Бауырым хақында қалтқысыз әңгіме айтуымның қиындығын осыншалықты жеңілдетіп кеткен Шыңғыс ағамыздың аруағына – мың тағзым! Суретші өз шығармашылығының шарықтау шағында шығарған «Алпысбай Қазығұлов. Кескіндеме» атты кітап-альбомының алғысөзінде әлем әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматовтың жүрекжарды жоғары бағасын беруі туған інім туралы менің де көсіле жазуыма құқық сыйлаған мандат екенін жасырғым келмейді. Өйткені дәл қазір халықтың ұлына айналып, жалпақ жұртқа танымал болған талант туралы кім кімнің де, тіпті туған ағасының да пікір айтуға қақысы бар екенін ешкім енді жоққа шығара қоймас.
Қазіргі заманғы живописьте қатып қалған стиль немесе бағыт жоқ. Бұл түсінікті де. Егер кез келген өнер классицизммен тоқтап қалса, адамдардың жаңаша ойлау қабілеті пайда болар ма еді, болмас па еді?! Бүгін осындай қорытындыны батыл жасауға болады. Шын мәнінде қазіргі толып жатқан «измдерден» тұратын әдебиет пен өнердегі ағымдар адамдарды заманауи ой қорыта білуге тәрбиелейтініне күмән аз.
Осы тұрғыда қиял мен логикасы қатар дамыған Алпысбай да өзіне тән даралығымен ерекшеленеді. Оның гуманистік философияға негізделген еңбектерінде адамға деген мейірім мен сүйіспеншіліктің, сұлулық пен тазалықтың исі аңқып тұр. Қанық бедерленген көркем әлем жүректі жаулап, өз тұңғиығына тарта жөнелетіні өз алдына, оған қоса сені өмірдің тылсым сұрақтары төңірегінде ойлауға үйретеді. Автор шығармалары қарабайыр тіршілік көріністеріне емес, тұңғиық ойдың көркем келбетіне үңілдіретінімен салған беттен арбап алады. Содан да болар, қазіргі заманғы бейнелеу өнерінде өзіне тән философиялық көзайым моделін қалыптастыра білген Алпысбайдың шығармаларын оңай танып, оңай ажыратасың.
Көп жағдайда классикалық канондарға бағынбайтын Алпысбайдың картиналары абстраксионизм, сюрреализм, трансавангард, экспрессионизм элементтеріне өте бай. Ол – бір ағымнан екінші ағымға нәзік көше білетін кескіндемеші. Туындыларында шынайы өмірді бейнелеуден гөрі көбінесе айналада болып жататын оқиғаларға өзінің жеке көзқарасын білдіретін Алпысбайдың дербес мәнері эмоциясының молдығынан бастау алған. Ол түс пен линиялардың экспрессивті жаңа мүмкіндіктерін тауып, оны қазақ бейнелеу өнеріне енгізгені өз алдына, импрессионизм мен экспрессионизм түйісетін осы алтын ортада өз бағытын бедерлей білгені – ұлттық живописьтегі тың құбылыс.
Маған өнертанушы Светлана Шкляеваның Мәскеуде өткен «Абстрактілі экспрессионизм тағдыры» деп аталатын ғылыми-практикалық конференцияда Алпысбай шығармашылығы туралы жасаған баяндамасында айтқан ойлары ұнайды: «Живопись Алпысбая Казгулова представляет яркий пример локального явления в интерпретации идей западноевропейской и, в частности, французской школы абстрактного экспрессионизма и национальных образов ностальгического пассеизма. «Парадигма glocal» и ностальгический пассеизм, как особые направления в постмодернизме, наблюдаются в произведениях Алпысбая Казгулова, где образы номадического прошлого воссоздаются благодаря наработанной авторской технике, примененной в абстрактной живописи».
Бұл терең ой әрі қарай өрбітуге сұранып тұр. Психологиялық тұрғыдан. Ғылыми терминдерді түсіндіре кету үшін. Жеке ойымды білдіре кету үшін. Әрине зерттеудің өнертанушылық әдістерін жетік меңгерген Светлана Аркадьевна Алпысбайдың ұлттық ерекшеліктерді жаһандануға қарсы (global vs local) қоймайтынын, қайта керісінше осы екеуінен қоспа (glocal) құйып шығарғанын «қосарланған қабылдау» («парадигма glocal») формуласы арқылы әдемі өре білген. Сонымен қатар Алпысбайдың өз туындыларында ұлттың өткеніне деген қызығушылығын байқампаздықпен көрсете білген. Дей тұра, Алпысбай шығармашылығы пассеизмге байланып қалған деп кесіп айтуға келмейді. Оның туындыларында бұрынғымызды саралаумен қатар ұлттың қазіргі және болашақтағы құндылықтарын да өнеріне арқау етуге ұмтылыс молынан табылатынына сүйенетін болсақ, өнертанушылар Алпысбайдың төл ағымын түпкілікті анықтап болды деп айту қиын.
Бұның бәрі Алпысбайдың қарама-қайшылықтарды қораластыра қолданудың арқасында өнерде «таза стиль» деген болмайтынын дәлелдегенін көрсетеді. Ең бастысы, сақа суретші осы тактикасы арқылы өзінің стратегиялық мақсатына қателеспей жетті. Белгілі бір түстердің топтамалық үйлесімділігін кестелей білген салиқалы суреткердің әрбір жұмысынан оның характері мен сол сәттегі шағала көңілін айнытпай танисың. Айтары жоқ, абстрактілі өнердің апогейіне апарар төте жолды тапқан Алпысбай бақытты суретші дер едім.
Десе де, Алпысбай бояудың кілтін әлі іздеп жүргенін айтудан жалыққан емес. Бұл оның өнер жолында ешқашан босаңсуды білмейтінін аңғартса керек. Оның буырқанған бояуларынан ырғақ энергиясы анық сезілетіні де – табандылықпен үнемі іздене білуінің нәтижесі. Дәл осылай дүлей динамиканың тылсым дүрсілін ести алатын художник ғана өзінің өмірлік басты шедеврін дүниеге әкеледі. Түс пен кеңістікті айрықша сезіне алатын қылқалам иесі ғана натураны өз ырқына бағындыра алады. Живописецтің лирикалық ағынан жарылуынан туатын өнер туындысы санаңда мәңгі сақталатыны да – сол импульстің сұрапыл жүрек соғысы. Сұлу серпінді сезіну түпкі нәтижеде адамды өнер ләззатына бөлей алатындығы да сондықтан.
Мұндай деңгейге өрелі өнердің табиғатын түсінуге тырысатын суретшінің бәрі бірдей жете алмайды. Алпысбайдың басты жетістігі, бәрімізге бұрыннан таныс нәрсені тың толғанысқа толы толағай экспрессия арқылы жеткізеді. Кәсіби шеберлігін айтпағанда, суретші көңіл күйдің әсем көріністерін ғаламат бір әуездікпен әсем үйлестіретіні – соның айқын дәлелі.
Үлкен дарын иесі Алпысбай – ғалам мен адам арасындағы алшақтықты бізге жақындата білумен қатар, сол көзге көрінбейтін нәзік байланысты әдемі суреттейтін сезімтал суретші. Оның жүрек пернесін дөп басатын әрбір туындысы әлемнің сиқырлы қуатын ұғындыра білетіндігімен құнды. Бұрыннан белгілі дүниелердің өзі оның шығармашылығында әр түрлі комбинацияға түсіп, образдардың жаңаша туатыны – суретші қиялының сиқыры. Картинаның сананы селт еткізіп серпілтер күші осында жатыр.
Талантты суретшінің бұл ерекшеліктері оның жеке қызығулары мен қасиеттеріне, алдына қойған мақсатына байланысты екені – дәлелдеуді керек етпейтін аксиома. Алпысбай қиялының мазмұны мен формасы оның өскен ортасы мен ұлттық спецификасына байланысты өрбитіні де – заңдылық. Бұл ажырамас ақық қатынас – Алпысбайдың эмоция мен эмпатия синтезінің ньюанстарын жетік меңгеруінің нәтижесі. Оның туындыларының кереметтігі сонда, картинадан көрерменнің алатын әсері кеудеге сыймай бұлқынып, жаратылыстың тек жарқын тұстарын жүрекпен сездіріп, қиял әлемін бөлек түрмен танытып, көңілді мың құбылтып барып ғажап бір құдіретпен қауыштырады. Бұл ғажайып әсер суретшінің шабыт дейтін жүрек түпкіріндегі аласапыран күйінен туындайды.
Менің түсінігімде, Алпысбай – қазақ бейнелеу өнерінде уақытты материализациялауды ең алғаш енгізген суретші. Мұндай басыбайлы жаңалықты ол өз картиналарында үштаған кеңістікті көрсете алуымен жүзеге асырғанын мамандардың байқамауы мүмкін емес. Мұны айқын дәлелі – оның «Ұлы Жібек жолы» картинасы. Суретші живопись құрылымы мен композициясын сауатты құру арқылы кейіпкер толғанысына ерекше мән береді. Сонан да жарқын әсерлер палитрасы жеңіл әрі нәзік көрінеді. Ол көптеген картиналарында тарихты бейнелеу барысында кеңістіктің өзін образға айналдырып жіберетіні – суретшінің батыл фишкасы.
Алпысбай жоғары танымдық қасиеттерінің арқасында кеңістіктегі уақыттың өзін картиналарының құрылымдық моделінде үштаған сегментация жолымен ашып көрсете алатыны – суретші шеберлігінің шыңы. Оның туындыларында бағзы заман (антиуақыт), бүгінгі күн (уақыт) және келешек (псевдоуақыт) бір мезгілде сені логикалық ойлауға мәжбүрлей біледі. Бұл – суретшінің таза рефлекске мән беруінің жемісі. Әрине мұның өзі көп адамға салған бетте толық және түпкілікті түсінікті бола қоймайтыны тағы рас. Алайда живопись өнеріндегі мұндай сирек құбылыс құпиясының құлпын әркім ашып ала беретін болса, онда оның несі құбылыс?! Дегенмен, мұның бәрін қарапайым адамның өзі психологиялық тұрғыдан қабылдай алатынына қайран қаласың. Дәл осы қарама-қайшы парадигманың бәрі – айналып келгенде, әрине, суретші жұмбағының гравитациялық күшінің құдіреттілігі.
Туындыларында суретші үштаған кеңістікті ашу жолында өмірдің қасқағым сәтін бейнелеу тәсілі мен мұқият аяқтап жазу әдісін мінсіз орындайды. Мұның өзі картинаға монументальдылық берумен қатар, суреткердің түс пен жарықты тиімді пайдалану арқылы ішкі нәзік иірімдер кеңістігін құра білгенін көрсетеді. Картинада қызғылт түстің молынан берілуі кеңістіктердің ауқымы мен өзара пропорциясын аша түседі. Қызыл түстен гармония тапқан француз Анри Матисс секілді шебердің туындыларын бір кездері барынша зерттеген Алпысбай осы түсті кеңістіктерді айқындау үшін орнымен қолдана білетінімен ерекшеленеді. Матисс демекші, Алпысбай түс пен кеңістіктің көп құпиясын қазіргі қазақ бейнелеу өнерінің мэтрі, ұстазы Ерболат Тоғысбайұлы Төлепбайдан үйренгенін де айтпай кету – арымызға сын.
42 жыл шығармашылығында 7 мыңнан астам картина жазған, қазақ бейнелеу өнерін Еуропа мен Азия елдеріне паш еткен Алпысбай әр жылдары Жапония, Голландия, Бельгия, Қытай, Түркия, Франция, Англия, Ресей және тағы басқа елдерде өткен халықаралық көрмелерге қатысты. Елімізде оннан астам дербес көрмесін өткізді. Ол – Қазақстанда бейнелеу өнерін сақтап қалуға үлкен үлес қосып келе жатқан коллекционер. Оның жеке қорында 2 мыңнан астам Қазақстан және басқа елдер суретшілерінің туындылары сақтаулы. Алпысбай өз коллекциясынан таңдаулы 50 картинаны Қазақстанның өнер музейлеріне сыйға тартқанын да – айту парыз.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Алпысбай Қазығұловтың Қазақстан Республикасы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған шығармалары – қазақ бейнелеу өнеріне қосылған қомақты үлес. Сондықтан да ол өзінің лайықты бағасын алуы тиіс.
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ