Пайдаланылмаған жер кері қайтарылады
Сенат депутаттары бірінші оқылымда Парламент депутаттары бастамашылық жасаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.
Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген басымдықтарды жүзеге асыру үшін алда ауқымды жұмыстар тұрғанын атап өтті. Мәулен Әшімбаев Президенттің осы бағытта нақты қандай заңдар қабылдау керектігін көрсетіп бергеніне де назар аударды. Соған сәйкес мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға тиісті түзетулер енгізіледі. Жыл соңына дейін «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң әзірленіп, квазимемлекеттік сектордың барлық сатып алу жұмыстарын реттейтін біртұтас заң қабылданады.
Сенат Төрағасы Жолдауда Салық кодексін жетілдіруге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге және ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге баса мән берілгенін атап өтті. Одан бөлек Мемлекет басшысының азаматтардың құқығын қорғау, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, қоғамдық бақылауды күшейту, қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру бағыттарында құқықтық негіз қалыптастырудың маңыздылығына тоқталғанына назар аударды.
«Алдымызда ауқымды жұмыстар тұр. Соның бәрін дер кезінде және жүйелі түрде жүзеге асыру үшін аянбай еңбек етейік. Әрбір заң жобасын ұлттық мүдде, өңірлерді дамыту тұрғысынан қарап, талқылайық. Бұл – сенаторлардың міндеті. Заң жобаларын қараған кезде азаматтық қоғам өкілдерімен, мемлекеттік емес ұйымдармен, мамандармен қоян-қолтық, тығыз жұмыс істеу қажет. Қоғамның сұраныстарын ескеріп, өзекті проблемаларды талқылап, олардың шешілуіне үлесімізді қосу – негізгі басымдықтарымыздың бірі», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы отырыс барысында қаралған ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысты заң жобасының маңызы зор екенін айтты.
«Бүгін бірінші оқылымда қаралған заң жобасы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге арналған. Бұл өзгерістер – заман талабына сай. Себебі соңғы айларда ел арасында қоршаған ортаны, жан-жануарларды қорғауға қатысты мәселелер қызу талқыланғаны белгілі. Депутаттар осы заң жобасының тұжырымдамасын қолдап отыр. Енді бас комитет жауапты министрлікпен бірлесіп, жұмыс барысында туындаған мәселелерді екінші оқылымға дейін жан-жақты талқылайды», деді Мәулен Әшімбаев.
Заң «Көкжайлау» тау шаңғысы курортын салу үшін ерекше қорғалатын аумақтардың құрамынан шығарылған қорық жерлерін және «Бурабай» арнайы экономикалық аймағы туристік кешені үшін берілген жекелеген учаскелерді қайтару тетіктерін енгізуді көздейді. Қазіргі уақытта белгілі бір мақсаттарға бөлінген табиғи қорықтар мен курорттық аймақтардың учаскелері мақсаты бойынша пайдаланылып отырған жоқ. Парламент депутаттары бұл аумақтарды ұлттық парктер мен бірегей табиғи кешендердің құрамына, мемлекеттің ерекше қорғауына қайтару туралы бастама көтерді.
Заң жобасына сәйкес, Жер кодексіне және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңға өзгерістер енгізу қажет. Депутаттар ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелермен емес, Үкіметтің ұсынысы бойынша бейінді ведомствомен және жергілікті атқарушы органдармен келісе отырып, қорық жерлерін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына қайтару рәсімін оңайлатуды ұсынады. Заң жобасында ерекше қорғалатын аумақтардың құрамына жыл бойы мақсатқа сай игерілмеген бос жерлер қайтарылуға жататыны айтылған.
«Заңның мәні ерекше қорғалатын аумақтардан өзге мақсатта пайдалануға берілген жерлер және нысаналы мақсаты, туризмді немесе арнайы экономикалық аймақтарды дамыту бойынша пайдаланылмаған жерлер қайтарылуға жатады. Бір жылдан кейін егер берілген жер ауыстырылмаса және өзінің нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаса, Үкіметтің шешімі бойынша және уәкілетті органның келісімі бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлеріне қайтарылады. Мысалы, АЭА үшін «Бурабай» курорттық аймағынан 360 га бөлінген, оның 110 гектары пайдаланылмаған. Міне, осылар қайтаруға жатады. Сондай-ақ 1002 гектар пайдаланылмаған «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты кері қайтарылады», деп түсіндірді әзірлеушілердің бірі Сенат депутаты Нұрлан Қылышбаев.
Осы заң жобасына байланысты баяндама жасаған Әбдәлі Нұралиев заң жобасы ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін күзетуге және қорғауға бағытталғанын атап өтті.
«Бүгінгі күні елдің экономикалық даму қарқынының өсуі және табиғи ресурстарды пайдалануды күшейту жағдайында биологиялық әртүрлілік элементі ретінде бірегей табиғи ресурстарды сақтау жүйесін одан әрі жетілдіру мәселесі өзекті болып отыр. Қаралып отырған заң жобасының негізгі мақсаты – туризм объектілерін және ерекше стратегиялық маңызы бар құрылыстарды салу және олардың жұмыс істеуі үшін бұрын шығарылған және мақсаты бойынша пайдаланылмаған жерлерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрамына қайтару рәсімін оңайлату. Іс жүзінде мұндай жағдайлар «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің және Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жерлерінде орын алып, мақсаты бойынша пайдаланылмаған босалқы жерлерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлері құрамына қайта ауыстыру мәселесі туындап отыр», деді сенатор.
Медицина саласында кемшілік көп
Сенаттың жалпы отырысында депутаттар Премьер-Министрдің атына сауалдар жолдады. Депутат Мұрат Бақтиярұлы медицина саласындағы өзекті мәселелерді көтерді. Сенатор өңірлерге сапары кезінде жергілікті жердегі денсаулық сақтау саласында шешімін таппай жатқан бірқатар күрделі мәселелердің бар екенін айтты. Сондай-ақ отандық медицина нарығы ауыр сынаққа төтеп бере алмағанын тілге тиек етті.
Депутаттық сауал барысында пандемия кезеңінде орын алған жағдайдан қорытынды шығарып, сала мамандарының пікірлері мен ұсыныстарын ескеру керек екені де айтылды. Мұрат Бақтиярұлы отандық дәрі-дәрмектердің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі үлесі бар-жоғы 26 пайызды құрайтынын, қалған 74 пайыз шетелдіктердің үлесінде екеніне баса мән берді. Сонымен қатар медицина саласындағы маман тапшылығы да назардан тыс қалмады.
«Қазір емдеу орындарында 4 мың дәрігер жетіспейді. Әсіресе реаниматолог, рентгенолог, пульмонолог, тағы басқа да осы сияқты салалық мамандардың тапшылығы қатты білінеді. Тіпті коронавирустың қаупі сейілмей тұрған ірі орталықтар мен өңірлердегі ауруханалар мен емханаларда 800-ден астам инфекционистің орны бос тұр», деді сенатор.
Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда дәрігер кадрларымен қамтамасыз ету қалалық жерде – 56,8 пайыз болса, ауылда бұл көрсеткіш 16,1 пайызды құрайды. Қазақстанда медицина мамандарын даярлайтын алты жоғары оқу орны бар. Ондағы салалық мамандар даярлайтын медициналық-профилактикалық факультеттер жабылып қалған. Бірақ сол мамандардың қажеттігін өмір көрсетіп отыр. Осыған байланысты сенатор «Дәрігерлер мәртебесі туралы» заң қабылдауды ұсынды.
Сенатор Әли Бектаевтың айтуынша, «Ауыл» партиясының белсенділері мен еріктілері 200-ге жуық елді мекенді аралап, жергілікті денсаулық сақтау мекемелерінің мүмкіндіктерімен танысқан. Соның нәтижесінде ауылдық ауруханалардағы жағдай күрделі екені анықталған. Депутат ауылдық елді мекендерде тұрғындарды емдеуге бейімделген стационарлардың тапшылығын сөз етті.
«Қазақстан бойынша 1999 жылдары ауыл халқына қызмет көрсетіп тұрған 144 ауылдық аурухананың саны он жылда 2,5 есеге қысқарып, қазіргі таңда 60-ы ғана қалған. Ақмола, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында ауылдық ауруханалар мүлдем қысқарып кеткен», деді Әли Бектаев.
Сонымен қатар сенатор ауылдық жерлердегі қызмет етіп тұрған дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттердің материалдық жағдайының нашарлығына тоқталды. Ауылдарда дәріханалардың тапшылығы мәселесі де көтерілді. Депутат ауыл тұрғындары табысының төмендігіне байланысты жергілікті жерде жекеменшік дәріханалардың жоқтығын және медицина мекемелерін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің деңгейі өте төмен екенін жеткізді. Ауылдықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету күрделі проблемаға айналғанын ашық айтты.
Сенатор ауылдағы амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік бекеттерде қызмет істейтін дәрігерлердің кәсіби деңгейінің төмен екенін, мамандардың жетіспеушілігі байқалатынын да атап өтті. Осыған байланысты халық саны 3000-нан асатын әрбір елді мекенде өзінің дәріханасы, жедел жәрдемі мен перзентханасы бар ауылдық ауруханаларды қалпына келтіруді тез арада қолға алған жөн деген ұсынысын білдірді.
Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қайрат Қожамжаров Ұлттық ұланның материалдық-техникалық жабдықталуына назар аударып, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады.
Қ.Қожамжаровтың айтуынша, Ұлттық ұланның қызметі жыл сайын аз қаржыландырылады. Мұндай мәселе әскери даярлық пен әскери қабілеттілікке кері әсерін тигізбек. Сондай-ақ жылдан жылға бұл салада көлік паркін жаңарту, бөлімшелерді заманауи қару-жарақ, байланыс, арнайы және жеке қорғаныс құралдарымен жабдықтау мәселесінің өзектілігі артып келеді. Қазіргі таңда қолданыстағы техниканың, оның ішінде брондалған автомобиль техникаларының 50 пайыздан астамы ескірген және оларды есептен шығаратын уақыт жеткен. Арнайы құралдың 60 пайызының сақтау мерзімі аяқталған. Жеке бронды қорғау және белсенді қорғаныс құралдарымен жабдықтаудың орташа көрсеткіші 88 пайыз болғанымен, әскери бронды кеудешенің үлесі – 3,6 пайыз, оқ өтпейтін дулыға сияқты заттардың үлесі небәрі 22,8 пайызды құрап отыр.
Сонымен қатар депутат Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін тұрғын үймен қамту және жалпы әскери тамақтандыру құнына қатысты мәселелерге де тоқталып, айтылған түйткілдерді шешу жолдарын ұсынды.
«Туындап отырған қатерлерге жедел ден қою және қолда бар ресурстардың тиімділігін арттыру жолдарының бірі – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы лауазымын Ішкі істер министрі орынбасарларының бірінің лауазымымен біріктіру. Мұндай тәжірибе ұлттық қауіпсіздік органдарында жақсы нәтиже берді. Сондай-ақ жоғарыда айтылған олқылықтарды ескеріп, алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қызметін теңгерімді қаржыландыру мәселесін қарастыруды, күштік құрылымдардың үйлестірілуін күшейтуге қатысты қосымша шаралар қабылдауды ұсынамыз», деді Қайрат Қожамжаров.
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Ақылбек Күрішбаев игерілмей жатқан жерлер мәселесіне қатысты Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдады.
«Ауылдық жерлерді өркендетудің негізі – жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытудың нақты механизмін қалыптастыру. Ол үшін ғарыштық мониторинг деректері негізінде, игерілмей немесе тиімсіз пайдаланылып жатқан жерлерді қайтып алу жөніндегі жұмыстарды белсенді түрде жүргізу керек. Сондай-ақ оларды ең алдымен жеке шаруа қожалықтардың жер мәселелерін шешу үшін пайдалану қажет», деді Ақылбек Күрішбаев.
Сенатор ауыл шаруашылығының инфрақұрылымын дамытудың тиімді тетіктерін ұсынып, әкімшілік және аймақтық әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары арқылы бюджеттік және несиелік қаржы есебінен қажетті өндірістік инфрақұрылымдарды салып, оларды кооперативтерге лизингке беру немесе бөліп төлеу арқылы сату мәселесін көтерді. Бұл жұмысқа серіктес ретінде шаруашылықтарды жұмылдыру қажеттілігін де атап өтті.