Футбол • 01 Қыркүйек, 2020

Аңызға бергісіз ойын «Атлетико» & «Арландар» – 0:1

451 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2019 жыл. Шілде айы. Пор­­тугалия. Халықаралық Брага турнирі. 1/4 финал. Қар­сылас Испаниядан кел­ген азулы команда. 1:0 есебімен жеңіске жет­тік. Бірақ... Мойындай алу да ерлік қой, негізі таб­­ло­дағы есеп бойынша жең­­ге­німізбен, футболда жеңіл­­дік. Яғни, ешқандай ойын көрсете алмадық. Ал «Атлетико» әлемдік дең­гейдегі ойын көрсетті.

Аңызға бергісіз ойын «Атлетико» & «Арландар» – 0:1

Суретте: қазақстандық қақпашы Ерасыл

Ойынның алғашқы минутында балаларымыз тек аспанға аузы ашылған күйі қарап қалды. Себебі «Атлетико» допты жерге түсірместен бірден шабуылға шығып, қақпамызға бірнеше соққы жасап үлгерді. Аспаннан әуелете келген алыс пастарды кеудесімен қағып жіберіп, келесі ойыншыға пас беріп, допты жерге түсірмей шыққан шабуылға қарсы қандай шара қолдана аларын білмей біраз сасқалақтады. Себебі ондай ойынға дайын емес едік. Ойынның алғашқы минутында-ақ бірнеше нокдаун алғандай күй кешіп қалдық. Әйтеуір балаларымыз тезірек ес жия білді. Бастан аяқ тек қорғаныста ойнауға мәж­бүр болдық. Яғни, ойынның көп бөлігі біздің жарты алаңда болды. Қақпамызға кемінде тікелей 20-25 соққы жасалды. Ал бағанның жанынан пышақпен кескендей өткен соққыларда есеп жоқ...

Қақпашымыз Ерасыл да осал емес еді. Командамыздағы басты сенім артып отырған баламыз. Сол матчта ол әдеттегі деңгейінен асып, жарқылдап тұрды. Ең көп жұмыс, салмақ соған түсті. Допқа секіреді, құлайды, қайта тұрады. Тыным жоқ. Бір кезде Ерасылдың басы қақпаның бағанына соғылып, «тох» еткен дауыс қатты шықты. Трибуна өре түрегелді. Ол жерде қозғалмай жатыр. Барлығымыз жанталаса жүгірдік. Жүрегім
аузыма тығылды. Ішімнен ойладым бәрі бітті деп. Анандай соққыдан не бас, не баған сынуы керек еді. Барсақ, қақпаның сызығында допты құшақтап алған күйі Ерасыл жатыр. Бір кезде жан-жағына қарады да атып тұрда. Біз аң таң. Төреші де, дәрігер де қайта-қайта «бәрі дұрыс па?» деп оны айналшықтап тексеріп жатыр. Ешқандай зақым жоқ.

Осы оқиға мен үшін әлі жұмбақ. Алла сақтаймын десе сақтайды екен ғой. Допты сызықтың үстінде ұстағандықтан гол болған жоқ. Шамамен 5-6 не 7-8 сантиметр ішке жылжығанда гол саналар еді. Одан бөлек, қақпаның үстінен өткен соққыларда есеп жоқ. Біз тек 2-3 шабуыл ғана жасадық деп ойлаймын. Соның біреуінде, өз жарты алаңымызда олардан доп­ты алып қойған шабуылшымыз жалғыз өзі алға ұмтылды. Се­бебі бәрі артта еді. Шамамен 70-ми­нутта. Жанталасып келе жатып құ­ла­ды. «Құланның қасуы­на, мыл­тық­тың басуы» дегендей, жалғыз өзінің әбден сілесі қа­тып он­сыз да құлауға дайын тұр­ған ша­буылшымыздан доп­ты алып қоя бергенде құлап, айып жаса­ған­дай болып көрінді. Бізге айып соқ­қы тебу құқығы беріл­ді. Айып соққысы орындалды. Доп қаз-қатар қамал болып тұр­ған ойын­шылардың арасы­нан, бел тұс­тарынан өтіп қақпаға кірді. Гол. Бірақ өз көзіме өзім сене алмай тұрмын. Бір-біріне жа­бысып, қа­мал болып тұрған ойын­шы­лар­дың арасынан қалай өтті? Қақпа­шы да аң-таң. Ешқандай әрекет жа­сай алмай, орнында тұрып қалған.

Бұл гол болмағанда, біз же­ңі­лер едік. Себебі балаларымыздың әбден сілелері қатып, шаршап қал­ды. Әдеттегі матчтардан 2 есе көп салмақ түсті. Реакция, жыл­дамдық, техника, тактикалық тұрғыдан, ұзын пастар, барлық өл­шемдер бойынша үлгере алма­ған балаларымызды 2 тайм бойы «Атлетико» қалжыратып жі­берді. Техника, тактика жағы түсі­нікті, олармен бәсекелесе алмай­мыз. Бірақ физикалық тұрғы­дан төтеп бере алатын қауқа­рымызға қарамастан, техника дегенін істетті. Осындай жағ­дайда, Құдай қарасқандай гол болуы, балаларымызды жігер­лен­діріп, күш жинауына себеп бол­ды. Балаларымыздың екінші тыны­сы ашылғандай қайта атқа қон­ды. Еуропа футболында соң­ғы 10-15 минутта ойындары түрленіп, қыза түссе, бізде, керісінше, өше түсуші еді ғой. Сон­дай сәтте, «Ат­­летико» ойынды қыз­дыра тү­сіп, бізді төпелей бас­таған кез­­де ба­лаларымыздың гол­мен рух­тан­ғаны оларға қарсы қор­ғаны­сымызды қайта күшейтіп, төтеп беруге септесті. «Қазақ рух­танса, қамал алады» деген рас екен...

Осы күнге дейін әлі ұмыт­пай­­мын, сол кездегі соңғы 15 ми­нуттың әрбір минутын, секундын қалай өткізгенімді. Ай­налып кел­генде бүкіл команда жантала­сып табандылық танытты. Соңғы ысқырық. Матч бітті. Аяқ­қа тұру­ға шамам келмей, жерге құла­дым. Аспанға қарап күл­дім де қай­та тұрдым. Ұяттан. Төре­шіге, қар­сы­лас командаға барып айтқым келді «Сіздер жең­діңіздер. Жеңіс­ті сіздерге қалай берсем болады?» деп. Бірақ ерлік көр­сеткен бала­ларға не айтамын? Балалардың да кінәсі жоқ. Ис­пан балалары секілді стандарт алаң­да жаттықпаған, әлемдік дең­гей­дегі жаттықтырушылардан тә­лім алмаған балалардың кінәсі не?

«Атлетико» жаттықты­ру­шы­­­ларында түр жоқ. Орын­дар­­ын­да қозғалмай қатып қал­ған. Қы­за­рады, бозарады. Көз­дері бақы­­райған күйі тұр. Өңім бе, түсім бе дегендей. Мең зең күй­де тұр­ғанын байқа­дым. Олар да жар­­тылай финалға өткісі келеді деген­дей. Оның үс­тіне фут­­болы дамымаған елден кел­дік деп төбе­мізден қарайты­ны бар... Барып қол­дарын қыс­тым. Бала­ларын жұбатып, жігер­­лен­дірдім. Мен үшін өмірімде еш ұмытыл­майтын матч осы болды...

 

Фазылбек ӘБСАТТАРҰЛЫ