Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында өнеркәсіпті дамытуға және экономиканы әртараптандыруға ерекше назар аударды. Р.Скляр атап өткендей, индустрияландыру бағдарламалары аясында өңдеуші секторға баса назар
аудару дұрыс шешім. Бұл қол жеткізілген көрсеткіштермен расталады. «Әлемдегі және Қазақстандағы пандемиямен байланысты орын алған күрделі жағдайда да, 2020 жылдың 7 айында өнеркәсіп 3,8%-ға өсті. Әсіресе фармацевтика 23,2%-ға, машина жасау 13,9%-ға, жеңіл өнеркәсіп 7,3%-ға ұлғайды деді Р.Скляр.
Мемлекет басшысы Жолдауда өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемін бес жылда кемінде 1,5 есеге арттыруды тапсырған болатын. Р.Склярдың айтуынша, аталған мақсатқа жету үшін бәсекелік артықшылықтар мен сыртқы нарықтағы экспорттық мүмкіндіктердің біртіндеп артуымен, ішкі нарықта өңдеу өнеркәсібінің индустриялық әлеуетін дамыту бойынша шаралар қабылданады. Жыл соңына дейін қосылған құны неғұрлым жоғары өнім өндіру үшін металдар өндіру жөніндегі отандық кәсіпорындар мен оларды қайта өңдеушілердің өзара тиімді ынтымақтастық тетігі әзірленеді. Институционалдық негізді сақтай отырып, жүргізілген жұмыстарға жүйелік беру үшін «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасы бойынша жұмыстар қолға алынды. Қазіргі уақытта заң жобасы әзірленді және бизнес қауымдастықпен, салалық қауымдастықтармен және өнеркәсіптік кәсіпорындармен талқылануда.
Журналистер сауалына жауап берген Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қазір еліміздің егістіктерінде 11,5 млн гектар жердің астығы бастырылғанын, астық шығымына байланысты биыл 18 млн тонна астық жиналады деген болжам жасалғанын айтып өтті.
Биыл астық экспортының көлемі 7-8 млн тоннаны құрайды деп күтілуде. Ол астық негізінен Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан секілді Орталық Азия елдерімен қатар Ауғанстан, Иран елдеріне экспортталады. Ресей секілді дәстүрлі рынок көзі де шет қалмайды. Сонымен қатар Қытай бағыты да жылдан-жылға кеңейе түсуде.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау географиясы да кеңейіп келеді. Әзірге 67 елге өнім жөнелтілуде. Жыл соңына дейін 80 елге өнім жөнелтіледі деп күтілуде. Экспорт құрамында астық пен ұннан басқа бал, күнбағыс майы, қарақұмық, жарма және басқа да өсімдік шаруашылығының өнімдері бар. Сондай-ақ мал өнімдері де экспортталады. Жалпы, 3,2 млрд доллардың ауыл шаруашылығы тауары экспортталады.
Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың алдағы негізгі бағыттары мен қағидаттарын айқындайтын маңызды құжат жобасын әзірлеу үстінде. Бұл құжат ең алдымен тауар өндірушілердің талқылауынан өтуі тиіс. Мүдделі мемлекеттік органдармен де келісілетін болады.
Министрге ауыл шаруашылығындағы цифрландыру мәселесі, осы бағытта қандай ірі жобалардың қолға алынғаны туралы сұрақ қойылды. С.Омаров бірінші кезекте жер қатынастарын цифрландыру қолға алынғанын айтып өтті. Барлық жер телімдері цифрландырудан өтті. Бұл енді жер телімдерін электронды форматта беруге мүмкіндік береді. Осы үдерісті жүргізгенде адамның араласуы шектеледі. Президенттің ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты қойған бір талабының өзі осы болатын.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов өз сөзінде еліміздегі «Нұрлы жер» бағдарламасының жалпы бюджеті 5,5 трлн теңгені құрайтынын, мұның 2,1 трлн теңгесі автокөлік жолдарын салу мен жаңғыртуға тиесілі екенін атап өтті. Транзиттік тасымалдағы позицияларды сақтап қалу үшін қызмет көрсету, тасымалдаудың сапасы мен жылдамдығын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта Қазақстанның көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту жұмыстары жалғасады. 2020 жылы республикалық автомобиль жолдары желісінің 4 мың шақырымында қозғалыс ашылады. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі 90%-ды құрайды. 2025 жылға дейін республикалық автомобиль жолдарының барлық 100% (24 мың км) қалпына келтіріледі және реконструкцияланады, сондай-ақ сервистік инфрақұрылымды құру жұмыстары аяқталады. 601 сервистік алаң құрылады.
Күту кезегінде тұрған 100 мыңнан астам адамның тұрғын үй мәселелерін шешу үшін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасында шамамен 90 млрд теңге сомасына жеке тұрғын үй қорындағы жалдау ақысын субсидиялау тетігі қарастырылады (жалдау ақысының 80%-ына дейінгі мөлшерде). Азаматтарға субсидияға қолжетімді болуы үшін «Отбасы» банкінің өкілеттіктері мен жауапкершілігі жалға алуға субсидия бөлу тұрғысынан кеңейтіледі. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық туралы қабылданған заңнама аясында Қазақстанда меншік иелері бірлестіктері институты енгізілуде. Барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, бекітілді.
Экология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Мемлекет басшысының тапсырмасымен жануарларды қорғау туралы заң жобасы әзірленгенін айтты. Құжат Үкіметтің қарауына енгізілді. Одан әрі Парламентке тапсырылатын болады.
Сондай-ақ ол еліміздің экологиялық жағдайына Президент тарапынан баса мән беріліп отырғанын, осы бағытта жұмыстардың ширағанын, бұл мәселеде тиісті органдар халық үніне құлақ асатынын атап өтті. Экологиялық бағыттағы құжаттар қазір жұртшылықпен бірге қызу талқыланып жатыр.