Инфографикаларды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Күнделікті қоғамда кеңінен талқыланып, алаңдатып жүрген мәселелердің осы Жолдауда көтерілуі, Президенттің қоғам тынысын жіті бақылап отырғанын аңғартады. Бұл өз кезегінде халық пен билікті жақындата түседі.
«Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні «WhatsApp»-тан бас көтермейтін болды», деген Президент орын алған жағдайды дөп басты. Ол осы орайда, толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет екенін атап көрсетті.
Аудан орталығындағы бастауыш мектептің мұғалімі әрі көпбалалы ана ретінде мені қалалықтарға қарағанда ауыл балаларында сапалы білім ресурстары мен технологияларға деген қолжетімділіктің төмендігі үнемі алаңдататын. Мәселен, менің шәкірттерімнің арасында өнертапқыштықпен айналысып, өз қолдарымен түрлі тың дүниелер жасағысы келетіндер көп. Олардың біразы өз беттерінше ізденіп, қолда бар құралдармен жаңа дүниелер жасап та жүр. Дегенмен, «болам деген баланың белін буып», бағыт-бағдар көрсететін білікті маман, арнайы үйірме, зертханалар болса дейміз.
Осы орайда Мемлекет басшысы күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін, балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек екенін орынды көтерді.
Ұстаз болған соң оқушылардың арасындағы әлеуметтік теңсіздіктерге қатысты туындаған түрлі мәселелерге куә болатынымыз жасырын емес. Президенттің білім саласындағы жұмысты «Қолжетімді әрі сапалы білім» қағидасына бағындыруы өте дұрыс деп білемін. Өйткені Президенттің айтуынша, мемлекеттің тек дарынды оқушыларды қолдауы балалар арасында әлеуметтік аражікті ұлғайтуы мүмкін. Бұған жол беруге болмайды. Мемлекет қарапайым мектептерге қолдау көрсетеді. Бұл қадам қала мен ауыл арасындағы білім беру саласындағы алшақтықты қысқартуға жол ашады.
Президенттің Жолдауда көтерген білім саласына қатысты мәселелерден өзге, ауыл тұрғыны болғандықтан, ауыл-аймақты дамытуға қатысты айтқандары да ерекше назарымызды аударды. Ауылдың әлеуетін пайдалану стратегиялық маңызды мәселе екенін Мемлекет басшысы жақсы түсініп отыр. Осы ретте ауыл-аймағымызда оң өзгерістер жасалып жатқанын айта кеткім келеді. Ауылымызда ауыз су мәселесі шешілген. Бұрын алыстан шелектеп таситын суымыз, бүгінде есік алдында шүмектен ағып тұр. Енді ауылымыз газбен қамтылмақ. Ол үшін арнайы құбырлар жүргізіліп те қойды. Бұйырса, көгілдір отын арқылы ауыл маңындағы орман-тоғай отынға шабылмай, жайқалатын күн де алыс емес.
Президент сөзінің түйінінде ендігі міндет халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру екенін атап өтті. Осы міндетті жүзеге асыру үшін әрбіріміз атсалысуымыз қажет. Бұл ұрпақ тәрбиесімен айналысып отырған ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік жүктейді.
Тамара НАХЫП,
«Шәуілдір» бастауыш мектебінің мұғалімі
Түркістан облысы,
Отырар ауданы