30 Қазан, 2013

Мамандар дайындауға айрықша мән берген жөн

307 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында білім және ғылым саласына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.

Жиын басында С.Ахметов еліміздің білім мен ғылым деңгейін әлемдік стандарттарға жақындату Үкімет алдындағы маңызды міндет екендігіне тоқталып, бұл Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясында атап көрсеткен басым бағыттардың бірі саналатынын айтып өтті.

Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында білім және ғылым саласына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.

Жиын басында С.Ахметов еліміздің білім мен ғылым деңгейін әлемдік стандарттарға жақындату Үкімет алдындағы маңызды міндет екендігіне тоқталып, бұл Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясында атап көрсеткен басым бағыттардың бірі саналатынын айтып өтті.

Үкімет отырысының күн тәртібіндегі басты тақырып турасында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов баяндады. Ол мектепке дейін және мектеп қабырғасында оқыту жайына, техникалық және кәсіптік білім берудің жүйелі міндеттеріне тоқталып, тұтастай алғанда, білім беру үдерісін одан әрі жетілдіру бойынша іс-шаралар туралы хабарлады.

Министрдің айтуынша, «Ба­ла­пан» бағдарламасының арқасында бүгінде мектепке дейінгі оқытуға 3-6 жас аралығындағы балалардың қам­тылуы екі есеге артып, 36-дан 71,5 пайызға дейін өскен. Сон­дай-ақ, білім саласында мектепке дейінгі сапалы оқытуға тең қолжетімдікті қамтамасыз ету мақсатында жаңа даму бағ­дар­ламаларын енгізу, кадр­лар дайындау бойынша ресурс­тық орталық құру, оған қоса, 2014 жылы ерте даму тұжырым­да­масын жасау жоспарланып отыр.

Ал білім беру инфрақұры­лым­дарын дамыту мәселелеріне қатысты сөзінде министр 2014 жылы республикалық бюджет есебінен 50 мектеп салу көзделіп отырға­нын, алдағы үш жыл ішінде 146 мек­теп салынатынын жеткізді. Нәтижесінде 2016 жылға қарай апат­ты мектептер үлесінің 3 пайыз­дан 1,5 пайызға дейін кемитінін, ал жалпы білім беру жүйесіндегі үш ауысымдық оқыту 1,3 пайыздан 0,1 пайызға дейін қысқаратынын атап өтті.

Техникалық және кәсіптік білім беруде айрықша назар білім беру мен бизнестің әріптестігін ны­ғайтуға, кадр­ларды Үдемелі ин­­дус­триялық-инновация­лық да­му бағдарламасының басым­дық­­тары­мен байланыстыра отырып дайындауға аударылады.

2016 жылға қарай дуалды білім беру жүйесімен жұмыс істейтін кол­ледждердің үлесі 20-дан 50 пайызға дейін артады деп көз­делуде. Жоғары білім беруде де экономиканы дамытудың инно­вациялық міндеттерін шеше алатын бәсекеге қабілетті кадрлар дайын­дау мақсат етіп қойылып отыр.

Білім және ғылым министрі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты да өзгерістер болатынын атап өтті. Біріншіден, тесттердің мазмұны қайта қаралады. Тесттер базасындағы талаптарға сәйкес келмейтін сұрақтар жойылады. Екіншіден, тестілеу технологиясы өзгертіледі. Компьютерлік тестілеуді енгізу нәтижеге субъектілік факторлардың әсерін төмендетуге мүмкіндік береді, деді министр. Бұдан өзге, ол бір жыл ішінде тестілеуді қайта тапсыру мүмкіндігін енгізу бойынша мәселелерді пысықтау жүргізіліп жатқанын атап өтті.

А.Сәрінжіпов ауыл мектепте­рін­дегі және шалғай өңірле­р­дегі білім сапасын жақсарту бойынша бірқатар шаралар әзір­ленгені жөнінде ақпаратпен бөлісті.

Шешім ретінде ресурс­тық орталықтар мен IT-техно­ло­гияларды шоғырландыруды ұсы­нып отырмыз. 2015 жылы 160 ресурстық орталық құруды жоспарладық, оларға 640 шағын кешенді мектеп бекітіледі, сонымен қатар, е-learning тұжырымдамасын жаңартып жатырмыз, ол қалалар мен ауылдар арасындағы цифрлық тепе-теңсіздікті қысқартады, деді А.Сәрінжіпов.

Министр айтып өткендей, бү­гінгі таңда білім сапасы бо­йын­ша қала мен ауыл арасында алшақтық байқалып отыр. Апатты жағдайдағы, үш ауысымдағы мектептердің барлығы дерлігі, сонымен қатар, спорт залдары жоқ мектептер мен ал жоғары санаттағы мұғалімдердің үлесі де қалаға қарағанда ауылда 2 есе аз.

Ауыл мектептерінің мәселеле­ріне ҰБТ нәтижелерінің қалаға қарағанда ауылда төмендігі дә­лел, деді министр. Жалпы алғанда, орта білім беру бойынша таяу 3 жылда Білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жоспарларын және оқулықтар жасауды, 100 мың мұғалім оқытуды, қысқа мерзімді курстар арқылы 135 мың педагогты біліктілікті арттырумен қамтуды жоспарлап отыр екен. Сондай-ақ, 2016 жылға дейін елімізде мемлекеттік тілдегі оқу орындарының саны артпақ. Мектепке дейінгі білім беруде мұндай ұйымдар саны 2 мыңға дейін, орта білім беруде 4 мыңға дейін, ТКО саны 50-ге дейін жеткізіледі, деді министр.

Министрдің баяндамасынан соң Үкімет отырысында орта бі­лім­ беруді одан әрі дамыту стра­тегия­сы мәселесі бойынша «Назар­баев Зияткерлік мектептері» бас­қармасының төрайымы К.Шам­шидинова, «Кәсіпқор» хол­дингі басқармасының басшысы Э.Сәдуақасова, Назарбаев университетінің вице-президенті К.Дайырова баяндады.

Талқыланған мәселені қоры­тын­дылай келе, Үкімет басшысы жаңашылдықтар енгізудің сапасын көтеру мен жетілдіру мәселелерінің аса маңыздылығын атап айтты. Премьер-Министрдің пікірінше, бұл жұмыста педагогтар мен жұртшылық тарапынан қолдау, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар тарапынан түсіністік, пікір үндестігі болуы қажет. Олардың айрықша ықыласынсыз білім беру саласында жаңғырту болмайды, деді С.Ахметов. Яғни, ол ұсынылған жоспарлар мен идеяларда кәсіби мамандардың, тұтастай алғанда, халықтың пікірлері ескерілуі тиіс екендігіне тоқталды.

Мемлекет педагогтық ресурс­тарды дамытуға, яғни білі­мін көтеруге, педагог кадрлардың дайындығын жүйелі түрде же­тілдіруге зор көңіл бөліп келе­ді, деді С.Ахметов. Үкімет басшы­сының айтуынша, бүгінде кадр­лар дисбалансы бар, бұл жас дарынды педагогтардың мектептерден кетіп, жағдайы жасалған, экономиканың бәсекелестік ортасы бар басқа салаларына орын ауыс­тыруынан болып отыр. Аталмыш мәселелер шешілмейінше, қа­былданған мемлекеттік шаралар­дың тиімділігі төмен және алға қойған мақсаттарға қол жеткізу қиынға соғуы мүмкін.

С.Ахметов, сонымен қатар, аз жабдықталған мектептер проблемаларын шешу қажеттігіне, ресурстық орталықтар құруға тоқталып, Өңірлік даму министр­лігіне бұл жұмысқа ауыл­дық аумақтарды қолдау бойынша өңірлерді дамыту бағдар­ла­масының жаңа тарауын жасау шеңберінде кірісуге нұсқау берді.

Кешегі отырыста, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыс­тарының 2014 жылға арналған жос­парының жобасы және заң жобалау жұмыстарының 2015-2016 жылдарға арналған перс­пективалық жоспары мақұлданды. Аталмыш жоспарлар жайында Әділет министрі Берік Имашев баяндады. Б.Имашев өз сөзінде 2014 жылы 37 заң жобасын жасау жоспарланғанын хабарлады.

Олардың ішінде Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі 10 заң жобасын әзірлейді. Әділет министрлігі мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі 5 жобадан әзірлейтін болады, Өңірлік даму министрлігі 4 заң жобасын, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Сыртқы істер, Ауыл шаруашылығы, Қоршаған ортаны қорғау, Қаржы министрліктері 2 заң жобасынан әзірлейді, деп мәлімдеді ол.

Бұдан өзге, Қорғаныс, Білім және ғылым министрліктері, сондай-ақ Табиғи монополияларды реттеу агенттігі 1 заң жобасынан әзірлейтін болады. Ал 2015-2016 жылдары 15 заң жобасын әзірлеу жоспарланған.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар

Ертіс өзенінде сең қозғалды

Табиғат • Бүгін, 09:45