Орталықтың белсенді жұмысының 11 айында бенефициарлардың 80%-дан астамының оқуында, сөйлеуі мен мінез-құлығында, қоғамға бейімделуінде, мектепке дайындығында және басқа да көрсеткіштерде оң динамика байқалады.
Бір жыл бұрын Аутизм мен сөйлеуді түзету орталығы тек қағазға жазылған жоба болды дегенге сену қиын. Бірақ жігерліліктің, үздіксіз жұмыстың және ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалтуға көмектесетін нақты мекеме құруға деген ұмтылыстың арқасында орталық ашылып қана қоймай, аймақтағы ең үздіктердің біріне айналды. Мұның бәрі жеке оқиғадан басталды. Розалия Рахимова – "Розалия және Эмир" Жеке қорының басшысы, аутизм мен сөйлеуді түзету орталығының директоры. Ол бірнеше жыл бұрын "аутизм" диагнозы қойылған "ерекше" сәби Эмирдің анасы.
Кез-келген ана сияқты, Розалия Рахимова ұлына ең жақсы мамандарды, ең жақсы оңалтуды, ең жақсы білімді бергісі келді. Осының бәрін іздеуде ол бүкіл Қазақстанды, тіпті Ресейдің кейбір орталықтарын аралап шықты.
"Біз өз жолымызда кезек күту, қызметтердің жоғары құны, ұзақ қашықтық сынды түрлі проблемаларға тап болдық. Сол кезде Қызылордада осындай орталық ашу, оны балалар мен олардың ата-аналарына қолжетімді ету, жақсы мамандар жинау идеясы пайда болды", - дейді Розалия Рахимова.
Бұдан соң, ол идеясын жүзеге асыруға ұмтылды. 3 жыл ішінде осы сала бойынша білім алып, басқа орталықтармен серіктестік байланыс орнатып, біліктілігін арттырды. Розалия Рахимова үшін соңғы серпін "Samruk-Kazyna Trust" Әлеуметтік жобаларды дамыту қорынан "Әрекет" әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша гранттар байқауына қатысу және жеңіске жету болды.
"Біз үшін бұл жаңа білім алу тұрғысынан үлкен тәжірибе болды. Біз әлеуметтік кәсіпкерлікті егжей-тегжейлі зерттедік, әр жолы қызықты дүниелерді біліп, күндіз-түні оқыдық деп айтуға болады. Сонымен қатар, біз маркетинг және PR, қаржы, презентация және т.б. бойынша шеберлік сабақтарын өттік. Оқу соңында біз өз жобамызды қорғадық, жеңімпаздардың бірі болдық және осы істі дамытуға грант жеңіп алдық", - дейді Розалия.
Қызылорда облысында Розалия Рахимованың жобасы алғашқылардың бірі болып әлеуметтік кәсіпкерлік форматын АСБ, эпилепсияға ұқсас диагноздары бар балалардың әлеуметтік мәселесін шешу үшін қолданды. 2 айдан кейін аутизм мен сөйлеуді түзету орталығы әлеуметтік мәселені шешуге және КЕҰ-ның сыртқы қаржыландыруға тәуелділігін төмендетуге көмектесетін өзін-өзі толық қамтамасыз етуге көшті.
"Әлеуметтік кәсіпкерлік Қазақстан үшін жаңа құбылыс, бірақ қиындықтарға қарамастан, біз мемлекет пен донорлық ұйымдардың қазірдің өзінде кәсіпкерліктің осы түрін дамытуға үлкен қызығушылық танытқанын көріп отырмыз", - дейді орталық басшысы.
Орталықта логопедтер, дефектологтар, психологтар, ЕДШ-мамандар, АВА-терапевтер жұмыс істейді. Орталықтың педагогикалық қызметкерлері оларды күнделікті өмірге дайындау үшін балалармен түзету, дамыту, оқыту жұмыстарын жүргізеді. Сабақтар барлық қажетті дидактикалық, педагогикалық және спорттық құрал-жабдықтары бар бірнеше оқу кабинеттерінде өтеді. Мұнда бір жыл ішінде жалпы саны 30 бала тегін көмек алды.
Айта кету керек, орталық балаларға қызмет көрсетуден басқа, ата-аналармен де жұмыс істейді. Мұндай көмек Қызылорда облысындағы "ерекше" балалардың ата-аналарына бұрын соңды берілмеген. Балалардың ата-аналары үшін орталық бір-бірімен қарым-қатынас жасау және тәжірибе алмасу алаңына және эмоционалды қолдау орнына айналды.