқа жіберейін, оқып, үйреніп кел», дейтін кеңпейіл жұмыс берушінің ол кезде біреуі де қалмайды. Сондықтан кейбір дамыған мемлекеттер сияқты балаларға қарапайымнан бастап, түрлі орташа, күрделі бағдарламалар жасауды мектеп қабырғасынан үйрете бастауымыз керек, – дейді отандасымыз Максим Рюмин.
Қостанай облысы