Үкімет • 08 Қыркүйек, 2020

Мемлекет басшысының талабы – халықтың қалауы

368 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Үкіметтің баспасөз орталығында Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру шаралары туралы брифинг өтті. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Экология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қатысты.

Мемлекет басшысының талабы – халықтың қалауы

 

Мемлекет басшысы «Жаңа жағ­дайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында өнеркәсіпті дамытуға және экономиканы әртараптандыруға ерекше назар аударды. Р.Скляр атап өткендей, индустрияландыру бағдарламалары аясында өңдеуші секторға баса назар
аудару дұрыс шешім. Бұл қол жеткізілген көрсеткіштермен расталады. «Әлемдегі және Қазақстандағы пандемиямен байланысты орын алған күрделі жағдайда да, 2020 жылдың 7 айында өнеркәсіп 3,8%-ға өсті. Әсіресе фармацевтика 23,2%-ға, машина жасау 13,9%-ға, жеңіл өнеркәсіп 7,3%-ға ұлғайды деді Р.Скляр. 

Мемлекет басшысы Жолдауда өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемін бес жылда кемінде 1,5 есеге арттыруды тапсырған болатын. Р.Склярдың айтуынша, аталған мақсатқа жету үшін  бәсекелік артықшылықтар мен сыртқы нарықтағы экспорттық мүмкіндіктердің біртіндеп артуымен, ішкі нарықта өңдеу өнеркәсібінің индустриялық әлеуетін дамыту бойынша шаралар қабыл­данады.  Жыл соңына дейін қосыл­ған құны неғұрлым жоғары өнім өндіру үшін металдар өндіру жөнін­дегі отандық кәсіпорындар мен оларды қайта өңдеушілердің өзара тиімді ынты­мақтастық тетігі әзірленеді. Инсти­туционалдық негізді сақтай отырып, жүргізілген жұмыстарға жүйелік беру үшін «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасы бойынша жұмыстар қолға алынды. Қазіргі уақытта заң жобасы әзірленді және бизнес қауымдастықпен, салалық қауымдастықтармен және өнеркәсіптік кәсіпорындармен талқылануда.

Журналистер сауалына жауап берген Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қазір еліміздің егістіктерінде 11,5 млн гектар жердің астығы бас­ты­рыл­ғанын, астық шығымына байланысты биыл 18 млн тонна астық жиналады деген болжам жасалғанын айтып өтті.

Биыл астық экспортының көлемі 7-8 млн тоннаны құрайды деп күтілуде. Ол астық негізінен Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан секілді Орталық Азия елдері­мен қатар Ауғанстан, Иран елдеріне экс­порт­талады. Ресей секілді дәстүрлі рынок көзі де шет қалмайды. Сонымен қатар Қытай бағыты да жылдан-жылға кеңейе түсуде.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау географиясы да кеңейіп келеді. Әзірге 67 елге өнім жөнелтілуде. Жыл соңына дейін 80 елге өнім жөнелтіледі деп күтілуде. Экспорт құрамында астық пен ұннан басқа бал, күнбағыс майы, қарақұмық, жарма және басқа да өсімдік шаруашылығының өнімдері бар. Сондай-ақ мал өнімдері де экспортталады. Жалпы, 3,2 млрд доллардың ауыл шаруашылығы тауары экспортталады.

Қазір Ауыл шаруашылығы министр­лігі еліміздің агроөнеркәсіп кешенін да­м­ытудың алдағы негізгі бағыттары мен қағи­даттарын айқындайтын маңызды құжат жобасын әзірлеу үстінде. Бұл құ­жат ең алдымен тауар өндірушілердің тал­­қы­лауынан өтуі тиіс. Мүдделі мемле­кет­тік органдармен де келісілетін болады.

Министрге ауыл шаруашылығындағы цифрландыру мәселесі, осы бағытта қандай ірі жобалардың қолға алынғаны туралы сұрақ қойылды. С.Омаров бірінші кезекте жер қатынастарын цифрландыру қолға алынғанын айтып өтті. Барлық жер телімдері цифрландырудан өтті. Бұл енді жер телімдерін электронды форматта беруге мүмкіндік береді. Осы үдерісті жүргізгенде адамның араласуы шектеледі. Президенттің ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты қойған бір талабының өзі осы болатын.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов өз сөзінде еліміздегі «Нұрлы жер» бағ­дар­­л­а­масының жалпы бюджеті 5,5 трлн теңгені құрайтынын, мұның 2,1 трлн теңгесі автокөлік жолдарын салу мен жаңғыртуға тиесілі екенін атап өтті. Транзиттік тасымалдағы пози­ция­ларды сақтап қалу үшін қызмет көрсету, тасымалдаудың сапасы мен жылдамдығын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта Қазақстанның көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту жұмыстары жалғасады. 2020 жылы республикалық автомобиль жолдары желісінің 4 мың  шақырымында қозғалыс ашылады. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі 90%-ды құрайды. 2025 жылға дейін республикалық автомобиль жолдарының барлық 100% (24 мың км) қалпына келтіріледі және реконструкцияланады, сондай-ақ сервистік инфрақұрылымды құру жұмыстары аяқталады. 601 сервистік алаң құрылады. 

Күту кезегінде тұрған 100 мыңнан астам адамның тұрғын үй мәселелерін шешу үшін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасында шамамен 90 млрд теңге сомасына жеке тұрғын үй қорындағы жалдау ақысын субсидиялау тетігі қарастырылады (жалдау ақысының 80%-ына дейінгі мөлшерде).  Азаматтарға субсидияға қолжетімді болуы үшін «Отбасы» банкінің өкілеттіктері мен жауапкершілігі жалға алуға субсидия бөлу тұрғысынан кеңейтіледі. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық туралы қабылданған заңнама аясында Қазақстанда меншік иелері бірлестіктері институты енгізілуде. Барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабыл­данып, бекітілді.

Экология және табиғи ресурс­тар министрі Мағзұм Мырзағалиев Мемлекет басшысының тапсырмасымен жануарларды қорғау туралы заң жобасы әзірленгенін айтты. Құжат Үкіметтің қарауына енгізілді. Одан әрі Парламентке тапсырылатын болады.

Сондай-ақ ол еліміздің экологиялық жағдайына Президент тарапынан баса мән беріліп отырғанын, осы бағытта жұмыстардың ширағанын, бұл мәселеде тиісті органдар халық үніне құлақ асатынын атап өтті. Экологиялық бағыттағы құжаттар қазір жұртшылықпен бірге қызу талқыланып жатыр.