Қоғам • 07 Қыркүйек, 2020

«Тик-токқа» тоқтам салу керек пе?

1933 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда интернеттегі «Тик-ток» желісінде биыл 175 жылдығы аталып өтіп жатқан Абай Құнанбайұлының суретіне жан бітірген бейнетаспасы таралып, әп-сәтте мыңдаған көрілімге ие болды.

«Тик-токқа» тоқтам салу керек пе?

Әрине, қазақстандық желі қолданушылары заманауи музыкамен әрленген бейнетаспаны әртүрлі қабылдады. Бірі бұл жастардың ермегі ғой деп көңіл аудармауға шақырса, енді бірі жастардың бұл ісіне түсіністікпен қарауға шақырды. Өйткені әлемнің танымал тұлғаларының кез келгеніне осы іспетті әзіл роликтері қолданыла беретін көрінеді. Десе де, басым бөлігі мұның өте өрескел әрекет екенін айтып, мұндай тұрпайылыққа тыйым салу қажет екенін жеткізді. Алайда қоғамдық талқыға өзек болған бейнетаспа шабыттандырды ма, осы оспадарлыққа барған «ойынқұмар» жас онымен тоқтаған жоқ. Іле-шала ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына, Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханға және тағы басқа ұлт зиялыларына арналған бейнетаспалармен толықты. Тіпті Әлекеңнің Мәскеудегі Бутырка абақтысында арып-ашқан, өмірінің соңғы сәттерінде, яғни ату жазасының алдында түсірілген әйгілі фотосуреті әп-сәтте мазаққа айналып шыға келді. Сондықтан да болар, кей қолданушылар Қазақстанда «Тик-токқа» тоқтам салып, бұғаттау қажет екенін де айтты. Расында, «Тик-токқа» тоқтам қажет пе?

Жалпы, бұл әлемде тез таралған жаңа желілердің бірі. Қысқа бейнетаспаларды түсіру мен көруге арналған сервис бейжіңдік ByteDance компаниясына тиесілі. 2018 жылдың жазында іске қосылған мобилді қосымша қазір Қытай мен әлемнің көптеген елдерінде танымал видеоплатформаға айналды. Елімізде де бұл желіні қолданушылар қатары күн санап артып келеді. Аталған жүйе арқылы танымал болған блогерлер де жетерлік. Бұл сервистің, әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында ерекше қарқынмен таралғанын айтуға болады. Жекелеген жобалары да жеткілікті.

Дегенмен Үндістан билігі тыйым салған 59 қосымшаның ішінде осы қытайлық сервис те бар. Бұл елде «Тик-ток» Үндістанның тәуел­сіздігі мен тұтастығына, қорғаныс қабіле­тіне, мемлекеттің қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртібіне зиян келтіретін желі ретінде сипатталады. Оның үстіне Қытай мен Үндістан елдерінің арасындағы қырғиқабақ қарым-қатынас жастардың бірін-бірі орынсыз қағытуына, оның соңы жаңа жанжалдың шоғын үрлеуге алып келуі де ықтимал деген қауіп те жоқ емес.

Үнді елінің қауіптенетін жөні бар. Өйткені АҚШ президенті Дональд Трамп та осы желінің кесірінен пандемия алдында сайлауалды митингілеріне электорат жинай алмай пұшайман болған еді. Тіпті жоспарланған бір жиыны өтпей де қалған болатын. Өйткені осы тұғырнама арқылы митинг билеттері жиынға қатыспау үшін фейк аккаунттармен алдын ала брондалды. АҚШ билігі қазір сервис қожайынын айыптап, қолданушылардың жеке мәліметтерінің қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп отыр.

Ал Ауғанстанда сенатордың балалары мем­лекет мүлкіне жататын қымбат көлікке отырып, автоматтан оқ жаудыртқан видеоны жүктегені үшін бастары дауға қалды. Қоғам наразылығын туғызған бейнетаспаны еркетотай балалар әзіл үшін түсірген екен. Сенатор халық алдында қанша жерден ақталғанымен видео төңірегінде айтарлықтай шу шыққан көрінеді.

Осы іспетті қазір «Тик-токтың» саяси мінберге де айналып жатқан түрі бар.

Ондағы жарияланған таспалар БАҚ назарынан тыс қалмайтын болды. Осы аудиторияны орынды пайдаланса, оны пайдалы контентке де айналдыруға да болады. Мысалы, карантин кезінде Мәскеудің туризм комитеті аталған платформамен бірлесіп жұмыс істеудің нәтижесінде мәдени нысандар жабық болса да қаладағы барлық музейлерге, галареяларға қысқа бейнероликтер арқылы саяхат жасауға мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылар мұның оқшауланған жанға сыртқы әлемге қолындағы смартфоннан үңілуге жағдай жасағанын айтады. Сол сияқты індет таралуы күшейген кезде Ресейдің денсаулық сақтау министрлігінің сарапшылары «Тик-токтың» эфиріне шығып, жағдайды жан-жақты түсіндіріп отырды. Бұл әдетте мерзімді баспасөз оқымайтын, теледидар қарамайтын жасөспірімдер мен жастардың арасында қауіпсіздікті сақтау шарттарын жеткізуге оңтайлы болғаны анық.

Сондықтан елімізде «Тик-токтың» аясында да әр жастың, әр саланың ерекшеліктеріне қарай пайдалы контенттерді қалыптастыруға мән берген жөн секілді. Бұл жоғарыда айтқандай бейбастақ іс-қимылға баратын жас­тарды ойлануға, өз іс-әрекетінен қысылуға, кемшілігін түзеуге бағыттар еді. «Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша», дейді Абай отыз сегізінші сөзінде. Хакім сөзін басшылыққа алатын бір бағыт осы.