Жалпы, мұндай ормандар Даниядағы Тролльдар орманы мен Ресейдің Курши мүйісінде де кездеседі екен. Биологтардың түсіндіруінше, ағаштар қыс мезгілінде қалың қасат қардың астында қалып, қатты соққан желге байланысты пошымын өзгертетін, яғни қисық-қыңыр өсетін көрінеді. Сондай-ақ жер қыртысының тектоникалық қозғалысы да ағаштың қисық өсуіне ықпал етеді. Ал Арқаның кербез сұлу Көкшетауында өсетін биші қайыңдардың бұтақтары қисық болып өсіп-өнуі батпақ пен топырақтың әсерінен деседі. Халық арасында ағаштың биші болмысына қатысты аңыз-әпсана да жетерлік.
Ал Аралдан бастап Балқаш – Алакөл бассейндеріне дейінгі аралықта құмды, шөлейт жерлерде өсетін тораңғының да кейде «билей» өнетін түрлерін көз шалып қалады. Тұзды және құмды сусыз шөлдерде табиғи жағдайда тораңғы бұралып, шыңдары жарыққа қарай созылып тұрады. Мәселен, «Алтын-Емел» ұлттық паркінде дәл осындай жалғыз кішкентай тоғай бар. Бұл аумақ көпшілікке Жеті жүз жылдық тал немесе Қосбастау шатқалымен белгілі.
Парк қызметкерлерінің айтуынша, тораңғының мұндай «биші» көрінісі ерекше өсу жағдайына байланысты пайда болады екен. Ал мұнда радонды су ағып жатыр, топырақ ылғалды, көлеңке мен көкорай шалғын бар, тораңғы ағаштары да бір-біріне ұйыса тығыз өседі.
Туристер Қосбастау шатқалы демалуға өте қолайлы екенін айтады. Шатқал жаздың ыстығында ұдайы салқын, сайды қуалай суы тастай бұлақтар ағады, тіпті кішкентай көл бар. Мұның бәрі айналадағы шөлді басып келген адамды тіпті таңғалдыра түседі. Алайда туристерге арналған сервис жоқтың қасы. Мұнда адамдар көбінесе Үлкен Қалқан тауларының аясындағы күннің ұясына қонуын тамашалауға, кешке алаулаған оттың жанында отырып тынығуға немесе көлдің жағасында демалуға, балауса шөп иісі аңқыған тоғайда түнеуге, таңертеңгілік Ақтау тауының әсем табиғатын көруге келеді.
Ұлттық парк басшылығы табиғат аясын ұнататын жандарды «Биші» тораңғы тоғайын көруге шақырады.