Халықаралық заңдар ратификацияланды
Жиын барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге шығарып жіберу кезінде ұстау мерзімдерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасын қабылдау адам құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық заңнамаға халықаралық стандарттарды енгізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Конституциялық Кеңестің адамдарды (шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды) елімізден тысқары жерлерге шығарып жіберу кезінде ұстап алу мерзімдерін қосымша заңнамалық реттеу туралы ұсыныстарын орындау, оларды ұстап алу және кейіннен ішкі істер органдарының арнаулы мекемелеріне орналастыру тәртібін регламенттеуді қарастырады.
Заң жобасына қатысты депутат Василий Олейник баяндама жасап, бірқатар мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде 1,3 мыңнан астам шетелдік азамат жазасын өтеп жатыр және пробациялық бақылауға алынған.
«Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, кейінгі екі жыл мен биылғы сегіз айда Қазақстан заңнамасы талаптарын орындамағаны үшін ел аумағынан 25,5 мың шетелдік шығарылды. Оның ішінде екі мыңға жуығы сот актісін орындамаған. Олардың арасында әкімшілік әрі қылмыстық құқық бұзушылық жасағандар бар. Министрлік ақпаратына қарағанда, аталған мерзімде Қазақстанға келетін шетелдіктер тарапынан 220 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық пен 4 мыңға жуық қылмыс жасалды», деді В.Олейник.
Осы міндеттерді іске асыру азаматтардың, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың бостандығына және жеке басына қол сұғылмаушылығына құқықтарды қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіруді қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ депутаттар бірқатар ратификациялық заң жобаларын мақұлдады. Атап айтқанда, Қазақстан мен Люксембург арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды.
Бұл хаттаманы ратификациялау инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасауға, экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасу арқылы екі мемлекеттің салық қызметінің ынтымақтастығын кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Қолданыстағы конвенцияға толықтыру енгізу мемлекет иелігіне байланысты төленетін дивидендтерді салық салудан босатып, ел бюджетінің мүддеcін қорғау қажеттілігінен туындады», деді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, елімізде Люксембургтің қатысуымен 27 заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктер қызмет етеді. Бұл мекемелер 2019 жылы 37 млрд теңге салық төлеген.
Хаттамада табыс көзі саналатын мемлекетте дивидендтерді, егер мұндай дивидендтердің нақты иесі Үкімет немесе орталық немесе жергілікті билік органы, Орталық (Ұлттық) банк немесе Үкіметке толығымен тиесілі кез келген басқа мекеме болса, салық салудан босату көзделеді.
Сонымен қатар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы келісімге толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялауға қатысты заң жобасы мақұлданды.
Хаттамаға сәйкес, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы келісімге ұйым құрамындағы кез келген мемлекеттің қатысуына қарсы келмейді.
«Хаттаманың мақсаты – ұйым аясында әскери оқу-жаттығуларды өткізу үшін құқықтық негіз болатын келісімге ұйымға енген кез келген мемлекеттің қосылуын қатамасыз ету. 2017 жылғы маусымда елордада ШЫҰ саммитінде ұйымның өңірлік әрі халықаралық аренада рөлін айтарлықтай нығайтқан ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкістаннің қосылуы туралы тарихи шешім қабылданды. Осыған байланысты келісімге толықтыру енгізу қажеттігі туындады», деді Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев.
Іс-шаралар жоспары бекітілді
Бұдан бөлек, жалпы отырыста палата «Нотариат туралы» заң жобасын жұмысқа алды. Осының қатарында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру және Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Біріккен алқасы туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы құжаттарды ратификациялауға қатысты заң жобалары бар.
Сонымен қатар бүгінгі жалпы отырыста депутаттар алтыншы сессияға арналған негізгі парламенттік іс-шаралар жоспарын бекітті. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин атап өткендей, ағымдағы сессия жұмысы ауқымды болады деп күтіліп отыр.
Комитеттердің кеңейтілген тақырыптық отырыстарында, дөңгелек үстелдерінде қоғамның өзекті мәселелері қаралады. Олардың қатарында экология, агроөнеркәсіптік кешен, ғылым, халыққа қызмет көрсетуді жетілдіру және басқа да мәселелер бар.
Осы мәселеге байланысты баяндама жасаған Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева алдағы жұмыс жоспары туралы жан-жақты баяндап берді. Оның айтуынша, жоспар бірнеше бөлімнен тұрады. Мәселен, биылғы қарашада «Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауы аясында азаматтарға заң көмегін көрсету саласын жетілдіру» тақырыбында парламенттік тыңдау өткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдайды ескере отырып, комитеттердің көшпелі отырыстарын мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес құрылымдардың қатысуымен бейнеконференция форматында кеңейтілген тақырыптық отырыстарға ауыстыру ұсынылады.
«Экология комитеті бейінді министрлік пен бірнеше облыстарды тартып, Экологиялық кодексті талқылау бойынша отырыс өткізу жоспарланған. Бұл отырыс Мемлекет басшысының жыл соңына дейін Экологиялық кодексті қабылдауға қатысты тапсырмасы аясында өзекті сипат алып отыр. Аграрлық мәселелер комитеті министрліктердің, Алматы және Жамбыл облыстары мамандарының қатысуымен, әлеуметтік мәні бар азық-түлік тауарларымен халықтың өзін өзі қамтамасыз етуі мақсатында ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту мәселелерін қарауды ұсынды. Осылайша облыстардың проблемалары талқыланып, өңірлермен байланыс сақталады», деді Г.Исимбаева.
Мәжіліс Төрағасы депутаттардың жұмысы ауқымды екеніне назар аударып, ең алдымен Мемлекет басшысы Жолдауындағы міндеттерді заңнамалық тұрғыда жүзеге асыруға бағытталатынына тоқталды.
«Елдегі қалыптасқан жағдайға қарамастан біз осы сессияда әдеттегідей көптеген іс-шара жоспарлап отырмыз. Оның ішінде, «Үкімет сағаттары», парламенттік тыңдаулар, әртүрлі кездесулер және отырыстар да бар. Олардың барлығында ең алдымен, экономикалық-әлеуметтік маңызды мәселелер талқыланады. Әрине, іс-шараларды ұйымдастыру, өткізу форматындағы өзгерістер жұмыс сапасына ешқандай әсер етпейді. Ол жағынан өткен сессиядан да тәжірибеміз бар», деді Спикер.
Нұрлан Нығматулин сонымен бірге депутаттар жұмысының ашықтығына және барлық ақпараттық мүмкіндіктерді пайдалану қажеттігіне баса назар аударды.
Білімге бөлінген қаржы тиімсіз жұмсалған
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Атап айтсақ, «Ақ жол» фракциясы шағын және орта бизнесті қолдаудың қажеттігіне назар аударды.
Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдаған депутат Азат Перуашев мемлекеттік мүддені қолдауға қатысты ұсыныс жасап, шағын және орта бизнесті қолдауға арналған оңтайлы қадамдарды іске асыруды сұрады.
Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов әлеуметтік қызметкерлер еңбекақысын көтеруді ұсынды. Оның айтуынша, Үкімет халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысына көбірек көңіл бөлу керек.
«Төмен еңбекақы мен әлеуметтік ынталандырудың болмауы жас мамандарды қызықтырмайды. Бұл өз кезегінде кадр тапшылығы проблемасына әкеледі. Мекемелердің әлеуметтік әрі медициналық қызметкерлері еңбекақыны көтеретін кезде ұмыт қалады», деді М.Магеррамов.
Жалпы отырыста депутаттар білім саласындағы олқылықтарға шүйлікті. Мәселен, депутат Ирина Смирнова қазақстандық оқушылардың қашықтан оқытылуына наразылық білдірді. Оның айтуынша, Германия, Франция, Ұлыбритания, Ресей, Қытайда пандемияға қарамастан балалар мектепке барып жүр.
«Осыған байланысты санитарлық нормаларды сақтай отырып, тәсілдерді түбегейлі өзгертуді және білім беруді қашықтан әдеттегі режімге ауыстыруды талап етеміз. Білім және ғылым министрлігі әрбір баланың білім алуына тең қолжетімділікті қамтамасыз етуі, әрбір оқу орнына мемлекеттік стандартты сақтауға еркіндік беруі, Денсаулық сақтау министрлігі ДДҰ ұсынымдарын орындауы тиіс», деді депутат И.Смирнова.
Ал Мәжіліс депутаты Жәмила Нұрманбетова мектеп оқушыларының жаңа оқу жылында қашықтан білім алуы сапасыз ұйымдастырылғаны үшін шенеуніктерді жауапкершілікке тартуды сұрады.
«Тоғыз жыл ішінде білім саласындағы іс-шараларға 72 миллиардтан астам теңге бөлінді. Соның тек 30 миллиард теңгесі e-learning электронды оқыту жүйесін енгізуге жұмсалды. Оны тиімсіз деп санауға болады», деді Ж.Нұрманбетова.
Депутат жауапты министрліктердің қазақстандық жеті интернет-платформа қашықтан оқытуға және оларды халықаралық алмастыруға толығымен дайын деп айтқанына қарамастан, іс жүзінде мектеп оқушыларына қашықтан оқу қиынға соғып жатқанын жеткізді.
«Бұқаралық ақпарат құралдарындағы және әлеуметтік желілердегі ата-аналардың шағымдары мен пікірлері министрліктердің қамданбағанын дәлелдейді. Интернет шалғайдағы ауылдық және қалалық мектептерде қолжетімсіз. Білім беру процесі сапасыз ұйымдастырылған. Әлі күнге дейін 835 мектепте оқитын 555 мыңнан астам оқушы интернетке кіре алмайды. Ал миллионнан астамының компьютері жоқ», деді депутат.
«Ақ жол» партиясының өкілі Дәния Еспаева көпбалалы отбасылардың балалары бір смартфонға таласып, сабақ оқып жүргенін, көптеген елді мекенге интернет жеткізілмегенін хабарлады.
«Көптеген елді мекенде кең жолақты интернет жоқ. Мәселен, тамыз айында Алматыдан 24 шақырым қашықтықта орналасқан Қаскелең қаласында тұратын ата-аналары интернеттің жоқтығына шағымданды. Шалғай елді мекендер туралы мүлдем сөз қозғамай-ақ қоялық», деді Д.Еспаева.
Депутат келтірген деректерге сүйенсек, 2016 жылдан бері білім беру саласына республикалық бюджеттен шамамен 28 миллиард теңгеге трансферттер бөлінген. Соның ішінде 6152 мектепке мультимедиялық құрал-жабдықтарды сатып алуға – 12 миллиард теңге, 7160 мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге 16,5 миллиард теңге жұмсалған.
Сондай-ақ Д.Еспаева Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік банктен 67,5 миллион теңге қарыз алғанына назар аударды. Жоспар бойынша қала мен ауыл мектептерінің білім беру деңгейін теңестірілуі тиіс еді. Яғни жоба аясында 5 мың мектепті мультимедиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету көзделген-ді.
«Алайда қолда бар мәліметке сүйенсек, осы жобаның бірде-бір бағыты бойынша конкурс жарияланған жоқ. Ал компьютерлер мен интернет құралдарын сатып алуға қатысты техникалық тапсырма әзірленбеген. Соған қарамастан, Қазақстан үш жыл бойы қарызды резервтеу үшін 160 мың доллар комиссия төлеп отыр», деді депутат.
Депутаттың айтуынша, Дүниежүзілік банктен алынған қаржы игерілмесе де, шілде айында Білім және ғылым министрлігі үкіметтен қосымша 74,2 миллиард теңге сұраған. Осы қаржыға мектептерді онлайн сабақтарға қажетті цифрлы технологиялармен қамтамасыз ету жоспарланған.