Суреттерде: Майялардың 260 (13х20) күндік Цолкин күнтізбесі тасбақаның сауытынан айқын байқалады; 260 (13х20) күндік Цолкин күнтізбесі
Дей тұрғанмен, «адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» демекші, бұл қатерден шығатын еш амал қалмаған екен деуге де болмайды. Мәселен, Хосе Аргуэлльес адамзатқа «уақыт – ақша» секілді жасанды уақыт заңы мен 12:60 сынды жасанды уақыт жиілігіне негізделген күнтізбеден тез арылып, майялардың байырғы күнтізбелері мен галактикалық табиғи уақыт жиілігінің өлшемі – 13:20 екенін тезірек ұғынуды және сол уақыт модуліне негізделген әр айы тұрақты 28 күннен, әр жылы 13 айдан тұратын әрі ғұлама Аргуэлльестердің өздері өңдеген майялардың галактикалық мәңгі өзгермейтін тұрақты күнтізбесіне бірден көшуді ұсынады. Бірақ бұл ұсыныстың байыбына бара алмаған ғалымдар: «13 айлық күнтізбелер ескі өркениеттердің біразында, атап айтқанда, мысырлықтардың тарихында да, жалпы мұсылман әлемінде де, тіпті Қытай өркениетінде де болып еді ғой. Олай болса, Хосе және Ллойдин Аргуэлльестердің жасақтаған күнтізбесінің алдыңғылардан несі артық?» деген сияқты уәжді көлденең тартады. Алайда Аргуэлльестер ұсынып отырған 364 күндік күнтізбенің Григорий күнтізбесінен артықшылығы жетеді. Тек оны көре білу керек. Ендеше, Аргуэлльестер ашқан «Уақыт Заңына» тереңірек үңілелік. «Хосе және Ллойдин Аргуэлльестер өңдеп жақсартқан 13 айлық күнтізбенің басқа күнтізбелерден артықшылығы неде?» деген сұраққа бірден жауап бермес бұрын, ең алдымен, әлгі ғалымдардың түбегейлі ұстанымдарына назар аударалық. Олар байырғы сұңғыла математик майялар құрастырған күллі күнтізбелерді (олардың жалпы саны 17) сараптай келе, абыз майя ғалымдарының уақытқа қатысты бірегей құнды қағидаларын басшылыққа алған. Біріншіден, Аргуэлльестер майялардың уақытты кеңістікпен шатастырмайтынын анық байқаған. Өйткені майялар кеңістіктің шегі бар, ал уақыттың шегі жоқ екенін өте анық білген. Одан да дәлірек айтқанда, майялар уақытты үштік өлшеммен өлшеуге болмайтынына және уақыт тек сананың, яғни төрттік өлшемнің ғана еншісі екеніне түбегейлі көз жеткізген. Екіншіден, майя ғалымдары космостан түсетін кез келген галактикалық сәуленің немесе электрмагниттік толқынның өз жиілігі немесе модулі болатыны секілді уақыттың да өз жиілігі мен модулінің болатынын айқын сезінген.
Үшіншіден, Аргуэлльестер уақыт жиілігінің өлшемі немесе модулі 13:20 екеніне де толық көз жеткізген. Өйткені ғалымдар әлгі жиіліктің галактикалық орталықтан бастау алып, содан соң Жерге жетіп, жетіп қана қоймай, Жер беті мен оның атмосферасына да өз әсерін үнемі тигізіп отыратынын, сондай-ақ әлгі жиіліктің күллі космос сәулелерінің де ортақ модулі екенін, яғни галактикалық тұрақты өлшем бірлігі екенін терең түйсінген.
Төртіншіден, Аргуэлльестер космостан түсетін (негізгі құрамы 95%-дан 99%-ға дейін протондар, ал өзге құрамы, шамамен, 4,5%-дан 1,5%-ға дейін гелий ядросынан тұратын) Галактикалық сәулелер мен Күн сәулелерінің Жер биосферасындағы тіршілік иелерінің бәріне бірдей әсер ететінін де терең білген.
Міне, сондықтан да, «сол сәулелердің, атап айтқанда, адам баласы мен басқа тіршілік иелеріне тигізетін радиациялық әсерінің нақты көрінісі қайсы?» деген сұраққа жоғарыдағы ғалымдардың берген тұшымды жауабы мынаған саяды: «Космостан таралатын сәулелер тіршілік иелерінің бүкіл болмысына, әрбір клеткасына, күллі ағзасына, тіпті саусақтары мен башпайларының саны ғана емес, буындарының да саны мен сапасына тікелей себепші. Ал одан да нақты айтқанда, әлгі сәулелер тіршілік иелерінің күллі генетикалық кодына (ДНК) тікелей әсер етеді. Демек, адамзат пен адамға ұқсас жануарлардың аяқ-қолдарындағы 10 саусақ пен аяқтарындағы 10 башпай болсын, сол сияқты олардың ағзаларындағы мойыннан бастап екі тобыққа дейінгі 13 буыны және 13 мүшесі болсын, жоғарыда аталған уақыт жиілігінің галактикалық тұрақты өлшемі – 13:20-ның нақты көріністері екенін мойындамау мүмкін емес. Тіпті, әлгі тұрақты өлшемнің кәдімгі тасбақаның арқа сауытындағы ірі-ірі 13 бунақ пен сол бунақтардың етек жағын орай орналасқан көлемі кішірек 20 бунақшаларынан да анық көрініп тұрғанын қалай жоққа шығаруға болады?
Хосе және Ллойдин Аргуэлльестер ашқан жоғарыдағы заңдылықтардың бәрін де абыз майялар өз заманында өте шебер меңгеріп қана қоймай, қатаң сақтай да білгенін әрі олардың тек табиғат биоритмімен үйлесімді өмір сүргеніне өздерінің де, өзгелердің де көздерін анық жеткізеді. Ендеше, кез келген адамның көкейіне қона кететін әлгі ғалымдардың берік ұстанымдарының еш ғылыми негізі жоқ деп кім айта алады?
Енді «Аргуэлльестер құрастырған 13 айлық күнтізбенің табиғи биоритмге, яғни 13:20-ға сәйкес келетіндігін дәлелдейтін басқа факторлар бар ма?» деген мәселеге келетін болсақ, мұның да жауабы бар. Мәселен, Ай бір жылда Жерді 13 рет айналып шығады. Бұл – еш уақытта өзгермейтін астрономиялық заңдылық. Ал мына бір дерек одан да ғажап. 2007 жылы сәуір айының 25-і күні астрономдар Күн жүйесінің сыртынан Жерден, шамамен, 200 триллион шақырым қашықтықта орналасқан Жерге ұқсас және бір планетаны ашқан-ды. Әлгі планетаның орбитасы сөне бастаған өз Күнінің орбитасына жақын екен. Ең бастысы, Жерге ұқсас, бірақ одан шамамен бес есе үлкен әлгі планета да өзінің карлик Күнін 13 күнде бір рет айналып өтеді екен. Демек, әлгі құбылыс галактикалық уақыт жиілігінің тұрақты өлшемінің де 13 екенін La Silla атты Оңтүстік Еуропадағы әлгі обсерватория ғалымдары ашқан жаңа планета да қоса дәлелдеп тұр. Ендеше, 13-тің барша галактикалық ортақ өлшем екенін, яғни оның еш уақытта өзгермейтін тұрақты заңдылық екенін мойындамау мүмкін емес. Сосын, тек 13 қана емес, майя күнтізбесіндегі 28 деген сан да адам ағзасында тұр. Мұның айқын дәлелі төбемізден екі тобығымызға дейінгі 13 буын мен 13 мүше және екі қолымыздағы 10 саусақты құрайтын 28 (14+14) буыннан да өте айқын көрініп тұр.
Майялардың «Цолкин» күнтізбесінің өзі де нағыз галактикалық уақыт жиілігінің тұрақты өлшеміне, яғни 13:20-ға негізделген Ай күнтізбесі. Ол күнтізбенің ені – 13 ұядан, тігі 20 ұядан (13х20) тұратын 260 ұялы тік төрт бұрышты бейнелейді. Хосе мен Ллойдин Аргуэлльестер оны терең де түбегейлі зерттеген әрі өздері құрастырған13 айлық күнтізбе мен өздері ашқан Уақыт Заңына тұғыр етіп пайдаланған. Сосын, Цолкин күнтізбесінің графикалық кескіндемесіне (кейде мұны «тоқу станогі» деп те атайды) жіті назар аударған әрбір адам әлгі 260 ұядағы сандардың қалай орналасқанына мән бермеуі мүмкін емес. Өйткені әлгі сандар бірден бастап, 260-қа дейін бірін-бірі қуалай, яғни әдеттегідей, біздер қолданатын тәртіпке сай орналаспаған. Керісінше, ондағы цифрлар төрт бұрышты кестенің ені емес, бойын қуалай, жоғарғы сол жақтағы бұрыштан бастап, бірінші бағананың бойымен төмен қарай 1-ден 13-ке дейін барып, әрі қарай тағы да 1-ден 13-ке дейін синусойда тәртібімен (біресе төмен, біресе жоғары) бағанадан бағанаға ауыса береді. Сөйтіп, ең соңғы 13-бағананың төменгі оң жақ бұрышындағы 260-шы ұяға келіп тіреледі. Сосын, әлгі кестенің сол жақтағы төменгі ұясы мен жоғарғы оң жақ бұрышындағы ұяшығы 7 санының үлесіне тиеді. Бұл айтылғандар төменде келтірілген Цолкин кестесінде тайға таңба басқандай көрініп тұр. Күнтізбеге терең үңілген адам онда басқа да математикалық заңдылықтардың бар екеніне де қоса көз жеткізеді.
Майялардың Цолкин күнтізбесінің бірден көзге ілінбейтін тағы бір сыры бар. Бұл – Хосе Аргуэлльестің 13 пен 28-ге негізделген галактикалық мәңгі күнтізбесіндегі басты цифрлардың бірі – 28. Ол Цолкиннен бірден байқалмайды. Сондықтан да «неге олай?» деген сұрақ туындайды. Бірақ бұл сұрақтың жауабы да Цолкиннің, яғни 260 күндік күнтізбенің ішінде тұр. Өйткені Цолкин – сегіз қырлы, бір сырлы күнтізбе. Себебі 260 – Күн жүйесіне кіретін аспан денелерінің әмбебап галактикалық циклы ғана емес, бұл тұрақты сан – Ана құрсағында өсіп жетілетін жер жаһандағы күллі эмбрион-нәрестенің, күллі адамзаттың да киелі күнтізбесі. Мәселен, жүкті әйелдердің айлығы тоқтаған сәттен бастап, босанғанға дейінгі мерзім тұп-тура 260 күнге теңеледі екен. Бұл заңдылықтың нақты дәлелі де бар. Мәселен, аяғы ауыр әйелдерге байланысты айтылатын «Ана құрсағындағы нәрестесін тоғыз ай, тоғыз күн көтереді» дейтін қазақ тіліндегі тұрақты сөз тіркесі – Цолкин күнтізбесінің де нақты көрінісі десек, шындықтан алыс кетпейміз. Себебі әлгі сөз тіркесіндегі тоғыз айды Аргуэлльестердің 13/28-ге негізделген күнтізбесіндегі 28 күнді 9-ға көбейтсек, 252 күн шығады, ал оған және тоғыз күнді қоссақ, тұп-тура 261 күн шыға келеді. «Халық айтса, қалып айтпайды» деген осы болар, сірә. Бірақ «бір күні артық кетті ғой» деушілерге де жауап дайын: Ана құрсағында 260 күнде пісіп-жетілген нәресте анасының толғағы жеткен күннің ертесіне, көбінесе, Ай толған мезгілде дүниеге келеді екен.
Демек, халық аузындағы тоғыз ай тоғыз күннің біреуінен басқасы Цолкин күнтізбесіне толық сыйып тұр. Сосын, халық аузындағы тоғыз ай тоғыз күннің Григорий күнтізбесіндегі ұзынды-қысқалы 12 айға еш қатысы жоқ. Өйткені күнтізбесі жасанды. Ондағы орта есеппен 30 күннен тұратын тоғыз ай мен тоғыз күн 279 күнге теңеледі. Ендеше, арғы тегі Кіндік Алтайда жатқан ежелгі майялардың күнтізбесі мен түркі халықтарының күн санауының арасында да нақты сабақтастық бар екені дәл осы жерден сыр береді. Өйткені «13- те отау иесі» дейтін тұрақты тіркес пен «13 – мүшел» деген біздің төл мәдениетімізде қалыптасқан аксиома пікіріміздің дұрыстығының нақты дәлелі. Сосын, дәл осы тұста тілімізде қалыптасып қалған «12 мүшем сау болса...» дейтін тұрақты сөз тіркесінде мүлт кеткен бір қателік барын айтуды парыз деп санаймын. Өйткені адам ағзасында да 13 буын және 13 мүше бар. Екі иық пен екі тобыққа дейін алты-алтыдан 12 буын және 12 мүше болса, мойнындағы 13-буын мен ағзамыздағы ең басты 13-мүшесін, яғни адамның басын қалайша есептен шығарып тастауға болады? Әрине болмайды. Олай болса, қажет болғанда айтар уәжімізді әлгі тұрақты тіркесте кеткен қателікті қайталамай, «13 мүшем сау болса...» деп бастағанымыз ләзім. Галактикалық тұрақты өлшем жиілігінің 13:20 екендігіне басқа аспан денелерінің циклдары да дәлел. Мысалы, Үркер топ жұлдыздары жылдың белгілі бір мерзімінде көкжиектен қылаң берген сәттен бастап, өз орбитасымен күн санап баяу жылжи отырып, аспан күмбезінің төбесіне көтеріледі. Содан соң баяу еңкейіп, белгілі бір уақыт өткен соң, қарсы көкжиектен асып, батып кетеді де, көпке дейін көзден таса болады. Бұл құбылысты кезінде майялардың да өте жіті бақылағаны байқалады. Бақылап қана қоймай, бас-аяғы төрт жүзге тарта жұлдыз шоғырынан тұратын Үркер тобының келесі рет көкжиектен қайта қылаң беретін сәтіне дейін 260 (13х20) күн өтетінін ғана емес, оның ұзын есепке жататын 26000 жылдық циклін да дәл есептеп шығарған. Демек, Үркер топ жұлдыздарының циклы да галактикалық тұрақты өлшемге, яғни 13-ке тікелей тәуелді екені айқын байқалып тұр. Сонымен қатар адам ағзасында жоғарыда аталған 13 пен қоса 20 да, 28 де өз орындарын тапқан. Мысалы, адам денесіндегі он саусақ пен он башпай (10+10) 20-ға теңелсе, 10 саусақтағы буындардың саны (14+14) 28-ге теңеледі. Демек, кез келген жас бала болсын, ересек адам болсын аспан денелерінің галактикалық циклдарын бұлжытпай қайталайды.
Тіпті, әйел затына тән ай сайын бір рет, жылына 13 рет қайталанатын физиологиялық құбылыстың қазақ тілінде «айлық» деп аталуы да жайдан-жай емес.
Себебі дана халқымыз бұл тылсым құбылыстың тікелей Аймен байланысты екенін анық білген. Сосын, бұл күнде ғылым дәлелдеп отырғандай, ана құрсағына баланың бітетін мерзімі мен өмірге келетін мерзімі, сондай-ақ бүкіл әлемдегі аналар толғағының басым көпшілігінің Ай толған мезгілге сәйкес келетіні күллі адамзат тағдырының космос кеңістігіндегі Жерге жақын тұрған планеталар мен жұлдыздар жүйесімен де, олардың галактикалық циклдарымен де, Күннен ұшып шығатын альфа, бета, гамма сәулелерімен де, Жердің биосфера ырғағымен де тікелей байланысты екенін толық айғақтап тұр. Мұның сыртында ана тілімізде күні бүгінге дейін сақталып келе жатқан «13-те отау иесі», «13 – мүшел» секілді аксиомаға айналған тылсым фразалық тіркестердің де 13 айлық жаһандық мәңгі әрі тұрақты да табиғи күнтізбемен тікелей байланысты екені еш күмән туғызбайды.
Дәл осы тұста жоғарыда сөз болған Аргуэлльестерді Уақыт Заңын ашуға жетелеген де Пакаль Вотан саркофагының қақпағына ойылып жазылған 13 өсиет белгі немесе тылсым таңбалар екенін атап айту парыз. Өздері ашқан «Уақыт Заңының» нақты формуласын Аргуэлльестер былай түйіндейді: T(E) = ART. Мұндағы Т – «Уақыт» (Time), Е – «Қуат» (Energy), ал ART «Өнер» деген ұғымдарды білдіреді. Демек, «T(E) = ART» деген формула – уақыт өлшемімен үйлесе отырып, өзгеретін қуат көзінің өнер туындысына айналатынын айшықтайтын әмбебап заңдылық. Ал бұл заңдылықтың өмірдегі, яғни адамзатты қоршаған ортадағы көрінісі де алуан түрлі. Мәселен, ғарыштан келетін Галактикалық сәулелердің қуаты суды буға айналдырса, бу бұлтқа айналады. Ал бұлт жаңбырға айналып қайта жауса, «Безендірген жер жүзін Тәңір шебер» деп ұлы Абай ғұлама айтпақшы, Жер бетін көк майсаға, ну орманға немесе мың түрлі гүлге орайды. Демек, бүкіл биосфера, оның ішінде адамзат та, фауна да, флора да, тіпті, жер қойнауындағы элементтер де Уақыт Заңының тікелей жемісі әрі олардың бәрі де қайталанбас өнер туындылары. Тіпті, ең дарынды деген қылқалам шеберлерінің қолдарынан шыққан небір әсем туындылардың өздері де 18000 ғаламның иесі – Жаратқанның әмірімен жасалған ғажап дүниелердің көшірмесі ғана десек, шындықтан алыс кетпейміз. Ендеше, осы құбылыстар мен табиғи заңдылықтардың бәрін де өз ғылымы мен біліміне іргетас еткен байырғы майялардың сәуегейлігі мен ғажап өркениетінің негізі болып саналатын күнтізбелер жүйесіндегі 13 деген киелі өлшем бірлігі туралы тұжырым мынау: кіндігі о баста Алтайда кесіліп, Көк Тәңіріне сиынып, бөрілі байрақ желбіреткен ежелгі көк түріктер өркениетінде сақталып қалғаны, сақталып қана қоймай, бүгінге дейін аман жетіп, бүкіл түркі тілдерінің сөздік қорынан орын алған 13-пен байланысты тұрақты сөз тіркестерінің, тарихи сабақтастықтың куәсіндей болып, әлі де қолданыста жүргені ғажап емей немене?
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі