Таным • 04 Қыркүйек, 2020

«Қарадомалақтарды» қара демейді немесе француздар А.Кристи шығармасын не үшін өзгертті?

657 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Британдық жазушы Агата Кристидің детектив жанрындағы әйгілі романы «Он қарадомалақты» («Десять негритят») француздар енді «Олар он еді» («Их было десять») деген жаңа атаумен басып шығармақ. Мұндай тосын шешімді автордың шөбересі Джеймс Причард бүгінгі қоғамдағы нәсілшілдік көзқарасқа байланысты қабылдап отыр. Ал бұған дейін шығарма ағылшынтілді елдерде «Енді ешкім де қалған жоқ» деп аталған еді.

«Қарадомалақтарды» қара демейді немесе француздар А.Кристи шығармасын не үшін өзгертті?

 

48 жастағы Кристи «қарадомалақтар» хикаясы жарияланбай тұрып-ақ, отыздан аса романды түгесіп, танымал бол­ған. Жалпы, детективші автор твор­чествосындағы қай шығарма болма­сын, оқырман арасында кең таралып, көп талқыланды. Әсіресе 1926 жылы жария­ланған «Роджер Экройдтің өлімі» романы Кристидің жазушылық шеберлігін мойындатқан алғашқы туынды еді. Ал «Он қарадомалақ» (енді «Олар он еді» деп атаймыз) Кристидің өзіне ұнаған сәтті шығармасы деседі.

Бұл кітаптың сюжеті автордың жазу­дағы ғадетіне сай белгісіздікке һәм бей­таныстыққа құрылған: мұндағы он кейіпкер: дәрігер Армстронг, Эми­ли Брент, Вера Клейторн, Уильям Ген­ри Блор, Джон Гордон Макартур, Фи­липп Ломбард, ерлі-зайыпты Томас пен Этель Роджерс, Энтони Мар­стон, Лоуренс Джон Уоргрейв. Белгі­сіз А.Н.Оним­нің ең қымбат аралға қыды­руға ша­қыруын қабылдаған бейтаныс он адам «қарадомалақтар» аралында қа­малып, бірінен соң бірі ажал құшады. Аралдағы белгісіз қонақтар зорлықпен өлтірілген сайын қабырғадағы шыныдан жасалған мүсіндер де бір-бірден жоғалып отырған. Адам өлтірушінің кім екені анық: әрине, сол ондықтың біреуі (деп ойладық). Бірақ шығарма соңында онның ешқайсысы тірі қалмайды. Сонда қылмыскер кім?

 Әлгі А.Н.Оним мырза неге дәл осы адамдарды таңдап алды десеңіз, олардың әрқайсысы адам өліміне себепші болған. Мәселен, дәрігер Армстронг – мас күйінде ота жасап, абайсызда ауру әйел­ді өлтіріп алады һәм бұл оқиға жұмбақ күйінде қалған. Ал Эмили Брент қыз­метші қыздың біреуден некесіз бала көтергенін біліп, қуып шығады. Бұған төзе алмаған қыз өз-өзіне қол жұмсайды. Вера Клейторн болса, күтуші болып жүріп, жақсы көретін жігіті үшін бір баланы әдейі өлтіреді. Уильям Генри Блор – сотта кінәсіз адамға жалған куә бол­ған. Джон Гордон Макартур – соғыс­та әйелінің бұрынғы сүйіктісіне қас­тандық жасайды. Филипп Ломбард – қоластындағы жиырма адамын белгісіз жерде тастап кеткен. Ерлі-зайыпты Томас және Этель Роджерс – қызметші болып жұмыс істеп жүріп, үй иесінің дәрісін бермей өлтіреді. Осылайша мұра үй қызметшілеріне қалған. Ал Энтони Марстон – екі кішкентай баланы қағып кетіп, жазасын өтемеген. Лоуренс Джон Уоргрейв – сотта кінәсіз адамға әділ ше­шім шығармаған.

Романның әккі қылмыскер-кейіп­керін ең соңында – балықшылар хат салынған бөтелке тауып алған кезде таныдық. Хаттың авторы – жас кезін­де-ақ кісі өлтіруді армандаған сот Уоргрейв екен. Алайда оған әділдікке деген ұмтылысы кедергі келтірген (ол енді сот емес пе?!). Жүректің терең түкпі­­рінде қалған сол бір аңсар арман түбі Уоргрейвті қылмысқа алып келді. Сөйтіп, ол жазасын өтемеген қылмыс­кер он адамды тауып, жылдар бойғы қалауын орындаған. Тіпті осы Уоргрейвтің өзі қылмыс жасауда белгілі бір деңгейде әділ болғандай ма, қалай?..

 Агата Кристи осы романның өзегін Ұлы­британияның фольклорына ай­налған он қарадомалақ туралы әйдік санамақтан алғаны жасырын емес. АҚШ-та шыққан басылымда бұл «са­намақтың» кейіпкерлері кейде он кіш­кентай үндістер, солдаттар, тіпті теңіз­шілер де болды.

Шығарманың жаңа атауы жөнінде Кристидің ұрпағы Причард: «Кітап жазылғанда тілі басқа болды және он­дағы сөздер де бүгінде ел жадынан ұмы­тылған. Мұндағы негізгі сюжет таны­мал санамаққа құрылған. Әрине, оны шығарған Агата Кристи емес. Мен шығарманың түпкі атауы АҚШ-та ешқашан қолданылмағанына сенімдімін. Ұлыбританияда 1980 жылдары өзгертті, ал бүгін біз оны бүкіл әлем бойынша ауыстырудамыз», деп түсіндірді. Және ол автор өзінің сөз қолданысы біреудің көңіліне тигенін қаламас еді деп атап өтті.

Осылайша роман Францияда алдағы қазан айында «Олар он еді» деген мұ­қа­бамен басылып шығады. Livre de Poche баспасының директоры Беатрис Дю­валь­дің сөзінше, француздар Кристи ро­манын сонау 1940 жылдары жасалған аудар­мамен жариялап келген әлемдегі соңғы елдердің бірі екен.

«Біздің мақсатымыз – шығарманың тақырыбын ғана өзгерту емес. Жаңа атауға сай роман мазмұнындағы кей тұстарды да ауыстырдық», деді Дюваль.

Кристидің шығармасы алғаш рет 1939 жылы 6 қарашада Ұлыбританияда Ten Little Niggers («Он қарадомалақ») деген атпен басылып шықты. Дәл сол жылы АҚШ-та кітап «Енді ешкім де қал­ған жоқ» (And Then There Were None) деген жаңа атаумен 2 доллардан са­тыл­ған еді (һәм ондағы қара нәсілділер ха­қындағы ойлар қысқартылған).

Ал Швеция «Он қарадомалақ» тақырыбынан 2007 жылы бас тартса, бұл шешім Нидерландыда 2004, Финляндияда 2003 жылы қабылданды. Ресейде де бұрынғы атаумен шығып келген роман қыркүйек айында жаңа мұқабамен «Эксмо» баспасынан жарияланады. Қазақстан мен әлем әдебиетінің арасында алтын көпірге айналған орыс аудармасының шарапатымен аталған шығарма біздің кітап дүкендеріне де жаңа атаумен келуі әбден мүмкін.

Агата Кристи творчествосының қор­жынына – 60 детектив жанрындағы роман, 6 психологиялық роман (автор бұларды Мэри Уэстмакотт лақап атымен жазған), 19 әңгімелер жинағы һәм 16 пьеса жүк болады. Өз уақытында де­тек­тивтің қас шебері атанып, мойын­далған Агата Кристи кітаптары әлемнің 100-ден аса тіліне аударылып, ұзын саны 4 миллиардтан аса данамен басылып шықты.

Атақты детективші қаламынан шық­қан жүздеген шығарманың бәрі дерлік шедевр емес, әрине. Сюжет қайталаулар, әлсіз суреттеулер, кей оқиғаларды ежік­теп түсіндіру сынды кемшіліктерді жоқ­қа шығара алмаймыз. Алайда Кристи шығармашылығының негізгі қуатын көтеріп тұрған романдары оқу­шыны биік кеңістікте ұстап тұра алады. Агата Крис­тидің творчествода мол табысқа жетіп, әлем оқырмандарының жаппай оқуының сыры осы болса керек.