Пікір • 09 Қыркүйек, 2020

Маман даярлауға мейлінше мән берейік

123 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» тақырыбындағы Жолдауын зер салып тыңдадық. Оның ішінде өзімізге етене жақын ауыл шаруашылығы төңірегіндегі келелі ойлар диқан қауымның көңілінен шығып, көкіректегі ойды дөп басып отыр деп айтуға әбден болады.

Маман даярлауға мейлінше мән берейік

Мәселен, Жолдаудағы ауыл шаруашылы­ғын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Міне, осындай қалыптасып отырған ахуалды тамыршыдай тап басқан тұсы көңілден берік орын алды. Мен осының ішінде кәсіби мамандар тапшылығына тоқталар едім.

Алдымен маман тапшылығы қай кезден басталды? Осы бір сәтті көз алдымызға елестетіп алайықшы. Ауыл шаруашылығы мамандарының қожырауы, ілкіден жалғасып келе жатқан тамаша дәстүрдің үзілуі өтпелі кезеңнің тұсында орын алды. Оның ең басты себебі, ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне жалақы дұрыс төленбеді, олар еңбекақыны шөппен, сабанмен, қалдық жеммен алды. Қолдарына теңге тиген жоқ. Бұл – бір. Екін­ші­ден, еңбек адамын қадірлеу бола қой­мады. Механизатор мен комбайншылар маусым­дық жұмыс кезінде ғана қажет болды. Ірі серік­тес­тіктер тек қана егін егумен айналысты. Олар азабы көп мал шаруашылығына онша­лықты ықы­лас танытпады. Сондықтан ауыл­дық жерлерде механизатор мамандығы көктемде бір ай, күзде бір ай сұранысқа ие. Жұмыс болмағандықтан, табыстың да жоқ екендігі белгілі.

Жылдар өте келе ақық дән аялаған бұрын­ғы ме­ханизаторлар легі зейнеткерлікке шық­ты, олар­дың орнын басатын жастар жоқ. Рас, кә­сіптік-техникалық колледждерде оқытылып жатқанымен, азабы көп, табысы аз жұмысқа ынта білдірушілер қатары айтарлықтай көп емес. Міне, осыдан барып ауыл шаруашылығы мамандарының тапшылығы басталды.

Біздің серіктестікте машина-трактор паркі жыл сайын жаңартылады. Алымдылығы жоғары, қуатты, шетелдік техника. Толымды еңбекақысы уақтылы төленеді. Бірақ соның өзіне маман таба алмай отырған жайымыз бар. Колледж бітірген білім алушылар әлі шикі. Оларға оқу барысында жаңа техниканың жай-күйі оқытылмайды. Сондықтан ауыл шаруашылығына кадр даярлау мәселесін білім саласы мен шаруашылық саласы бірле­сіп отырып пысықтаған абзал. Әйтпесе қазір қай шаруашылыққа қанша механизатор мен комбайншының қажет екенін ешкім білмейді. Мәселенің тұйықталатын жері де осы.

Ісіміз өнімді болуы үшін, ауыл шаруашы­лы­ғын мейлінше дамытуда ең алдымен шаруа­шылыққа қажетті алуан кадрларды да­ярлауға көңіл бөлуіміз қажет. Іс теті­гін де шешетін кадр емес пе? Ал біздегі кадр­лар қараусыз қалған. Егер мамандар жеткі­лікті болса, гектар берекесі арта түсер еді. Сонда ғана ел ырыздығын еселеуге болады. Әйтпесе, жоспар қуалап, алқап көлемін арттырға­ны­мыз­бен, өнімді аз алсақ, жерге қиянат жасаған болар едік. Оған жол бермес үшін маман даярлауға мән берілуі керек. Мемлекет тара­пынан жасалып жатқан қамқорлықтың қайтарымы болғаны дұрыс.

 

Бауыржан МОЛДАҒАЛИЕВ,

«Асно Көкше» серіктестігінің агрономы

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы