Саясат • 07 Қыркүйек, 2020

Күн тәртібінде – экономикалық интеграция

692 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов ағымдағы жылдың 4 қыркүйегінде телекөпір режімінде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің кезекті отырысына қатысты, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Күн тәртібінде – экономикалық интеграция

Кеңес мүшелері Еуразиялық эконо­ми­ка­лық интеграцияны одан әрі дамытуға қа­тыс­ты, оның ішінде техникалық реттеу, дәрі-дәрмектер нарығы, санитарлық шара­лар, халықаралық ынтымақтастық салал­а­рын­дағы бірқатар мәселелерді талқылады.

Отырыс барысында Өзбекстан Респуб­ли­касына ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесін беру туралы мәселе қаралды. Соңғы шешім осы жылдың соңында мемлекет басшыларының кезекті кездесуі барысында қабылданады. Кеңестің өт­кен отырысының күн тәртібіндегі маңыз­ды мәселе Еуразиялық экономикалық интегра­цияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының жобасын тал­қы­лау болды. Ағымдағы жылдың мамыр айында Президент Қ.Тоқаев ақылға қо­ным­ды жеткіліктілік және қажеттілік қағи­датын ескере отырып, құжатты қосым­ша пы­сық­тау қажеттігі туралы ұстанымын біл­дір­ген еді.

Осыған байланысты Қазақстанның бас­тамасы бойынша стратегия жобасының жекелеген іс-шаралары қайта қаралып, ке­лісілді. Мысалы, елдер қазақстандық тараптың Еуразиялық экономикалық комис­сияның бұрын ұсынылғандай міндетті түрде емес, мүше мемлекеттердің өз бас­та­­ма­сы бойынша ғана қызметтер сау­да­сы және инвестициялар мәселелері бойын­ша мүше мемлекеттердің үшінші ел­дермен екіжақты келіссөздеріне тарту мүм­кіндігі туралы дәлелдерімен келісті. Сон­дай-ақ, дәрілік препараттар өндірісінің халық­аралық стандарттарға сәйкестігін растайтын GMP ұлттық сертификаттарын өзара тану 2025 жылға дейін ұзартылды. Бұдан басқа, «Ойыншықтардың қауіпсіздігі тура­лы» техникалық регламенттің жекелеген ере­желерін нақтылау бөлігінде ЕАЭО техни­калық регламенттерін әзірлеу жоспа­рына түзетулер мақұлданды. Ұғымдық аппа­рат, жаңа ойыншықтарға қойылатын талап­тар, магнит ағынының көрсеткіштері, бағыт­талған электромагниттік өріс дең­гейі, уыт­тылық бөлігінде техникалық рег­ла­менттің же­келеген ережелері нақтыланатын болады.

Дәрілік препараттардың биоэкви­ва­ленттілігіне зерттеулер жүргізу ере­же­сіне өзгерістер бекітілді. Жекелеген дәрі­лік препараттардың, атап айтқанда жақпа­майлар, гельдер, кремдер, сондай-ақ ұзар­тылған және кейінге қалдырылған дәрілер мен капсулалардың өзара алмастырылуын растау үшін жалпы тәсілдер мақұлданды.

Сондай-ақ, мүше мемлекеттердің ұлттық банктеріне ЕАЭО елдерінің мемлекеттік сатып алуларына қатысу үшін берілген банктік кепілдіктерді өзара тану бойынша қанатқақты жобаны іске қосу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Кеңестің кезекті отырысы алдағы 11 қыркүйекте өтеді.