Саясат • 01 Қыркүйек, 2020

Ата Заң және қазақстандық патриотизм

1033 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына сай бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз», деп атап өтті. Осы пайымдардың қазіргі жағдайда өзектілігі айрықша екені айқын. Ұлттық сананы сақтау мен жаңғырту қазақстандық патриотизм ұстанымын шынайы қалыптастыру мен оны нығайту мәселелерімен ұштасып жатқаны анық.

Ата Заң және қазақстандық патриотизм

Тәуелсіздік – еліміздің ең басты құн­дылықтарының бірегейі. Сон­дықтан тәуелсіздігімізді күннен-күнге ны­ғайту, ұлттық мүддені күн­де­лік­ті қорғау, ана тілімізді тиесілі тұғы­рына қондыру, жетілген ұлт­тық ой-сананы қалыптастыру – аза­маттары­мыздың асыл парызы. Осы мақ­саттағы кезек күттірмес іс-шара­лардың бастысы – Отанымызда шы­найы патриотизмді қалыптастыру және оны жетілдіру. Аталған мақ­сат­тарды жүзеге асырудың негізгі де түйінді қағидаттары Қа­зақ­стан Респуб­ликасының Конститу­ция­сында толық қамтылған. Тек оларға жіті мән беріп, басшылыққа алып, талаптарын орындау керек.

Қазақстан Республикасының Конс­ти­туциясы тәуелсіз еліміздің құқық­тық актілерінің ішінде ең жоғар­ғы са­наттағы Негізгі Заңы болып та­бы­лады және Республика аума­ғында оның пәрменді күші тікелей қолда­­нылады. Қоғамдағы құқықтық тәртіп пен заңдылықтың орнығуы – еліміз­дің азаматтары мен мемлекеттік орган­дарының Ата Заңымыздың норма­ларын, талаптарын қалтқысыз орын­дауы – еліміздің одан әрі баян­ды да өрлеп жетілуінің басты шар­ты. Қазақстан қоға­мы­ның даму процесі Негізі Заңның қуатты жасампаздық әлеуетінен бастау алып жүзеге асады. Бірақ айта кетер жайт, Ата Заң нор­ма­ларының қағи­дат­тары мен талаптары әлі де болса то­лығымен жүзеге асы­рылмайды. Өйткені қоғам мүшелерінің бірқатары оларды әлі жіті зерделеп, терең ұғынып, басшылыққа алмаған. Оған дәлел ретінде өмір мы­салдары біршама кезігетіні аян.

Тәуелсіздік, патриотизм мен құ­қық­тық ұстаным егемен Қазақстанның дамуы мен нығаюының маңызды негіздері. Сондықтан қоғамымыздың әр мүшесінің бойында патриотизм сезімдерін қалыптастырып, оның деңгейін көтеру қазіргі жағ­дайда өте өзекті мәселе болып келе­ді. Елі­міздің идеологиясының бас­ты тұт­қасы – тәуелсіз даму жолы­нан таймай алға басу болып санала­ды. Сон­дық­тан Негізгі Заңның қағи­дат­тары­ның маңызын насихаттау аза­мат­тар­дың отаншылдық, патриотизм ұста­­нымдарын қалыптастыруда өте маңыз­ды. Ата Заңымыздың құқық­тық нор­­маларын терең білу, жете түсі­ну қо­ғам мүшелерінің Отанға деген сүйіс­пен­­шіліктерін, оны қорғауға бағыт­талған азаматтық борыштарын арттырады.

Бізге патриотизм ұғымының мәнін айқындау маңызды. Патриотизм – грек­тің «patris» сөзінен шыққан түсінік. Әуелгі мағынасы «отан, туған жер», қазір­гісі – отанға деген сүйіспеншілік, туаған жерге, халқыңа деген адалдық. Шы­найы патриот әрдайым елге шынайы сүйіспеншілік танытып, оның өткенін, бүгінгісін, келешегін зор мақ­таныш тұтып, жан-жақты көркейіп, гүлденіп дамуына қажымас адал еңбегін арнайды. Патриоттық талпы­ныстың басты мақсаты – елдің тыныштығын, халықтың ынтымағын нығайту, қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықты орнықтыру, ұлттық мүддені қорғау.

Патриоттық іс-әрекеттердің қол­даныстағы заңдарда қамтылған елеулі сипаттарын атап өтсек, Ата Заңы­мыздың 36-бабында: «1. Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. 2. Республика азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады», делінген. Сондықтан Отанды қорғау Қазақстан азаматтарының бірден-бір қасиетті борышы болып саналады.

Қазақстанның Негізгі  Заңы­ның 37-бабында «Қазақстан Респуб­ли­касының азаматтары тарихи және мә­дени мұралардың сақталуына қам­қор­лық жасауға, тарих пен мәдениет ескерт­кіштерін қорғауға міндетті», деп атап көрсетілген. Осыған орай қазақ­стандықтар үшін тарихи ескерткіш­терді қорғап, сақтау және болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру азаматтық парыз болып саналады.

Ата Заңның 38-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары таби­ғат­ты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті», делінген. Табиғатты қорғап, аялап, оны келешек ұрпаққа қалдыру – отансүйгіш патриот жанның тағы бір қыры.

Негізгі Заңымыздың 34-бабында азаматтардың бірден-бір патриоттық іс-әрекеттерінің жағымды сипаты ретінде, орындауға міндет мынадай маңызды талаптар қамтылған: «1. Әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақ­тауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. 2. Әр­кім Республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті».

Қазақстан Республикасының мем­лекеттiк рәміздері ретінде танылатын Туы, Елтаңбасы және Гимнi Консти­туциялық заңмен айқындалған. Қазақ­стан Республикасының мемлекеттік рә­міздерін құрметтеуге ұрпақты тия­нақты түрде тәрбиелеу, сондай-ақ олар­дың мәні мен маңызын терең түсіндіру отансүйгіштікті, қазақстандық пат­рио­тизмді қалыптастыратыны сөзсіз.

 

Нақыпбек САДУАҚАСТЕГІ,

заңгер-публицист