Руханият • 10 Қыркүйек, 2020

Ұлтын сүйген ақын

1553 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Биылғы Мемлекеттік сыйлықтан үміткерлердің бірі – ақын Бақытжан Қанапияновтың (Жан Бақыттың) «Достояние души» («Жан-дүние игілігі») жинағы ғасырлар салған жол, таулы аймақ, тұрмыстағы түркілік әуен араларындағы өзара байланыс пен түсіністікті арқау еткен жырларын біріктірген. Автордың бұл туындысына Жан Бақыт деп қол қоюы – 2017 жылы ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобасын таныстыру ауқымында қазақстандық ақын-жазушылар кітаптарының тұсаукесер рәсімі кезінде жария болған жайтқа байланысты екен. Бақытжан Қанапияновтың «Кері перспектива» жыр жинағы француз тілінде шыққан, аудармашы әріптестері сол кітапта оның аты-жөнін өз тілдеріндегі үндестікке сәйкестендіріп, Жан Бақыт (Jan Bakhyt) деп көрсеткен көрінеді. Француз ақындары қойған әдеби есім авторға ұнайды, сөйтіп, аудармашы достарына құрметі ретінде, ол да «Жан-дүние игілігі» атты жаңа жинағына Жан Бақыт деп қол қояды.

Ұлтын сүйген ақын

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Кітаптың ақын жан-дүниесіндегі те­рең тебіреніс, толқу мен толғаныстан ту­­ғ­аны байқалады. Көптеген өлеңі­нен Абай, Шәкәрім, Мағжан, Махам­бет туын­­ды­ларының игі әсері көзге ұрып тұр.

Бақытжан Қанапиянов – орыстілді ақын. Бірақ ол оқу-тоқуы орысша болғанмен, қазақ өмірін терең зерттеп, ғұлама ғалымға айналған даңқты жерлесі Шоқан Уәлиханов секілді, тамырынан біржола қол үзіп кеткен жоқ, ол өзінің отаршылдар саясатының құрбаны болып бара жатқанын дер кезінде ұғынды. Ұғынды да, опынды. Опынуын 70-жылдары Мәскеуде оқып жүргенінде жырсүйер қауымға поэзия тілімен мәлім етті. Жоғары әдеби курста жетекшісі болған белгілі орыс ақыны Александр Межиров оның бұл опыну жырын терең түсініп, жоғары бағалады. Сондағы «Қостіл­ділік» өлеңінің Сарбас Ақтаев жасаған қазақша тәржімесі былай болып келеді: «Қаршадайдан қол үзіп төл тілімнен, Қостілділік дегеніңе жүгінгем. Екіжүз­ді етеді екен бақсам ол, Айырып өз бет-бейнеңнен, діліңнен. Күйттедің деп құлаққа жат бір тілді, Бабаларым бөлді талай ұйқымды. Аруақтары келеке етті түсімде, Көшкен елдің тұтқынындай сыйқымды. Сол кездерде бабаларға сыйынып, «Кешіре гөр!» – деп өтінем иіліп. «Ұрпағымсың тартпай туған тегіңе!», «Деген сынды олар маған күйініп».

Тоталитарлық стандартты заманда туса да, нағыз орыс ақынынан әділ бағасын алған осы жыр демократия талаптары ұшқындаған қайта құру кезеңінде өмірге қайта келіп, озбыр саясатшылардың улы жебемен ат­қылаған нысанасына айналды. Ор­талық тарапынан әдемі ұран­дар жа­мыл­дырып, тегеурінді түрде жүр­гізіліп келе жатқан сұрқия сая­сат­тың астарын ашқан өлең қазақ жас­тарының саяси көтеріліске ұласқан әйгілі Желтоқсан қозғалысы кезінде еуропалық және америкалық радиолар арқылы шартарапқа таратылған-ды. Тиісінше оның авторына биік дәре­желі партиялық функционерлер сын садағын аяусыз шүйілтуден жа­ңыл­ған жоқ. Өйткені ақынның осы жү­рек­жарды өлеңінде екі тілді болу­дың екі жүзді болуға апарарын, яғни ана тілін ұмытудың мәңгүрттікке төте жол саларын меңзеуі қалың жұрт­ты тап сондай дәрежеде сомдау­ды мақсат еткен саяси жандайшап­тар мен пысықайлардың ішкі сырын ашып, жандарына тиіп кетті. Алай­­да олар өз шындығын тапқан ақын­ды жасыта алмады. Бақытжан ақын өз та­мырын, қазақтың ұлттық рухани мұ­ра­ларын тануға шындап бет бұр­ды. Бұған сол тұста республика ком­партиясы орталық комитетінің идеология саласын басқаруға келген Өзбекәлі Жәнібековтің оны қабыл­дауына шақырып, қазақ фольклорын мұқият оқуға кеңес беруі шешу­ші әсерін тигізген еді. Ол асыл мұра­лардағы жауһар бейнелер мен кестелі ойларды еуропалық поэзиямен шың­далған өз ұғымымен, ақындық түй­сі­гімен барлап, жүрегінен өткізу ар­қылы жаңаша қалыптауды мақсат етті. Сөйтіп, Қанапиянов бірегей дары­н­ның арқасында «Жан-дүние игілі­гі» жыр кітабында осындай дәстүр сабақ­тас­тығын жалғастырды, қазақтың ұлы ақындары поэзиясындағы сарындар мен желілерді соны да тосын қырынан жаңғыртты. Оның өлеңдері әр жылдарда Мәскеудегі «Литературная газета», «Литературная Россия», «Московский комсомолец» газеттерінде, «Дружба народов» журналында, Алматыдағы «Простор», «Жалын» журналдарын­да жарияланып тұрды, жиырма шақты жыр жинағы жарық көрді. 

Қанапиянов өзінің мол ауқымды шығармашылығын әрдайым қоғамдық жұмыстармен астастыра жүргізуде. Биылғы Абай жылына орай атап айту керек, ол ойшыл ақын мен оның айналасын жұртшылыққа таныстыру жөнінен көп жылдан бері елеулі істер атқарып келеді. Қысқаша шолу жасайық. Бақытжан Абай тақырыбы­мен өткен ғасырдың 80-жылдарында шұғылдана бастаған-тын. 1983 жылы шыққан «Абай: өмірі мен шығар­машылығы» деректі фильмінің, 1992 жылғы «Шәкәрімнің соңғы күзі» толықметражды көркем фильмінің сценарийлерін жазды. Идея авторы және құрастырушы ретінде 1982-2020 жылдары Абай өлеңдерінің аудармасын (Ресей мен Қазақстандағы жарияланымдар), сондай-ақ «Абай күнтізбесі, 1995 жыл» басылымдарын жарыққа шығарды. ЮНЕСКО-ның Бас хатшысы Федерико Майордың қатысуымен 1995 жылғы 9 тамызда Алматыдағы өткен Абайдың 150 жылдығына арналған салтанатты мәжіліс пен Қазақстан және ТМД елдері өнер шеберлерінің қатысуы­мен болған гала-концерт­ті арқау еткен фильм сце­нарийі­нің авторы әрі кеңесшісі болды. Шәкәрім Құдайбердіұлының, Мағжан Жұмабаевтың, Міржақып Дулатовтың, Ахмет Байтұрсынұлының Абайға арналған өлеңдерінің («Алтын хакім Абайға» және т.б.) аудармасын жасап, Қазақстан мен Ресейдің мерзімді басылымдарында жариялады. Пушкин жылына және Абай жылына орай жазған мақаласын 2005 жылғы сәуірде «Литературная газетада» жария етті. 2006 жылы шығарушы және құрастырушы ретінде қазақ тілінде Шәкәрімнің екітомдық шығармалар жинағын шығарды. Мұхтар Әуезовпен және оның «Абай жолы» кітабымен ал­ғаш кездескендегі кішкентай бала­ның бастан кешкен сезімдері мен түсінік-түйсігін арқау еткен «Нан иісі» новелласы 2010 жылғы 11 сәуірде «Литературная газета», сол жылғы 12 сәуірде «Қазақ әдебиеті» (аударған Б.Хабдина) газеттерінде жарияланды. 2015 жылғы 29 шілдеде «Литературная газетада» «Орыс ақындары және Абай» атты мақаласы жарық көрді. 2019 жылы Б.Хабдинамен бірге құрас­ты­рып, қазақ тілінде Абай туын­ды­­лары­ның канондық мәтіндерін жа­р­ық­­­қа шығарды. Биыл 2020 жылы, «Абай. XXI ғасырдағы Қазақстан» ат­ты өлеңдер жинағын құрастырды. Осы 2020 жылы идея авторы және құрас­тыру­шысы болып, қазақ және орыс тіл­дерінде «Абай күнделігі» басы­лы­мын шығарды. Қазақстан Академия­лық кітапханасының тапсырысы бойынша жазылған «Абайдың алғашқы кітабы» мақаласын биылғы 22 шілдеде «Литературная газета» басты, оның қырым татарлары тілін­дегі аудармасын (аударған Сейран) үстіміздегі жылғы 7 тамызда Қырым Республикасының «Янъы дюнья» («Жаңа дүние») газеті жариялады. Б.Қанапиянов 1997-2014 жылдары М.О.Әуезовтің 50 томдық академиялық толық басылымының шығарушысы және орыс мәтіндерінің редакторы болды. А.Ким жаңадан аударған «Абай жолы» роман-эпопеясын баспа жобасының жетекшісі және редакторы ретінде шығарып, 2007-2017 жылдарғы бірнеше қайта басылымын жүзеге асырды. Абай туралы «Радушно распахнуты двери Поэту» атты мақаласы 2020 жылғы 20 мамырда «Казахстанская правда» газетінде, сондай-ақ ippokrena.kz сайтында жарияланған. Сыртқы істер министрлігінің тапсырмасы бойынша жазған «Пространство души казаха» атты мақаласы Мәскеуде биылғы шілдеде «Профиль» журналында жарық көрген. Осы жылғы шілдеде ол «АбайTV» телеарнасында жүрген Абай туралы хабарға қатысып, өзіндік тың ой-пікірін ортаға салды. Ақынның заманауи жыр жолдарына түсірген Абай өлеңдері циклы «Абай әуендері» деген атпен 2018 жылы «Достояние души» атты, биыл мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған кітабына енген. Ол орыс тіліне және әлемнің басқа да он тіліне аударылған Абай өлеңдерінен арнайы жинақ құрастырды (алғысөзін  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жазған). 

Қанапияновтың шығармашылық жолында Чернобыльдегі апат ерекше із қалдырды. Ақын атом стансасы жарылған аймаққа барып, жарылыс зардабын жоюшылар қатарында жүрді. Зұлмат орындарын 1986-1988 жылдары тағы бірнеше рет аралап көрді. Жаңа қасірет жайында ақындар ішінен алғашқылар қатарында үн қатты. Оның бұл тақырыпта Семей полигоны трагедиясын қоса көтерген «Аист над Припятью» («Припять үстіндегі ләйлек») атты өлеңдер жинағы орыс және украин тілдерінде жарияланды. Ақынның туындылары, жалпы, қазақ ақындары ішінен бірінші болып Америка Құрама Штаттарында, Кана­дада және Ұлыбританияда тасқа басыл­ған-ды. Оның шетелде шыққан «Ты­ныш­тық уақыты» жинағына алғысөзді әйгілі орыс ақыны Андрей Возне­сен­­ский жазған болатын. Ақын­ның шы­ғар­машылығы туралы әр кезде көрнекті сөз шеберлері мен әдебиет­танушылар қалам тербеп, пікір білдіріп жүрді. Ал мәскеулік сыншы Виктор Максимов тұтас монография жазып, «Свет кочевой звезды» («Көшпенді жұлдыз жарығы») деген атпен 2000 жылы «Пилигримм» бас­пасынан шығарды.

Ақынның аудармашы ретіндегі еңбегі өз алдына бір төбе. Ол саяси қуғын-сүргінге ұшырап, қайта құру жылдары ақталған, есімдері мен шығар­малары қоғамға тәуелсіздік дәуірін­де ғана шын мәнінде оралған Шәкәрім Құбайбердұлы, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұр­сын­ұлы­ларының поэзиялық мұра­ларын тәржі­меледі. Сондай-ақ Махамбет, Абай, Жамбыл, Кенен өлеңдерін орыс тілінде сөйлетті. Солармен қатар орыс­шаға қазақ ұлттық фольклорының інжу-маржаны «Қыз-Жібек» дастанын аударды. Бақытжанның АҚШ-та, Нью-Йорк қаласында Халықаралық А.С.Пушкин қоры ұйымдастырған «Үміттің алтын лирасы» атты поэзия­лық конкурсқа дүние жүзіндегі 41 мың 157 ақын қатарында қатысып, лауреат атанған қырық ақынның бірі болғанын атап айтқан жөн. Оның өзі де әлемде тұңғыш рет Бүкіл дүниежүзілік поэ­зия күнін жариялап, 1996 жылғы 29 ақпанда Алматыда Халықаралық поэзия күнін өткізді. Екінші поэ­зия күні Нидерландиядағы «Hivos» қорының қолдауымен 2000 жылғы ақпан айында Гаага қаласында өтті (осы шаралар аясында тұңғыш рет Интернет-поэзия жүйесі жұмыс істей бастады). Бүкіл дүниежүзілік поэзия күні шаралары ауқымында Қана­пия­новтың үлкен поэзия кеші 2004 жылы Алматыда, 2008 жылы Астанада өтті. Ақынның өзі де АҚШ, Англия, Фран­ция, Голландия, Финляндия, Ресей, Гер­мания, Швецияда болған халық­ара­лық поэзия фестиваліне сан мәрте қа­ты­сып, барлық шығармашылық кез­­десу­лерде өзін еліміздің ақындық әлемі­­нің лайықты өкілі ретінде көрсете білді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылында «Жібек жолы» баспасын құрып алған қаламгер енді кәсіби баспагер ретінде жұмыс істеп, ұлт мүддесіне қызмет ететін елеулі жобаларды жүзеге асырып келеді. Ол Абай шығармашылығына және А.С.Пушкиннің туғанына 200 жыл толуына арналған бірегей күнтіз­бе­лер шығарды. Қазақ тілін үйрен­уге қажет­ті аудио және видео қосым­ша­лары бар бестомдықты, «Қазақ­стан­ның жас поэзиясы мен прозасы» атты қазақ, орыс және неміс тіл­дерін­дегі бестомдықты, екітомдық «Қазақ­стан киносы» анықтамалығын, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде Тұң­ғыш Президент Н.Ә.Назарбаев еңбек­терінің жетітомдық жинағын, М.О.Әуезов шығармаларының елутом­дық академиялық толық басылымын жарыққа шығарды. Бұлармен қатар әдебиет­танушы және публицист ретін­­де, Шоқан Қанапиянов, Абай, Шә­кәрім, Мағжан, өзінің бүгінгі заман­­дас­­тары О.Сүлейменов, Б.Кен­жеев, Э.Лотяну, С.Мнацаканян, Ұ.Ес­дәулетов, басқа да ақын-жазушы­лар­дың шы­ғар­машылықтарын қарас­тыр­ған жүз­ден астам мақала жаз­ды. Кине­ма­то­графист ретінде жиыр­ма шақты кино­сценарий мен фильм­нің авторы болды. «Ландшафтылар. Экслибрис» атты бейнепоэзия тізбегін жасады.

Қысқасы, «Жан-дүние игілігі» кіта­бына ақын Қанапиянов осындай бай шығар­машылық және қай­раткерлік тәжі­рибесімен келді. Оның аталмыш жинағына енген өлең­дерінің бірқатары әлден-ақ түрік, әзір­байжан, армян, испан, араб, француз және моңғол тілдеріне аударылып, шетелдік поэ­зия әуесқойларын рухани тұрғыда сусындатуда. Ал кітап екі жылдан бері республика жырсүйер қауымының ризашылығына бөленіп келеді. Қорыта келе, «Достояние души» («Жан-дүние игілігі») кітабы­ның авторы ақын және жазушы Бақыт­жан Қанапиянов еліміздің биік дәрежелі сыйлығына әбден лайық деген пікір айтпақпыз.

 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы