Елорда • 08 Қыркүйек, 2020

Нұр-Сұлтанда 4 және 6%-дық мөлшерлемесімен шағын несие беру басталды

2097 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда 4 және 6% сыйақы мөлшерлемесімен жеңілдетілген шағын несие беру басталды. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды,  деп жазады Egemen.kz

Нұр-Сұлтанда 4 және 6%-дық мөлшерлемесімен шағын несие беру басталды

Нәтижелі жұмыспен қамтудың "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында жылдық 4 және 6% сыйақы мөлшерлемесімен шағын кәсіпкерлікті қолдау үшін жеңілдетілген шағын несиелеу басталды. Негізгі қарыз бойынша жеңілдік кезеңі 12 айға дейін, сыйақы үшін – 6 айға дейін беріледі. Несиенің максималды сомасы – 5 жылға дейінгі мерзімге 20 миллион теңгеге дейін. Егер өтініш беруші көп балалы немесе аз қамтылған отбасы болса, онда сыйақының жылдық мөлшері 4%-ды құрайды.

Толық ақпарат пен талап етілетін құжаттар тізімін 8-800-080-035-05 байланыс орталығына немесе 8-701-555-71-24 нөмірі арқылы алуға болады. Мекен-жайы: Нұр-Сұлтан қаласы, Тұран даңғылы, 19/1, 3 қабат, 306 кеңсе.

Сондай-ақ бүгінде Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры өзінің несиелік өнімдері арқылы ауыл тұрғындары мен ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің әртүрлі мақсатты бағыттардағы жобаларын қаржыландырады. Қордың басты мақсаты – агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Атап айтқанда, бұл мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, ауыл кәсіпкерлігін дамыту, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу және сақтау бойынша жобалар.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясындағы несиелер жылдық 6% мөлшерлемемен әр түрлі мақсатта қарастырылады. Сонымен қатар егер әлеуетті тұтынушы көп балалы немесе аз қамтылған отбасы болса, олар үшін сыйақы мөлшері жылына 4%-ды құрайды.

"Несиелік өнімге байланысты жеңілдік кезеңінің мерзімі, мөлшері және ұзақтығы әртүрлі болатынын ескеру қажет. Мысалы, мал шаруашылығын дамыту шеңберінде сіз 12 миллион теңгеге дейін қаржыландыруға өтініш бере аласыз, мұнда несиенің ең ұзақ мерзімі – 6,5 жыл. Осы салада негізгі қарызға 26 айға дейін, сыйақы үшін – 9 айға дейін ең жоғарғы жеңілдік беріледі. Егін шаруашылығын дамытуға бағытталған несиеге келетін болсақ, несиенің максималды сомасы 6 миллион теңгеге дейін және 3 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Жеңілдік мерзімі – негізгі қарызға және сыйақыға 12 айға дейін", делінген хабарламада.

Кәсіпкерлікті дамыту бағытында несиенің максималды сомасы 5 жыл мерзімге 10 миллион теңгеге дейін. Негізгі борыш бойынша ең жоғарғы жеңілдік мерзімі 12 айға дейін, сыйақы үшін – 6 айға дейін қарастырылған.

Ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу және сақтау үшін несиенің максималды сомасы 6,5 жыл мерзімге 15 миллион теңгеге дейін. Негізгі қарыз бойынша ең жоғарғы жеңілдік мерзімі 24 айға дейін, сыйақы үшін – 12 айға дейін қарастырылған.

2019 жылдан бастап Қор әлеуетті клиенттерге несиені алдын-ала мақұлдау механизмін енгізді. Осының арқасында бизнес өкілдері бастапқы кезеңде несиелік тарихы мен мемлекет алдындағы қарыздарын үйден шықпай-ақ тексеруге мүмкіндік алады. Тексеруден кейін әлеуетті клиент құжаттарды жинауға кірісе алады (online.kazagro.kz).

Алдымен несие алғысы келетіндер жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркелуі керек. Одан кейін жұмыспен қамту орталығы клиентті кәсіпкерлік негіздеріне сертификат бойынша оқуға "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жібереді. Оқу мерзімі – 30 күн. Оқытуды аяқтағаннан кейін клиент "Бизнес Бастау" сертификатын алады. Содан кейін өтініш беруші бұрын берілген тізім бойынша құжаттарды жинауға кіріседі. Құжаттар толық жиналғаннан кейін, клиент қарызға құжаттар тапсыру үшін Қор филиалына жүгіне алады. Несиелік өтінімді қараудың максималды мерзімі – 14 күнтізбелік күн.