Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды
Қостанай – елдің қамбасы
Кәсіпорын тәулігіне 130-150 тонна сүт өндіреді. Мұның сыртында, сүт өнімдерінің 120-дан астам түрін шығарады. Серіктестік өнімінің 30%-ы Ресейдің шекаралас аймақтарына да экспортталады. Бүгінде сүт зауытында 710 адам тұрақты түрде жұмыс істейді. Кәсіпорын шикізатты облыс аумағындағы 12 мыңнан астам жеке шаруа қожалықтарынан сатып алып отыр. Мұның сыртында, сауын сиыр ұстап отырған 40 мыңнан астам отбасы тұрақты түрде осы зауытқа сүт өткізіп келеді. Зауыт 1 литр сүтті 90 теңгеден қабылдайды.
Президент кәсіпорындағы пастерленген сүт өндірісі мен қайта өңдеу цехындағы өндіріс барысымен танысты.
– Ашытылған сүт өнімдері мен балмұздақ шығаратын бұл цех осыдан 3 жыл бұрын іске қосылған. Жобаның құны 1,3 млрд теңге. Қазір зауыт өнімдері Қазақстанда ғана емес, Ресейдің бірнеше облыстарында жоғары сұранысқа ие, – деді серіктестік басшысы Сергей Блок.
Сондай-ақ сүт зауытында швейцариялық технология бойынша экологиялық таза, ешбір химиялық қоспасы жоқ йогурт шығаратын өндіріс қолға алынған. Заманауи технология йогурт құтысының сырт көзге тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Отандық кәсіпорын шығаратын сүт өнімдері Челябі, Свердлов облыстарынан тыс, Ресейдің бірнеше орталық аймақтарына да саудаланады. Мысалы, Мәскеуде «Милхтың» екі бірдей фирмалық дүкені жұмыс істеп тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның өндіріс қарқынын арттыру жоспарымен танысып, сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік беретін заманауи технологияларды енгізудің маңыздылығына тоқталды.
Президент өз Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты бірқатар міндет қойғаны белгілі. Мемлекет басшысы бұл жөнінде де әңгіме қозғап, кәсіпкерлерді Жолдауды жүзеге асыруда белсенділік танытуға шақырды.
– Жолдаудың әр сөзін терең ой елегінен өткізіп отырып, жұмыс істедім. Бұл құжат бастан-аяқ менің өз қаламымнан шықты. Артық айтылған ештеңе жоқ, бәрін іске асыруға болады. Барлық басшыларды, кәсіпкерлерді Жолдауды толық жүзеге асыруға белсенді атсалысуға шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент «Жұмыспен қамтудың жол картасын» іске асырудың да маңызды екенін атап өтті.
– Жұмыспен қамтудың жол картасы мемлекет пен Үкіметке қойылған міндеттерді жүзеге асыру тұрғысынан өте маңызды. Белгілі себептерге байланысты көптен шешімін таппаған бірталай міндеттер, қазіргі уақытта, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы орындалуда. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы да, әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері де шешімін тауып келеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы кәсіпорын басшылығына бірталай әлеуметтік жобаларды іске асырып, қайырымдылық шараларына атсалысқаны үшін алғыс білдірді.
Кездесуге қатысушылар Президент бастамасы бойынша өткізіліп отырған реформаларға қолдау білдіріп, Жолдауда айтылған мақсаттарға қол жеткізуге белсенді атсалысуға дайын екендіктерін айтты.
Мемлекет басшысы одан кейін «Заречный ауылшаруашылық тәжірибелік стансасы» ЖШС-на тиесілі астық алқабында ауылшаруашылық тауарларын өндіретін шаруашылық басшыларымен кездесті.
Жоғары репродукциялы дәнді дақылдар тұқымын өндірумен айналысатын бұл серіктестік бірталай жылдан бері өңір шаруашылықтарын жоғары сапалы репродукциялы тұқымдармен қамтамасыз етіп келеді.
Биыл серіктестік 17 мың гектар алқапқа дән сіңірген.
Алдымен күзгі жиын-терін науқанының барысымен танысқан Президентке жергілікті диқандар аяқталып келе жатқан орақ науқаны туралы баяндады. Бүгінде аймақ шаруашылықтары 3,1 млн гектар дәнді дақылды, яғни алқап астығының 76%-ын қамбаға құйып алған. Биылғы орақ орташа есеппен әр гектардан 10 центнер түсім беруде. Қазір қырда 9100 комбайн тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Дәнді дақылдарды ору жұмыстары таяу күндері аяқталмақ.
Президент, сондай-ақ, өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жобалар мен агроөндіріс кешенін цифрландыру барысымен және облыстағы ауылшаруашылық техникаларының өндірісімен танысты.
Ауылшаруашылық тауарларын өндірушілермен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл республика экономикасының бәсекеге қабілеттілігін ең алдымен аграрлық сектордың табысты дамуы анықтайтынын атап өтті.
– Қостанай облысының экономикасы жақсы дамып келе жатыр деп айтуға болады. Аймақтың әлеуеті жоғары. Бізді алда маңызды міндеттер күтіп тұр. Экономикамыз пандемия сынағына төтеп бере алды. Биыл Қостанай облысында астық мол. Сондықтан алдағы уақытта да барлығы жақсы болады сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Шаруашылық басшылары Президентке ауыл тұрмысындағы оң өзгерістер, жарқын бастамалар мен шешімін тапқан әлеуметтік мәселелер жөнінде әңгімеледі.
– Осы жылдың ішінде ауыл шаруашылығында да, индустрияда да едәуір жетістіктерге жетуіміз керек. Әсіресе, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу аса маңызды. Тұрғындардың әрқайсысы бізден нақты мәселелердің шешімін күтуде. Менің тапсырмама сәйкес, Үкімет қазіргі уақытта осы мәселелермен айналысуда. Үкімет Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар қабылдады. Табысты болады деп есептеймін, бірақ бірлесіп жұмыс атқару керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесуде шаруалар өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу және экспорттау мәселелерін көтерді.
– Өнімді өндіру үлкен мәселенің бірі әрі негізгісі болса, оны нарыққа шығару одан да маңызды шаруа. Үкімет осы мәселелермен айналысуы тиіс. Қазір біз Еуразиялық экономикалық одақ аясында нақты мәселелерді шешумен айналысып жатырмыз. Қараша айында Президенттердің қатысуымен шекаралас өңірлердің басшыларының аймақтық кездесуі өтеді. Пандемияға байланысты қандай форматта өтетіні белгісіз, бірақ өтуі тиіс. Жалпы, ЕАЭО аясындағы интеграцияны дамыту бойынша біздің бағытымыз өз күшінде, – деді Президент.
Биыл коронавирус індеті салдарынан туындаған қиындықтарға қарамастан, диқандар өндірісті сақтап қана қоймай, оның көлемін арттыра алды. Президент еліміздің азық-түлік қорын қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар үшін ауыл жұмысшыларына ризашылығын білдіріп, жиын-терін науқанын уақтылы аяқтап, мол өнім алуларына тілектестік білдірді.
Солтүстік Қазақстан өнімі жоғары бағаланады
Қызылжарлықтар Президент сапарын екі күн бойы асыға тосқан еді. Ауа райы да осы күндері ашық болып, күн жарқырап тұрды.
Қасым-Жомарт Кемелұлының жұмыс сапары бірден егіс алқабымен танысудан басталды. Мемлекет басшысы қала іргесіндегі Асан селосында орналасқан егістік алқабын аралап, «Аби жер» ЖШС-ның астық жинау науқанының барысымен танысты.
«Аби жер» ЖШС облыстағы ең үлкен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі. Оның негізгі шаруашылығы астық және майлы дақылдар егу. Кәсіпорынның басшысы Игорь Гришанов. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік Ковров зауытымен бірлесіп жылыту және кептіру құрылғыларын жасаумен де айналысады. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерінің қалдықтарын отын ретінде қолданады.
Президент диқандармен әңгіме барысында Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің маңызды астықты өлкесі екенін, мұнда әлемдік нарықта сұранысқа ие экологиялық таза, табиғи өнім өндірілетінін айтты.
– Солтүстік Қазақстан облысы маңызды астықты өлкеміздің бірі. Қазіргі басты мақсат – егіс алқаптарындағы астықты төкпей-шашпай түгелдей жинап алу. Дақылдарды әртараптандыру өте маңызды, әсіресе экспортқа шығару үшін қажет. Біздің нарығымыз өте үлкен. Солтүстік Қазақстан облысының өнімі әлемде, соның ішінде, Қытайда жоғары бағаланады. Яғни, үлкен мүмкіндіктер бар. Өңірдің әлеуеті зор деп ойлаймын. Жолдауға келетін болсақ, оны жүзеге асырудың барлық тетіктері Үкіметпен, тиісті мамандармен келісілген. Сондықтан оны тек қана орындау керек. Кезінде үлкен, ауқымды мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды, бірақ, қазір шағын әрі елге түсінікті ұлттық жобалар керек, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері мен агроөнеркәсіп кешенінің келешегі туралы мәлімет берілді. Облыс әкімінің айтуынша, өңірде аграрлық секторды әртараптандыру жұмысы қызу жүргізіліп жатыр. Майлы дақылдардың алқабы 1 миллион гектарға жуықтаған. Жыл басынан бері агросекторға 61 млрд теңге инвестиция тартылған.
Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов Солтүстік Қазақстан облысының минералды тыңайтқыштарды пайдалану жөнінен еліміз бойынша алдыңғы орында екенін жеткізді. Биыл 2,3 млн гектар аумаққа 130 мың тонна тыңайтқыш пайдалану жоспарланған. Сонымен қатар облыста ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде өнім өндіру көрсеткіші артқан. Алдағы уақытта «CLAAS» неміс концерні Петропавлда ауыл шаруашылығы техникасын құрастырмақ.
Өткен жылдың соңында Қазақстан мен Германия тараптары еліміздің солтүстігінде немістің жоғары сапалы CLAAS комбайнын шығару туралы уағдаластыққа қол жеткізген. Өнеркәсіптік әріптестік Президент Қ.Тоқаевтың Германияға барған ресми сапары барысында мүмкін болды. Алғашқы кезеңде құрылғылар мен жабдықтар орнатылып, техникалық персоналдар дайын болғанда TUCANO комбайны шығарылады. Содан кейін ғана жоғары сапалы комбайнның өзіне кезек келмек. Оны неміс компаниясымен бірге нақты іске асыратын қазақстандық «СТ-Агро» компаниясы болмақ. 3,4 млрд инвестицияны да неміс компаниясы салатын болып келісілген. Зауыт алғашқы кезеңде кемінде 200-дей адамға жаңа жұмыс орнын ашады деп көзделген.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев диқандардың мол астықты дер кезінде жинап алуына тілектестік білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.
Сапар барысында Президент мемлекеттік қолдаумен Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған азаматтармен кездесті. Оларға арнап Қызылжар ауданының Чапаево ауылында баспана салу жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылған болатын. Мемлекет басшысы жаңа тұрғын үйлерді аралап көрді.
Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылдан бастап ауыл әкімдері тұңғыш рет сайланатынын, бұл бастама демократияның айқын көрінісі екенін айтты.
– Әкімдер ауылдағы проблемаларды бәрінен жақсы біледі. Сондықтан ауыл тұрғындары өздерінің мәселелерін ең алдымен сіздерге айтады. Көптеген арыз-шағымдарды жергілікті жерде шешуге болады. Әсіресе ауылдық жерлерде
ауыз су мәселесін шешу өте өзекті. Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру маңызды. Соның нәтижесінде жергілікті жерлердегі инфрақұрылым дамиды, жаңа жұмыс орындары ашылады. Облыста бұл мәселе тиісті деңгейде іске асырылып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі мен мемлекеттік басқару мәселесіне де тоқталды.
– Мен Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда мемлекеттік қызмет жүйесі жабық болмауы керек екенін айттым. Бізге ойы ұшқыр, ақылды жастар керек. Бізде Тұңғыш Президентіміздің саясатының арқасында өте жақсы білім алған жастар көп. Сондықтан біз Мемлекеттік қызметке жастарды шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Президентке өзге өңірлерден көшіп келген дәрігер, мұғалім, механизатор және басқа да мамандық иелеріне гранттар берілетінін, сондай-ақ олар жаңа жалдамалы баспанамен және жұмыспен қамтамасыз етілетінін айтты.
Ауылдарда баспана салуға бағытталған облыстағы аталған пилоттық жобаның жүзеге асырылып жатқанына екі жыл болды. Былтыр аталған жоба аясында елді мекендерде 428 үй салынса, биыл 788 баспана тұрғызылады. Былтыр облысқа 736 отбасы, барлығы 2,2 мың адам көшіп келген. Биыл 700 отбасы немесе 2,4 мың адам қоныс аудармақ.
Кездесу соңында ауыл әкімдері мен өңірге жаңадан қоныс аударып келген тұрғындарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді.
Нұрқанат ҚҰЛАБАЙ,
Жақсыбай САМРАТ,
«Egemen Qazaqstan»