1970 жылдың 13 қыркүйегінде Шымкенттің дәл іргесіндегі Сайрам ауданына қарасты Қарабастау ауылында дүниеге келген Мырзағали Айтжанов 13 жасында бокс үйірмесінің табалдырығын аттады. Облыс орталығында білікті бапкер Нұрғали Сафиуллиннен тәлім-тәрбие алды. Жаттығу залында аянбай тер төккен балғын былғары қолғап шебері көп ұзамай елеулі табыстарға қол жеткізе бастады. Алғашында аудан, қала, облыс деңгейіндегі додаларда дараланған ол 1987 жылы жасөспірімдер арасында республика чемпионы атанды. Арада бірер ай өткеннен соң КСРО кубогына қатысты. Донецкідегі доданы Айтжанов күміс медальмен қорытындылап, спорт шебері нормативін орындады. Ал 1988 жылы Ульяновскіде жалауы желбіреген жастар арасындағы КСРО біріншілігінде бас жүлдені олжалады. Осы жеңістің нәтижесінде аса ірі халықаралық жарыстарға даңғыл жол ашылды.
1988 жыл. Польшаның Гданьск қаласында Еуропа біріншілігінің жалауы желбіреді. Қарт құрлықтың барлық дарынды әрі қарымды жастары жиналған жарыста 54 кило салмақ дәрежесінде КСРО құрамасының намысын Мырзағали Айтжанов қорғады. Тұсаукесер кездесуде ол чехословакиялық Станислав Янконы оңдырмай сабады. Есеп – 5:0. Ширек финалда қандасымыздың жолы Роберт Шереметамен қиысты. Ринг қожайынына төрешілердің бүйректері бұрғанымен, түбі әділдік үстемдік құрды – 3:2. Жартылай финалда Англияның өкілі Паул Рамсейді және финалда болгариялық Милко Ивановтың тас-талқанын шығарды. Бұл кездесулерде бес төрешінің барлығы да Мырзағалидың мықтылығын бірауыздан мойындады. Осылайша, Айтжанов жастар арасында Еуропа біріншілігінің бас жүлдесін олжалаумен қатар, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды.
Жоғарыдағы жеңістер жас жігітті кәдімгідей қанаттандырды. КСРО құрамасы сапына енген қазақ боксшысы Дания, Индонезия, Болгария, Түркия және Никарагуада ұйымдастырылған халықаралық турнирлерге қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Жастар арасындағы жарыстарда алдына жан салмаған Айтжановтың енді ересектер дуында да атой салатынына көпшіліктің еш күмәні болмады.
Мырзағали айтады: Күш-қуатым бойыма сыймай тұрған тұста төрешілерден көп теперіш көрдім. Сөзім дәлелді болу үшін мына екі деректі алға тартайын: 1990 жылы Украинаның Луцк қаласында өткен КСРО чемпионатының алғашқы айналымында кейіннен Еуропа чемпионы және Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Альберт Пакеевпен қолғап түйістірдім. Бәсеке барысында оны екі рет есеңгіреттім. Бірақ төрешілер қарсыласымның қолын көтерді. Сол кезде наразылық білдірген украиналық жанкүйерлердің «Жеңісті қазаққа беріңдер!» деп айғайға басқаны әлі есімде. 1991 жылы Қазанда Еуропа чемпионатының күміс және Олимпиаданың қола жүлдегері Тимофей Скрябинді жақсылап сабағаныммен, тағы да әділетсіздікке тап болдым. Екі ретінде де бәсеке тағдырын бір ғана ұпай шешті. Осындай келеңсіз оқиғалар менің спорттық өмірбаянымда аз болған жоқ.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Айтжанов 54 және 57 кило салмақ дәрежелерінде біраз уақыт өнер көрсетті. Елішілік жарыстарда жап-жақсы жұдырықтасып жүрді. Жасындай жарқырап, жеңіс тұғырына көтерілген кездері де аз емес. Бірақ ол шетелге шыға алмады. Әлем және құрлық чемпионаттарынан үнемі шет қалды. Оның себеп-салдарын әркім әр саққа жүгіртті. Бәзбіреулер «бабы кеміді, дәуірі өтті» десе, енді біреулер «басқа пәле – тілден» деген уәж айтты. Расында да Мырзағали – тік мінезді, бірбеткей. Ешкімнің ығына жығыла бермейді. Алдында қандай дөкей тұрса да ойындағысын іркілмей айтатын әдеті бар. Бәлкім, сол турашылдығының кесірінен өз несібесінен қағылған болар.
Бірде кең залда жанталасып жаттығып жүрген Мырзағалиға кезіндегі еліміздің белді боксшыларының бірі, өзінің құрдасы Михаил Юрченко: «Мырза, қазақта «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» деген аталы сөз бар екенін өзің де жақсы білесің. Сенің досың, замандасың болғаннан кейін турасын айтуды құп көрдім. Сенің уақытың әлдеқашан өткен. Оны мойындауға тиіссің. Бос елес қума. Дәп бүгін жүзден жүйрік шықсаң да, үлкен аламанға сені ешкім де қоспайды. Ендігі жол – жастардыкі. Одан гөрі басқа кәсіпті таңда. Отбасың бар, балаларың өсіп келеді. Солардың болашағын ойлағаның абзал», деп ақыл қосты. Біраз ойға шомған боксшы құрдасының айтқан ақылына құлақ асуды құп көрді. Көп ұзамай Айтжанов спорттан қол үзді.
Мырзағали айтады: Өзімнің спорттық ғұмырымда мен 245 рет рингке көтеріліп, 210 мәрте жеңіске жеттім. 140 бәсекені айқын басымдықпен аяқтадым. Мұның барлығы – тынымсыз жаттығу мен ерен еңбектің арқасы. Қарсыласты нокаутқа жіберу үшін соққының жойқындығымен қоса, ерекше сезімталдық қажет. Бәсекелесіңнің сәл ашылған немесе босаңсыған сәтін қалт жібермеу керек. Негізі соққы алмасу кезінде нокаутқа жіберу сәл жеңілірек. Өйткені, жекпе-жектің қызығына түскен кейбіреулер қорғанысты әлсіретіп алады. Сол кезде жақсылап тұрып «күтіп алсаң», мәселенің оңды шешілгені. Ал өзім, Аллаға шүкір, нокаутқа түсіп көрмеппін. Өйткені, әркез қорғанысқа айрықша мән беретінмін. Өзім соққы жұмсаған сайын қарсыласымның да қарымта қайтаруы мүмкін екенін ешуақытта естен шығармадым.
Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін Мырзағали Айтжанов жаттықтырушылық қызмет атқарды. Бір шоғыр дарынды жастар арасынан Біржан Жақыпов пен Еркебұлан Шыналиев суырылып шығып, Алаш жұртының мақтан тұтар азаматтарына айналды. Бұл жігіттерге жеке-жеке тоқталатын болсақ, 2005-2016 жылдары өнер көрсеткен Біржан бауырымыз 10 жылдан аса ең жеңіл салмақта еліміздің нөмірі бірінші боксшысы болды. Сол аралықта әлем чемпионы (2013 жыл) және әлем чемпионатының қола жүлдегері (2005) атанды. Азия ойындарында екі мәрте күміске (2010, 2014) қол созды. Бейжің (2008), Лондон (2012) және Риода (2016) алауы тұтанған Олимпия ойындарында ширек финалға дейін жетті. Ал Еркебұлан ініміз 2007 жылы Чикагода өткен әлем чемпионаты мен 2008 жылы Бейжіңде алауы тұтанған Олимпия ойындарында қола медальді мойнына ілді.
Көп кешікпей Қайрат Ерәлиев (56 кило) өрелі өнерімен көпшіліктің көзіне түсті. 2013 жылы Алматыда ұйымдастырылған әлем чемпионатының қола медалін мойнына ілсе, 2017 жылы Гамбургте бас жүлдені қанжығасына байлады. Азия ойындары мен біріншілігінде бірнеше мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. 2015 жылы «Астана арландары» командасы сапында Дүниежүзілік бокс сериясы додасында дараланды. Олардан бөлек, бұл күндері Азия чемпионы Бек Нұрмағанбет, әлем чемпионатының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов сынды сайыпқырандар да Айтжановтан тәлім-тәрбие алды.
2009-2018 жылдары Мырзағали Айтжановтың Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болғанын біз жоғарыда айттық. Бұл кезеңде отандық былғары қолғап шеберлері қандай табыстарға жеткені жайында баспасөз беттерінде жазылды, телеарналардан айтылды. Сол себепті де барлығын қайталап жатудың қажеті жоқ деп ойлаймыз. Айтпағымыз, қазіргі кезде де аталған азамат өзінің сүйікті ісінен алыстаған жоқ, ұлттық командамыздың аға жаттықтырушысы қызметін абыройлы атқаруда.