Сұхбат • 04 Қыркүйек, 2020

Исраил Сапарбай: «Өз Абайым – өзімде»

1064 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

«Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы» деп Абайша айтқанда қалың жұртшылық тұғырына қонған ақын деп бағасын берген әрі лирикаға толы әуендерімен танымал тұлға Түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің, І.Жансүгіров атындағы сыйлықтың иегері Исраил Сапарбай қоғамның бүгінгі рухани болмысына алаңдайды. Өмірін өлеңмен өріп, көңіл түкпіріндегі сезімдерді ізгілік, адамгершілік, қарапайымдылықпен байланыстыратын ақын күш-қайраты сарқылғанша еліне қызмет етуді мақсат етеді. Ұлт мұрасын насихаттауда тарих қойнауында жатқан, әлі де ғылыми айналымға енбеген шетел архивтеріндегі деректерді, тәуелсіздік жолында қызмет еткен тұлғалар өмірін зерттеу ісін жалғастыру да ақын өмірінің бір парасындай. Ақынмен әңгімемізде бірқатар түйткілді жайттарға қаныққан едік.

Исраил Сапарбай: «Өз Абайым – өзімде»

– Исраил аға, «Мен алдымен ақынмын» дейсіз. Алайда сіздің әуезді әуендеріңізді естіген тыңдарман сазгерлігіңізге кө­ңіл бөліп жатады. Көрермен дра­матургияңызға тәнті. Шығар­ма­шылықта қайсысына басымдық бересіз?

– Ақындық менің қаныммен келген, есейе келе саналы түрде таңдаған тағдыр-талайым. Негізі қазақ табиғатынан ақын халық қой. Сөздің нарқын, парқын біле­тін халық ретінде екі сөзінің бірі көркем үлгіге құрылады. Сонау Тоныкөк, Күлтегін заманынан қал­ған ұлттық мұрамыздың киесі – сөз. Осы сөздің құдіретін ұғы­на білген қазақ халқының бай мұрасы күні бүгінге дастандар, қиссалар, аңыз әңгімелер ар­қы­лы жетті. Тарихы тереңде жат­қан талапшыл да, талғампаз ха­лық үшін ақындық таңсық емес. Дегенмен бүгінде сөздің пар­қын қашырып алдық. Ақынбыз деп жүргендер көп. Кезінде Қадыр ағамыз Шығыстың жеті ақы­нын, Абайды туа біттіге жатқызса, тоқ­­­сан тоғыз пайызы еңбекпен ғана келетін ақындық туралы да айт­қан еді. Бала күнімде халық шы­ғармашылығына қанығып өстім. Ал ақындық үздіксіз оқуды, зер­де­леуді қажет етеді. Бұл жолда жүздің ішінен озып шығу екінің бірінің қолынан келмесі анық. Ал мен көптің бірі болып қалғым келмейді.

– Өмірбаяндық дерек­те­­рі­ңізге сүйенсек, «Қазақтеле­фильм», одан еліміздің Сырт­қы істер ми­нис­трлігі, Қазақ­станның Өзбек­­стандағы ел­ші­лігіндегі қызмет­теріңіз жайын­дағы мәліметтер көзге түседі. Де­генмен, сіздің мақ­сат еткен са­лаңыз дипломатия болмаса керек деп топшылап отырмын.

– Дипломатиядағы қызметім кейінгі жылдардағы еңбек жолыммен байланысты. Ондағы мақсатым Өзбекстанға бару еді. Ол үшін үш ай тәжірибеден өтуім қажет екен. Содан 1997 жылы Сыртқы істер министрлігінің ТМД елдері бойын­ша департаментінің IІ хатшысы болып істедім. Министр – қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт То­қаев болатын. Сегіз айғы жұмыс тәжірибемнен кейін істеген жұ­мысымды бағалап, Қасым-Жо­март Кемелұлы шетелдердің бі­ріне баруымды мақұлдады. Ара­бия, Америка, Батыс елдеріне ба­руға тіл білмейтіндігімді айтып, Өзбекстанды таңдадым. Өйт­­кені, Самарқан жерінде әкем жатыр әрі өзбектің тілін де, ділін де жете білемін. Соны­мен қатар Ә.Бөкейхан, Н.Тө­ре­құлов, М.Жұмабаевтай ұлт зия­лыларының өмір-тарихын зерттеп, Кеңес Одағының Батыры, генерал С.Рақымов туралы кі­тап жазғым келген. Бұл елге ба­ру­дағы мақсатым да осы еді. Қа­зақ­станның Өзбекстандағы Елші­лігінде екі жылдай ІІ хатшы болып қызмет еттім. Бірқатар зерттеулерге кіріскен кезімде белгісіз бір себептермен қысқарып қалдым. Кейіннен министрдің қабылдауына кірудің сәті түспеді... Көрші елде жасаған ауқымды еңбектерімнің бірі – «Имам Исмаил Бұхаридың «Ақиқи хадистері». Қазақстан Діни басқармасының сол кездегі Бас мүфтиі Ә.Дербісәлі менің аудармаларыммен жақсы таныс екен. Әбсәттар қажы әрі пединститутта бірге оқыған курстасым болып келеді. Елге оралғаннан кейін имандылық жайында журнал шығару туралы ойын білдірді. Бұл салада әжептәуір білімім бар, мүфтиятқа жұмысқа орналасып, «Иман» атты діни-рухани журнал шығарып, соған басшылық еттім.

– Әңгімеңізден бала күнде кө­ңілге тоқыған ауыз әдебиеті үлгілерінің ақындыққа келуі­ңіз­ге әсері көп болғанын әрі өзі­ңіз туып-өскен Самарқан жеріне деген сағыныштың табы байқалады. Өткен күндер сізді көп толғандыратын тәрізді.

– Туып-өскен Түркістан жері­нен Самарқанға барғаннан әкемнің кәсібі ұсталық болыпты. Етік, мәсі тігіп бала-шағасын асыраған екен. Шамасы менің екі жасымда әкем өмірден озды. Бір анадан сегіз едік, көзі тірі төртеу ғана қалдық. Бейнесі есімде қалмағанмен, әкем жайлы ойлағанда көзіндей бол­ған мына бір күміс құмғанға қа­рап, терең ойға шоматыным бар. Біздің балалық шағымыз ауыр ке­зеңдермен тұспа-тұс келді. Екі жарым жасымда сал болып қалған мені анам өзі емдеп алған екен. Жығылғанға жұдырық дегендей, бес-алтыға шыққанда асық ойнап жүріп екі аяғымды шоққа күйдіріп алыппын. Онда да анам бәйек боп жүріп ем-домын жасай­ды. Қатты күйіп кеткендіктен, аяғым қатты зақымданды. Бала­лардың келемежіне шыдамай, намысшылдығымнан түнде ай жа­рығында жаттығып жүріп, тү­зу жүруге машықтандым. Әйт­пе­генде, мүгедек болып қалуым әб­ден мүмкін еді. Есейе келе ағам Исмайыл Шымкенттегі Педа­го­гикалық институтты тәмамдап, менің де жоғары білімге жолым түсті. Ал ақындығым ана сүтімен дарыған десем артық айтпас­пын. Анамның айтуынша, нағашы аға­йым Есалы суырып салма ақын екен. Мінезінің өткір, бет қа­рат­пайтындығынан ауылдастары Шо­рағасы, Ожар деп атап кеткен. Ар­тында не бір ауыз өлеңі, не пер­зенті қалмады. Ал он үш-он төртінде ұзатылған анам Айткүл бар­ған жерінде атасымен де, қай­на­ғасымен де, ауылдастарымен де айтысуға шебер болыпты. Анам «Нағашыңа тартқансың, бірақ оған жету қайда?» деп мені де жиі қайрап отыратын. Алла тағала ол күндерге жеткізсе, өмірімде ерекше із қалдырған анам жайлы, артта қалған сағыныш толы күндерімді де қағаз бетіне түсірмек ойым бар. Ал бала күннен қисса, дас­тандарды жаттап өскендігімнің ақындыққа келуіме әсері болмай қойған жоқ. Алғашқы ұстазым – Исмайыл ағам. Өзі де өлең жазатын. Пединститутты бітіріп кел­геннен кейін аудандық газет­те істеді. Бұл менің де өлең жазу­ға талпынған шағым. Қойын дәп­терімде әжептәуір өлеңдерім бар. Бірде ағайым қолжазбамды кө­ріп қалып, момындығыма бо­ла ұрсып, өзі жетелей жүріп, аудан­дық газеттерде өлеңдерімді жариялады. Кейіннен «Лениншіл жасқа» шыға бастады. Содан бір­­де «Сенің жолыңды аштым, мен енді өлең жазбаймын», деп ма­ған аманаттады. Әдебиет пә­ні­­нен берген Елтай ағайымды екін­­ші ұстазым деп білемін. Ал Ал­­матыға келгенде Кеңшілік, Жұ­мекен, Жарасқандардың мектебі ақындықтың тағы бір белесіне айналды.

– Ақындықтың аламан бәй­гесіне түсу қанаты қатай­ма­ған жас қаламгер үшін үлкен сы­нақ болғаны анық. «Аққу арман» атты алғашқы өлеңдер жи­нағыңыздың кештеу жарық көргендігі де көңіліңізге қаяу түсіргендей. Дегенмен, ал­ды­ңызда нақты мақсат тұр­ған­мен, ғылым саласы, журна­лис­тиканың да ауылын айналып өтпеген екенсіз.

– Уақыт тезінен қарағанда бі­раз жылдарымды үнемді пай­да­лана алмаған екенмін. Жиыр­ма алтымда үйлі болдым. Әс­кері бар, студенттік шағым, жур­на­лис­тикадағы қызметіме бай­ла­нысты шығармашылықпен то­лық­қанды айналыса алмадым. Алматыға табан тіреген кезден бастап нағыз аламан бәйгеге түс­тім. Жоғарыда есімдерін атап кеткен жолдастарымның арасында, сон­дай-ақ әдеби ортада танылу жолында көп еңбектендім. Десем де, бала-шағасы жырақта, пәтерде жүрген ақында қандай күй бола қойсын. Облыстық газетте жүрген кезім. Бірде Алматыны аңсап жүргенімнен хабардар «Оңтүстік Қазақстан» газетінің сол кездегі бас редакторы Әмірсейіт Әлиев «партия мектебіне барасың ба», деді. Арманым қалайда Алматыға жету еді ғой, бірден келісе кеттім. Содан партия мектебіне түсіп, 1973-1975 жылдары білім алып шықтым. «Социалистік Қазақстанда» жина­ған үш ай тәжірибем тағы бар. Осы кезде үй алатын мүмкіндік те туған еді, алайда жолым болмады. Енді қайда бармақпын, көңілім түсіп ауылыма қайта оралуыма тура келді. Ол кезде Жазушылар одағының үш облыста бөлімшесі ашылған еді, қызметімді сонда жалғастырдым. Ал аңсарым ауған Алматыға 1983 жылы қайта ке­лудің сәті түсті. «Жазушы», «Жа­лын» баспаларында қызмет ет­тім. Ол кезде публицистикам да тәп-тәуір болып қалған. Содан мені «Қазақ әдебиетіне» Шерхан аға шақырды. Талапшыл еді ғой. Газетіміздің дүркіреп тұрған шағы. Сүйекті-сүйекті дүниелер береміз. Оралханмен де таныстығым осы кезден басталды. Бұл Шерағаның Оралханды Алматыға шақыртқан кезі болатын. Бүгінде журналис­тикада Шерхан ағаның орны ой­сырап-ақ тұр... «Аққу арман» жинағым расымен де баспада бес жылдай жатып қалды. Өзі қалақтай ғана отыз шақты өлеңім енген жинақ болатын. Әне шығады, мі­не шығадымен уақыт сырғып өте берді. Мен де ақындығыма кү­мәндана бастағандаймын. Бір күні Жазушылар одағына келе қалған мені «Жалынның» сол кездегі бас редакторы Қабдікәрім Ыдырысов ағамыз кездестіріп қалып, «Өй, сен қайда жүрсің, кіта­бың шықты ғой», деді. Мен аң-таңмын. Қатты қобалжығаннан кітабымның сүйінші даналарын көре сала жанарыма жас келгенін де байқамай қалыппын. Осылайша қолтығымнан демейтін жан жоқ, Алматыға жалғыз келіп, күдерімді үзген сәтте «Аққу арман» маған үміт сыйлады. Осыдан кейін кітап­тарым үздіксіз шыға бастады. «Аққу арманыммен» Одаққа мү­ше­лікке өттім.

– «Қазақтелефильмге» «Қа­зақ әдебиетінен» кейін келді­ңіз бе?

– Ойлап отырсам, еңбек жо­лым­ның қиыншылығы да, қызығы да жетерлік екен. Кейде жастық албырттықтан да көп нәрсенің парқын ұғына бермеген екенмін деймін. «Қазақ әдебиетінен» бас­паға бардым, одан қайта ай­на­лып Шерхан ағаның қол ас­ты­на оралғаннан кейінгі жұмы­сым «Қазақтелефильм» болды. Студияда деректі фильм­дер тү­сі­рілетін. Тақырыптық жос­пар бір жылға жасалады. Өн­ді­ріс толығымен орыс тілін­де. Бас­шылық маған қазақ тіліндегі жо­баларды дамытуды жүктеді. Сол кезеңде ақиық ақынымыз Мұ­қа­ғали Мақатаевтың өмірі мен шы­ғармашылығына арналған үш бөлімнен тұратын деректі фильм түсірілді. Одан кейін Шәмші Қал­даяқов туралы фильмді туған жері Шәуілдірге төрт операторымызбен бірге барып түсіріп қайтқан едік. Бүгінде осы фильмнің үзінділері кө­зіме оттай басылады. Студия жоспарында Шерхан ағамыз жайлы да деректі фильм түсіру болған еді. Бірақ «Қазақтелефильм» студиясы белгісіз себептермен тарап кетті. Дегенмен де халқымыздың маңдайына біткен Мұқағали мен Шәмшідей тұлғалар жайында түсірілген фильмдерде қолтаңбам қалды.

– Қадыр Мырзалиев аға­мыз «Исраил біріншіден – ақын, одан кейін саз­гер-дра­матургтігі бар, одан қал­са пуб­лицистикасының өзі бір төбе» деп айтқанының негізі осын­дай еңбектеріңізге қа­рата айтылса керек...

– Алматыға орнығып өз-өзі­ме келген соң Сырбай Мәу­ле­нов, Қасым Қайсенов, Қа­дыр Мырзалиев, Тұманбай Молда­ғалиев сынды тұлғалардың қа­сын­да жүріп, әкелік, ағалық қам­қорлығын көп көрдім. Ақындық­тың аңғал сәттерінде Сырбай аға мен Қасым аға қанатының астына алды. Тұмағаң – ақ көңіл баладай, ол кісіден жайсаңдықты үйрендім. Ал Қадыр ағадан мен көп керегімді алдым. Уақытқа үнем­шіл, өзіне қатаң талап қоятын, өлеңдерін пышақтың жүзінен өткендей жылтыратып отыратын еңбекқорлығына қызықтым. Шашылып, төгіліп жүре беретін маған Қадыр аға бірде «Сен жо­лың­ды ашып келесің. Ақын-саз­гер­сің, драматургияң бар, ал пуб­лицистикаң өз алдына» деп баға бергені шығармашылығымды шыңдай түсті.

– Аудармаларыңыздың ішін­де сопылық ілімге қатыс­ты шы­ғар­маларды көп кездес­тіре­міз. Ал ұлы Абай жайында сөз еткенде, «өз Абайым – өзімде» дейсіз. Оның мәнісі неде?

– «Өз Абайым – өзімде» дей­тінім, Абайды тануға, білуге тырыстым. Бірақ мен де, өзгелер де әлі күнге Абай философиясының кілтін таба алмай келеміз. Өлеңдері, қара сөзі қазақша бола тұра, байы­бына бара алмадық. Ал өлең жазуда Абайдан, Мағжаннан жатық тіркес, шымыр ұйқасты қамтыдым. Ажарлы сөзді көңіліме тоқыдым. Абай шығармаларындағы қазақ­тың жазба әдебиетінің көркем үлгісін көрдім. Бала кезден бо­йы­ма дарыған халықтың ауыз әдебиетінің бай үлгілерін қала­мыма арқау еттім. Ал аударма саласына келер болсам, иран, парсы тілін білмегендігім, шы­ғыстың шайырларын ауда­ру­ға көп кедергі келтірді. Аударма­ла­рымның қатарында Омар Хайамның «Наурызнама», «Әмір Темір аманаты», Джордже Катич­тің «Сәлемдемесі», «Лұқпан ха­кім», «Мың бір сауал» (Құран­ды тәпсірлеу), Әбдірахим Пра­тов­тың «Бір тал гүл», Еркін Құ­шуақ­товтың «Қызыл алма» драмасы және де Пушкин, Есениндей, т.б. орыс қаламгерлерінің еңбек­тері бар. Дегенмен, мың жылдық сопылық ілімнің кілті аспанда екенін айтқым келеді. Соңғы он-он бес жыл шамасында сопы­лық ілімді зерттеп, зерделеумен келемін. Бұл тақырыпқа ке­зінде Әбірәш Жәмішев, Фариза, Жарасқан да барды. Бірде Ман­кентке жолым түскенде музейден Қожа Ахмет Ясауидің еш жерде жарияланбаған хикметтерін қолыма түсірдім. Аударуға ұзақ дайындалғаныммен, кірісе алма­дым. Мекемтас ағамыз бірде «Кіл­тін мен де таба алмай жүрмін. Естуімше Идирис Шах деген со­­пылық ақын бар екен. Соны іздес­тіріп көр», деді. Ол кітапты да қолыма түсірдім. Алайда, әзірге құпиясын таба алмай келемін. Гетенің өзі кезінде Шығыстың жеті шайырына қосылсам арманым жоқ деп бекер айтпаған. Шығыстың жеті ұлы шайыры Кеңес кезінде орыс тіліне аударылды. Ал қазақ тілінде аудармасы жоқ. Осы орайда Жазушылар одағы жанынан, болмаса дербес аударма орталығын ашудың қа­жеттілігі туындайды. Елімізде мықты деген тарихшылар да, фи­лософтар да, өзге салада ға­лым­дарымыз баршылық. Осы орайда, кезінде шетелдерге шашырап кеткен ғалымдарды жинау уақыт күттірмейтін мәселе деп ойлаймын. Әл-Фарабидің туғанына – 1150 жыл, Абайдың 175 жылдығы тұсында, сондай-ақ ұлттық мұрамыздың қайнарларын зерттеуде қазақ ғалымдарының бірлескен жұмысы қажет-ақ.

– Сіздің бүгінде жұртшылық сүйіп тыңдайтын екі жүзден ас­там әніңіз бар екен. Менің жобалауымша, бұл көрсеткіш бұдан екі есеге көп сияқты. Жасты да, кәріні де баурап ала кететін ли­рикалық туындыларыңызға әлі күнге сұраныс жоғары. Тың­дар­ман жүрегін қозғайтын әндердің өзе­гін қайдан аласыз, құпиясы неде?

– Сазгерлікке мен кейінірек келдім. Арнайы дипломым да жоқ. Өлең жазу үшін тебіренесің, еңбектенесің, ізденесің. Ал әуен маған ғарыштан келіп, аян береді. Рухани таза болмасаң өте кірпияз, үркітсең, қашырып аласың. Ар жағы маған да жұмбақ. Ән туа қалғанда дереу таспаға жазып ала қоямын. Бүгінде әлі сөзі жа­зылмаған алпысқа жуық әнім бар. Ал жарыққа шыққан әндердің статистикасын арнайы жүргізіп көргенім жоқ. Дегенмен деректерге зер салсам, сол төрт жүздің ар жақ-бер жағында сияқты... Өз басым көп түс көремін. Түсті періште, адами, шайтан түс деп жіктедім. Періште түс ғайыптан келеді. Жақында «Елес» деген поэ­ма бастадым. Бұл сонау балалық шақта қалған оқиға. Жетінші сыныпта оқып жүргенде бір көшеде тұратын менен екі жас кішілеу қызбен арамызда бір сезім жылт етті. Осыдан үш төрт ай бұрын сол қыз баяғы кейпінде менің тү­сіме енді. Ол қандай сезім, тү­сінбеймін. Алдағы уақытта сах­налық дүние жасамақ ойымда бар. Ал драматургияға мен саналы түрде қадам бастым. Бүгінде пьесаларым он беске таяп қалды. Кейде тақырып таңдаудағы ізде­ністерімде журналистикадағы қыз­метімнің де пайдасы болды деп ойлаймын. Қалаға келгенде жалғыз басты кемпірдің үйін жалдап тұрдым. Сонда ауылдан келген жас қыздарға пәтер тауып беріп, оқуға түсіргенсіп, алдап жүретін әйелдің кесірінен тағдыры бұзылған қазақ қызының өмірі «Ауылдан келген ару» шығармама арқау болды. Он жылдан астам жастар театрында қойылды. Жа­зыл­ғанына да отыз жылдай болып қалыпты. Одан кейін «Әмір Темір», «Абай – Тоғжан», «Сыған серенадасы» жазылды.

– «Сыған серенадасы» пье­саңыздың жазылу тарихына қа­тысты екіұшты пікірлер көп ай­тылды. Пьеса төңірегіндегі әңгі­мелердің негізсіз екендігі де жиі көтерілгені белгілі. Көркем туынды үшін нақты фактілердің болуы маңызды ма?

– Ауруханада жатқанда Шәм­ші ағаның көңілін сұрай бардым. Па­латада жалғыз өзі жатыр екен. Мені бірден таныды. Шай дем­деп, жастығын ыңғайлап, сұрағыма жауап іздей келгенімді айттым. «Вальс королі» деген пі­кір­мен келіспейтінімді әрі ыр­ғақты әндерінің көп екендігін айтып, ой тастадым. Әсіресе, шы­ғар­машылығында өзге әндері бір төбе болса, «Сыған серенадасының» орны биікте екендігін жеткіздім. Осы бір бес минуттық әңгімеде осы әннің тарихына қанық болдым. Әсерлі кездесуден кейін көр­кем очерк, поэма жазсам деген ойдың жетегінде жүріп қалдым. Ақыры пьеса жазам деп шештім. Содан «Сыған серенадасы» пьесасын Ғ.Мүсірепов атындағы жас­­тар театрына ұсындым. Өкі­нішке қарай екі жылдан астам жатып қалды. Одан кейін театр жариялаған бәйгеден іріктеліп, М.Әуезов театрында сахналанды. Пьеса сахналанғанға дейін Шәмші аға қайтыс болып кетті... Көпен кітап шығарды. Осы сәтте Шәмшіні де тани алмай жүрміз-ау деген ойға қалдым.

– Сіз «рухани тойымсыз адам­­­мын. Басымды тасқа да, тау­­­ға да ұрамын» дегенді жиі ай­та­­сыз. Қазір не жазып жүр­сіз, шы­­ғар­машылығыңызда оқыр­ма­ныңызды, көрерменіңізді, тың­­дарманыңызды селт еткізер қан­дай туындыларыңыз бар?

– Еліміз үлкен қиындықтар ке­зеңінде тұр. Індеттің салдары да оңай болған жоқ. Бірде Ал­матыға бара қалсам, қалада жан адам көрінбейді, жым-жырт. Содан пандемияға байла­ныс­ты бірнеше өлең жаздым. Де­ген­мен, шығармашылық адамы ты­ныштыққа, үй жағдайындағы жал­ғыздыққа үйірсек келеді ғой. Соңғы уақытта «Қазына» кі­тап үйінен биыл жарық көрген «Ой тұмар» жаңа жинағымды мемле­кеттік сыйлыққа ұсындым. Бұл он-он бес жыл бойғы еңбегімнің жиынтығы. «Әлем. Әйел және мен» кітабым мен бірнеше қол­жазбам даяр тұр. Бүгінде әйел адам­ның құпиясын ашқан адам жоқ. Ел басына күн туған қандай кезеңдерде де қазақ қызы өз тұ­ғырынан, биігінен түспеген. Ал қазақ жігіттерінің ұсақталып, көше сыпырып жүргеніне қынжыламын. Соңғы жазған «Адам ата – Хауа ана» пьесамды театр репертуарына ұсындым. Адам жаратылысы жұмбақ қой. Бұл ешбір драматург жазбаған рухани шығарма. Шет тілдеріне аударылса, әлемдік деңгейге шығар еді деп те ойлай­мын. Ал «Сен ертең өлесің!» дей­тін екінші шығармамның негі­зі осыдан жеті жыл бұрын қа­лан­ды. Ес пен түстің арасында аян болып келген пьеса да заман үдесінен шығады деп ойлаймын. Байлықтың соңында кеткен ақшақұмарлар үшін тәрбиелік мәні бар туынды. Осы орайда театрларға бүгінгі қоғам мәселесін, адам өмі­рін бейнелейтін көрерменге ықшам, шынайы қойылымдар керек. Дегенмен театр сыншысы, зерттеушісі сиреген қоғамда театр­лардың да беделі төмендеп қалғандай көрінеді. Директор әрі көркемдік жетекшісі Е.Обаевтың шақыруымен М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында да екі жылдай әдеби кеңесші қызметін атқарғаным бар. Ал бүгінде драмаға арқау болатын тақырып көп. Драматургтеріміз де баршылық. Бірақ театрлармен арада байланыс кемшін.

– Әдетте әдебиет, өнер жо­лын­­дағы тұлғалар отбасына, ба­ла тәрбиесіне көп көңіл бө­ле алмадым деген өкінішін айтып жататынын естиміз. Сіз ба­­­ла­­ларыңызды қалай тәр­бие­­ле­діңіз? Өнер жолына кел­ген­дері бар ма?

– Қалам, қағаз ұстағаннан ке­йін отбасындағы тірлікке, бала тәрбиесіне көп араластым деп айта алмаймын. Өмірлік серігім Жұ­пардың арқасында балала­рым өсіп, есейді. Қызым – Жанар Чайков­ский атындағы училищені бітірген. Ортаңғы балам Нұрлан Түркиядан білім алып келді. Бүгінде түрік компаниясында еңбек етіп жүр. Кенжем – Еркебұлан скрипкашы. Бала кезінен музыка тыңдап өскендіктен бе, тұла бойына музыка сіңіп кеткендігін байқаймын. Мәскеуден консерваторияны біті­ріп келді. Алматыда консерваторияда сабақ береді әрі Жамбыл атындағы филармонияның со­лисі, симфониялық оркестрдің кон­церт­мейстері. Кішкентай екі не­мерем де осы өнер жолында ке­леді. Есейгенде болашағын өздері бағамдай жатар деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»