"Облыста ауқымды жөндеу жұмыстары аяқталып келедi. Кеше Аққайың ауданында жөндеу жұмыстарының аяқталу барысын қадағаладым. Биыл Аққайың ауданында 1,4 млрд теңгеге 32 жоба жүзеге асты. 7 мектеп пен «Балапан» балабақшасы күрделi жөндеуден өттi. Аудандық аурухана жаңарып, Токуши мен Қиялыдағы дәрiгерлiк амбулаториялар жөнделдi. Мәдениет үйлерi мен мұрағаттың ғимараты да жаңарды.
Спорттық ойын алаңдары мен 8 шағын футбол алаңы орнатылды. Заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенiнiң құрылысы басталды. 16 ауылда көше шамдары орнатылуда. 36 көше қамтылып, 34 шақырымға созылған жаңа жарықтандыру жүйесi қойылмақ. Смирновта 16 шақырым жол жөнделдi. Аудан орталығында 8 көшеге асфальт төселiп, 9 көшеде ағымдағы жөндеу жүргiзiлдi.
Власовка ауылында тың өзгерiстер орын алды. Мектеп пен мәдениет үйi жаңарды. Шағын футбол алаңы қойылды. Оған қоса, былтыр бұл ауылда 9,5 шақырымға созылған су жүйесi тартылды, Қазiр ауылда 250 үй болса, оның жартысынан көбi орталық су жүйесiне қосылған.
Облыста жаңа инвестжобалар жүзеге асуда. Қиялыда заманауи элеватордың құрылысы аяқталуға жақын. Инвестиция көлемi 1,5 млрд. тг. Бүгiнде өңiрде 45 нан қабылдау пунктi бар. Оның 20-сы заманауи және автоматтандырылған элеваторлар", - деп жазды облыс әкімі.