Індеттің екінші толқыны бола ма, жоқ па – белгісіз, алайда қандай жағдайға да дайын болу қажеттігі маңызды. Осы орайда елімізде күзде орын алуы ықтимал індеттің екінші толқынына дайындық жұмыстары жүруде.
Жалпы 3334 адам вирус жұқтырып, 2612 науқас айыққан, яғни науқастардың 80%-ы сауығып шыққан Маңғыстау облысында соңғы онкүндікте бірде-бір коронавирус инфекциясын жұқтырушы тіркелмеген. Ендігі кезекте аймақта коронавирустық инфекцияның екінші толқынының алдын алу жоспары жасақталып, індетке қарсы дайындық жұмыстары жүргізілуде.
– Маңғыстауда эпидемиялық ахуалға сәйкес 170 адамға арналған 9 инфекциялық стационар бар. Резервтегі 11 инфекциялық стационарда 1835 төсектік орын дайын. Кадр резерві жасақталды. Қазіргі уақытта 183 дәрігер дайындалды, десе де қажеттілік 75 дәрігерді құрайды. Ал Ақтау қаласында 200 орынды тез құрастырмалы модульдік инфекциялық ауруханасы салынып жатыр. Барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қазан айында ашылады деп күтілуде, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаева.
Басқарма басшысының айтуынша, өңірдің медицина мекемелерін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жолға қойылған.
– Қазіргі уақытта облыс көлеміндегі инфекциялық және провизорлық стационарларда 30 мыңнан астам антикоагулянттар гепарин, клексан, фракиспарин, бактерияға қарсы 2 мыңнан астам цеф-4, 35 мың цеф-3, 40 мыңға жуық цефтазидим, 8 мыңға жуық азитромицин және т.б бактерияға қарсы препараттар бар. Оған қоса 25 мыңға жуық дексаметазон және 30 мыңға жуық преднизолон препараттары бар. Қор көлемі 3 айдан астам уақытқа жетеді деп жоспарланды, – деді ол.
Сондай-ақ өңірде медициналық ұйымдарға жеке кәсіпкерлер мен компаниялар демеушілігімен ӨЖТ (өкпені жасанды тыныстандыру) аппараттарын алу жұмыстары тоқтаған жоқ. Көпшілік жиылған жерлерге бармау, бетперде және антисептик қолдану сынды алдын алу сақтық шаралары тұрғындар арасында тұрақты насихатталып келеді.
Маусым айларында індет қаһарына мінген кезде аяқ астынан жедел ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, облыстық аурухананы тұтастай провизорлық орталыққа айналдырып, аппарат жетпей дағдарған, бірақ қиындыққа шыңдала жүріп қызмет еткен Маңғыстау дәрігерлері қолда бар мүмкіндікке сай дайындықтарын пысықтауда.
Маңғыстау облысы