Ауыр атлетика • 31 Тамыз, 2020

Анатолийдің алғашқы алтыны

256 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан дәл 35 жыл бұрын, яғни 1985 жылдың 25 тамызы мен 1 қыркүйегі аралығында Швецияның Седертелье қаласында ауыр атлетикадан әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Төрткүл дүниенің 38 мемлекетінен келген 200-ге тарта тау көтерген толағайлар сегіз күн бойы сайысқа түсіп, 10 салмақ дәрежесінің түрлі-түсті жүлделерін сарапқа салды.

Анатолийдің алғашқы алтыны

Скандинавия түбегіндегі сайыста негізгі бәсекелестік, әдеттегідей, КСРО мен Болгария құрамалары арасында өрбіді. Бәлкім, кейінгі буын өкілдері «Балқан түбегінде орналасқан шағын ғана елдің өрендері Кеңес Одағы секілді жер-жаһанның алтыдан бір бөлігін алып жатқан алып империяға қалай қарсылық көрсете алды екен?» деп таңдануы да мүмкін. Бірақ өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында Болгарияда мықты бапкерлік мектеп қалыптасып, аталмыш мемлекеттің зілтеміршілері дүбірлі додаларда керемет нәтижелерге қол жеткізе бастады. Соның арқасында олар әлемдік ауыр атлетиканың көшбасшы командалардың біріне айналды. Осының барлығы да әйгілі Иван Абаджиевтің ұстанымы мен ізденісі, еңбекқорлығы мен табандылығы, пайымы мен парасатының арқасы екені еш дау туғызбаса керек. Спортты ғылыммен ұштастыра білген майталман маман қысқа ғана мерзім аралығында өз отандастарын орасан зор биіктерге жетеледі. 20 жыл бойы Абаджиев (1969-1999 жылдар аралығы) өз елінің ұлттық құрама командасының тізгінін ұстады. Міне, сол кезең «Болгария ауыр атлетикасының алтын дәуірі» деп аталады.

1985 жылы ұйымдастырылған әлем чемпионатында Болгария зілтемірші­лерінің мықтылығын еріксіз мойындадық. Сол жарысқа дейін олар жалпы коман­далық есепте КСРО-дан қалып қойып, үнемі екінші немесе үшінші орынға тұрақтап келген еді. Есесіне 1972 жылы Мюнхен Олимпиадасында болгарлар бас­ты қарсыласынан озды. Швецияда да олар алып империяның апайтөстерін алтын тұғырдан тайдырды. Нақтылап айтсақ, осы жарыста сарапқа салынған 11 алтынның алтауын Болгария құрамасы иеленді. Қоссайыстың қорытындысы бойынша бас жүлдені олжалағандар – Севдалин Маринов (52 кило), Нино Терзийский (56 кило), Наим Шаламанов (60 кило), Михаил Петров (67,5 кило), Александр Вырбанов (75 кило) және Антонио Крыстев (437,5 кило). Кеңес Одағының ауыр атлеттеріне төрт алтын бұйырды. Бұл жүлделер Юрий Варданян (82,5 кило), Анатолий Храпатый мен Виктор Солодов (90 кило) және Юрий Захареевич (110 кило) сынды саңлақтардың үлесінде. Тағы бір салмақ дәрежесінде мажарстандық Андор Саньидің (100 кило) мерейі үстем болды. Седертельедегі көрсеткіштерінің кездейсоқ еместігін болгарлар келесі жылы Софияда өткен дүниежүзілік додада дәлелдеп, командалық есепте тағы да бірінші орынды иемденді.

Осыдан 35 жыл бұрын Швецияда шымылдығы түрілген әлем чемпионаты қазақстандық жанкүйерлердің де жадында. Сол жарыста біздің Анатолий Храпатый өнер көрсетіп, өзінің спорттық мансабындағы алғашқы алтынына қол жеткізді. Иә, оған дейін отандасымыздың екі рет КСРО чемпионы (1983, 1984), Одақ кубогының иегері (1983, 1985), КСРО халықтары Спартакиадасының жеңімпазы (1983) және Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері (1984, 1985) атанғаны рас. Бірақ бұл жарыстың бірде-біреуін дүниежүзілік додамен еш салыстыруға келмейді. Седертельеде А.Храпатый өзінің командалық әріптесі В.Солодовпен бірге бас жүлдені олжалады. Сол кездердегі ереже бойынша қос спортшының нәтижесі мен салмақтары бірдей болса, екеуіне де алтын медаль табысталатын. Қоссайыстың қорытындысы бойынша олар 412,5 килолық зілтемірді еңсерді.

Міне, жерлесіміздің халықаралық аренадағы жеңісті жолы осылай басталған еді. Ақмола облысының Атбасар ауданында туып-өскен Анатолий одан кейін көптеген дүбірлі додаларда атой салды. Атап айтсақ, КСРО құрамасы сапында 1988 жылы Сеул Олимпиадасының жеңімпазы, 1985-1990 жылдар аралығында әлем және Еуропаның бес дүркін чемпионы атанды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де Храпатый сан мәрте қазақстандық жанкүйерлерді қуаныш пен шаттыққа бөледі. 1996 жылы Атлантада алауы тұтанған Олимпия ойындарында күміс медальді иеленді. 1993 және 1995 жылдары өткен әлем чемпионаттарында қолаға қол созды. 1994 және 1998 жылдары ұйымдастырылған Азия ойындарында күміспен күптелді. Басқа да оның толып жатқан атақтары тағы бар.

Өзекті өртейтін бір өкініш, ақберен Анатолийдің ғұмыры келте болды. 2008 жылдың 11 тамызында Ақмола облысына қарасты Аршалы кентінің маңында мотоциклді тізгіндеген ол қарсы бағытқа шығып кеткен Тойота көлігімен соқтығысады. Даңқты спортшы сол жерде жан тәсілім етті. Ол небәрі 44 жаста еді...